Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3167 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 09:49

Социализмге нәлет айтқан Құдайберген

«Ел-елдің ілгері басып, жұрт қатарына қосылуы озат шығуының адам тарихы бұрын бір-ақ жолын білуші еді. Ол қазақтың мақалымен айтқанда, - «біреу өлмей, біреу күн көрмейді» жолы... Жаңа заманда байлығы тасып, өнері өрге жүзген осы күнгі Еуропа, Американың іргелес ұлттарын аласыз ба, бәрібір, бәрі де осы жөнмен, өзгенің өлімін тауып, өлімтігіне шығып барып басын көтерген болатын-ды». Өзі өмір сүрген заманға тап келген кеңестік жүйенің де дәл осындай жолмен орнағанын ашық айтқан осынау жолдардың авторы кім? Ол – ХХ ғасыр басында  Сұлтанмахмұттың сөзімен айтқанда, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн» бола білген, қазақтың тіл ғылымынан бастап, әдебиет, музыка, түркология сынды ғылым салаларының негізін  салған, феномен ғалым Құдайберген Жұбанов еді. Осылайша, отызында орда бұзған Құдайберген Қуанұлы қырқында да қазақ үшін талай жемісті еңбек етер еді, әттең... Ахмет, Міржақыптарды атқан қорғасын оқ оны да қыршыннан қиды. Артында аяқталмаған істері, аңыраған асыл жары мен алты бірдей баласы қалған-ды. Бүгінде сол Құдайбергеннен туған балалардың біразы о дүниелік болып та үлгеріпті. Көзі тірі ұл-қыздарының ішінен біз Қызғалдақ апамен тілдестік:

«... Құдайберген тұрғанда,  қазаққа жәрдем қажет емес...»

«Ел-елдің ілгері басып, жұрт қатарына қосылуы озат шығуының адам тарихы бұрын бір-ақ жолын білуші еді. Ол қазақтың мақалымен айтқанда, - «біреу өлмей, біреу күн көрмейді» жолы... Жаңа заманда байлығы тасып, өнері өрге жүзген осы күнгі Еуропа, Американың іргелес ұлттарын аласыз ба, бәрібір, бәрі де осы жөнмен, өзгенің өлімін тауып, өлімтігіне шығып барып басын көтерген болатын-ды». Өзі өмір сүрген заманға тап келген кеңестік жүйенің де дәл осындай жолмен орнағанын ашық айтқан осынау жолдардың авторы кім? Ол – ХХ ғасыр басында  Сұлтанмахмұттың сөзімен айтқанда, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн» бола білген, қазақтың тіл ғылымынан бастап, әдебиет, музыка, түркология сынды ғылым салаларының негізін  салған, феномен ғалым Құдайберген Жұбанов еді. Осылайша, отызында орда бұзған Құдайберген Қуанұлы қырқында да қазақ үшін талай жемісті еңбек етер еді, әттең... Ахмет, Міржақыптарды атқан қорғасын оқ оны да қыршыннан қиды. Артында аяқталмаған істері, аңыраған асыл жары мен алты бірдей баласы қалған-ды. Бүгінде сол Құдайбергеннен туған балалардың біразы о дүниелік болып та үлгеріпті. Көзі тірі ұл-қыздарының ішінен біз Қызғалдақ апамен тілдестік:

«... Құдайберген тұрғанда,  қазаққа жәрдем қажет емес...»

