Жұма, 22 Мамыр 2026
Жаңалықтар 121 0 пікір 22 Мамыр, 2026 сағат 13:27

Боқаев ісі: Шағым қанағаттандырылмады...

Сурет: ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Алматы соты Боқаевтың қамау мерзіміне қатысты шағымды қарады. Істе алаяқтық, жалған ақпарат тарату және өзге де күдік бар.

Алматы қалалық соты Санжар Боқаевтың ісі бойынша қорғаушылардың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы адвокат Радмир Утепов әлеуметтік желіде жариялаған видеоүндеуінде мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, сот Боқаевты қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы тергеу сотының қаулысын күшінде қалдырған.

– 2026 жылғы 21 мамырда Алматы қалалық соты біздің апелляциялық шағымымызды қанағаттандырудан бас тартты. Сот қорғауымыздағы Боқаев Санжар Омарұлына қатысты қамау мерзімін ұзарту жөніндегі тергеу сотының қаулысын өзгеріссіз қалдырды, – деді Радмир Утепов.

Санжар Боқаев 2026 жылғы 18 наурызда Алматыда қылмыстық іс аясында ұсталған болатын.

Тергеу мәліметінше, ол қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Боқаев әлеуметтік желілерде қоғамдық саябақ аумақтарындағы ағаштардың заңсыз кесілуі және құрылыс нысандарындағы ұрлықтар туралы бейнематериалдар жариялаған.

Сондай-ақ құқық қорғау органдарының болжамынша, ол бұл әрекеттерді ұйымдастырып, қаржыландыруы мүмкін. Тергеу мәліметінде адамдарды ақша ұсынып тартқаны да айтылған.

Бұдан бөлек, Боқаев аса ірі көлемде алаяқтық жасау және қаржы жымқыру ісі бойынша да күдікті ретінде қарастырылып отыр.

2 сәуір күні Сенаттағы брифингте Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов Боқаевтың қаржы жымқыру және ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру фактілері бойынша күдікке ілінгенін хабарлаған еді.

– Ол ірі көлемде алаяқтық арқылы ақша жымқырды және ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырды деген күдікке ілінді, – деген болатын Өтегенов.

Оның сөзінше, болжамды құқықбұзушылықтар Боқаевтың ұлттық компанияда жұмыс істеген кезеңінде жасалуы мүмкін.

Санжар Боқаев –  қоғам белсендісі, экономист және блогер ретінде танымал. Ол әлеуметтік желілерде қоғамдық-саяси және экономикалық тақырыптарды, сондай-ақ қала инфрақұрылымы мен экология мәселелерін жиі көтеріп жүрген.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3044
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2149