Дүйсенбі, 13 Сәуір 2026
Абай мұрасы 178 0 пікір 13 Сәуір, 2026 сағат 13:10

«Жүрегімнің түбіне терең бойла» емес...

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» деген өлеңіндегі осы бір шумақты жариялаған едім. Енді өлең жолдарындағы нақты жауапты жариялап отырмын. Басты мақсат Абай өлеңдерін дұрыс оқу:

...Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

Абай бүгінгі ұрпағын өз заманынан ұғымдырақ, ойлырақ, әділетті тыңдаушы деп түсінеді. «Өзіңнің жүрегіңе терең бойлай отырып, менің соқтықпалы, соқпақсыз өмір тірлігімнен өзіңе сабақ ал, мені сөге көрме» дейді. «Сендер білмейтін көне күннің тірлігімен жүріп, өз бойымдағы мың күнәммен алыстым. Ол уақытта мені қостайтын қауым өскен жоқ. Сол себепті сандалмамен күн кештім. Заманыма ұғымсыз, мағынасыз болдым» дейді.

Абай шығармашылығының ерекшелігі өзінің қойған сауалының жауабын өзі айтады. Бұған дәлел, «Мыңмен жалғыз алыстым» дегенге нақты жауап: «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес, Жүрегіме қарасам, инедейін сау емес», - дейді.

Осы өлеңнің бастапқы жолы 1909 жылғы Абай өлеңдерінің тұғыш жинағынан бастап, толық академиялық жинақтарда (1939,1945,1954,196, 1976ж.ж.) «Жүрегіңнің түбіне терең бойла» деп басылған. Тек, 1977 жылғы жинақта «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп жарияланды. Ақын сөзінің не себеппен өзгертілгені туралы түсінік берілмеген. Бұл жайында Абайтанушы, ғалым Қайым Мұхаметжанов та арнайы тоқталған. Кейінгі жылдары Абай өлеңдері жинағын шығарушы баспалар бұл өлеңді 1977 жылғы жарияланған нұсқасы бойынша жарыққа шығарып жүр. Мәселен, «Мектеп кітапханасы» баспасынан шыққан Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» атты мектеп оқушыларына арналған жинақта аталған өлең «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп беріліпті. Адам біреудің жүрегіне бойлап, бүкіл жүрек құбылысын біле алмайды ғой. Оған да дәлел керек десек, «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» өлеңінде:

«Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,

Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме» демей ме?

Абай шығармаларын ден қойып оқысаңыз сан қырлы сөз құпиясы ашылып, заманмен бірге құбылып отыратыны ғажап!

Абай мұрасы халқымыздың ой-санасында айрықша орын алуды көздеген тұста, жас ұрпаққа жаппай Абай оқуларын оқудан түрлі байқаулар етек алған уақытта Абай өлеңдерін текстологиялық өзгеріссіз жеткізген абзал. Абай мұрасын танып, білуді ғылыми тұрғыдан зерттей отырып, ұлы ақынға деген ұрпақ ойын кестелеу – алдыңғы буыннан жалғасын тауып келе жатқан дәстүр деп қарасақ, әсіресе мектеп бағдарламасына арналған Абайдың өлеңдер жинағына аса сақ қарап, түпнұсқамен салыстыра отырып жариялағанымыз дұрыс.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Астана

Abai.kz

0 пікір