Сенбі, 20 Маусым 2026
317 0 пікір 19 Маусым, 2026 сағат 19:35

Balkhash Tour Fest-2026: таңғалдырар жаңалықтар және тосынсыйлар

Жазғы маусымның басты оқиғасы – Balkhash Tour Fest-2026 фестиваліне қатысу үшін Балқашқа мыңдаған қонақ келді. Екі күнге созылатын фестиваль барысында қатысушыларды спорттық жарыстар, концерттер, гастрономиялық рекордтар және бүкіл отбасыға арналған сан алуан ойын-сауық бағдарламалары күтеді. Биыл ұйымдастырушылар ерекше жаңалық дайындаған: алғаш рет Балқаш аспанын жүздеген жарқыраған дрон жарықтандырып, көл айдынының үстінде әсерлі шоу көрсетеді.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Белсенді демалысты ұнататындар үшін ондаған алаң мен жарыс ұйымдастырылған.

Ең қызықты сайыстардың бірі – алып дженга ойыны. Қатысушылар көл жағасында ең биік мұнара тұрғызу бойынша бақ сынайды.

Сондай-ақ бағдарламада жарқын түстерге толы ярко-кросс, мас-рестлинг, Сергей Цырульниковтың интерактивті күш шоуы, ашық суда жаппай жүзу жарысы, жағажай волейболы және басқа да көптеген шаралар бар.

Ұйымдастырушылар заманауи технологияларды да назардан тыс қалдырмаған. Фестиваль аумағында жасанды интеллекттің интерактивті аймағы жұмыс істейді. Мұнда қонақтар робот-қақпашымен ойнап, өз мүмкіндіктерін сынай алады.

Гастрономиялық тосынсыйлар да аз болмайды. Фестиваль аясында ең үлкен қазыбургер дайындап, Қазақстан рекордын орнатуға тырысады.

Бұдан бөлек, фестиваль аумағында фудкорттар, қолөнершілер жәрмеңкесі, ашық аспан астындағы кинотеатр, отбасылық демалыс аймақтары, шығармашылық алаңдар мен көбік кештері ұйымдастырылады. Сахнада қазақстандық танымал өнерпаздар Miras Zhugunussov, AYAU, Bellucci, Domino, Нұрлан мен Мұрат және Qazaq Band өнер көрсетеді.

Балалар үшін аниматорлар мен танымал «Маша мен Аю» мультфильмінің кейіпкерлері қатысатын арнайы бағдарлама әзірленген.

Балқаш тұрғындары мен қала қонақтарының қолайлығы үшін фестиваль күндері Жастар гүлзарынан Tour Fest аумағына дейін тегін автобус бағыттары ұйымдастырылды. Автобустар сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін қатынайды

Abai.kz

0 пікір