Сейсенбі, 23 Маусым 2026
Жаңалықтар 200 0 пікір 23 Маусым, 2026 сағат 12:04

Алматы облысында конкурдан чемпионат өтеді

Сурет: kazequestrian.kz сайтынан алынды.

27 маусым күні Алматы облысында ат спортының олимпиадалық түрі – конкурдан чемпионат өтеді.

Талғар ауданындағы Almaty Horse & Polo Club ат спорты кешенінде ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің әр өңірінен 50-ден астам спортшы қатысады. Шабандоздар түрлі деңгейдегі кедергілерден өтіп, өздерінің шеберлігі мен ептілігін сынайды.

Чемпионат бағдарламасында балалар, жасөспірімдер, әуесқой және тәжірибелі спортшылар бақ сынайды. Қатысушылар жылдамдық пен кәсіби дайындықты ғана емес, ат пен шабандоз арасындағы үйлесімділікті де көрсетеді.

Конкур – Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген ат спортының беделді түрі. Бұл сайыста жеңіске жету үшін шабандоз бен тұлпардың өзара сенімі мен түсіністігі ерекше маңызға ие.

Жарыстың басталуы – сағат 10:00-де. Ұйымдастырушылар тұрғындар мен өңір қонақтарын жарысқа келіп, спортшыларға қолдау көрсетуге шақырады.

Өтетін орны: Almaty Horse & Polo Club ат спорты кешені, Алматы облысы Талғар ауданы Рысқұлов ауылы.

Abai.kz

0 пікір