Бейсенбі, 21 Мамыр 2026
Даңқ 186 0 пікір 21 Мамыр, 2026 сағат 13:13

Алтын орда мұрагері - ақордалы Қазақ мемлекеті!

Суреттер: naryntany.kz, sputnik.kz, baq.kz сайттарынан алынды.

Алтын Ордадан - Ақ Ордаға дейін:

Алмас қылыштан – Ақыл-ой жетістігіне!

Алтын Ордаға жаңаша көзқарастағы Тоқаевтың тарихи тамыры терең трактаты – ғылыми және геосаяси әлемге жасалған месседж.

ҰЛЫҚ ҰЛЫС - АЛТЫН ОРДА АТЫ АСҚАҚТАЙ БЕРЕДІ

Әлемдегі жер көлемі жағынан ең үлкен, қуаты жағынан ең күшті және ең ұзақ жасаған алып империя Алтын Орданың нағыз мұрагері – Ақ Ордалы Қазақ Елі!

Бұл туралы кеше Алтын Ордаға арналған ірі халықаралық симпозиумда

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз - Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз!» деп мәлімдеді.

– Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті, Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған.

Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді.

Жошы ұрпақтары Хань немесе Габсбург династиялары секілді ғасырлар бойы, яғни, 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді.

Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді.

Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты.

Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы тұрды.

Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз. - деді мемлекет басшысы.

Ұлы Даладағы асқар Алтайдан аттанып, батыста Дунайдан атын суарған Қазақ халқы әлемді билеген қаһарлы қағанның құрметіне ұлдарына Шыңғыс деп ат қойып, Алтын Орданың атасы, Қазақ хандарының бабасы - Жошы хан кесенесіне зиярат етіп, алыптар жайлы аңыздар мен күйлерді тыңдап өскен алып ел.

Әлем тарихында орны орасан, Еуразияның қуатты да, алып империясы Ұлы Даланың Ұлық Ұлысы - Алтын Орданың атын асқақтатуды Қазақ Елі тарихында тұңғыш рет осыдан 7 жыл бұрын, 2019 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тізгінін қолына ала салып көтерді.

Бұған дейінгі отыз жылда Алтын Орданың да, Алаш Орданың да атын билік аузына алмайтын...

2024 жылы Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық жатқан Атыраудағы Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алатын, 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етіп, ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құрып, жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған ең қуатты мемлекет Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толуы тойланатыны ел рухын көтеруде.

Біз де бұл бағалы бастаманы жалғастырып, 2019 жылы 6 қыркүйекте Президент жанындағы Ұлттық Кеңестің бірінші отырысында, Алтын Ордамен қатар Алтын Орданың атасы Жошы ханның Ұлық Ұлыс тағына отыруының 800 жылдығын атап өтуге жалғасуы керектігі жайлы ұсыныс жасаған едік. Осы баяндамамызда қазақ тарихын қайта жазу керектігін де қозғадық. Құдайға шүкір, Қазақ тарихының 7 томдығы жазылуда. Оның бір томы Жошы ханға, Ұлық ұлыс пен Алтын Ордаға арналған.

Біз бұл рухани маңызы зор мәселені парламентте де жалғастырдық. 2024 жылы Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы Олжас Бектеновке Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өту - Алтын Орда атын асқақтатудың рухани маңызы туралы «АЛТЫН ОРДА МҰРАГЕРІ - АҚОРДАЛЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ!“ атты Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жарияладық.

Мемлекет басшысы Жошы ұлысының мерейлі белесін лайықты атап өтіп, елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін толық пайдалану қажеттігіне баса назар аударды.

Иә, еліміздің әлемдік имиджін нығайту үшін Алтын Орда бренді кез келген ел қызығар таптырмас алтын қазына.

Қазақ жерінде жатқан Ұлық ұлыстың негізін қалаған ұлы хан Жошыға да, алып империяның астаналары болған Ұлытау мен Сарайшыққа да әлем назарын аударар кезең басталды.

Мемлекет басшысының бастамасымен Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты құрылды.

1. Осындай әлем тарихындағы салмағы орасан саңлақ тұлғалар мен маңызы зор тарихи қалалар өзге бір елдің еншісінде болса, не болар еді... Шағын ғана Моңғолия Шыңғыс хан арқылы дүние жүзіне дүбірін танытып жатыр... Біз де Шыңғыс ханның алып ескерткішінен кем емес кемел ескерткіш кешенін тұрғызармыз. Ол кешенде Жошы ханның да, әкесі Шыңғыс ханның да, ұлы Бату ханның да, шешесі, Шыңғыс ханның ең жақын кеңесшісі бола білген, төрткүл дүниені билеген төрт ұлын туған қазақ қызы Бөрте ананың да ескерткіші тұруы керек. Ұлыстың ұлы билеушілерінің, батырлардың, билердің, ақындардың, асылдардың мүсіндерін қою керек.

