Таным
Рашид-ад-дин Шыңғыс ханның арғы ата-бабаларын Оғыздан таратады. Оғыз дегенің — түркі халқының атасы! Ендеше, Шыңғыс ханның ұрқы түркі болғанын осы арқылы ғылыми әлем жақсы біліп отырса да, неге ресми түрде мойындамайды?
Оны айтпас бұрын алдымен Рашид-ад-Дин кім болғанынан бастайық. Оның "Жамиғ-ат-тауарих" (Жылнамалар жинағы) — дүние жүзінің тарихы туралы тұңғыш рет жазылған әлемдегі ең ұлы тарихи энциклопедия. Оған дейін не Азияда, не Еуропада мұндай ауқымды туынды жазылмаған.
Шыңғыс ханның арғы ата-бабаларынан бастап өзі және ұрпақтары жөнінде 1303 жылға дейінгі оқиғаларды түгел қамтыған. Кейінгі Дулати, Жалайыри, Бабыр, Әбілғазылардың бәрі осы шығармаға сүйенеді.
Рашид-ад-дин 1247 жыл шамасында қазіргі Иранның Хамадан қаласында туған. Ұлты — еврей. Бірнеше тіл білген Иудаизм дінін ұстанған, кейін Ислам дінін қабылдаған. Патша сарайында емші болған.
Шыңғыс ханның немересі Хұлағу хан Иран, Ирак, Сирияны басып алып, Дамаск пен Бағдатты құлатып, Иранда илхандар державасының негізін қалады. Осы Хұлағу ханның немересі Ғазан (Қазан) хан 1295 жылы ислам дінін қабылдап, оны мемлекеттің ресми діні етеді. Осы кезде Рашид-ад-дин оның бас уәзірі, қазіргі тілмен айтқанда премьер-министрі болады. Көптеген реформалар жасап, парсы мемлекетін нығайтады. Қазан ханның тапсырмасымен ол әлемге әйгілі еңбегін осы кезде жазуды ұйғара бастайды. Қазан хан 1304 жылы қайтыс болған соң, таққа оның інісі Олджайту сұлтан отырады. Тарихи еңбек 1310 жылы жазылып бітеді. 1316 жылы Олджайту хан кенеттен қайтыс болып, орнына жас бозбала Әбу Саид хан болады. Осы кезде Рашид-ад-дин қызметтен босатылып, қудалана бастайды. 1318 жылы оған Олджайту ханды улап өлтірген деген жала жабылып, Рашид-ад-дин мен оның аспаз болып істейтін ұлы Ибрахимді азаптап өлтіреді...
***
Раши-ад-диннен де бұрын Шыңғыс хан дәуіріне жақын тұлғалар жазып қалдырған деректер туралы айтсақ, Плано Карпини 1245-47 жылдары Рим Папасының тапсырмасымен Үгедейдің ұлы Күйік ханның ордасында болып, Шыңғыс ханның немересімен ресми жолығып, Папаның хатын өз қолына табыстаған адам.
Одан кейін Вильгельм Рубрук 1253-55 жылдары Франция королінің тапсырмасымен Шыңғыс ханның немересі Мөңке ханның (Төленің ұлы) ордасында болып, онымен әңгімелесіп, біршама уақыт қасында тұрып қайтқан. Бұл екеуінің мақсаты бөлек болғандықтан, Шыңғыс ханның тікелей түркілік тегі туралы сөз жоқ. Тек Моңғол ордасы туралы ғана айтылған.
Ал СССР Ғылым академиясы Шығыстану институты 1952 жылы Рашид-ад-диннің Шыңғыс хан туралы 1000 беттік шежіре-жазбасын парсы тілінен орыс тіліне аударып басқан. Сталиннің тірі кезінде. Рашид-ад-дин — Шыңғыс хан өлген соң 20 жылдан кейін өмірге келген адам. Яғни шежіре-жазбасы іле-шала жазылған деуге болады. Және бір ауыз өтірік жазса, басы алынатын еді. Осы Рашид-ад-дин Шыңғыс ханның ата-бабасын Оғыздан таратады. Оғызың — түркі халқының атасы ғой! Шыңғысты түркі деуге бұдан артық не дәлел керек! Бірақ бүкіл әлем қағанның түркі екенін осы арқылы жақсы біліп отыр, бірақ оны тарихи фактіден гөрі, идеологиялық шежіре деп мойындағылары келмейді, бәріне оның моңғол болғаны тиімді секілді. Мұхтар Мағауин осы Рашид-ад-динге сүйене отырып, қағанның түркі екенін дәлелдеді.
Біздің ғалымдарымыз өткен ғасырдың 50-ші жылдары-ақ осы Рашид-ад-динді (парсышасына тісі батпай-ақ қойсын) орысшасынан-ақ қазақшаға аудару керек еді! Олай жасалмады.
Қытайлар Рашид-ад-динды қытайшаға орыс тілінен 80-ші жылдары аударыпты.
Ал "Моңғолдың құпия шежіресі" деп жүргеніміз Моңғолдың тарих институтының 1962-79 жылдардағы еңбегінің жемісі екенін Тілеуберді Әбенайұлы дәлелдеп берді...
Төреғали Тәшенов
Abai.kz