Ұлттың қайталанбас тұлғасы – Өмірбек Жолдасбеков
ТАҒЛЫМДЫ КІТАП
Еліміздің ең танымал жоғары мектебінің ақбас Алатау бөктерінде жүз шақты гектар көрікті аумақты алып, көз тарта жайылып жатқан қазіргі заманғы ғаламат қалашығын салуда танытқан ерен еңбегімен есімі аңызға айналған әлемдік деңгейдегі ірі ғалым, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің туғанына биыл – 95 жыл. Осы мерейлі дата қарсаңында көрнекті зерттеуші-журналист, жазушы Көлбай Адырбекұлының атақты оқымысты, ұстаз, қайраткер турасындағы кітабы арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында жарыққа шықты (К. Адырбекұлы, «Академик Өмірбек Жолдасбеков. Өмірі. Қызметі. Тағдыры» – Алматы: ЖК «Тарпаңбаева А.Ш.)», 2025. – 304 бет. Қазақ және орыс тілдерінде).
Академик Өмірбек Жолдасбековтің күреске толы ғұмырының қалың жұртқа беймәлім жақтарын замандастары естеліктерімен қатар көпшіліктің қолы жете бермейтін архив құжаттары мен материалдарын молынан пайдалана отырып ашып көрсету арқылы қаламгер бұл еңбегінде ғұлама оқымысты, өнегесі өшпес айтулы ұстаз, орны ерекше реформатор, мемлекет және қоғам қайраткері Жолдасбековтің толыққанды бейнесін жасады. Совет заманында ұлт мүддесін тереңнен ойлайтын азамат ретінде қалыптасқан, сол советтік империя дәуіріндегі үстем саясат ауанын пайдаланып жоғарыға қисынсыз жалалы арыз жолдағандардың да, түрлі қисынсыз кінә артқан теріс пиғылды озбыр саясатшылдардың да қилы қысастықтары тудырған қиындықтарды еңсеріп жеңе алған күрескердің бастан кешкендерін ұмытылмастай етіп жаңғыртты.
Автор осынау танымдық кітабының беташарына әйгілі әдебиеттанушы, ұстаз, академик Зейнолла Қабдоловтың Өмірбек Арысланұлын «ылғи жайнап, маздап, жалындап жанып тұратын от» деп бағалап, өзі жануымен қоймай, өзімен бірге өзгелерді де тұтатып, жандырып жүретін қасиетін екпін қойып айта келе, оған қарата: «сенің ректор кезіңде күллі қабілет-күшіңді, тірі пендеде тым сирек ұшырасатын аса шебер ұйымдастырушылық ісіңді ел игілігіне жұмсап, он алты жыл ұдайымен қалай жанғаныңды, қалай жалындағаныңды көзімен көрген қарттар мен жастар түгіл, он жеті қабат бас ғимарат қабырғасына өз қолыңмен қалаған тастарға тіл бітіп, кәдімгі сол қара тастар сөйлеп, аңыз ғып жатқандай қазір» деп тебіренген сара сөзін, содан кейін 1970–1986 жылдарғы ректор кезінде ғылымдағы, ұстаздық қызметтегі, республикамыздың мақтанышына айналған студенттер қалашығы – «КазГУград» құрылысын жүргізудегі іс-әрекеттері және одан кейінгі жылдарғы парламентарийлік қызметінде білім мен ғылым саласындағы қиындықтарды батыл көрсетіп, өткір мәселелер көтеруге арнаған «өмір жолы – Отанға шексіз қызмет етудің эталоны» болған, қазақ университеті тарихында «Шолпан жұлдыздай ерекше жарқырап тұратын бірегей тұлға» ретінде бедерленген Жолдасбеков жайында жазған мемлекет және қоғам қайраткері Жақсылық Күлекеевтің мақаласын алғы сөз орнына беріп барып, одан әрі өз зерттеуі негізінде сыр шертуге кіріседі...