Алтын Ордаға арналған мұндай алып мемориалдық кешен тұрғызып жатсақ, ұлт рухы дүр сілкінер дүбірлі дүние болар еді...

2. Жошы ұлысының 800 жылдығын мерекелеу - елдік маңызы ерекше зор рухани серпіліс болуы тиіс. Алаш рухын көтерер алып империя Алтын Ордамыздың тарихын күнделікті нәр берер рухани айналымға қосу үшін мемлекеттік ұлттық саясат керек. Алтын Ордадан Алаш Ордаға дейінгі отаншылдық өр рух Азаттық алғанымызға отыз жылдан асса да, әлі жолға қойылмаған Ұлттық идеологиямыздың алтын өзегіне айналуы тиіс!

Алтын Орданың атасы Жошы хан құрған Ұлық Ұлыстың 800 жылдық тойына мемлекет болуына "осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы негіз болған, кезінде Алтын Ордаға салық төлеген бірқатар Еуразия мемлекеттері” басшыларын шақыру керек. Сонда "Қазақ елі болмаған" деп жүргендердің тарихи сауатын ашар тағылымды сабақ болар еді...

Алтын Орда империясы жаһанды алмас қылышпен жауласа, мұрагері - Қазақ Мемлекеті әлемді ақыл-ойымен, білім-ғылымымен, әдебиеті мен өнерімен жаулауы тиіс!

2024 жылы парламентте жасаған депутаттық сауалымыздағы нақты ұсыныстарымызды еске сала кетейік:

1. Алтын Орда тарихы, Жошы ханның ерекше тұлғасы туралы деректі және көркем фильмдер, сериалдар мен анимациялық туындылар түсіру керек.

2. Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіштері Жошы хан кесенесі, Сарайшық қалашығы және «Қызыл оба» қорымын туристтік орталықтарға айналдыру керек. Туристік инфрақұрылымды заман талабына лайықтау қажет.

3. Астанада Алтын Орда дәуірінің ұлы мұрасын айшықтайтын асқақтаған алып монумент тұрғызу керек.

4. Әдебиетіміз бен мәдениетімізде, бейнелеу өнерінде де Жошы хан мен Алтын Орда тарихы Тәуелсіз елдің ұстанымымен бейнеленуі керек.

5. Мектеп пен жоғары оқу орындарында Алтын Орда дәуірі бүгінгі күн талабымен оқылуы тиіс.

Парламентте көтерген бұл маңызы зор Жошы Ұлысы - Алтын Орда мәселесі туралы депутаттық сауалымызға Үкімет басшысы О.Бектенов жауап беріп, үкіметтің атқарып жатқан және атқаратын маңызды шараларын атап көрсетті.

Олардың барлығы орындалып келеді. Деректі фильмдер түсіріліп, шығармалар жазылды.

Енді міне, мемлекет басшысы бастаған Ұлық Ұлысты ұлықтау ісі әлем ғалымдары арнайы ат арытып келген зор халықаралық симпозиумға ұласты.

2026 жылы 19 мамырда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында “Алтын Орда - дала өркениетінің үлгісі ретінде: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік” атты халықаралық симпозиум екі күн дүрілдеп өтті.

Әлемнің 20-дан аса елінің ғалымдары бас қосқан халықаралық үлкен симпозиумда Алтын Орданың мұрагері - Ақ Ордалы Қазақ мемлекетінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың әлем тарихындағы ерекше маңызы туралы тереңнен тартып, толғамды сөз сөйледі.

ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы, ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар, ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры, қазір “La Franse sengage” қорының президенті,

Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Қойшиев, Татарстан Респубикасы мәдениет министрі Ирада Аюпова, Моңғолия Ғылым академиясы президенті Содносамбуу Дэмбэрэл, Өзбекстан Ғылым академиясы президенті Шавкат Аюповтар баяндама жасады.

Келелі жиынды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізді.

ТОҚЕТЕРІН АЙТҚАН ТОҚАЕВ - БІЗ АЛТЫН ОРДАНЫҢ ТІКЕЛЕЙ МҰРАГЕРІМІЗ!

