Мемлекет және Конституция
Америка демократиясы аталарының бірі Томас Джефферсон бостандықтың бағасы мәңгілік сақтықта жатқанын атап өткен екен. Осы жолы жұртшылықтың реформаларды белсенді түрде талқылап жатқаны қоғамдық сананың бейтараптықтан сәл ығысып, азаматтардың мемлекетшілдіктегі өз орнын ұғынып жатқандай әсер қалдырады. Түптеп келгенде, Конституция деген шынымен қатып қалған догматикалық мәтін емес, заманға сай өзгеретін, азаматтар мен басқару тетіктерінің арасындағы келісімшарт.
Осыған сәйкес көпшілік таңдаған басқарушыларға, яғни менеджерлерге халықтың мүддесін қолдағы бар ресурастарды ең тиімді жолмен пайдаланып, елдің дамуын, қауіпсіздігін, әділеттілігін қамтамасыз етуі – басты міндет болса керек. Осы орайда Дродж Вашингтонның «Конституция халықты билеу үшін емес, халықтың билігін қамтамасыз ету үшін жазылған құжат», – деген тұжырымы еске түсіп отыр. Сондықтан бұл мәселе бойынша азамат ретінде пікір қалдыруға әркімнің таласы бар деп ойлаймын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтып кеткендей, халық арасында пессимзм етек жайғаны рас. Арамызда саналы түрде нигилизм бағытын таңдағандар қатары көбейіп келеді. Пікір білдіргеннен заң өзгеріп, оны қолдану тажірибиесі өзгермейді деген ойлар мазалайды кейбірімізді. Бірақ бәрінің жеке басына қатысты және толыққанды ел тағдырын анықтайтын бұл демократиялық процеске үлес қосу ұлт жанашырымын дегендердің түгеліне ортақ болса керек.
Кеудесіндегі пост-отарлық жаралары тілм-тілім болып, жәбір көрсетушінің мойындауы мен кешірім сұрауына қолы жетпеген қалың қазақ үшін тәуелсіздіктің символдары аса құрметті. Біз бұл құжатты құрметпен «Ата заңымыз» деп атаймыз, үлкен әріппен жазып, азаттық орнаған сәтте көк туымыз желбіреп, армандар орындалған сәттерді еске түсіреміз. Әйтсе де, ол нышан ғана емес – мағына да. Ол – халықтың қолындағы құрал. Нақтырақ айтқанда – соған айнулы тиіс.
Ел ауызындағы «Ең бастысы – ниет», – деген қанатты сөз белгілі бір деңгейде моральдік ұстаным ретінде айтылады. Адамдардың бәрі жақсы болса, конституция да керек болмас еді. Marvel-дағы доктор Стрнедж сынды барлық орын алуы ықтимал болашақты бағалай алмайтынымыз рас. Әйтсе де ұсынылып жатқан өзгерістердің нәтижесі бастамашылардың ниетіне тікелей байланысты екені өтірік пе?! Тарихқа жүгініп көрейікші:
Біреулер Екінші дүниежүзілік, енді бірі Ұлы Отан соғысы деп атайтын дүрбелеңнін сабақтары біздің өркениетке керемет мұра қалдырған. Өмірге деген, сайлауға және сайлануға деген, еркін жүріп-тұруымызға деген, өз құдайымызға сыйынуға деген, ұрпақ қалдырып, оны өз мәдениетімізге сәйкес тәрбиелеуге деген... сияқты құқықтарды қамтамасыз еткен Халықарылық құқық пен Біріккен Ұлттар ұйымы бар кезде дүниеге келгенім қандай жақсы деп қуанамын кейде. Халықаралық құқықтың бесігі мен басты тірегі – БҰҰ-да аса жоғарғы дәрежеде қызмет еткен Президентіміздің ұзақ жылғы тәжірибесі бізге мақтаныш, өзіне – қолдағы мықты карта. Дегенмен келесіге назар аударыңыз:
Халықаралық құқықтың ұлттық заңнан жоғары тұруын алып тастауға бағытталған өзгерістер Қазақстан Республикасының Конституциясының 4-бабына енгізіледі. Себебі, дәл осы бапта еліміздің құқықтық жүйесіндегі актілердің иерархиясы, сондай-ақ ратификацияланған халықаралық шарттардың құқықтық мәртебесі бекітілген.
