Әлемдік спорттың орталығына айналған Қазақстан
Еліміз 2026-2027 жылдары жеті әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алды
Биыл еліміз күрес түрлерінен әлем чемпионатын қабылдаса, 2027 жылы олимпиадалық спорт түрлері бойынша үстел теннисі, дзюдо, бокс, таеквондо, сондай-ақ киберспорт пен шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары ұйымдастырылады.
Елімізде ірі халықаралық спорт жарыстарын өткізу – Мемлекет басшысының спортты дамыту, елдің халықаралық беделін нығайту және Қазақстанды өңірдегі жетекші спорт орталықтарының біріне айналдыру жөніндегі тапсырмаларын жүйелі іске асырудың нәтижесі.
2027 жылы әлем чемпионаттарының барлығы Астана қаласында ұйымдастырылады. Атап айтқанда, шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 28-31 қаңтар аралығында, бокстан әлем чемпионаты 10-26 сәуірде, үстел теннисінен әлем чемпионаты 22-30 мамырда, дзюдодан әлем чемпионаты 7-14 маусымда, ал таеквондодан әлем чемпионаты 7-13 шілде күндері өтеді. Киберспорттан әлем чемпионатының нақты мерзімі кейінірек жарияланады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еліміз екі жыл ішінде жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл – Қазақстанның спорт инфрақұрылымы мен ұйымдастырушы әлеуетінің жоғары деңгейде екенін айғақтайтын маңызды жетістік. Сонымен қатар бұл әлемдік спорт қауымдастығы алдындағы зор жауапкершілікті де білдіреді.
Әлем чемпионаттарына дүниежүзінің ең үздік спортшылары қатысады деп жоспарланған. Мұндай дүбірлі додалар отандық спорттың дамуына тың серпін беріп, саламатты өмір салтын кеңінен насихаттауға және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар ауқымды халықаралық жарыстар оқиғалық туризмнің дамуына, қонақүй бизнесінің жандануына, қызмет көрсету саласы мен инфрақұрылымның дамуына оң әсерін тигізіп, Қазақстанның халықаралық имиджін одан әрі нығайтады.
Осындай деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізу – спорт инфрақұрылымын жүйелі дамыту, жарыстарды ұйымдастыру сапасын арттыру және халықаралық спорт федерацияларымен ынтымақтастықты нығайту бағытында жүргізілген кешенді жұмыстың нәтижесі.
Бүгінде Қазақстан әлемдік деңгейдегі ең ірі спорт жарыстарын халықаралық стандарттарға сай ұйымдастыра алатын мемлекеттердің қатарына сенімді түрде енгенін атап өткен жөн.
Abai.kz