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алтын Ордаға арналған халықаралық симпозиумдағы сөзі — жай тарихи баяндама емес, Қазақстанның жаңа заман талабына сай идеологиялық, ғылыми және геосаяси бағытын көрсеткен маңызы зор саяси-өркениеттік мәлімдеме болды.

Ешкім ешнәрсе деп дау айта алмайтындай терең тамыр, темірдей дәлелдермен шегелеп, сүбелі сөзбен суреттеген, бағалы баяндама. Алтын Орда туралы трактаттың алтын қазығы - «БІЗ АЛТЫН ОРДАНЫҢ ТІКЕЛЕЙ МҰРАГЕРІМІЗ!»

1. Рухани-қоғамдық маңызы - Ұлттық тарихи сананы күшейту

Тоқаев Алтын Орданы «қуатты алып империя», «Еуразия өркениетіне ықпал еткен мемлекет», қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығының бір бөлігі ретінде нақты бейнелеп берді.

Бұл мыңжылдық заман келбетіне бүгінгі күн биігінен бедерлі бейнелеудің рухани қоғамдық-саяси әсері зор:

а) Қазақ тарихын «көшпенді ғана» деген тар түсініктен шығару

Алтын Орда империясы тек қуаты зор әскери құрылым ғана емес,:

  • дипломатиясы,
  • саудасы,
  • дала поштасы,
  • құқықтық жүйесі,
  • мәдени ықпалы бар өркениеттік мемлекет ретінде көрсетілді.

Бұл: «қазақтарда мемлекет болмаған», «көшпенділер артта қалған» деген ескі отарлық стереотиптерді күйретіп түсірген күшті идеологиялық маңызы зор жауап болды.

ә) Ұлттық мақтаныш пен бірегейлікті күшейту

Алтын Орданы қазақ тарихының құрамдас бөлігі ретінде ресми деңгейде мойындау:

  • отансүйгіштік рух пен тарихи қызығушылықты арттырады;
  • ұлттық бірегейлікті күшейтеді;
  • мемлекеттілік тарихын тереңдетеді.

Бұл әсіресе Тәуелсіздік идеологиясы үшін өте маңызды.Тоқаевтың сөзі мемлекеттік деңгейде тарихи жадтың маңызын, ұлттық тамырдың құндылығын, мәдени сабақтастықтың қажеттігін қайта бекітті.

2. Ғылыми ортадағы маңызы

Тарих ғылымына жаңа мемлекеттік импульс берді

Симпозиумға түркологтар, археологтар, моңғолтанушылар сияқты әлемнің 20-дан астам елінен мамандар қатысты.

Бұл бірнеше ғылыми бағытты күшейтеді:

а) Алтын Орда тақырыбын ресми мемлекеттік қолдау

Қазақстанда ұзақ уақыт Алтын Орда, Жошы Ұлысы, түркі-монғол кезеңі жеткілікті деңгейде зерттелмеді.

Президенттің арнайы сөз сөйлеуі бұл Алтын Орда, Жошы Ұлысы тақырыбының енді стратегиялық ғылыми бағытқа айналғанын көрсетеді.

ә) Ескі кеңестік тарихи модель, тар шеңберден шығу

Кеңес дәуірінде Алтын Орда көбіне: «моңғол-татар езгісі», «басқыншылық жүйе» ретінде ғана түсіндірілді.

Тоқаев болса әлем тарихындағы күрделі, көпқырлы, өркениеттік құбылыс ретінде қарау керектігін көрсетіп берді.

Бұл — тарихнамалық парадигманың өзгеруі.

б) Археология мен дерекнаманың дамуына серпін

Мұндай мәлімдемеден кейін Жошы хан кешені, Сарайшық, Ұлытау, Алтын Орда қалалары сияқты бағыттарға баса назар аударылады:, халықаралық жобалар, гранттар, экспедициялар, цифрлық архивтер көбірек бөлінуі ықтимал.

3. Халықаралық маңызы

а) Қазақстанның тарихи-өркениеттік брендін күшейту

Тоқаев Тәуелсіз Қазақ Елін:

  • тек посткеңестік мемлекет емес,
  • Ұлы дала өркениетінің мұрагері

ретінде көрсетуді әлем ғалымдары мен зиялылары бас қосқан биік мінберден бастап берді.

Бұл халықаралық имидж үшін аса маңызды. Яғни Қазақстанды Шығыс пен Батысты жалғаған, Еуразиялық кеңістіктің тарихи орталығы ретінде қабылдау керек.

