Қазаққа Нобель сыйлығы бұйыра ма?!
Соңғы уақытта қоғамымызда әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы туралы әңгіме жиілей түсті. Әсіресе, қазақ қаламгерлерінің бұл беделді марапатқа қол жеткізу мүмкіндігі қандай, Нобель сыйлығы қандай еңбегі үшін беріледі, жеңімпаз қалай анықталады, оны тағайындауда саяси астар бар ма деген сауалдар көптің көкейінде жүр.
Осы және өзге де мәселелерге байланысты редакция белгілі жазушы, публицист, Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллинмен арнайы сұхбаттасқан еді.
– Бигелді Қайырдосұлы, әңгімені ең қарапайым сұрақтан бастасақ. Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы дегеніміз не?
– Бір қарағанда, бұл өте қарапайым сұрақ сияқты көрінеді. Бірақ оның астарында талай мән жатыр. Нобель сыйлығы – әлем әдебиетіндегі ең беделді марапат. Ол 1901 жылдан бері табысталып келеді. Осы уақыт ішінде әдебиет бойынша сыйлық 115 рет берілді. Тек Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ғана Нобель комитеті сыйлықты тапсырмау жөнінде шешім қабылдаған.
Сондай-ақ 2018 жылы Швеция академиясында орын алған сексуалдық жанжалға байланысты бұл сыйлық мүлде берілмеді. Сондықтан Академия 2018 және 2019 жылдардың лауреаттарын бір мезгілде жариялауға мәжбүр болды.
Бүгінге дейін әлемнің 120 қаламгері осы ең жоғары әдеби марапатқа ие болды. Алайда оның тарихында түрлі тосын жағдайлар да кездескен. Мәселен, француз философы әрі жазушысы Жан-Поль Сартр Нобель сыйлығынан өз еркімен бас тартты. Өйткені ол өмір бойы қандай да бір ресми марапаттарды қабылдамаған адам болатын. Ал Борис Пастернак кеңестік биліктің қысымымен бұл сыйлықтан бас тартуға мәжбүр болды.
– Бұл марапат нақты қандай жетістік үшін беріледі?
– Бұл – өте маңызды мәселе. Көпшілік біле бермейді: әдебиеттегі Нобель сыйлығы өзге әдеби марапаттар сияқты белгілі бір кітап үшін емес, жазушының әлем әдебиетіне қосқан тұтас шығармашылық үлесі үшін беріледі.
Мысалы, орыс тілінде жазатын әйгілі беларусь жазушысы Светлана Алексиевич Нобель сыйлығын «заманымыздың қайғысы мен қайсарлығына қойылған көпдауысты ескерткіш іспетті шығармашылығы үшін» алды. Байқасаңыз, мұнда автордың жеке шығармасынан гөрі оның бүкіл әдеби мұрасы бағаланған.
Әрине, бұдан тыс ерекшеліктер де болған. Тоғыз жазушы Нобель сыйлығын нақты бір шығармасы үшін иеленді. Олардың қатарында Михаил Шолохов – «Тынық Дон», Эрнест Хемингуэй – «Шал мен теңіз», Джон Голсуорси – «Форсайттар туралы дастан», Томас Манн – «Будденброктар», Кнут Гамсун – «Жер нәрі» романдары үшін марапатталған.
– Ендеше заңды сұрақ туады: Нобель сыйлығына кімдер ұсыныла алады?
– Кез келген прозашы, ақын немесе драматург. Бірақ екі негізгі талап бар. Біріншіден, ешкім өзін-өзі Нобель сыйлығына ұсына алмайды. Екіншіден, 1974 жылдан бері бұл марапат қайтыс болған адамға берілмейді.
Нобель сыйлығына кандидаттарды арнайы шақырылған білікті мамандар ұсынады. Мұндай құқыққа Швеция академиясының мүшелері, өзге елдердің академиялары мен жоғары оқу орындарының өкілдері, бұрынғы Нобель лауреаттары, сондай-ақ ұлттық ПЕН клубтары мен жазушылар ұйымдары ие.
Жыл сайын Нобель комитетіне әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген ұсыныс келіп түседі.
– Жеңімпаз қалай анықталады? Осы үдеріс қалай жүреді?
