Бейсенбі, 28 Мамыр 2026
Жаңалықтар 142 0 пікір 28 Мамыр, 2026 сағат 14:29

Қазақ музыкасының рухын жаңғыртқан кеш

Сурет: Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясынан алынды.

Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында еліміздің белгілі виолончелисі Муса Керімбаев қазақстандық композиторлардың шығармашылығына арналған ерекше концерт өткізді. Бұл кеш ұлттық музыка өнерінің тереңдігін сезіндірген, рухани әсері мол мәдени оқиғаға айналды.

Муса Керімбаев – «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, Жамбыл атындағы филармонияның солисі, Ахмет Жұбанов атындағы республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы түлегі. Ол халықаралық және республикалық деңгейдегі көптеген беделді байқаулардың лауреаты атанып, қазақ музыка өнерін әлем сахналарында танытып жүрген өнерпаздардың бірі.

Өнер иесі әр жылдары Валерий Гергиев, Пласидо Доминго секілді әлемге әйгілі музыканттармен бір сахнада өнер көрсеткен. Бұл оның кәсіби деңгейінің жоғары екенін айқын аңғартады.

Концерт бағдарламасына қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармалар енгізілді. Кеш барысында Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский шығармалары орындалды. Сонымен қатар Абай Құнанбаев, Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы, Ақан Сері мұралары да көрерменге ұсынылды.

Кештің ерекше тұстарының бірі – виолончельге арналған авторлық өңдеулер болды. Әсіресе Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Естайдың «Құсни-Қорлан», Қуат Шілдебаевтың «Қаракемер» және «Отан Ана» шығармалары тыңдарман көңілінен шықты. Қазақы әуеннің виолончель үнімен үндесуі шығармалардың жаңа қырын ашып, ұлттық музыкаға өзгеше тыныс бергендей әсер қалдырды.

Бұл концертке қатысқан көрермендердің бірі Диана Бакбергенова кештен үлкен рухани әсер алғанын айтады. Оның пікірінше, бүгінгі қоғам қазақстандық композиторлардың мұрасын толық танып-біліп отырған жоқ.

«Біз өз композиторларымызды терең тани бермейміз. Бірақ олар бізге өте бай рухани әрі мәдени мұра қалдырды. Сондықтан классикалық музыканы, халық әндерін және композиторлардың шығармаларын кеңінен насихаттау қажет», – дейді ол.

Шынында да, бүгінде қазақ классикалық музыкасының алыптары – Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев секілді тұлғалардың шығармалары кең аудиторияға толық жетіп отырған жоқ. Ал бұл мұра тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де дәріптелуге лайық.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер, стриминг платформалар және түрлі медиа алаңдар ұлттық музыканы насихаттауға зор мүмкіндік береді. Осындай концерттер арқылы жастардың классикалық музыкаға қызығушылығы артып, ұлттық өнерге деген құрметі күшейе түседі.

Технология, автоматтандыру және жасанды интеллект қарқынды дамыған заманда адам жанына рухани тыныштық пен эстетикалық талғам ауадай қажет. Мамандардың айтуынша, классикалық музыка адам миының жұмысын жақсартып, ойлау қабілеті мен эмоционалдық тепе-теңдікке оң әсер етеді.

Муса Керімбаевтың бұл концерті тек музыкалық кеш қана емес, қазақ мәдениетінің тереңдігін сезіндірген рухани кездесу болды. Осындай кештер ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдеп, мәдени мұраны болашақ ұрпаққа жеткізудің маңызды жолына айналары сөзсіз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3282
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2381