Қазақстан: Зейнетақы жинағы қалай қорғалады?
Кейінгі кезде кейбір қазақстандық зейнетақы қорындағы ақшасының сақталуына алаңдай бастады. Әсіресе «жинақ жоғалып кетпей ме?», «инфляция бәрін құнсыздандырып жібермей ме?» деген күмән жиі айтылады. Бұл туралы БЖЗҚ түсіндірді.
Қазақстандағы зейнетақы жүйесі бірнеше деңгейден тұрады. Оның бір бөлігі – мемлекеттен төленетін базалық және ортақ зейнетақы болса, екінші бөлігі – азаматтардың еңбек еткен жылдары жинаған жеке қаражаты.
Соған қарамастан, кей адамдар жинақтаушы жүйеге толық сенім артпайды. Кейбірі болашақта зейнетақы қорындағы ақша жоғалып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Алайда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, әр азаматтың ақшасы жеке шотта сақталады және заңмен қорғалады.
БЖЗҚ өкілдерінің айтуынша, мемлекет міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына инфляция деңгейін ескере отырып кепілдік береді.
Бұл – зейнетақыдағы қаражат азаматтың жеке меншігі деген сөз. Оны басқа біреудің есепшотына аударып жіберу немесе шатастырып беру мүмкін емес. Егер уақыт өте келе инфляция салдарынан жинақтың құны төмендесе, айырмасын мемлекет өтейді.
Қор мамандары мұндай тетік әлемнің көп елінде кездесе бермейтінін айтады. Себебі көптеген мемлекетте зейнетақы қорларындағы салымдарға дәл осындай деңгейде кепілдік қарастырылмаған.
БЖЗҚ-дағы ақша жай ғана сақталып тұрмайды. Қаражат түрлі қаржы құралдарына инвестицияланып, қосымша табыс әкеліп отырады. Кейін сол инвестициялық кіріс салымшының шотына түседі.
Мысалы, азаматтың зейнетақы қорында 10 миллион теңге жиналды делік. Осы аралықта инвестициялық табыс шамамен 10 пайыз болып, салымға тағы 1 миллион теңгедей қосылды. Бірақ осы уақыттағы инфляция деңгейі 15 пайызға жетсе, онда қаражаттың бір бөлігі құнсызданған болып есептеледі.
Яғни нақты есептегенде салымшы шамамен 5 пайыз немесе 500 мың теңге көлемінде шығынға ұшырағандай болады. Осындай жағдайда инвестициялық табыс пен инфляция арасындағы айырманы мемлекет өтеп береді. Бірақ нақты төленетін сома арнайы формула арқылы есептеледі.
Қазақстанда мұндай өтемақыны алу үшін арнайы барып өтініш жазудың қажеті жоқ. Жүйе бәрін автоматты түрде есептейді. Инфляция деңгейіне жетпей қалған айырма анықталған жағдайда, төлем проактивті түрде жүргізіледі.
Мәселен, 2024 жылы осындай біржолғы өтемақыны 177 мың адам автоматты түрде алған.
Abai.kz