«Ұлттың қайталанбас тұлғасы академик Өмірбек Жолдасбековтің өмір жолы, қызметі, тағдыр-талайы мені көптен қызықтырып, зерттеу жүргізуіме құштар еткен журналистік еңбегім біраз жылдарға созылды», – дей келіп, жазушы Көлбай Адырбекұлы Өмекеңнің өзімен көзі тірісінде сұхбаттаса алмаса да, оны тікелей білгендермен, онымен қызметтес болғандармен, оның шәкірттерімен кездесіп, пікірлескенін, сол кезеңдегі газет тігінділерімен, архив құжаттарымен, белгілі ғалымдардың жариялы естеліктерімен мұқият танысқанын, олардың біразымен әңгімелесіп, қосымша деректер мен мәліметтерге кенелгенін айтады. Осындай мол қазынаны жиыстырып алып жазуға кіріскен еңбегін ол кейіпкерінің ғұмырлық баянына және тоқсан жылдық мерейтойын атаған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарихына шолу жасаудан бастайды.
Университет Қазақ атын алып жүргенмен, алғашқы онжылдықтарда онда оқитын қазақ жастарының қатары мардымсыз болатын. Басшылыққа 1948 жылы Төлеген Тәжібаев келгенде үлесі он-ақ пайыз еді, ал ұлттық оқытушылар құрамы бес-алты пайыздан аспайтын. Академик Тәжібаев бұл көрсеткішті түзетуге тырысты, есесіне «Тәжібаев қазақтарды университетке көп қабылдап жатыр» деп дабыл қаққан арыз-шағым Мәскеуге дейін қаптады да, ақыры, 1953 жылы ол лауазымынан түсірілді. Ал 1970 жылдан басшылық еткен жылдары Өмірбек Жолдасбеков қазақ елінің басты «білім ордасындағы қазақ студенттері мен оқытушыларының үлес салмақ көрсеткішін тоқсан пайызға дейін көтеріп, факультеттер декандарын түгелге жуық жергілікті ұлт өкілдерінен тағайындап, университетті таза ұлттық деңгейге жеткізді».
Өмірбек Арысланұлының автор айрықша атап көрсеткен тағы бір ерен ерлік ісі – Мәскеу мен Ленинградтан басқа қалаларда, одақтас республикалардың ешқайсысында болмаған университет қалашығын тұрғызғандығы еді. «Оны салу қазір әлдекімдердің айтуына қарағанда жеңіл секілді көрінер, – дейді Көлбай Адырбекұлы. – Ақиқатына келсек, сол кезде оның ойға алған ісін жүзеге асыруы, жоқтан бар жасауы, оңай болған жоқ. Бұл Жолдасбековтің жүйкені тоздырған талай бюрократтық кедергілерден өтуінің, әуре-сарсаңға салған шовинистік пиғылдылармен табанды түрде күресуінің арқасында іске асты». Осы іс барысында ректор бастан кешкен қилы-қилы кезеңдерді, кертартпа арызқойлармен күресін, құрылыс жолындағы жанкешті еңбегін автор кітапта жүйелеп жазып көрсеткен. Әйтсе де қаскөйлердің жапқан жаласының кесірінен Өмекең ректор лауазымынан босатылып, қуғын-сүргінге түсірілді.
Бас хатшы Михаил Горбачев пен ол жария еткен біржақты қайта құру саясаты эмиссары Геннадий Колбинді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп біздің еліміздің төбесіне қонжитқан. Солардың арамза басшылығы кездерінде Өмірбек Арысланұлының тағдырын тәлкек еткісі келгендер жөнінде профессорлар Сәдуақас Темірбеков, Көпжасар Нәрібаев, Дандай Ысқақов, студенттер қалашығының құрылысшы-директоры Тарас Төлегеновтің, басқа да белгілі тұлғалардың естелік-әңгімелерін автор кітабында ұтымды түрде келтіріп, қанша жазықсыз жалаға тап келсе де, күрескер Жолдасбековтің бәрібір сағы сынбағанын, ар-ожданын табандылықпен қорғап, ақыры жеңіске жеткенін айтады: ол «1991 жылы Қазақстанда тұңғыш Инженерлік академияны ашты. Оның алғашқы президенті ретінде санаулы жылдар ішінде-ақ дәрежесін халықаралық биік деңгейге көтерді. Бұл шын мәнінде Ғылым академиясымен бәсекелес ғылым ордасы болды».