– Нобель сыйлығының лауреатын Швеция академиясының өмір бойына сайланатын 18 мүшесі анықтайды. Ал үміткерлердің шығармаларын саралап, Академияға ұсыныс жасайтын жұмыс органы – әдетте төрт-бес адамнан тұратын Әдебиет жөніндегі Нобель комитеті.
Лауреатты іріктеу – өте күрделі әрі бір жылға жуық уақытқа созылатын көпсатылы үдеріс.
Жыл сайын қыркүйек айында Нобель комитеті әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына үміткер ұсыну құқығына ие адамдар мен ұйымдарға арнайы шақыру хаттарын жолдайды. Олар келесі жылдың 31 қаңтарына дейін өз ұсыныстарын жіберуі тиіс.
Сәуір айына қарай комитет ұсынылған есімдердің ішінен 15–20 қаламгерді іріктеп, алдын ала тізім жасайды. Бір айдан кейін олардың арасынан төрт-бес жазушыдан тұратын қысқа тізім – шорт-парақ қалыптастырылады.
Маусымнан тамызға дейін Швеция академиясының барлық 18 мүшесі осы үміткерлердің шығармаларымен мұқият танысады. Қыркүйекте олар қайта бас қосып, қысқа тізімге енген әрбір қаламгердің әдеби мұрасын жан-жақты талқылайды. Ал қазан айында соңғы шешім қабылданады. Жеңіске жету үшін үміткерге Академия мүшелерінің жай көпшілік дауысы жеткілікті.
– Көпшіліктің көкейінде жүрген бір сауалды қойғым келеді. Әдебиет саласындағы ең жоғары марапат – Нобель сыйлығы соңғы жылдары бұрынғы беделінен айырылып бара жатқан жоқ па? Оның шешімдерінен белгілі бір саяси астар байқалмай ма?
– Бұл пікірмен белгілі дәрежеде келісемін. Шынында да, жұртшылық Нобель сыйлығынан адамзат руханиятындағы айтулы оқиғаны немесе оқырманның жан дүниесін сілкінтіп, әдебиетте жаңа құбылыс қалыптастыратын шығарманы күтеді. Ал соңғы жылдары осы үміттің үдесінен шыға алмай жүргендей әсер қалдырады.
Ең алдымен, бір нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Нобель сыйлығы әдебиеттегі ең биік көркемдік жетістік үшін ғана берілмейді. Ол шығарманың таза эстетикалық деңгейіне ғана қарап тағайындалмайды. Сол сияқты саяси радикализм немесе күнделікті қоғамдық дау-дамай үшін де берілмейді.
Бұл мәселені жақсы білетін мамандардың айтуынша, Нобель комитеті ең алдымен гуманистік құндылықтарға ерекше мән береді. Бірақ «гуманизм» деген ұғымның өзі өте кең, оның нақты өлшемі жоқ. Сол сияқты шығарманың көркемдік құнын да метрмен немесе таразымен өлшей алмайсыз. Бұл – әрдайым күрделі әрі белгілі бір дәрежеде субъективті ұғым.
Сондықтан Швеция академиясының мүшелері шешім қабылдағанда көптеген факторларды қатар ескереді. Гендерлік тепе-теңдік, әртүрлі тілдер мен мәдениеттердің қамтылуы, құрлықтар арасындағы теңгерім, шығармалардың әлем тілдеріне аударылу деңгейі, халықаралық баспасөздегі танымалдығы, бұған дейін алған халықаралық әдеби марапаттары, автордың әлемдік мәдени кеңістіктегі беделі, қазіргі заманғы қоғамдық және мәдени үрдістерге қатынасы – мұның бәрі белгілі бір дәрежеде назарға алынады.
Нобель сыйлығындағы саяси астар туралы пікірлер әсіресе беларусь жазушысы Светлана Алексиевич лауреат атанғаннан кейін күшейді. Көптеген адамдар оның шығармаларын әдебиет деуге бола ма деген сұрақ қойды. Оның туындыларын біреулер публицистика, біреулер журналистика деп атады, тіпті бұдан да өткір пікірлер айтылды.
Бірақ оның қарсыластары бір маңызды жайтты ескермеді. Нобель комитетінің талаптарында лауреат міндетті түрде көркем проза жазуы тиіс деген шарт жоқ.
