Қазақ тілін дұрыс қолдану Конституциядан басталады
Соңғы уақытта қазақ терминологиясында жүйелі түрде көрініп жүрген бір мәселе қайта-қайта алға шығып отыр. Ол — орыс тілінен тікелей калька арқылы жасалған, «… емес» үлгісіне негізделген терминдердің қазақ тілінде қалыпты нормаға айналып бара жатқаны. Бұған дейін жарияланған «бейзаттық мәдени мұра», «бейүкіметтік ұйым» сияқты ұсыныстар — жекелеген сөздерге қатысты пікір емес, қазақ тілінің ішкі заңдылығына сүйенген жүйелі көзқарастың көрінісі. Ол туралы будан бұрын жаздықта:
Терминжасам — жекелеген ұсыныстармен шешілетін мәселе емес. Ол тілдік жүйеге, ең алдымен, сол жүйенің ең жоғарғы үлгісі саналатын Конституция тіліне тәуелді. Конституция — тек құқықтық құжат қана емес, мемлекеттік тілдің ең биік стильдік өлшемі. Барлық заң, қаулы, ресми термин дәл осы мәтінге сүйеніп қалыптасады.
Бүгінде талқылауға ұсынылған Конституция жобасының қазақша мәтінінде орыс тілінің синтаксистік үлгісін қайталайтын қолданыстар жүйелі түрде кездеседі. Атап айтқанда, «жол берілмейді», «жүзеге асырылады», «қамтамасыз етіледі», «құқылы емес», «шектелмеуге тиіс» сияқты құрылымдар мәтінде жиі ұшырасады. Бұл тіркестер жеке тұрған кезде қате саналмауы мүмкін, алайда жиынтық күйінде олар қазақ тілінің табиғи ойлау логикасынан гөрі орыс тілінің ресми стиліне жақын екенін аңғартады.
Мәселен, Конституцияның 6,21, 23, 24, 27, 28, 41 баптарын да кездесетін «…жол берілмейді» тіркесі орыс тіліндегі не допускается құрылымының тура калькасы. Қазақ тілінің табиғи құқықтық нормасына сай мұндай жағдайда «тыйым салынады» деп айту әлдеқайда нақты әрі жауапкершілікті айқындайды. Сол сияқты 4, 65-баптарда ұшырасатын «жүзеге асырылады», «қамтамасыз етіледі» тәрізді субъектсіз сөйлемдер де орыс тіліндегі осуществляется, обеспечивается үлгілерінің ізі екенін көрсетеді. Қазақ тілінде қимыл иесі көбіне ашық беріледі: «мемлекет жүзеге асырады», «уәкілетті органдар қамтамасыз етеді» деген нұсқалар ойды анық әрі белсенді жеткізеді.
«Шектелмеуге тиіс», «құқылы емес» сияқты құрылымдар да қазақ тілінің ықшам нормасына сәйкес келмейді. Қазақша құқықтық мәтінде «шектелмейді», «бола алмайды» сияқты дара етістікке құрылған нұсқалар әлдеқайда табиғи. «… қызметінің негіз құраушы қағидаттары» ( 3-бапта. дұрысы —... қызметінің негізгі қағидаттары), «... иемденіп кете алмайды» (4-бапта, дұрысы — ... иемдене алмайды). Дәл осы сияқты қазақ тілінің нормасына келмейтін қолданыстар көп кезігеді. Бұған қоса, «қызметінің негіз құраушы қағидаттары» тәрізді ауыр аналитикалық тіркестердің орнына «қызметінің негізгі қағидаттары» деп беру тілдік жағынан ұтымды.
Мәселе жекелеген сөздерде емес. Мәселе — Конституция тілінің үлгісінде. Егер дәл осы деңгейде орыс тілінің синтаксистік инерциясы заңдастырылып жіберілсе, ол кейін барлық заңдарға, ресми терминологияға, оқулық пен бұқаралық ақпарат құралдарының тіліне сол күйі көшеді. Нәтижесінде «..ұқылы емес», «...міндетті емес», «үкіметтік емес үйым», «ақшалай емес төлем», «академиялық емес бағыт», «өндірістік емес ұйым», «формальды емес», «жол берілмейді», «көзделмеген», «шектелмеуге тиіс» сияқты құрылымдар тағы да қалыпты норма ретінде орныға береді. Ал қазақ тілінде болымсыздықты бей-, -сыз/-сіз жұрнақтары немесе дара етістіктер арқылы беру — бұрыннан бар, қалыптасқан әрі табиғи тәсіл. Сондықтан «бейзаттық мәдени мұра», «бейүкіметтік ұйым» сияқты ұсыныстар да, Конституция мәтініндегі синтаксистік калькаларды түзету мәселесі де бір мақсатқа қызмет етеді: қазақ тілін аударма тілі емес, ойлау тілі ретінде орнықтыруға.
Бұл — саяси түзету немесе мазмұнды өзгерту емес. Бұл — мемлекеттік тілдің табиғи заңдылығын сақтау. Конституция тілі — сол мемлекеттік тілдің іргетасы. Егер іргетастың өзінде өзге тілге тән аудармалық үлгілер орнығып қалса, тілді өз болмысына сай дамыту кейін әлдеқайда қиын болады. Сондықтан Ата заң ресми қабылданбай тұрып, оның қазақша мәтіні тілдік тұрғыдан да мұқият сүзгіден өтсе, бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін маңызды қадам болмақ.
Қайрат Ғабитханұлы,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Abai.kz