Өмірбек Жолдасбековтің ғылымдағы орнын ұстазы, механизмдер мен машиналар теориясының аты әлемге мәшһүр маманы, ғалым-механик, техника ғылымдарының докторы, Социалистік Еңбек Ері, академик Иван Иванович Артоболевский: «Аса көрнекті ғалым, академик Ө.А. Жолдасбеков жоғары деңгейдегі механизмдер теориясын жасау бойынша кең көлемді ғылыми зерттеулер жүргізді және әлемдік іс-дағдыда баламасы жоқ, принципті түрде жаңа, биік деңгейдегі механизмдер мен манипуляциялық құрылымдар жасады, олардың бәрі өнертабыстардың авторлық куәлігімен қорғалған және шет елдерде патенттелген», – деп атап айтты. Ол 1977 жылы Өмекеңнің ұсынысын қолдап, машиналар мен механизмдер теориясы жөніндегі Бүкілодақтық бірінші съезді Алматыда өткізуге күш салған-ды. Съезге АҚШ, Англия, ФРГ, Италия, Жапония және басқа да елдерден аттары әлемге әйгілі ғалымдар қатысты, нәтижесінде Қазақстан ғылымының зор жетістігін паш етіп, әлемдегі жетекші ғылыми мектептермен байланысты нығайту мүмкіндігі артты. Ал академик В.В. Гусев: «Ө.А. Жолдасбеков Ресейде, Қазақстанда, Азия мен Еуропада танылған ұлы ғалым және инженер ғана емес, сонымен бірге әлемдегі инженерлік қозғалыстың аса көрнекті ұйымдастырушысы, беделі дүние жүзінің тұтас бірқатар елдерінде... АҚШ, Германия, Англия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Пакистан, Мысыр және көптеген басқаларында да қолдау тапқан Халықаралық инженерлік академияны құрушылардың бірі», – деп көрсетті. Республикамызда машиналар мен механизмдер теориясының негізін қалап, аз жылда шырқау биікке көтерген Өмірзақ Арысланұлының еңбектерін А.Ю. Ишлинский, Н.Г. Бруевич, Б.Е. Патон, Ю.Н. Работнов және басқа да шетелдік ғалымдар өте жоғары бағалады.
Алайда әлемдік тұлғаға айналған Өмекеңнің өз елінде оны шын танығандардың емес, күншілдер мен пасық пенделердің тасы өрге домалап тұрған, бұл орайда автор түрлі құжаттар мен естеліктерге сүйене отырып, небір көңіл құлазытарлық мысалдар келтіреді. Солардың ішінде тек профессор Виктор Инюшиннің ғана Колбинге «Жолдасбековтің кім екенін айтып, араша сұраған адами қасиетін қалай бағаламайсың» деп тәубе қылады. Әрине оның өтінішіне құлақ асылған жоқ, Жолдасбеков ректорлық қызметінен алынды, партия қатарынан шығарылды. Ең сорақысы, академикті студенттерге дәріс оқу құқынан да айырды, әрі ең дөрекі де тұрпайы түрде. Автор бұл оқиғаны тікелей куәгер көзімен баян қылады. Университеттің жаңа ректоры, кәсіподақ комитетінің төрағасы «және қалалық партия комитетінен келген славян нәсілінен, толықша, егде тартқан біреу» үшеуі жоғары курс студенттеріне дәріс оқып жатқан Жолдасбековті аудиториядан дәлізге шақыртып алыпты. Ананың іштен жайдары қалпын бұзбай шығып, ректорға: «Жайшылық па?» деп сауал тастағаны сол, «қалалық партия комитетінің өкілі киіп кетіп: «Умирбек Арсланович, сіз студенттерге лекция оқуға қақылы емессіз. Аудиторияны тап қазір босатыңыз. Қалалық партия комитеті бюросының шешімі осы», – деді зілді үнмен». Көздерінен ызғарлы ұшқын атып шыға келген академик оларға сұстана қарап алды да, ректорға қазақ тілінде: «Жау шапқандай не болды сонша?! Дәрісімнің соңына дейін күтуге шамаларың келмеді ме?!» деді, сосын шалт бұрылып, аудиторияға кірді де, студенттерден кешірім өтініп, стол үстінде жатқан пәпкісін алып қайта оралды. Ұзын дәлізбен аяқтарын ауыр басып, шығар есікке қарай жүре берді...
