Дүйсенбі, 16 Ақпан 2026
Мәдениет 193 0 пікір 16 Ақпан, 2026 сағат 15:18

Сахнадағы әйел тағдыры

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қай кезеңде болмасын театрдың басты міндеті – қоғамның өзегіне айналған мәселелерді батыл көтеріп, уақыт тудырған күрделі сауалдарға көркемдік тұрғыдан жауап іздеу.

Бүгінгі таңда адамзат санасында терең із қалдырған өзекті тақырыптардың қатарында пандемия, қоғамнан оқшаулану, жалғыздық, қорқыныш, адам психикасының күйреуі мәселелері тұр. Бір кездері Уильям Шекспир өзінің «Ромео мен Джульетта» трагедиясында індет жайлаған замандағы адам табиғатының ең терең қатпарларын ашып көрсетіп берген еді. Ал бүгінгі заманауи драматургия неге COVID-19 секілді жаһандық қасірет туралы ашық әрі батыл сөйлеуден тартынады? Осы тұрғыдан алғанда, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында тұсауы кесілген Нұрайна Сатпаеваның қаламынан туған «Перзентхана» пьесасының сахналануы осындай тарихи маңызы бар оқиғаларды көрсетудегі батыл талпыныс. Қойылымды «ARTиШОК» тәуелсіз театрының режиссері Галина Пьянова сахналады. Заманауи театрлық тенденцияларды жетік меңгерген әрі жаңашыл әдістерімен қаруланған Галина Пьянова қазақ театрымен, ұлттық актерлерімен жұмыс жасауда орындаушылардың сахнада тіршілік кешуінің тың тәсілдерін қолданып, олардың табиғатын өзгеше бағытта көрінуіне мүмкіндік жасаған.

Режиссер осы қойылымда көрерменді жалықтырмайтын заманауи ырғақты дәл таба білген. Бір сәтке де тамашалаушының назарын әлсіретпейтін оқиғаның динамикасы режиссерлік шешімнің ұтымдылығын аңғартады. Қойылым диалогтарында артық айқайға жол берілмей, драматургиялық тартыс сыртқы әсерден қарағанда кейіпкерлердің ішкі психологиялық күйзелісі арқылы өрбиді.

Спектакльде қолданылған символдық бейнелер негізгі айтар ойды тереңдетіп, көркемдік тұтастықты айқындай түседі. Мәселен, Пепе бейнесі спектакльде айрықша мәнге ие. Балалар үшін ол тентектігімен сүйкімді, жеңіл қабылданатын мультфильм кейіпкері болса, қойылымда ересектердің де рухани мұқтаждығын аңғартатын нәзік символға айналды. Ал, ыдыстағы балық бейнесі жүкті әйелдердің ана атану үмітін меңзейтін көпдеңгейлі метафора ретінде ұсынылған. Әсіресе Мартаның (актриса Динара Нұрболат) енді қызығын көремін деп үміттенген сәбиінен айырылып қалған сәтін театр тілімен жеткізудегі бұл көркемдік шешім қойылымның әсерін тереңдете түскен сәтті деталь ретінде есте қалады.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Спектакль финалында оқиға желісінің теледидар арқылы шешілуі режиссер тарапынан берілген жеңілдетілген тәсіл ретінде қабылданды. Қарбаласқа құрылған шиеленісті тартыс терең психологиялық шешімге жетпей, белгілі бір дәрежеде бұлыңғыр күйде аяқталады. Сол себепті, финал көркемдік тұрғыдан толыққанды әсер қалдырмай, қойылымның  әлсіз тұсы болғандай.

Спектакльдің ішкі сахналық өзегін ұстап тұрған Перизат бейнесі. Аталмыш бейнені актриса Нұржамал Әбілқиясқызы өнерпаздық бояуларымен, ішкі нәзік сезімдерге құрылған ойынымен кескіндейді. Аңғал, өз қателігін толық түйсініп үлгермеседе, осы күйімен өмір сүруге мәжбүр жас бойжеткеннің бейнесі актриса орындауында нанымды шыққан. Алайда бұл кейіпкердің психологиялық күйі әлі де тереңдетіліп ашылуы қажет секілді. Туған қыздарының тағдырына араша түсіп,  қолдау білдірмеген ата-анасының одан теріс айналуы, палатадағы әйелдер тарапынан қысым көруі, соның салдарынан енді ғана жарық дүние есігін ашқалы тұрған сәбиінің болашағы жайлы шешім қабылдай алмай күйзеліске түсуі – Перизаттың ішкі драмасын қазбалай түсудегі негізгі факторлар болып табылады. Перизат бейнесі – бүгінгі қоғамдағы ауыр әлеуметтік дерттің айғағы. Ол некесіз жүктілік пен жалғыздықтың кесірінен рухани тығырыққа тіреліп, өзіне қол жұмсау немесе сәбиін тастап кету секілді трагедияларға ұласатын жастар тағдырының жинақтық көрінісі. Спектакль барысында көрермен кейіпкердің шегіне жеткен рухани дағдарыстан өз-өзіне қол жұмсауға дейін баруын күткендей еді, бірақ режиссер тарапынан финалдың күтпеген арнаға бұрылуы, қыз тағдырының ащы шындығын бүркемелеп жеңіл шеше салғандығын байқатты.