Светлана Алексиевичтің шығармалары әлемнің негізгі тілдерінің бәріне дерлік аударылған. Оның мол библиографиясы бар. Ол ұсынған көпдауысты деректі проза – әдеби журналистиканың жаңа белесі. Бұл жағынан оны америкалық жазушы Трумен Капотемен салыстыруға болады.
Ол Нобель сыйлығына дейін-ақ көптеген халықаралық әдеби марапаттардың иегері атанды. «Секонд-хенд дәуірі» кітабы оқырмандар дауыс беруінде үлкен қолдау тапты. Сондықтан оның шығармашылығын тек диссиденттік көзқараспен немесе саяси оппозициялық ұстаныммен ғана түсіндіру дұрыс емес.
Алексиевичтің кітаптары оқырманға өте ауыр әсер қалдыруы мүмкін. Кейде олар тіпті мұңлы, қаралы көрінеді. Бірақ оның сөзінің қуаты ерекше. Ұлы Отан соғысы туралы жазсын, Чернобыль апатын суреттесін немесе Ауған соғысын арқау етсін – бәрібір шығармаларынан адам жанының қасіреті мен қайсарлығы айрықша сезіледі.
Оның шығармашылығындағы көпдауысты баяндау тәсілі – полифониялық проза – ең басты ерекшелігі. Нобель комитетінің дәл осы анықтаманы қолдануы да кездейсоқ емес. Бұл – оның әдеби әлемінің ең қуатты әрі ең жарқын қыры.
– Осы арада тағы бір сауал туындайды. Ал төрелік айтып отырған адамдар кімдер? Олар кімге Нобель сыйлығын беру керек екенін шешетіндей қаншалықты объективті әрі кәсіби деңгейі жоғары?
– Ең алдымен, ешбір қазылықтан субъективизмді толықтай алып тастау мүмкін емес. Бұған келісетін шығарсыз.
Енді әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының тағдырын шешетін Швеция академиясының мүшелерін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Олар – өмірін тұрақты қоғамдық жүйеде, ғасырлар бойы қалыптасқан еуроцентристік дүниетаным аясында өткізген ғалымдар мен профессорлар. Орташа жасы – елу шамасында. Демек, олардың әлемге, әдебиетке, мәдениетке қатысты көзқарасы да табиғи түрде бізден өзгеше.
Осындай қазылар алқасы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің романдарын, Морис Симашконың шығармаларын, Олжас Сүлейменов пен Ұлықбек Есдәулетовтің поэзиясын толық түсініп, әділ бағалай ала ма? Меніңше, бұл өте күмәнді.
Олар бұрынғы кеңестік кеңістіктегі әдебиетке көбіне коммунистік жүйенің, социалистік реализмнің мұрасы ретінде қарайды. Шын мәнінде, біздің классиктердің шығармаларында коммунистік насихаттың жұрнағы да жоқ деуге болады.
Осыны Дулат Исабековтің, Төлен Әбдіктің, Мұхтар Мағауиннің, Бексұлтан Нұржекеевтің, Иранбек Оразбаевтың, Смағұл Елубайдың шығармалары туралы да айтуға болады.
Егер әдебиеттің көркемдік қуаты тұрғысынан салыстыратын болсақ, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы тоталитарлық кеңестік жүйе мен отаршылдықтың адам тағдырында қалдырған жарасын, қазіргі адамның посттравмалық күйзелісін бейнелеуі жағынан Нобель сыйлығының лауреаттары Александр Солженицын мен Светлана Алексиевичтің шығармаларынан еш кем түспейді.
– Жарайды, қазылар алқасының субъективтілігі туралы әңгімені қоя тұрайық. Бірақ осындай қуатты әдебиетіміз, дарынды жазушыларымыз бола тұра, неге біз әлі күнге дейін Нобель сыйлығына қол жеткізе алмай келеміз?
– Оның себебі көп.
Ең бастысы – біздің қаламгерлерді әлем тым аз біледі. Ал әлемге танылудың бірден-бір жолы – сапалы көркем аударма. Бұл – жеке жазушының емес, мемлекеттің деңгейінде шешілуі тиіс стратегиялық міндет.
