Сәрсенбі, 15 Сәуір 2026
233 0 пікір 15 Сәуір, 2026 сағат 16:43

Заң мен ар-ұжданға арқа сүйеген: Қазақстанда жаңа саяси партияны құрмақ

Сурет: qaz365.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда «Әділет» атты жаңа саяси партия құру жөніндегі бастамашыл топ ресми мәлімдеме жасады.

Жаңа саяси ұйым өзін «Әділ Қазақстан» идеясын қолдайтын, құқық үстемдігін күшейтуді және азаматтардың мемлекет ісіне қатысуын арттыруды көздейтін күш ретінде таныстырды.

Партияның негізгі мақсаты – Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау, елде әділетті қоғам қалыптастыру.

Сонымен қатар ұйым миссиясын жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттардың орындалуын қамтамасыз етумен байланыстырады.

Партия қоғамдағы белсенді азаматтарды, түрлі сала мамандарын, қала мен ауыл тұрғындарын біріктіруді жоспарлап отыр.

Бастама көтергендер мәлімдемесінде мынадай құндылықтарды атап өтті: әділеттілік, патриотизм, еңбекқорлық, жауапкершілік және даму.

Негізгі мақсаттары: 

  • барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасау және клан үстемдігі мен аймақтағы үстемдікті азайту;
  • тәуелсіз әрі тиімді құқық қорғау және сот жүйесін қалыптастыру;
  • экономикалық әділеттілік пен тұрақты даму.

Бастамашылардың айтуынша, жаңа партия азаматтық қоғаммен және сарапшылармен тығыз жұмыс істеуді көздейді.

16 сәуір күні бастамашыл топ Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне партияны тіркеу рәсімін бастау туралы өтініш жолдайды. Сондай-ақ алдағы уақытта құрылтай съезін өткізу жоспарланып отыр.

«Біз барлық жауапты азаматтардың күшін біріктіріп, әділетті мемлекет құруға және оны нығайтуға ұмтыламыз. Экономикасы мықты, баршаға мүмкіндік беретін, халықаралық аренада беделі жоғары ел қалыптастырғымыз келеді», – деді бастама көтергендер.

Партияны құру үшін өтінішке қол қойғандардың тізімі:

  • Атабаева Гүлзира Нұржанқызы
  • Бектұров Ренат Нұрмолдаұлы
  • Жаманқұлова Қарлығаш Қалибекқызы
  • Зәкиева Динара Болатқызы
  • Қарабасова Лаура Шапаевқызы
  • Кенжеханұлы Рауан
  • Кузиева Замира Закиржанқызы
  • Құсаинов Айғазы Әмірланұлы
  • Лаврентьев Андрей Сергеевич
  • Матжани Нұрбек Сейілханұлы
  • Нұрмұхамедов Бұрхан Жолбарысұлы
  • Сүгірбай Аят Исатайұлы
  • Тауан Мұхамедқали Эдуардұлы
  • Тен Ирина Сергеевна
  • Чинкисбаева Ләззат Алтынбекқызы
  • Шибұтов Марат

Айта кетейік, Қазақстанда көппартиялық жүйе қалыптасқан. Дегенмен саяси алаңда ірі партиялардың ықпалы басым. Солардың бірі әрі бірегейі – «AMANAT» партиясы. Сонымен қатар «Ауыл», «Respublica», «Ақжол» сияқты саяси ұйымдар бар. Бұл партиялар Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысып, елдің саяси жағдайға тікелей ықпал етеді. Заңнамаға сәйкес, жаңа саяси партия құру үшін Әділет министрлігінде тіркеуден өту, құрылтай съезін өткізу және белгілі бір мөлшерде қол жинау талап етіледі. Соңғы жылдары елде түрлі жаңа саяси бастамалар көтеріліп келеді, алайда олардың барлығы бірдей ресми тіркеуге қол жеткізе бермейді.

Еске сала кетсек, бұған дейін  заңгер, мәжіліс депутаты Абзал Құспан журналистердің қай партияға қосылуыңыз мүмкін деген сауалына жауап бергенде басымдық «AMANAT» партиясында екенін атап өткен еді. Ол нақты қай партияға баратыны жайлы сауалға жауап берді.

Abai.kz

0 пікір