Сәрсенбі, 20 Мамыр 2026
Алаш арысы 151 0 пікір 20 Мамыр, 2026 сағат 13:17

Өңірдегі емес, өмірдегі Өмірбек

Сурет: википедиядан алынды

Тағы бір медаль тағылды. Біздің өңірге. Ал біз тек мемлекеттік награданы мойындаймыз. Үйімізде Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері екенімізді білдіретін медаль ғана сақтаулы. Ол мемлекет басшысының жарлығымен берілген.

Басқасы — қоғамдық ұйымдар, мекемелер, тіпті жеке кісілер жасаған медаль мен белгіні сақтаған емеспіз. Жол-жөнекей кезіккен үлкен кісіге, бильярдтағы ақсақалдарға бере саламыз.

Міне, кезекті қоғамдық қор медаль тақты. Өмірбек Жолдасбековке арналған екен. Өмірбек Арсланұлы үшін ешқандай еңбек етпеп едік. Ыңғайсыз. Ал біздің өміріміздің осы арнаға түсуіне Жолдасбековтің тікелей ықпалы болған.

Тура елу жыл бұрын 1976 жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырып, емтихандардан құламай өттік. Ол уақытта екі жыл еңбек стажы барлар мен Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеп келгендер емтиханнан өтсе, ары қарай балл санайтын конкурсқа түспей, бірден оқуға қабылданатын. Біз екі жыл қой бағып келгенбіз. Көңіл орнықты.

Ал оқуға түскендердің тізімі ілінгенде қарасақ, фамилиямыз жоқ. Деканатқа барып, “бұл қалай?” деп сұрасақ, “еңбек стажың 1 жыл 10 ай, демек толық екі жыл емес” деген жауап алдық.

Иә, 1974 жылы маусым айында мектеп бітірдік, ал біз бағатын қой әлі енесін еметін қозы екен, оны қыркүйек айының басында бөлек отар етеді. Сонымен шопан болатын бұйрығымыз 1974 жылы 1 қыркүйекте шыққан. Жұмыстан 1976 жылы маусым айының соңында босағанбыз. Өйткені, ол уақытта журналистика факультетіне құжат қабылдау басқалардан жарты ай бұрын басталып, екі кезеңнен тұратын “шығармашылық конкурс” дегені болатын. Соған үлгеруміз керек еді.

Қазақ “басқа салды, біз көндік” демей ме?! Енді қалған 49 бен 50-орындарға 18,5 балл жинаған 6 абитуриент үміткер екенбіз. Ол деканатта емес, ректоратта “зачисление” деп аталатын жиында шешіледі екен. Күттік.

Межелі күні Масаншы көшесі мен ол кездегі Киров көшесінің қиылысындағы оқу корпусында “зачисление” басталды. Жиналған балл арқылы соңғы орындарға таласатындар топырлап сыртта тұрмыз.

Алфавитпен биофак шақырылды. Одан геофакқа талапкерлердің тағдыры шешілді. Міне, “журфак, қазақ бөлімі ішке кірсін!”

Жүрегіміз үлпілдеген алтауымызды есік жақтағы қатқыл орындықтарға отырғызды. Төр жақ доға тәріздес екен. Қазақ университетінің қаймағы. Профессорлар құрамы тегіс. Декандардың төрт көзі түгел. Біздің құжаттарымыз журфакқа еш қатысы жоқ алты адамға беріліпті. Сол кісілер тағы алфавит бойынша папкадағы қағаздарды оқи бастады. Мінездеме, газетке шыққан мақалалар саны, емтихандағы бағалар… Бір кезде біздің құжат оқылды. “Еңбек кітапшасының көшірмесі бар. 1974-1976 жылдары Семей облысы Ақсуат ауданы “Ленин жолы” совхозында қой бағыпты”.

Осы кезде төрдің ең ортасындағы қараторы, иықты, кеуделі, қара бұйра шашын артқа қайырған кісі алғаш сөйледі. Біздің деканға бұрылып:

-Темірбек Қожакеұлы, бұл абитуриент неге конкурссыз қабылданбаған?- деп сұрады.

Орнынан тұрған біздің декан:

-Өмірбек Арсланұлы. Еңбек стажын санағанбыз. Екі жылға екі айы жетпеді,- деді.

-Олай болмайды, абитуриентті босқа қинағансыздар, - деп тұжырды төрдегі кісі.

Содан кейін алтауымызға қарады:

-Қайсың Олжаевсың?

-Мен!- деп атып тұрдық.

-Сіз қабылдандыңыз, құттықтаймын! - деді төрдегі кісі.

Негізі біз медаль жасасақ, сол кісі — Өмірбек Арсланұлы Жолдасбеков лайық еді!

Қайнар Олжай

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2949
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2062