Мәдениет пен әдебиетті сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде қолдайтын ұлттық идеология қажет. Өкінішке қарай, мәдениет саласында мемлекетшіл тұлғалар бізге жиі бұйыра бермейді. Бізге кезінде халықтың руханиятын қорғаған Жәнібековтердей қайраткерлер керек.
Мәдениетке бөлінетін қаржы аз емес. Бірақ оның едәуір бөлігі нәтижесіз жұмсалып, құмға сіңген судай жоғалып кетеді.
Мен Халықаралық Қазақ ПЕН клубын басқарған жылдары демеушілердің көмегімен қазақ әдебиетінің классиктерін АҚШ пен Ұлыбританияда ағылшын тіліне кәсіби деңгейде аударту ісін қолға алдым. Соның нәтижесінде жиырмадан астам қазақ авторының шығармалары аударылып, АҚШ пен Англияда жарық көрді. Ең бастысы – бұл жұмыстарды өз ісінің нағыз шеберлері атқарды.
– Енді айтыңызшы, осындай бастама мемлекет тарапынан қолдау тапты ма?
– Өкінішке қарай, жоқ.
Мен Мәдениет және туризм министрі Аида Балаеваға ресми хат жолдап, Қазақ ПЕН клубының көркем аударма жобаларын жүйелі түрде мемлекеттік қаржыландыруды сұрадым. Алайда бұл ұсыныс билік тарапынан ешқандай қолдау таппады.
Осындай жағдайда қазақ әдебиетін әлемге қалай танытамыз? Нобель сыйлығына қалай үміткер боламыз?
Екінші мәселе – халықаралық әдеби байланыстар.
Әлемдік әдеби кеңістікке шығу үшін халықаралық жазушылар форумдарын жиі өткізу, шетелдік әріптестермен тұрақты араласу, олардың тәжірибесін үйрену қажет.
Қазақ ПЕН клубы Алматыда үш мәрте халықаралық Жазушылар форумын ұйымдастырды. Бұл жиындар көптеген елдердің әдеби ортасында үлкен қызығушылық туғызды.
Бір мысал келтірейін.
1992 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығы кариб ақыны Дерек Уолкотқа берілді. Сол кезде әлемдік баспасөздің бәрі Иосиф Бродскийдің он жыл бұрын жазған бір пікірін жарыса келтірді. Ол өз эссесінде: «Қазіргі ағылшын тілінде жазатын ақындардың ішіндегі ең мықтысы – Дерек», – деген еді.
Назар аударыңыз: Дерек Уолкот – нәсілі қара нәсілді, Кариб теңізіндегі халқы жүз елу мыңнан сәл ғана асатын Сент-Люсия аралында дүниеге келген ақын.
Міне, Нобель лауреатының сөзі деген осы. Оның пікірі Нобель комитеті үшін айрықша салмаққа ие.
Ал біз Дулат Исабековті Нобель сыйлығына ұсынамыз, бірақ түрік әдебиетінің мақтанышы, Нобель лауреаты Орхан Памукпен байланыс орнатып, қолдау сұраудың өзіне қауқарсызбыз. Тілі де, тарихы да, рухани тамыры да бізге ең жақын қаламгердің қолдауын пайдалана алмасақ, Нобель сыйлығын армандаудың өзі қиын емес пе?
Үшіншіден, Нобельге бірден жете алмайсың. Оған дейін жазушы бірнеше беделді халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты болуы керек. Соның ішінде бүгінгі күні беделі жағынан кейде Нобельден де жоғары бағаланатын ағылшынның Booker Prize сыйлығы ерекше мәнге ие.
Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі газеттер мен әдеби журналдармен тығыз байланыс орнатып, қазақ әдебиеті туралы мақалалар мен зерттеулердің тұрақты жарияланып тұруын қамтамасыз ету қажет.
Қысқасы, қазақ жазушыларына Нобель сыйлығы әзірге оңай бұйыра қоймайды. Бұған ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ. Кінә – өзімізде.
Біздің тұйықтығымыз, жергілікті деңгейден аса алмауымыз, өз қабығымыздан шыққымыз келмейтіні – қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби үдеріске толыққанды араласуына әлі де кедергі болып отыр.