ә) Түркі әлеміндегі идеологиялық ықпалы

Алтын Орда қазақ, татар, башқұрт, ноғай, қырым татарлары, өзбек, қырғыз сияқты халықтардың ортақ тарихи кеңістігі ретіндегі рөлі айқын көрінеді.

Сондықтан бұл сөз Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы мәдени-интеллектуалдық интеграцияны да күшейтеді.

б) Ресейлік тарихи дискурсқа жанама жауап берілді

Ресей тарихнамасында Алтын Орда мәселесі өте сезімтал. Себебі Ресейдің мемлекеттілігі де белгілі дәрежеде Алтын Орда дәуірімен байланысты. Сондықтан, Тоқаев бекграунды әлемдік деңгейде бекемделген кәнігі кәсіби дипломат ретінде агрессивті риторика қолданбай, бірақ Алтын Орда мен Ұлы дала тарихының бөлінбес сүйектестік рухы мен ерекше рөлін нақты атап өтіп, Қазақ мемлекетінің өз тарихи субъектілігін көрсетіп берді.

Бұны Тоқаев өз сөзінде келтірген «жұмсақ тарихи дипломатияның» жарқын көрінісі деуге болады.

в) Геосаяси мағына

Қазіргі әлемде тарих жай ғылым емес, «soft power» (жұмсақ күш) құралы.

Тоқаевтың сөзінің тоқетері:

  • Қазақстанның өркениеттік субъект екенін,
  • өз тарихи нарративін өзі қалыптастыратынын,
  • ұлттық тарихты халықаралық деңгейге шығаруға дайын екенін көрсетті.

Яғни, Тоқаевтың сөзі үш деңгейде маңызды болды:

  • Қоғамда Ұлттық тарихи сананы күшейтті.
  • Ғылымда Ұлық Ұлыс - Алтын Орда тақырыбы зерттеулеріне жаңа импульс берді.
  • Халықаралық аренада Қазақстанның өркениеттік және геосаяси позициясын нығайтты.

Ең маңыздысы — Алтын Орда тақырыбы енді:

  • тек академиялық мәселе емес,
  • мемлекеттік идеология,
  • ұлттық бірегейлік,
  • халықаралық мәдени дипломатия деңгейіне көтерілді.
  • Алтын Ордаға жаңаша көзқарастағы тарихи тамыры терең трактат – саяси және ғылыми әлемге жасалаған месседж.

Ақ Орда иесінің Алтын Орда туралы қиядан сермеп, қиюын тапқан қисыны тура толғауын тыңдап отырып, «Кетбұқадай билерден кеңес сұрар күн қайда» деп, «Ақсақ құланды» аңыратуға домбыраны қолға алғың келіп кетеді екен...

Кесенесі Ұлы Даланың Ұлытауында жатқан, Қазақ хандарының бабасы, Алтын Орданың атасы - Жошы хан тұлғасы асқақтай береді!

Ұлы Даланың Ұлық ұлысы, Алтын Орда мұрагері Ақ Ордалы Қазақ мемлекетінің көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!

АСТАНА ДЕКЛАРАЦИЯСЫНЫҢ АЙТАРЫ АЙҚЫН

Тәуелсіз Қазақ Елінде Алтын Ордадан Ақ Ордаға дейінгі сабақтастық сақталып келе жатыр.

Бұған Алтын Орда мұрасына арналған Астанадағы халықаралық симпозиумға қатысушылардың айқын көзі жетті. Бұл ірі ғылыми шара Қазақстанның тарихи ғылымды дамытуға және елдің өркениеттік мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған стратегиялық бағытын айқындайды. Бүгінде Қазақ Елі Жошы Ұлысының тарихын зерттейтін жетекші халықаралық орталықтардың біріне айналып, Алтын Орданың әлем тарихындағы рөлін жан-жақты зерделеу үшін отандық және шетелдік ғалымдарды біріктіріп отыр.

Халықаралық симпозиум жұмысына 20-дан астам елден 300-ден аса жетекші ғалымдар, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың және мәдени қауымдастықтардың өкілдері қатысуда. Бағдарлама аясында ЮНЕСКО өкілдерінің, саяси қайраткерлердің және академиялық орта өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс пен жеті тақырыптық секцияның жұмысы ұйымдастырылған.

Симпозиумға қатысушылар Алтын Орда мұрасына арналған тақырыптық көрмеде Ұлық Ұлыс тарихына қатысты археологиялық, жазба және мәдени жәдігерлер қойылған экспозицияны аралап көрді.

