Заң атымен заңсыздық жасауға бола ма?
саяси-эссе
Осы сұрақтан мынандай жауаптар шығып келді. Конституция әрбір елдің бүкіл заңының негізі екені аксиома. Онда, осындай ЗАҢ-мен заңсыздық жасауға әсте, болмайды.
Содан да, біз қазақ халқы осы «конституция» деген халықаралық терминді «АТА ЗАҢ» деп, өте дөп атадық қой. Онда «АТА ЗАҢ» ең әділ, ең шыншыл, ең адал болуға керек.
Бізбен туыстас бірнеше тәуелсіз елден мысал келтірейін: Моңғол Елі «конституцияны» «ҮНДСЭН ХУУЛЬ» деп атайды. Мағынасы «Тамыр заң, Діңгек заң» дегенге келеді. Яғни, ағаштың тамырынан дің мен бұтақтың жайылатынын меңзеп тұр, тамыр мықты болса, бәрі мықты деген сөз.
Түркия Елі конституцияны «Ана Иаса» деп атап, заңның мақсатын сол елдің ішкі-сыртқы қорғанышы мен азаматтарының азаттығын паш еткен ең үстем мәтін, басқа мәтіндер тек осыны құптайтын бағынышты мәтіндер, дейді. Әрине, бұл барлық елде солай болуға тиіс екені анық. Бізбен туыс халық тұрғысында олар «конституцияны» «АНА ЗАҢ» деп атағаны, біздің «АТА ЗАҢ»-ға ұқсап тұрғаны, «ата-ана» сөзінің сонша құрметін көрсетеді.
Басындағы сұрақтың келесі жауабы былайша жалғасады. Конституцияны тәуелсіз елдер ғана жаза алады, бұл да аксиома. Ал, тәуелсіздік дегеніміз, өз шекарасы бар ел екені мәлім. Әлем тарихына және қазіргі кезде қарап отырсақ бүкіл шекаралар ТІЛ арқылы ғана сызылған әрі елдің атауы да сол елдің тілімен аталған. Франция, Испания, Корея.... федерация құрамындағы елдер де дәл сондай. Ресейде, Алтай республикасы, Татарстан, Башқұртстан, Якутия... Қытайда Тибет, Ішкі Моңғолия, Қазақ, Ұйғыр...
Олай, болса дәл қазіргі кезеңде Қазақ Елінде рухани-қоғамдық қызу талқыға түскен «Конституцияны талқылау» деген мәселеде, ең көп ауызға алынған осы Қазақ тілінің мәртебесі. Қазақ тілін «АТА ЗАҢ» бойынша «Мемлекеттік тіл» деп, атай тұра Орыс тілін ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деу, конституция бойынша заңсыздық. Өйткені, біз Ресей Федерациясының құрамынан тыс Моңғолия, Корея, Жапония сияқты елміз. (Ресей федерациясының құрамындағы Якутия, Татарстан, Алтай, Тувалар өз заңдарында осылай жазса, олардікі заңды)
Ал, Қазақ Елі өз конституциясында олай жазуының заңсыз болатыны, еліміздегі орыс этносының тарихи жер-суы жоқ, Қазақстандағы басқа диаспора секілді ел ішінде тең құқылы жеке азамат ретінде өмір сүреді. Олай болса, еліміздегі басқа этностардан бөле жарып Орыс тілін мемлекеттік тілмен тең құқылы етіп қою, заңсыздық болмай не болады?!
Әрі, өз тәуелсіздігімізге де осындай бап арқылы кесір келтіру де заңсыздық емес пе?!
Иә, билік басындағы көптеген тұлғалар ашық та, тұспалдап та айтып жатқан Ресейдің шовинистік пиғылын алдай тұру десек, онда Қазақ Тілімізді уақытша саясаттың ойыншығы болдыру деген сөз.
Өткен отыз бес жылдың нәтижесінде, өз тілімізді өзіміз саясаттың ойыншығы болдырудың ащы жемісін татқанымызды көріп отырған жоқпыз ба?!
Мемлекеттік іс қағаздары 99 паиз орыс тілінде болды, тәуелсіздік кезеңде туған ауылдан келген орысша білмейтін жастарымыздың өзі осының кесірінен қалай университетке түсті солай орысша сөйлей бастайды, оларда еш кінә жоқ, іс қағазы мен мемлекеттік қызмет орындары түгел орысша сөйлеген соң, олар «автоматты» түрде солай сөйлеуге тиіс. Және, еліміздегі өзге тілді этностар да дәл солай, олардың да еш кінәсі жоқ, ресми қолданыстағы тіл қай тіл болса, кім болса да сол тілде сөйлей жөнеледі ғой.
Одан да өкініштісі, «Мемлекеттік тіл» деген қағаз қалпағы бар қазақ тілін осы елде, біреуге сөйле десең, ең азы кінәлі боласың, ары кетсең қылмыскер болып шыға келесің. Өйткені, сіз заң бойынша «Мемлекеттік тілде сөйлеңіз!» десе, әлгі қазақ тілін білмейтін отандасың «Мен ресми тілде сөйлеп тұрмын ғой, менде не шаруаң бар» деп, ауыз жабады.
Міне, «АТА ЗАҢ» бойынша осындай, заңсыздық жасаудың соңы этносаралық алауыздық тудыратын пәлелі факторға айналғанын халық көріп, куә болып отыр.
Егер, ту-баста, тоқсаныншы жылдың басында Жоғарғы кеңесте Шерағаң Шерхан «Ей, халайық! Жыланда ғана айыр тіл болады, енді жылан болайын дедіңдер ме?!» деп, зарлап тұрғанда «Қазақ тілі мемлекеттік әрі ресми тіл» деп, Ата Заңға тәуекелмен жазып жібергенде, бүгінгідей өнбейтін дау болмас еді, бәлкім. Осы отыз бес жылда еліміздегі орыстар да, басқалар да қазақша сөйлеп жүруі сөзсіз еді.
Ал, Қазақстандағы бүкіл қазақ жұрты орысша біледі, сөйлеп жүр, (тіпті, моңғолиядан келген малшы қазақтар да тағы басқа елден келген қандастар қазір орысша қара-жаяу емес), сонда деймін Қазақтың елінде жүрген басқа этностардың қазақша білмеуі, сөйлемеуі АТА ЗАҢҒА сыя ма? (Ал, өз тілін өзі білмейтін қазақтардың болуы жеке адамдардың санасыздығы, намыссыздығы десек те, сол «ресми тілдің» салқыны екені айдан анық.
Міне, Қазақ тілін АТА ЗАҢ арқылы ресми тілмен жаншып, шектеу, заң арқылы заңсыздық жасау, делінген тақырыптағы сұрақты бұлтартпай дәлелдеп тұр.
Көпшілік қауымның осылайша дәлелмен де, эмоциямен де айтып жатқан пікірлері дәл осы «заң атымен заңсыздық жасау» деген уәжбен тіке келіп тоғысады.
Егер, отыз бес жыл бойғы «орыс тілі ресми түрде қазақ тілі мен тең» деген ащы тәжірибені ары қарай жалғастырар болсақ, ішкі татулық, ауызбірлікті емес алауыздықты жалғастырған боламыз.
Көпшіліктің түгелге жуық бір пікірге келіп жатқан ұсынысы «Қазақ Елінде орыс тілі және басқа этностардың тілі қоғамда еркін қолданылады» деуі бұл заңдылық әрі әділдік.
Абай Мауқараұлы
Abai.kz