- Әкемізді ортамыздан  әкеткенде, мен небары төртке толар-толмас жаста екенмін. Әкеміз әуелі ауылдағы өзінің әкесі Қуан ашқан мектептен білім алған. Сондай-ақ сол тұстағы діни медресе бар ма, гимназия бар ма, реті келген оқудың барлығын екі жылдық болса, жарты жылда, төрт жылдық болса, екі жылда бітіріп отырған. Қуан атамыздан туған екі баланың бірі әкем Құдайберген де, екіншісі өзінен жеті жас кіші Ахмет. Екеуінің де бойына Құдай ерекше дарын берген. Әкеміз ол  інісінің де қамын ойлап, қолынан келгенше демеу беруге тырысқан. Ахаңның музыкаға қабілетін алғашқы болып байқап, Польшадан Ақтөбеге жер аударылып келген мұғалімді жалдап оқытқан осы біздің әкеміз болса керек.  Содан кейін өзі Ленинградқа оқуға кетсе де, інісін де қалдырмай ертіп әкетеді. Шешелері «әкелерің арғы дүниелік болды, екеуің де бірдей қасымнан кетіп қалдыңдар ғой, әрі бала-шағаларың бар» деп біраз жібергісі келмеген екен, сонда әкеміз «жаңа заманда ескі біліммен ешқайда бара алмаймыз, оқу керек» депті. Осылайша Қуанның екі баласы да үйдің емес елдің азаматы болатындықтарын аңғартыпты.       
Қара басының емес, қазақ халқының қамын ойлаған арыстарымыз жаңа заманға сеніп, жаңа үкіметке үміт артқысы келді. Бар білімдерін ортаға салып, бар күш-қайратын сарқып, қызмет етті. Тілді ғылым деп санамаған тұста қазақ тіл ғылымының негізін тыңнан салған  Ахмет Байтұрсыновтың ізін басқан тұлға осы Құдайберген Жұбанов болды. Қазақтың ең алғашқы академиялық-лингвистикалық сөздігінің авторы, тұңғыш жоғары оқу орны Қазақ Педагогикалық Институтына профессор деген атақпен келген ең алғашқы филолог та осы Құдайберген Жұбанов. Тума талант, асқан дарын иесі қазақ тілімен қатар, түркі тілдері, араб тілі, еуропаның бірнеше тілін білген. Өзі толтырған анкеталарында еркін меңгерген тілдерінің санын ол кісі он сегіз деп көрсетіпті. Бірнеше жазу таңбаларын, яғни араб графикасын, латын, кириллицадан бөлек, ол кісінің көне түркі жазбалардың таңбасы орхоншаны өте жақсы білгенін шәкірттері өз естеліктерінде ерекше бір таңғалыспен, сүйсініспен жазған. Осындай дарын иесі, 1929 жылы Ахаң жасаған араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуының тәжірибеде үлкен қиындықтар тудыратынын дәлелдеп, өз кезінде латын әліппесіне көшуге аянбай ат салысқан ғалымның атағы тек қана қазақ даласында ғана емес, алыс-жақын елдерде де шарықтап тұрған-ды. Көршілес елдердің барлығына латын қарпіне көшуге орыс түркологтары көмектессе, біздің елімізге «Өздерінің Құдайберген тұрғанда, қазаққа ешқандай жәрдем қажет емес» деген екен. 

«Әуезов те әкемізге алғыс айтқан...»


Тек тіл саласында ғана емес, қазақтың әдебиеті, мәдениетіне үлкен үлес қосқан Құдайберген Қуанұлы «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы» атты  ғылыми еңбек жазған. Бұл қазақ музыкасы, оның ішінде күйдің шығу тарихына үңілген тұңғыш ғылыми шығарма еді. Сондай-ақ Құдайберген Жұбанов заманында Абайдай ұлы тұлғаны арашалап қалуға да мұрындық болған.
- «Абай рас, байдың баласы болған шығар, бірақ оны сол шыққан тегіне қарай бөліп, байшыл, діншіл ақын деп қарау білімсіздікті көрсетеді. Абай халықтың қамын ойлаған нағыз ақын, оны сол деңгейде бағалай білуіміз керек», деген мағынадағы  сөздер айтып әкеміз бірнеше рет баяндама жасаған, - деп жалғады әңгімесін Қызғалдақ Құдайбергенқызы, - себебі көп тіл білгендігінің арқасында Абайдың әр өлеңін өз тілінде оқыған. Соны айтып, өлеңдерін талдап түсіндіріп бергенде, Мұхтар Әуезовтің өзі ризалықпен қолын алып, «Сізге мыңда бір рахмет, Құдеке. Абайдың кезіндегі көп нәрселер бізге орыс тілі арқылы келсе,  сіз парсышасын парсыша, арабшасын арабша, түпнұсқадан оқып, халыққа жеткізіп жатсыз» деп шексіз алғыс айтыпты. Ол тұста Мұхаң да Абайды жақтайын десе  «алашордашы» деген айыппен жүргендіктен, тілін тістеп жүрген ғой.  Әкеміздің «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген аяқталмай қалған кітабының басқы бөлігі 1934 жылы Ұлы ақынның қайтыс болғанына 30 жыл толуына орай, «Әдебиет майданы» журналының 11-12 сандарында көлемді мақала болып жарық көріпті. Ол жөнінде әкемнің шәкірттерінің бірі Мұхамеджан Қаратаев «Жұбановтың дер кезінде жарияланған еңбегі бүкіл теріс пікір атаулының күлін көкке ұшырды» деп баға бергені бар. Ұлтының ұлыларын дәріптеп, жылт еткен жаңалығын көрсетуге тырысқан әкеміз өзінің жазған грамматикалық еңбегінде Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл құралын» негізге ала отырып,  барлық мысалдарды сол тұстағы  Ілияс, Сәкен, Бейімбет, Мағжандардан  алған ғой. Ал, олардың барлығы отыз жетіде «халық жауы» деп ұсталды. Әрине, сонан соң солардың өлең-жырларын дәріптеген әкемізді оңдырсын ба?..      

Тұлға өміріндегі тоғыз санының тылсым сыры


1899 жылдың 19 желтоқсанында Ақтөбе губерниясының Темір уезі, 9-ауыл Ақжар деген жерінде дүниеге келген Құдайберген Жұбановтың өмірінде тоғыз санының жиі ұшырасуында бір тылсым сыр жатқандай. Туған жылы, туған күні, туған аулы тоғызбен байланысты, одан кейін  әкесі Қуанның қайтыс болған жылы 1919 болса, 1929 жылы Қазақстан Халық ағарту комиссариатының коллегиясы «Жұбанов жолдасты ғылыми жұмысқа пайдалану туралы» мәселе қарап, бірнеше тілді жақсы білетін әрі жан-жақты терең білім иесі деп бағалап, оны Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасына оқуға жібереді. Ең аяғы, жаппай «халық жауларын» «қара воронмен» алып кетіп жатқан 1937 жылы Құдайберген Қуанұлын ұстаған күн
қарашаның 19-ы болатын және бес-алты ай қамауда жатып, атылған 1938 жылы ол отыз тоғыз жасқа аяқ басқан шағында қара тізімдегі отыз тоғыз адамның ең басында атылып кете барады. 
- Әкемізді алып кеткен сәт күні кешегідей есімде. Әкем мені жетектеп ең кенже ұлы Асқарды босанып жатқан анамызды перзентханадан шығарып алуға бардық. Содан үйге келсек, біздерді «үштіктің» адамдары күтіп алды ғой. «Бұл жерде бір түсінбестік болған, ақ-қарасын ажыратқаннан кейін жібереді ғой» деді әкем кетіп бара жатқанында. Бәріміз солай деп сендік. Әйтсе де әкетіп бара жатқан әлгілердің әкемнің  кабинетін кілттеп кеткенін көріп, шешеміз көңіліне секем алыпты. Олар кеткен соң өз кілтімен кабинетті ашып қараса, барлығы өз орнында  тұрған соң, қайтадан бекітіп қоя салған. Ертеңіне тағы да біреулер келіп, кабинеттің ішіндегі әкеміздің кітаптарын, құжаттары мен қолжазбаларын, тіпті, ілулі тұрған киім-кешектеріне дейін еденде жатқан кілемге орап алып кетіпті. Содан Алматыдағы Дзержинский көшесіндегі түрмеде жатқанда бес-алты айдай ол кісімен кездесуге барып тұрдық. Жаңа туған баласына да ат қойып үлгірген жоқ қой, сол кездесулердің бірінде анамыз «Асқар деп қойдық атын» деген екен, мақұлдағандай бас изепті. Соңғы рет барғанында анамызға «енді келмей-ақ қойыңыздар, ол кісіні он жылға соттап, басқа жаққа ауыстырып жібердік» депті. Сөйтсек, сонда әкемізді атып тастап, біздерге өтірік айтқан екен ғой. Көп ұзамай бізді тұрып жатқан үйімізден шығарды. Сонан соң бізге дейінгі ұсталғандардың әйелін КАРЛАГ-қа, балаларын жетімдер үйіне жібергенін біледі ғой жұрт. Солар анама «саған да сондай күн тумай тұрғанда, тез көшіңідер» деп ақыл айтыпты. Анамыз соған құлақ асып, алты баласын алып, әкеміздің туған аулы Жұрын станциясына көшіп кетеді. Онда барғанда да «халық жауының әйелі» деп қанша уақыт колхозға мүшелікке алмай қойған. Солақай саясаттың әкемізді жау дегеніне сенгеміз жоқ. Ең естиярымыз әрі әкеміздің жанында көбірек жүрген Мүслима апайым  мынадай өлең шығарғаны бар-ды:
Бұлқынып жүрек тулап, көне алмай тұр,
«Әкең жау» деген сөзге сене алмай тұр.
Орыны қас пен достың ауысты ма,
Жауабын бала ақылы бере алмай тұр.
Жау деген болмай ма екен жалмауыздай,
Қаскүнем, қара ниет, қаны мұздай.
Адал жанды «жаусың» деп жала жапса,
Ет жүрек жарылмай ма сыздай-сыздай.

«Алтын ба, басқа ма, сағат уақытты
дұрыс көрсетсе болды емес пе?!.
«Мен тек отбасы қамын ойлап еңбек етіп жүрген жоқпын, халықтың қамын ойлаймын, халықтың алдында орындайтын азаматтық борышым бар» дейтін Құдайберген Жұбанов артынан ерген шәкірттеріне үнемі ұстаздық ұлағаттықпен қатар ағалық абзалдық танытудан шаршамайтын. Оның осы бір қасиеті жөнінде жұбайы Раушан Оспанқызы «бұл қасиеттерін алып тастаса, ол Құдайберген де болмас еді ғой» деп, мынадай бір естеліктер келтірген:
1931 жылдың күзі. Бала-шағамызбен Ленинградқа көшіп бара жатырмыз. Жолда Сыздрянаб деген станциядан екінші поезға ауысып, жайғасып жатырмыз. Поезд жүре бергенде Құдайберген таныс емес бір жігітті купеге ертіп келді. Күн едәуір суып қалғанына қарамай, әлгі жігіт костюмшең және жалаңбас тұр. «Бұл кім?» дегендей мен Құдайбергенге қарадым. Ол маған түсіндіріп жатыр. Құдайбергеннің айтуына қарағанда, ол Мәскеуде оқитын суретші екен, поезда киімін, ақшасын, билетін алдырып алыпты. «Өзі бір пысық жігіт екен, мұндайдан бірдеңе шығады. Басқа қазақтың балалары айдалада қалғанда арам өлер еді, бұл маған аға деп келіп, жөн сұрасып, Мәскеуге дейін жеткізіп салуды өтініп отыр... Сол жігіт қазіргі Қазақстанға аты белгілі, еңбегі сіңген суретші Әубәкір Сымайылов еді».
Тағы бір мысал, ағалы-інілі Төле мен Нәби деген жетім балаларға Құдайберген жәрдем беріп, жетім балалар үйіне орналастырыпты. Кейін олар үлкейгенде де өзі оқитын Ленинградқа институтқа түсуге көмектесіпті. Сол балалар ағалап келіп тұрады екен. Бірде Құдайбергеннің алтыннан жасалған қол сағаты бұзылып, соны жөндетіп келуді Нәбиге тапсырыпты. Студент бала ағасының берген ақшасын жаратып қойып, біршама уақытқа дейін ұялып жүріпті. Құдайберген Жұбанов болса ол сағатын жоғалтып алған екенмін деп ойлап, қарапайым қалта сағатын сатып алыпты . Алтын сағатты жөндетіп Нәби келіпті. Сөйтсе, «е, жарайды, мен ол сағатымды жоғалтып алған екенмін деп, басқа сағат алып қойғам, енді ол сенікі болсын» депті. «Ау, аға бұл алтын ғой» десе, Құдайберген: «алтын ба, басқа ма, сағат уақытты дұрыс көрсетсе болды емес пе, андағыны ала бер, өзі бұзылғыш еді» депті. Осында аңғал да ақ көңіл Құдайберген адам баласының бәріне сенгіш, ешкімнен жамандық күтпепті, залымдықтан сақтану дегенді тіпті де білмепті.    

«Ғалымның хаты өлмейді» егерде...  мұрагері болса


Алты бала да, аналары да әкелерінің келмеске кеткенінен бейхабар болды, жиырма жыл өткеннен кейін, яғни, 1957 жылы репрессияға ұшырағандар ақталып жатқанда барып, әкелерінің бұл дүниеде жоқ екенін бір-ақ біледі. Ал, оған дейін Мүслима, Ақырап, Есет, Қызғалдақ, Қырмызы, Асқарлардың оқып, білім алуын ағалары Ахмет қадағалап, барлығын біртіндеп жоғары оқу орнына түсірді. «Сендер ұлы тұлғаның ұрпағысыңдар» деп үйреткен ана тәрбиесінің арқасында балалар есейген соң әке еңбегін жарыққа шығаруды перзенттік парыз деп түсінді. Құдайберген Жұбановтың қаламынан туған әр қолжазбасын шырақ алып іздеуге кірісті. Соның арқасында кезінде «Қазақ», «Алаш», «Еңбекші қазақ», «Кедей теңдігі» секілді басылымдарда жарық көрген ғалымның әр түрлі көкейтесті мәселелерді қозғайтын мақалаларын мұрағаттардан іздеп тапса, әлі жарық көріп те үлгірмеген кейбір қолжазбаларын шәкірттерінің өздері келіп табыстаған. Мәселен, Құдайберген Жұбанов ҚазПи-де сабақ беріп жүрген кезінде Шамғали Сарыбаев сынды шәкіртіне тіл білімі пәнінің лекцияларын машинкаға бастырып келуді тапсырыпты. Бірақ соның артынша оны «халық жауы» деп ұстап әкетеді де, қолжазбалар шәкіртінің қолында қалып қояды. Ұстазының аманатын жиырма жыл бойына көзінің қарашығындай сақтаған Шамғали Сарыбаев ол кісі ақталған соң, қолжазбаны Есет Құдайбергенұлына беріпті. Тағы сондай Жанғазы Жолаев деген ауыл мұғалімі Құдайберген Жұбановтың Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерін талдаған ғылыми еңбегін сақтаған. Міне осындай тірнектеп жинақтаған материалдардың алғашқысы кітап болып 1966 жылы «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» деген атпен жарық көрсе, содан кейін әр жыл сайын бір кітаптан шығып тұрады. Ғалымның тоқсан жылдық мерейтойында тұңғыш толық шығармаларының жинағы жарық көрді. 1999 жылы жүз жылдық мерейтойы қарсаңында Ақтөбе университетіне Құдайберген Жұбанов атын беріп, сол оқу орнының алдынан мемориалдық ескерткіш ашылады.

«Дар алдында шыққан сөз»


Ұлттық қауіпсіздік қызметің мұрағатынан Құдайберген Қуанұлын тергеген сәттегі жазылған актілер, жендеттердің қинап, сұраудың астына алғанда, ол кісінің өз қолымен жазған хаттамалары табылады. Сонда қандай азаптың астына алса да, қайсар тұлға қорықпай, тайсалмай, социалистік режимнің қазаққа әкелген барлық қайғы-қасіретін тізіп жазып беріпті. «Дуалы ауыздан дар алдында шыққан сөзді» Есет Құдайбергенов пен журналист Әмір Оралбай қағаз бетіне түсірген екен, содан біраз үзінді келтірсек: «Мы говорим, что перегибы совершил Голощекин, и вообще, старое краевое руководство. Но в таком случае, почему же главный перегибщик Голощекин не привлекается к ответственности? За растранжирование денег – людей судят, а почему же растранжирование нации, целого народа не считается преступлением? Конечно, это дело не одного Голощекина. Все это происходит на глазах Советской власти, тем не менее она не обращает на это никакого внимания. Это потому, что она строит социализм и  социализм она будет строить, если даже неизбежно жертвовать отдельными народами. Таким образом, казахский народ и явился жертвой социализма... »
Өлімге қасқая қарап тұрып, осыншалықты қуатты ызамен ащы шындықты айту тек қана жүректі, рухы биік тұлғаның қолынан ғана келетіні хақ. Ендеше, халқына осыншалықты еңбек сіңірген тұлғаның атын Ақтөбеден ары асырмай, Алматы мен Астанада бірде-бір көше, не бір оқу орнының атын қимағанымыз қалай?


Мәриям ӘБСАТТАР

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543