Негізгі назар Жошы Ұлысының саяси, экономикалық, мәдени және рухани мұрасына, сондай-ақ оның қазіргі Еуразияның дамуына ықпалына аударылды.

70 археологиялық және сәулеттік ескерткішті қамтитын интерактивті карта, соның ішінде 17 нысанға кеңейтілген сипаттама, әуеден түсірілген фотосуреттер мен 3D-визуализация көрсетілді.

Көрмедегі негізгі жәдігерлердің бірі – дәуір билеушілері мен тарихи тұлғалар туралы генеалогиялық мәліметтерді қамтитын «Хандар шежіресі» атты қолжазба.

Сонымен қатар Каталон атласы, жазба деректер, теңгелер және тұрмыстық бұйымдар бар. Жазба мұралар арасында 3 жарлық, 4 дипломатиялық хат пен 21 қолжазба түпнұсқа және электронды форматта ұсынылған.

Көрменің мақсаты – Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын жан-жақты насихаттау және оның ғылыми зерттеу аясын кеңейту.

Алтын Орда мұрасын зерделеу бойынша жүйелі жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Алтын Орда мұрасының тарихи сананы нығайту мен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы ерекше маңызын бірнеше рет атап өткен. Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының құрылуы отандық тарих ғылымын институционалдық дамытудағы маңызды қадамға айналды.

Алтын Орда мұрасы – Қазақстанның тарихи бірегейлігінің маңызды бөлігі.

Алтын Орда Қазақ хандығының тарихи негізін қалаған және қазақ халқының қалыптасуында шешуші рөл атқарған мемлекет ретінде Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Дәл осы кезеңде түркі-мұсылман өркениеттік кеңістігі қалыптасып, мемлекеттілік, сауда, мәдениет және дипломатия қарқынды дамыды.

Мемлекет басшысы тарихи жадыны сақтаудың және ұлттық тарихты терең зерделеудің маңызын бірнеше рет атап өтті. Алтын Орданың рәміздері мен дәстүрлері қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінде де көрініс табуда.

Президент резиденциясының «Ақ Орда» атауы тарихи тұрғыдан Жошы Ұлысы билеушілерінің ордасымен байланысты болса, ұлттық валюта – «теңге» атауы Алтын Орда дәуіріндегі ақша айналымынан бастау алады. Бұл туралы симпозиумда сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев:

– Көптеген беделді ғалымдардың пікірінше, қазір Алтын Орданың ақша жүйесінде мән-маңызы айрықша жаңалықтар ашылып жатыр. Археологтар осы кезге дейін беймәлім болып келген ондаған тиын сарайын тапты.

Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 миллион күміс тиын соғылған.

Қазіргі таңда мемлекеттік және жеке қордағы сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны бір миллионға жетеді.

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады. «Деньги» сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін.

Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел.» - деп айтты.

Халықаралық симпозиум – ғылыми және гуманитарлық диалог алаңына айналды.

Маңызды бағыттардың бірі – Алтын Орда дәуірінің ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бастамасын ілгерілету. Бұл қатарда Жошы хан кесенесі, Сарайшық, Сығанақ, Сауран және Жанкент секілді бірегей тарихи нысандар бар.

Симпозиумның маңызды нәтижелерінің бірі – Алтын Орда мұрасы жөніндегі Астана декларациясының қабылдануы болды. Құжат тарихи жадыны сақтауға, мәдениетаралық диалогты нығайтуға және Орталық Еуразия халықтарының ортақ мұрасын ілгерілетуге бағытталған.

Астана декларациясы – халықаралық өзара іс-қимылдың негізі

Симпозиум қорытындысы бойынша қатысушылар Алтын Орда мұрасы Еуразия халықтарының тарихи және мәдени дамуының ажырамас бөлігі екенін растады.

Қазақстан Жошы Ұлысы мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы жетекші халықаралық орталықтардың бірегейі ретінде танылды.

2026 жылы Алтын Орда тарихымен байланысты үш маңызды дата атап өтіледі:

  • «Ақсақ құлан» күйінің 800 жылдығы;
  • Бату ханның Алтын Орда тағына отырғанына 800 жыл;
  • Жошы Ұлысы билеушілерінің резиденциясы – Ақ Орданың 800 жылдығы.

АЛТЫН ОРДАНЫҢ МҰРАГЕРІ - АҚОРДАЛЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ МӘҢГІЛІК ЕЛ РЕТІНДЕ ЖАСАЙ БЕРСІН!

Қазыбек Иса, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2996
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2098