Айдос Сарым. 67-нің 33-ке айтары
Кеше ғана Астанада өткен «бір қазақты мадақтап, бар қазақты мазақтайтын» Қазақстан халқы ассамблеясының отырысына қарап, ондағы айтылған сөздерді тыңдап отырып мен «осы жиырма жылда біздің билік түк те түсінбепті ғой» деген ойға келдім.
Өмірде кейбір адамдар кеңістікті түсіне бермейді, барған жерін, басқан тауын ұмытып қалады. Оны ғалымдар «географиялық кретинизм» яғни «географиялық есуастық» деп атайды. Біздің билік те осыған шалдыққан сияқты: биліктегілер өзі өмір кешіп отырған кеңістікті, оның рухын, тарихи заңдылықтарын, мифологиясын, поэтикасын, дүниетанымын түйсінбейді екен. Ал егер оған кеше ғана барлығымыз куә болған «хандарды қорлап, оларды қоқысқа тастаған» биліктің сорақы әрекетін еске алсақ, онда тағы бір диагноз өзімен өзі шыға қалады. Ол «тарихи кретинизм», яғни «тарихи есуастық» һәм мәңгүрттік!
Кеше ғана Астанада өткен «бір қазақты мадақтап, бар қазақты мазақтайтын» Қазақстан халқы ассамблеясының отырысына қарап, ондағы айтылған сөздерді тыңдап отырып мен «осы жиырма жылда біздің билік түк те түсінбепті ғой» деген ойға келдім.
Өмірде кейбір адамдар кеңістікті түсіне бермейді, барған жерін, басқан тауын ұмытып қалады. Оны ғалымдар «географиялық кретинизм» яғни «географиялық есуастық» деп атайды. Біздің билік те осыған шалдыққан сияқты: биліктегілер өзі өмір кешіп отырған кеңістікті, оның рухын, тарихи заңдылықтарын, мифологиясын, поэтикасын, дүниетанымын түйсінбейді екен. Ал егер оған кеше ғана барлығымыз куә болған «хандарды қорлап, оларды қоқысқа тастаған» биліктің сорақы әрекетін еске алсақ, онда тағы бір диагноз өзімен өзі шыға қалады. Ол «тарихи кретинизм», яғни «тарихи есуастық» һәм мәңгүрттік!
Тағы бір ой келді: биліктегілер қиын категориялар түгілі, қарапайым ғана ақиқаттарды тануға, былайша айтқанда кәдуілгі арифметикаға да жоқ екен. Мысалы, еліміздегі жұртшылықтың барлығын жүз пайыз деп ұғынсақ, ондағы қазақтардың санының 67 пайызға жеткенін билік әлі толық түсінбепті. Егер түсінген болса, 100-ден 67-ні алып тастаса, қалғаны 33 болатынын білер еді ғой! Ал осы екі санның қайсысы артық, қайсысы кем екенін кез келген бірінші сынып оқушысы да айтып бере алады емес пе? Олай болатын болса, біздің биліктің «арифметикалық есуастық» деген қатерлі дертке шалдыққанын да көзіміз жетті.
Кешегі жиын «Қазақстанның Ұлт бірлігі доктринасын» талқылауға арналды. Хош. Ол да керек шығар. Қанша дегенмен мультиэтникалык қоғамда өмір сұріп жатырмыз. Алайда оны дайындағандар кім? Оның басты шарттары қандай? Неге оның мәтінінің жобасы, мысалы, талай көпірме мен езбені басатын «Егемен Қазақстан» газетінде жария етілмейді? Неге оның жобасы қазақтілді баспасөзде, қазақ ұлтшылдары арасында талқыланбайды? Неге ұлттық және мемлекеттік құрылыстан, ұлтқа қатысты мәселелерді талқылаудан қазақ социумі үнемі ысырылып тасталады? Сан қырғыннан өтіп, тарихтың адамзатқа берген барлық қиындығын көріп, ызғарына төзіп, енді ғана ел болып, енді ғана 1926 жылғы санымызға жетіп отырған кезде, тағы да «ұлттық азшылыққа» айналғанымыз ба?
Билік айтады: біздерге ұрысуға болмайды, біздердің мемлекеттік тілді дамытпай жатқанымызды сынамаңыздар дейді. Айналайындар, сонда біз тілсіз, ессіз, ойсыз жайылып жүре беретін күйсегеніне ырза малмыз ба? Біздің де рухани, мәдени, саяси талаптарымыз жоқ па? Әлде адамының саны он мыңнан аспайтын азғантай ұлыстардың сұранысы он миллионнан асатын ұлттың сұранысынан биік пе? Жоғары ма? Пәрменді ме? Он миллионның аты он миллион емес пе? Әлде билік «қазақтар қайда кетеді дейсің, шулайды да қояды» дей ме? Қателеседі. «Көп түкірсе көл», «Халық - Құдайдың екінші атыі» деген киелі сөз бар. Көп көтерілсе, көпшілік қозғалысқа түссе не болады? Сонда бүгінгі күні қабылданған «доктриналар» мен «тұжырымдар» кімге қорған, кімге дәру?
