Сәрсенбі, 4 Наурыз 2026
Жаңалықтар 98 0 пікір 4 Наурыз, 2026 сағат 14:37

Мұнай бағасының құбылуы теңгеге қалай әсер етеді?   

Сурет: BAQ.KZ сайтынан алынды

Израиль, АҚШ және Иран арасындағы әскери қақтығыс мұнай бағасының өзгеруіне, соның салдарынан теңгенің шетел валюталарына қатысты бағамына ықпал етуі мүмкін. Бұл жайлы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Министрдің айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы соғыс ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқандықтан, логистикалық бағыттар соған бейімделіп үлгерген.

"Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс біраз уақыттан бері жалғасып келеді. Соған байланысты логистика да қалыптасты. Ал Парсы шығанағы бағытына келсек, бұл бағыт біз үшін басым болған жоқ. Біз Парсы шығанағындағы порттарды, мысалы Бендер-Аббас портын өте сирек пайдаландық. Иә, жөнелтілімдер болды, бірақ бүгінгі күні жағдайды айқындайтындай көлемде емес", – деді Жұманғарин.

Оның сөзінше, қазақстандық компаниялар үшін Иран порттарын пайдалану бұған дейін де оңай болмаған. Бұған ұзақ транзит уақыты мен рәсімдердің күрделілігі әсер еткен.

Жұманғарин қазіргі жағдайда негізгі қауіп мұнай бағасының құбылуына байланысты теңге бағамының өзгеруінде екенін айтты.

"Қашықтық қысқа көрінгенімен, жүк екі мемлекет арқылы өтеді. Сондықтан бұл бағыт логистикаға айтарлықтай әсер етеді деп ойламаймын. Бірақ мұнай бағасының ауытқуы, әрине, теңге бағамына әсер етеді. Валюта бағамының құбылмалылығы жақсы емес", – дейді министр.

Оның айтуынша, қақтығыстың теңге бағамына ықтимал әсері Үкімет пен Ұлттық банк деңгейінде бірлесіп қаралатын болады.

"Егер мұнай бағасы өссе, әдетте теңге керісінше нығаяды, әлсіреп кетпейді. Мәселе оның нығаюы немесе әлсіреуінде емес. Негізгі мәселе – құбылмалылық. Құбылмалылық әрдайым нарықтағы алаңдаушылықты күшейтеді. Бізге ең бастысы – теңге бағамының тұрақтылығы", – дейді Жұманғарин.

Abai.kz

0 пікір