Спектакльде көрсетілген әйелдердің тағдыры бүгінгі қоғамдағы шынайы әлеуметтік жағдайлармен үндес. Елімізде әрбір оныншы әйелдің басынан өтетін ауыр жағдайлар бұл тақырыптың өзектілігін айқындай түседі. Соның ішінде орта жастағы аналардың түрлі медициналық диагнозбен бала туу қаупіне ұщырауы жиі кездесетін құбылыс. Осындай қауіптен сескенген кейбір әйелдердің ерте балалы болуға деген таңдауында түсінуге тұрарлық. Қилы тағдырлы әйелдердің қоғамдық мәселелері спектакльде заңгер Женя бейнесі арқылы жеткізіледі. Актриса Гүлбаһрам Байбосынова сомдаған кейіпкер қырықтан асқан шағында жүкті болып, дәрігерлердің сәбиінің «Даун синдромымен» тууы мүмкін деген болдамына қарамастан, тәуекелге бел буған батыл әйел ретінде көрінеді. Ұзақ жылдар мансап қуып, кәсіби тұрғыда өзін жетілдірген, көзі ашық кейіпкерді перзентхана қабырғасындағы жүйесіздіктер мен немқұрайлылықтар шошытты. Актриса сомдаған осы бейне арқылы спектакльде заманауи, табысты әйелдің де ана болу алдындағы психологиялық күйзелісі мен әлеуметтік жүйемен бетпе-бет келген сәтіндегі дәрменсіздігі терең ашыла түседі.

Біздіңше, спектакльде толыққанды ашылмаған келесі бір кейіпкер Бека бейнесі (актер Нұржан Әбубәкір).  Режиссер оның мағыналық аясын тереңдете түсуі керек. Сонымен қатар, қойылымда тек әйелдер көзқарасы басым. Олардың эмоцияға берілгіштігі, жан айқайы анық естіледі, бірақ ер адамдардың ойы, жауапкершілігі, ішкі драмасы назардан тыс қалған. Қойылымда ер азаматтың да көзқарасын түсіндіретін терең монолог болса, онда осы тақырыпты екі жақты талдауға, қабылдауға мүмкіндік туар еді деп ойлаймыз.

Актриса Динара Нұрболат сомдаған Марта бейнесі спектакльдің мазмұнын арттырған шешуші кейіпкер.  Әрбір қадамын салмақтап, есеппен атқаратын Мартаның күтпеген жерден сәбиінен айырылуы, тағдырдың ауыр соққысы болды. Актриса кейіпкерінің бір күйден келесісіне еркін ауыса алатын шеберлігін тағы бір мәрте паш етті. Оның ойынындағы комедиялық бояулардың трагиялық гротескке алмасуы барысы көрерменнің жан дүниесінде катарсис сезімін өткізді. Жалпы, актриса Динара Нұрболат ойнайтын спектакльдерде харизмаға толы кейіпкердің бой көрсетуі заңдылыққа айналғандай. Осы жолы да сол үміт ақталды. Дегенмен, бұл кейіпкерге жеке, толыққанды монолог беру спектакльдің философиялық салмағын арттыра түсер ме еді деген ой қалады.

«Перзентхана» – заманауи қазақ драматургиясындағы батыл қадам. Ашық сұрақтарымен, көрермендерді толғандыруға бағытталған ойларымен дәл бүгінгі қоғамның күйін сипаттайды. Бұл спектакль көрерменге дайын жауап бермейді, керісінше, ойлануға мәжбүрлейді. Ал театрдың ең үлкен жеңісі де осы деп білеміз.

Ұлпан Шеріхан

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті

Abai.kz

0 пікір