Қолданыстағы редакцияның 4-бабының 3-тармағында:
«Республика ратификациялаған халықаралық шарттар оның заңдарынан басым болады» деген норма бар.
Осы басымдық ұғымын жою үшін ұсынылып отырған өзгеріс мәтіні мына түрде беріледі:
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Конституцияға және ұлттық заңнамаға сәйкес қолданылады».
Бұл редакция халықаралық шарттардың тікелей басымдығын алып тастап, олардың қолданылуын Конституция мен ұлттық заңдарға тәуелді етеді.
Бірінші оптимистік жолмен жүрелік. Мысалы. Өткен отыз жылдың ішіндегі орын алған қателіктердің басым бөлігі – жаңа мыңжылдыққа жетпеген тұсқа тиесілі. Тізе берсек бізде де, сізде де уақыт жетпейді. Бірақ екінші мыңжылдықтан бері ақпараттық кеңістікте «Екінші Дубай», «Азияның жаңа барысы», «2030» сынды көпірме ұрандар көпшіліктің қиялына әсер етті ғой. Жалпы логикалық түйсік өзінің заңды жолымен жүрмейді ме?! Мұнай қоры ауқымды, баяу болса да инфрақұрылым істеп тұр, салықтар да түсіп жатыр, бірақ потенциал мәселесі мазалайды. Яғни, болашақ мәселесі. Қазақстан бір бөлек тұрған әлем емес, әрине. Климаттың өзгеруі ерте ме, кеш пе әрқайсымыздың өміріне әсер етеді. БҰҰ тарапынан бұл бағыттағы жақсы қадамдар жасалып жатыр. Халықаралық жария құқықтың міндеттілігі мойындауды талап етпейтін Erga Omnes және Jus cognes деген нормалары болады. Оның қатарына басқыншылық соғысқа, құлдыққа, геноцидке деген сынды тыйымдар кіреді. Сол қатарға ESG (Environmental, Social, and Governance) сынды мұнай компаниялын өндірісін экологиядық нормаларға сәйкес ұстауға, әлеуметтік салаға белсенді ат салысуға міндеттейтін нормаларын енгізуге ұмтылыстар бар. Қазіргі халықаралық құқықтың күйзелісі тұсында қажетті прогресс болатына күмән бар екені рас.
Жер – Анамыздың қойнауындағы қазба байлықтарға бұрынғы заңға сәйкес мемлекет ие, жаңасында Қазақстан Республикасының азаматтарына тиесілі. Бірақ негізгі деген кен орындарының игерілу шарттары бізге күні бүгінге дейін беймәлім. Ұзын сөздің қысқасы, бәлкім, қол қойылған сәттегі әрекет еткен заңнамаға байлаулы ірі кен орындары бойынша келісімшарттардың кесірін ұғып, еліміздің жер байлығын неғұрлым тиімді қолдану мәлесін ойлап, қоршаған ортаны ластап, шектелген айыппұл төлеп үйреніп алған алпауыттарға экологиялық нормаларды жаңа Конституция арқылы орындатпақ мақсат болса, міне ғанибет! Салынатын салық арқылы біздің үлесімізді арттыратын болса осы реформаның арқасында инвестиция болып, табыс еселене қайтпайды ма?!
Адамзат мемлекет құрумен бірінші күн айналасып жатқан жоқ. Кейбірі озды да оңды, кейбірі барға қанағат етті. Бұл жайлы мыңдаған ғалымдар жүйелі және тұрақты түрде зерттеулер жүргізді. Осы орайда Дарон Аджемоғлу мен Джеймс А. Робинсон «Ұлттар неге сәтсіздікке ұшырайды» (Why Nations Fail) еңбегін бөлек атап өту керек. Озғандардың қатарында – сот тәуелсіздігін, жеке меншік құқығын, адам құқықтарын қамтамасыз етіп, саяси сахнада әралуандықты қамтамасыз еткен мемлекеттер жүр. Оның бәрі халықаралық жария құқықпен де қамтамасыз етілген. Мысалға қазіргі Конституцияға сәйкес халықаралық шарттар ел аумағында тікелей қолданылады. Оның қатарында Адамның азаматтық құқықтары жөніндегі конвенция бар. Егер де кімде-кімнің құқығы бұзылған болса, сот ісін аудандық соттан бастап, Жоғарғы соттан соң Біріккен Ұлттар Ұйымына дейін жеткізуіне болады. Жаңа өзгерістерге қарасақ, онда өз заңнамамыз басым. Кейін «Өзіміз үйде шешеміз», – деп тайқып кетпесіне кім кепіл?!
Бұл өзгерісті шынымен мықты құрал ретінде ел қамына пайдалануға болады. Әйтсе де бұл әлемдік қауымдастыққа халықаралық құқықтың шынайы жағдайы жайлы бір сигнал іспетті. Сонда біз кімге еліктеуіміз керек?! Жаңа Ли Куань Ю ма екен десек, оның билігі қатал болғанын да ұмытпайық.
Басында айтып кеткен сұрақ, ұсақ-түйек көрінсе де, астары терең болуы мүмкін. «Заң» терминдерін «Заңнама» деп алмастырып жатқаны жайлы айтамыз. Конституция, Конституциялық заңдар , Кодекстер, Заңдар, Президент актілері, Үкімет қаулылары, Министрлік бұйрықтары, Жергілікті актілер, Ішкі актілер – бәрі заңнама. Ал заңды Құрылтай қабылдайды, ал заңнаманы әкімшіліктер де шығарады.
Вице-Президент. Жалпы алғанда, Президенттің өкілеттігімен тағайындалатын оның көлеңкесі іспетті. Ертең, мысалы, денсаулығына байланысты Президент қызметінен кететін болса Вице-Президент бұрыңғыдай сайлау мерзімінің соңына дейін міндетін атқармайды, 2 айда сайлау өтуі тиіс. Бір жағынан халықтан билік етуге өкілеттілік алмаған тұлға неге сондай кең көлемде ұзақ уақыт өкілеттілікке ие болуы керек деген сұрақ туындайды. Бұл механизм транзиттік кезеңде орынбасардың әкімшілік ресурстарды қолданып, сайлауда басымдық беретін жағдай қалыптастыру қаупін туғызады. Ендігі мәселе көптеген елдің тарихында қанмен жазылған транзиттік кезеңнің табиғатын өзгертеді. Сайлауалды науқанға әлі ұйымдасып үлгермеген үміткерлер үшін кесілген уақыт жеткілікті болуына да назар аударсақ, игі еді.
Преамбула тікелей құқықтар мен міндеттер туындатпайды, бірақ ол мемлекеттің рухын, идеологиялық бағытын және өзіндік концептуалдық негізін айқындап береді. Жаңа жобада қоғамдағы ұлттық бірегейлікке деген сұранысы айқын байқалған. Бұрынғы Конституцияда басты біріктіруші фактор ретінде ортақ тарихи тағдыр көрсетілсе, жаңа мәтінде «байырғы қазақ жері» деген ұғым арқылы қазақ халқының титулдық рөлі мен оның мемлекет құрушы мәртебесі нақтырақ көрсетілген. Бұл – территория мен этникалық өзегінің арасындағы байланысты конституциялық деңгейде қуаттандыру.
«Әділетті Қазақстан» идеологемасының енгізілуі де кездейсоқ емес: егер ол Конституция мәтініне енетін болса, онда оның авторы ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси доктринасы конституциялық қағида деңгейіне көтеріледі. Сонымен бірге «Заң және Тәртіп» бағыты Президенттің құқық үстемдігі мен қатаң құқықтық тәртіпке бейім саяси философиясымен үндеседі; бұл құқықтық позитивизмге немесе саяси легизмге жақын ұстаным.
Жаңа преамбулада экология, білім, ғылым және инновациялар сияқты категориялардың пайда болуы – заман талаптарын дәл бейнелейтін, болашақ бағдарын айқындайтын оң құбылыс. Бұл Қазақстанның қандай құндылықтарға сүйеніп, қандай стратегиялық траекторияға бағыт алғанын көрсететін айқын көрсеткіш.
Унитарлы мемлекетке екі палаталы Парламент керек еместігі жайлы тақырып заңгерлердің арасында бұрыннан бері талқыланып жүрген. Осы орайда Сенатсыз Парламент реформасы қарап тұрсаң Президенттің өкілеттігін қысқартады. Яғни өзі тағайындайтын Сенаттың 15 депутатынан айырылады. Ұсынылған өзгерістер Құрылтайдың 145 депутатын халық сайлайтын жүйе қалыптастырады. Енді барлық 145 депутатты азаматтар өздері сайлайтындықтан, бұл өзгеріс парламенттің өкілдік дәрежесін күшейтіп, партиялар арасындағы саяси бәсекені арттырады деп күтіледі. Бірақ аймақтардан сайланатындар да болмайды, тек партия тізімдерімен өтеді. Саяси плюрализм қалыптасқан елде мұндай қалып түбегейлі өзгерістер тудыруы екіталай. Әйтсе де, бәлкім, реформалар жүргізуде шешім қабылдау тетіктерін жеделдетудің бәрі пайдалы болмақ деген пікір бар.
Партиялардың рөлін күшейту қажеттігі айқын. Жеке тұлғалардың арына сүйенгеніміз өз алдына, енді саясатты институцияландыру бағыты аса уақытылы шешім. Яғни, жүйелі ұстанымы бар, моральдік талаптары жоғары және қалыптасқан мамандарды іріктеп өткізетін партиялар қажет. Бұл өзгеріс парламенттің өкілдік дәрежесін күшейтіп, партиялар арасындағы саяси бәсекені арттырады деп күтіледі.
Осы жолы құрамын емес, нысанын сынаушылар да бар. Кезінде қылмыс ретінде танылып, қаншама қара нардай арыс тұлғалармыз насихаттау жолында құрбан болған пантюркизм мұрасы бүгін жиі кездесетін тақырып. Солардың арасында атауға символизммен қарау да бар. Яғни, тәуелсіз түркітілдес елдердің Парламенттері көбіне «Мәжіліс» деп аталса, Құрылтай деген Татарстан, Башқұртсан, Қырым татарлары арасында қолданылып келеді. Ақпараттық кеңістіктің қарапайым адам үшін шамадан тыс жүктеліп жатқанын ескерсек, бұндай қарапайым және эмоция шақыратын тұжырымдамалар қалай болар екен?...
Қаламгер әрі тіл жанашыры ретінде мемлекеттік тілдің, дәлірек айтқанда оған қосарланған орыс тілінің Ата Заңымыздағы дәрежесі мені де толғандырады. Егер 9-шы баптың 2-ші тармағы сол қалпында қалатын болса, Онда ана тіліміз тағы да өгей баланың күйін кешіп, сорлаған қалпы қалатынына көзім жетіп отыр. Тіпті: «Енгізбесек болмайды!» десек, онда орыс тілін «ұлтаралық қатынас тілі» ретінде қалғанын қалар едім!
Жалпы Құрылтай құрып, оған бұрыңғы парламентке қарағанда көбірек өкілеттілік бекітетін нормалардың нәтижелілігі енді партиялардың мінезі, саяси мәдениеті мен халық алдындағы жауапкершілігін ұғынуында жатыр. Уақыт көрсетер...
Қуат Қайранбаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
«Құрмет» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Abai.kz