Жұма, 17 Сәуір 2026
212 0 пікір 17 Сәуір, 2026 сағат 19:04

Есірткі, «қойып кетушілердің» қысқа «мансабы» және дәрігерлер қауіпсіздігі: елордалық медицина мамандары үшін түсіндіру кездесуі өткізілді

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

«Заң мен Тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында елордалық прокуратура Полиция департаментімен және әкімдікпен бірлесіп, № 4 қалалық емханада есірткі құмарлықтың алдын алу және медицина қызметкерлері арасында еңбек заңнамасы нормаларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жыл басынан бері елордада есірткінің заңсыз айналымына байланысты 288-ге жуық қылмыстық іс  қозғалса, оның 95-тен астамы есірткі өткізумен айналысқан тұлғаларға қатысты. Заңсыз айналымнан 42 килограммға жуық есірткі заты тәркіленді.
Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Алия Қибатқызының айтуынша, заңсыз әрекеттерге көбінесе жастар тартылады.
«Синтетикалық есірткілер ерекше қауіп төндіреді, себебі олар адам бойында лезде физикалық тәуелділік тудырады. Оларды тарату жасырын жарнамалар мен интернет-ресурстар арқылы белсенді түрде жүзеге асырылуда», — деп атап өтті ол.
Мамандардың мәліметінше, ұсталғандардың көбі өздерінің есірткі таратып жүргенін тіпті сезбеген де. Сонымен қатар, «курьер» болып жалданатындардың «мансабы» әдетте екі айдан аспайды.
Қаскөйлер тыйым салынған заттарды тарату үшін түрлі әдістерді қолданады: граффити-жазулар қалдырады, QR-кодтары бар билбордтар орнатады, парақшалар таратады, штамптарды пайдаланады және интернет-сайттар құрады. Жыл басынан бері есірткі заттарын жарнамалайтын 488-ден астам интернет-ресурс анықталды.
Полиция есірткі қылмыстары ауыр және аса ауыр санатқа жататынын ескертті. Ол үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу мүлкі тәркіленіп, бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.
Тәртіп сақшылары егер қала тұрғындарына психоактивті заттарды сақтау немесе өткізу деректері, сондай-ақ осы құқық бұзушылықтарға қатысы бар адамдар туралы ақпарат белгілі болса, Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының анонимді сенім телефондарына хабарлауға болатынын еске салды.
Қоңыраулар тәулік бойы келесі нөмірлер бойынша қабылданады: 71-63-93 және 102.
Сонымен қатар, спикерлер медицина қызметкерлерінің күн сайын жоғары қауіп жағдайында жұмыс істейтінін атап өтті. Бұған мас күйдегі немесе есірткіге еліткен пациенттерге бару, сондай-ақ басқа да қауіпті жағдайлар жатады.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында жедел медициналық жәрдем қызметі деңгейінде заманауи бақылау және қорғау шаралары енгізілуде. Атап айтқанда, барлық бригадаларда аудиомониторинг енгізілді. Бұл жүйе қақтығыстарды азайтуға, сөйлесу мәдениетін жақсартуға, дәлелдемелік базаны қамтамасыз етуге және медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейтуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде қоқан-лоққы көрсеткені және күш қолданғаны үшін жауапкершілікті белгілейтін жаңа 380-3-бап енгізілген болатын.

Abai.kz

0 пікір