«Қазақтар толерантты халық», «қазақтар табиғатынан қонақжай халық», «мейірбан халық», «қой мінезді жуас халық», «барлығын қонағының алдына жая салатын халық» деген жартылай шын, жартылай өтірік ұғымдар бар. Алайда әрбір нәрсенің, ұғымның табиғи шегі, межесі, шекарасы болады. Ұлан-байтақ, Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қазақ сахарасының басы да, аяғы да бар. Сондықтан да бүгінгі күні қазақтың мейірбандығына, кеңдігіне, төзімдігіне арамтамақтанудың («паразитирование») орнына жаңа ұрандар, жаңа саясат келуі керек. «Қазақтардың толеранттығы», «қазақтардың төзімпаздығы» деген түсініктермен қатар «басқалар тарапынан қазақтарға деген толеранттық көзқарас», «қазақтардың рухани сұранысына, саяси талаптарына деген төзімпаздық» деген саясат жүргізілуі тиіс.
Тағы бір анық: өз елінде көпшілікке айналған қазақтар ешқашанда өзінің өмірлік кеңістігін тарылтатын, оның жойылуына алып келетін «қазақстандық ұлт», «үштұғырлы тіл» деген сияқты жалған, паллиативтік тұжырымдамалармен келіспейді. Уақытша үндемес, біраз шыдар, бірақ көнбейді. Айналып келгенде көпшілік өз дегенін жасайды. Билік он мың доктрина мен он миллион тұжырымдама қабылдаса да осы бір диалектикалық ақиқаттан аттап кете алмайды.
Билік айтады: «ошақбасы ұлтшылдықпен» күресу керек, ешкімді қорлатуға жол бермейміз деп. Ол үшін заңнаманы күшейтеміз, басқа ұлт-ұлыс өкілдеріне тіл тигізген адамдарды соттаймыз дейді. Жақсы. Солай-ақ болсын. Сонда сотталатын кімдер болады? Өзіміздің қазекеңдер болып шықпай ма? Елестетіп көрейікші. Мысалы, бір ақсақалымыз алқалы жиында өзге ұлт өкілі түгіл, өз ағайынымызға «ей айналайын, қазақша неге сөйлемейсің?» десе сотталады. Себебі, бұл сөз әлгінің «ұлттық намысы мен абйройына» тіл тигізу болып саналуы ғажап емес. Немесе, солтүстіктегі көшелердің атын өзгерту керек деп шулап жүрген ағайындарды алайық. Олардың тіршілігі сөзсіз белігілі бір топтардың «намысы мен абыройына залалын» тигізеді. Немесе, сайлау кезінде қазақы аймақта жүріп, «қазақтың күні барлығынан қараң» деп ұрандаған ағайындарды алайық. Нағыз «сорақылық» болып шықпай ма?
Саяси тапсырыс бар. Яғни ертең министрліктер тиісті заң жобасын жасайды. Оны депутаттар бірауыздан қолдайды, президент оған қол қояды. Хош. Алайда заңның орындалуын кім қадағалайды? Бұл заң ұлттың сөзін айтып, ұлт үшін күресіп жүргендерді жаппай қудалауға алып келмей ме? Мысалы, қазақ десе, мемлекеттік тіл десе сіресіп қалатын прокурорлар, шенеуніктер, жатса тұрса еліміздің Ресеймен қосылуын күтіп жүргендер осыны желеу етіп ұлт баспасөзіне, ұлт зиялыларына қарсы шаппай ма? Жауабы жоқ сұрақтар көп.
Баяғыда Сталин заманында «Жас Алаш» басылымында істеп жүргендер өздерін ұлтшылсыңдар деп айыптаудан қорқып, Наурыз мейрамы кезінде бірін-бірі байқатпай шымшып құттықтайды екен. Сол замандар қайтып келе жатыр ма? Не болып барады осы? Түсінбеймін. Түсінгім келмейді. Қарсымын.
Патшалық отарлау, тоталитарлық таптау, Желтоқсанның ызғары ұлтымыздың рухын сындыра алмаған. Бүгінгі заманның космополиттік, жалған интернационалды ызыңы да сындыра алмас.
Абайшыл болайық, алашшыл болайық, абай болайық!