Қаламгер Кәсіподақтардың одақтық орталық кеңесінің (ВЦСПС-тің) хатшысы Қаратай Тұрысовқа 1987 жылғы күздің бір күнінде әлдебір шаруасымен Төралқа мүшесі, атақты ғалым-механик, Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың лауреаты, академик Александр Юльевич Ишлинскийдің кіргенін жазыпты. Ол келген жұмысын бір жайлы етіп, кетер алдында: «Сендерді, қазақтарды кейде түсінбеймін. Алақанға салып, төбеге көтеріп жүретін азаматтарыңды тентіретіп, сандалтып қоясыңдар», – дейді. Содан кейін: «Бүгін Умирбек Арсланович телефон шалды. Мән-жайды жайып салды. Партиядан шығарылған, жұмыстан қуылған. Масқара ғой. Бізде Умирбектей механик ғалымдар саусақпен санарлық. Оған тірі кезінде-ақ биіктігі Алатаудай ескерткіш қоюға лайық адам», – депті де, «әй-яй-әй»-лап басын шайқаған күйі шыға жөнеліпті...
Президент архивінен алынған бір анықтамада Ө.А. Жолдасбековтің «1986 жылы желтоқсанда Алматы қаласында ұлтшылдық негізде болған қоғамға қарсы топты айдап салуға қатысы бар... Бұрынғы ректор ретінде... бассыздық кезінде студенттерді тоқтату үшін ешқандай шара қолданбады», – деп негізсіз айып таққан жолдар тұр. Ал ірі ғалым және парламентарий Жолдасбеков Желтоқсан көтерілісінің он жылдығы қарсаңында «Заң газетінде» жариялаған «Егемендік жолындағы арпалыс» атты үлкен мақаласында сол бұлқынысты «толғағы жеткен құбылыстардың жиынтығы» деп қарастырды, «ХХ ғасырдың ұлы оқиғаларының бірі ретіндегі осынау бас көтерудің тәуелсіздігіміздің бастауы болғанын» дәлелдеп, саяси бағасын берді. Кітапта мақаладан үлкен үзінді келтірілген.
Жазушы Адырбекұлының осынау атақты кейіпкері ана тілін, ұлттық мүддені жастайынан қорғап жүрген. Мәскеуде, Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің механика-математика факультетінің студенті шағында, Өмірбек жерлестерінің өз тілінде сөйлескеніне тыйым салғысы келген қала бұзақыларына қарсы батыл шайқасқа шығып, істі бола жаздайды. Мәскеу университетінде оқитын, әкесі «халық жауы» атанып, шешесі айдаудан оралғанша балалар үйінде өскендіктен ана тілін білмей келген қалыңдығы Мағрипа Мұхамедәлиқызы (Мая Михайловна) Бағызбаеваға тиісті сөздіктер, кітаптар әкеліп беріп, қазақ тілінде сөйлеуге дағдыландыруы арқылы қазақы рухани құндылықтармен табысуына оң ықпалын тигізгені сондай, Мая диплом жұмысын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын орыс поэзиясымен байланыста зерттеп жазған көрінеді. Ал Өмекеңнің өзі теориялық механика пәні бойынша екі томдық оқулығын да, бір томдық оқу құралын да қазақ тілінде жазып, автор атап айтқандай, «қазақ тілі механика мен машинатануда ғылым тіліне жарамайды деген қатып қалған қағиданың тас-талқанын шығарды». Ректор Жолдасбеков қазақ филологиясы факультетінің студенттері шетел әдебиетінен орыс тілінде сабақ беретін оқытушының өздерін ұдайы кемсітіп сөйлейтін қылығына намыстанғандықтан, дәрісіне баруды мүлдем доғарғанын естіп, оларға арнайы келіп жолығады, ақыл-кеңесін айтып, бұдан былай сабаққа үзбей қатысып жүруді тапсырады. Әлгі оқытушы содан кейін бұлардың көзіне түспепті...