– Сіз жаңа ғана «еуроцентризм» деген ұғымды қолдандыңыз. Осыған кеңірек тоқталсаңыз.
– Қалай болғанда да, бүгінгі әлем әдебиетінің басты халықаралық тілі – ағылшын тілі. Егер шығармаңыз осы тілге аударылмаса, әдеби кеңістікте сіздің атыңыздың аталуы өте қиын. Қазіргі әлем әлі де еуроцентристік өлшемдермен өмір сүріп келеді.
Мысалы, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памук – түрік жазушысы болғанымен, оның шығармашылығы еуропалық әдеби дәстүрдің арнасында қалыптасты. Үндістаннан шыққан Салман Рушди де – дүниетанымы мен көркемдік жүйесі жағынан еуропалық мәдени кеңістіктің өкілі.
Жапон текті Нобель лауреаты Кадзуо Исигуро да өз шығармаларын ағылшын тілінде жазады. Ол алты жасынан бері Ұлыбританияда тұрады және ағылшын тілін ана тіліндей меңгерген. Оның ең әйгілі «Күндердің қалдығы» романы әдебиеттанушылар тарапынан ХХ ғасырдағы ең ағылшын рухындағы шығармалардың бірі ретінде бағаланады.
Әлемге танымал тағы бір жапон жазушысы Харуки Мураками да ағылшын тілді ортаға өте сәтті бейімделді. Ұзақ жылдар бойы Ұлыбритания мен АҚШ-та өмір сүрді. Кейбір шығармаларын ағылшын тілінде жазды.
Ол жыл сайын дерлік Нобель сыйлығының басты үміткерлерінің қатарында аталады, букмекерлік болжамдарда үнемі алдыңғы орындардан көрінеді. Алайда Кадзуо Исигуро Нобель алғаннан кейін Муракамидің жолы белгілі бір дәрежеде жабылды деуге болады. Өйткені Швеция академиясының жазылмаған қағидаларына сәйкес, бір елдің немесе бір әдеби кеңістіктің өкілдеріне сыйлықты жиі бере бермейді. Сондықтан Муракамидің жақын арадағы жиырма-жиырма бес жылда бұл марапатқа қол жеткізу мүмкіндігі өте төмен.
– Енді әңгімені Швеция академиясындағы атышулы сексуалдық жанжалға бұрсақ. Көпшілік оның жай-жапсарын біле бермейді…
– Иә, 2018 жылы Швеция академиясы бұрын-соңды болмаған шешім қабылдап, әдебиет бойынша Нобель сыйлығын мүлде тапсырмай қойды. Бұған Академия мүшелерінің бірі, ақын Катарина Фростенсонның жұбайы, фотограф Жан-Клод Арноның төңірегінде туындаған үлкен жанжал себеп болды.
2017 жылдың қараша айында он сегіз әйел Арноны сексуалдық қысым көрсетті деп айыптады. Олардың айтуынша, мұндай оқиғалардың кейбірі тіпті Швеция академиясына тиесілі ғимараттарда болған. Ал Арно өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарды.
Осыдан кейін Академия Катарина Фростенсонды ұйым құрамынан шығару мәселесін қарады. Сонымен қатар тағы бір күрделі мәселе анықталды: Академияның кейбір мүшелері бірнеше жыл бойы болашақ Нобель лауреаттарының есімдерін құпия сақтау талабын бұзғаны белгілі болды.
Осының бәрі ақыры үлкен дағдарысқа ұласты. Бірқатар беделді академиктер қызметінен кетті. Солардың қатарында Швеция академиясының тұрақты хатшысы Сара Даниус та болды.
Әрине, мұндай оқиғалар Нобель сыйлығының беделіне айтарлықтай нұқсан келтірді.
Айтпақшы, Нобель сыйлығының ережесіне сәйкес, үміткерлердің кім болғаны, оларды кім ұсынғаны немесе лауреатты іріктеу қалай жүргені туралы мәліметтер қатаң құпия сақталады. Бұл ақпаратты тек елу жылдан кейін ғана жариялауға рұқсат беріледі.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
– Сіздерге де рақмет!
Сұқбат жүргізген Жәнібек Сулеев
Abai.kz