«Өмірбек Арысланұлының кесек мінезі мен атпал істерін өз көзімізбен көрдік. Тәрбиесін алып, өнегесін үйрендік. Тәлімін түйіп, таудай тұлғасын таныдық, – деп сыр шерте келе, кешегі шәкірті, университеттің бүгінгі басшысы Жансейіт Түймебаев: – Әлі күнгі адалдықпен өрілген сара жолын үлгі тұтып, кәсіби қыры мен біртуар болмысын зор құрметпен есімізге аламыз», – дейді.
Бүгінде университетте Жолдасбековтің машина жасау және роботтехника салалары бойынша еңбектерінің жалғасы іспетті «Сандық технология және роботтехника» орталығы жұмыс істейді. Сол ғылыми білім беру орталығында «Роботтехника жүйелері» мамандығы бойынша көптеген жастар бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейінде білім алуда. Ғұлама ғалымның жарқын бейнесін ұрпақ жадында мәңгі сақтау үшін Студенттер сарайына, Механика-математика факультетінің Үлкен залына есімі берілген. Кітап авторының кезінде атақты Зейнолла Қабдолов ұстаздың «От еді...» атты жүрекжарды толғанысындағы «уақыты келгенде Өмірбек Жолдасбековтің ескерткіші де қойылар» деген сенімді болжамынан қуат алып, халықаралық «Түркістан» газеті беттерінде арнайы мақалалармен әлденеше рет көтерген ұсынысы ақыры қабыл алынғандай болып, университет қалашығына ескерткіші қойылды. Музейі ашылып, университет баспасынан арнайы кітап жарық көрді. Қазіргі таңда бұл аңыз-адамның есімі қалалар мен ауылдардағы көшелерге, жоғары және орта оқу орындарына, университеттер мен институттардың аудиториялары мен зертханаларына берілген.
Ұлттық университеттегі академик Өмірбек Жолдасбеков ескерткішінің төменгі жағында оның: «ХХІ ғасыр – жаңа технологиялардың ғасыры. Осы дәуірге сәйкес озық ғылыми жетістіктер ғана қоғамды, мемлекетімізді жарқын болашаққа жетелейді, мол табыстарға жеткізеді», – деген ұлағатты сөзі тасқа ойылып жазулы тұр. Ғаламат ұстаздың күллі күш-жігерін жұмсап, жоқтан бар жасап салған «ҚазҰУқала» ішінде білім алып жүрген жас ұрпақтың осы сөздің мәнін санасына терең ұялатарына, ұлтын жанындай сүйген, соңына мол ғылыми мұраларымен қатар осынау ғаламат студенттік қалашық қалдырған тамаша күрескер-азамат рухына әрдайым тағзым етіп, оның күрделі өмір жолынан сабақ ала отырып, тәуелсіздік туын бекем ұстайтын маман болуға ұмтыларына күмәнсіз сенесің.
Ізденімпаз зерттеуші-қаламгер Көлбай Адырбекұлының біз шағын шолу жасаған «Академик Өмірбек Жолдасбеков» атты кітабы бұл ретте олардың ұдайы оқып жүретін сенімді жансерігі, ал қалың оқырман үшін жаңа тарихымызды сыншылдықпен танып-білуге жәрдемдесетін талдамалы мағлұматтар көзі болуға әбден лайық.
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz