Сенбі, 11 Шілде 2026
Абай.tv 1318 0 пікір 8 Шілде, 2026 сағат 13:46

Демографиялық қауіпсіздік – мемлекетттік дамудың іргетасы

Сурет: eurasia.travel сайтынан алынды.

Әлемдегі демографиялық дағдарыс

Қазіргі заманда әлемнің көптеген елдері демографиялық дағдарыстарға тап бола бастады. Ол әртүрлі бағытта өрбіп жатыр. Еуропа мемлекеттері, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония,  Қытай сияқты дамыған елдерде туу көрсеткіші тарихи ең төменгі деңгейге түсіп, халықтың қартаю үдерісі жеделдеп келеді. Осы қатарға қазір Ресей мемлекетін де қоюға болады. Сонымен бірге, соғыс жүріп жатқан Украинада депопуляция қарқыны жоғары – бұл заңды құбылыс.

Орталық Азия елдеріндегі демографиялық жағдайға шолу

Бұрынғы КСРО елдерінен демографиялық өсімде жоғарғы қарқынды ұстап отырғандардың көш басында Өзбекстан мен Тәжікстан, Түркіменстан тұр. Егер, 1990 жылы Өзбекстан халқының саны 20,46 млн адам болса, 2026 жылы Өзбекстан халқының саны БҰҰ дерегі бойынша  37,72 млн адамды құрады. Бұл 184% өсімді білдіреді!

Ал, өзге Орталық Азия елдері ‑ соның ішінде Қазақстан да бар – демографиялық тұрақтылықты сақтап отырған елдер қатарында:

  • Қазақстан – 1991 жылы 16,4 млн адам болса, 2026 жылы – 20,5 млн адам (125%);
  • Қырғызстан ‑ 1990 жылы 4,45 млн адам, 2026 жылы 7,40 млн. (166%)
  • Тәжікстан – 1990 ж. 5,1 млн, 2026 жыл – 10,98 млн. (215%);
  • Түркіменстан – 1990 ж. ‑ 3,62 млн., 2026 ж. – 7,77 млн (214%).
  • Әзербайжан – 1990 ж. ‑ 7,23, 2026 ж. ‑ 10,45 (144%)

Енді осы деректердің мәніне үңілгенде, мынадай заңдылықтарды табамыз:

1. Халықтың өсімі отбасылық деңгейде қалыптасатын отбасылық құндылықтарға байланысты. Бұл жағынан алғанда, көрші Өзбекстан мемлекеті өзінің ұлттық дәстүрін мығым ұстаған ел деп айтуға болады. Осы қатарға Түркіменстанды, одан кейін, соңғы кезде Ұлттық дәстүрін күшейтуге бет алған Тәжікстанды жатқызамыз. Қазақстан мен Қырғызстанда жағдай бұдан өзгерек – бұл екі елде өркениеттену қарқыны, яғни, отбасылық құндылықтардың жалпыөркениет талаптарына сәйкестігі жоғары. Сондықтан, бұл екі елдегі табиғи өсім өзгелерге қарағанда төмен болып тұр;

2. Қазақстан мен Қырғызстан – гендерлік саясаттағы әлемдік тәжірибені өз заңнамасына алып келген елдер. Осы жағынан, бұл елдерде отбасы санын реттеу дәстүрге емес, мәдени‑әлеуметтік‑еріктілік негізде жүзеге асады. Ал, заманға сай біршама дамыған медицина бұған мүмкіндік береді.

3. Ортаазиялық елдердің демографиясына діни факторлар да өз ықпалын тигізіп отыр. Өзбекстан осы жағынан өзгелерден «ертерек қимылдап», жат діни ағымдарға алғашқы болып соққы берген еді. Сондықтан, онда әрбір әйелге қатысты алғанда бала туу коэфиценті өте жоғары. Сөйтіп, олар демография өсімін тұрақты отбасы деңгейінде ұстап отыр. Ал, ол көрсеткіш, керісінше, «көпбалалы отбасы» құндылығын қалыптастыра алмаған елдерде төмен.

4. Жасырып неғылайық, Қазақстанда «көп әйел алуды заңдастыру» идеясы кейде парламенттік деңгейде көтерілгені рас – бұл «бала туу санын арттырады‑мыс» деген жалған иллюзияға негізделген діни идея еді. Нәтижесінде, ол моноотбасылық құндылықтарға қатты соққы бере бастады ‑ қазақ халқында ежелден қалыптасқан «қыз бала», «келін», «абысындар», «от анасы», «ана» ұғымдарының мазмұнын жоюға көшті. Бұл – қазақы дүниетанымға ғана емес, елімізде қабылданған гендерлік саясатқа, балалар құқын қорғау, жалпы, алам құқығы саясатына қарсы ұстаным десек болады.

Міне, біздегі демографиялық жағдайдың төмен болуына осы  «моноотбасылық құндылықтарды» қорғамау, «оған кереғар идеяларға тосқауыл қоймау» әрекеттері әсер етуде десек – қателеспейміз.

Жағдайды шұғыл түземесе болмайды!

Қазіргі жағдайда мемлекет бұл олқылықтарды шұғыл түзеу қажеттігін сезінді. Оған дәлел ретінде Жастар туралы саясат қайта қаралды. Елімізде приоритет болып ғылым‑білім құндылығы жария етілді. Жас отбасыларға деген қомқорлық ‑ мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігіне айналуда.

Аналар туралы жаңа ережелер заңға енгізілді, енді олардың бала тәрбиесіндегі уақытын жалпы еңбек өтіліне енгізілу қарастырылды.

Отбасыдағы зорлық‑зомбылық та қатаң мемлекет бақылауына алынды.

Шет ел тәжірибесі бізге сабақ бола алады.

Жоғарыда демографиялық шолу тізіміне біз Әзербайжанды да енгіздік. Неге десеңіз, Әзербайжан да ислам дінін ұстанатын ел. Бірақ, ондағы өсім Қазақстаннан жоғары, Қырғыстаннан төмен. Неге? Себебі әртүрлі, бірақ, мұнда біз «еуропалық өркениеттену» нышанын байқаймыз.

Ал, «еуропалық өркениеттену» – өзінің дамуы барысында ортағасырлық «отбасылық құндылықтан» қазіргі заманғы «жеке адам құқы» деп аталатын индивидуализмге ұшырағаны белгілі. Сөйтіп, Еуропада «отбасы құру» идеологиясы түбірімен өзгеріп кетті. Ол жерде «бала мен ұрпақ құндылығы» екінші қатарға түсті. Жастардың отызға дейін сүрбойдақ жүруі қалыпты құбылысқа айналды. Сөйтіп, онда отбасының репродуктивтік, яғни, өмірге жаңа ұрпақты әкелу функциясы әлсіреді...

Міне, осындай «өркениеттік белгі» Әзербайжанның да, Қазақстанның да демографиясына бірдей әсер етіп отырғанын жасырмаймыз...

Қазақтың төл тәрбиесі демографияны құтақарушы құрал 

Ежелден Қазақ дүниетанымы, отбасылық құндылықтары «ұрпақты жалғастыру», «өсіп‑өну», «үбірлі‑шүбірлі болу», «шаңырақтың тірегі болатын ұлдар, өрісті кеңейтетін қыздар» дегендей философиялық мағынадағы идиомаларға сүйеніп тіршілікті жалғастырып отырды.

Біздің халқымыз осы тәрбиенің арқасында небір зар‑замандарда есін жиып, халқының санын қалпына келтіріп отырды. Соның арқасында ғана Ел мен Жер тұтастығын сақтай алдық. Мәселен, соның ең соңғы көрінісі – өткен ғаырдың екінші жартысында, соғыстан кейін орын алған «бала туу көрсеткіші». Ол өте жоғары қарқында болды ‑ әрбір шаңырақ көп балалы отбасыларға айналып жатты. Нәтижесінде, қазақ халқы соғыс кезінде жоғалып алған өсім қарқынын тез қалпына келтірді.

Ол кезде, халық арасында «көп әйел алу» идеясының өзі заңмен қудаланатын. Ендеше, ол кезде қазақ халқы тек өзінің төл ұлттық дәстүріне сүйенді, ол – қазақ халқының отбасы құндылықтары еді.

Қазіргі заманда жастарды қалай демографиялық өсімге бағыттай аламыз?

Егер, біз осы жағдайды стихийялық түрде бетімен жіберсек, онда жақын болашақта өте қатты «демографиялық соққы» алуымыз мүмкін. Ресейдің қазірдің өзінде жанайқайы шығып жатыр – біз де сол күйді кешіуіміз мүмкін...

Олай болса, біздің ел ҚР Академиясы жанынан Демографияны зерттейтін арнайы ғылыми бөлім ашып, оның жұмысын толық қаржыландырып отыруы тиіс.  Ол ғылыми топ бүкіл әлемдік тәжірибені зерттей отырып, халықтың санын көбейтудің «қазақстандық жолын» табуы тиіс.

 Ол мәселеде:

  • Ұлттық құндылықтар маңызы;
  • Өркениеттік кедергілер;
  • Демографияның экономикалық шешімі;
  • Отбасы құндылықтар жүйесінің қазақстандық моделі;
  • «Отанды сүю», «Отанға жауапкершілік», «Отанға қызмет», «Отанға құрмет» сияқты асыл қаситеттерді Отбасылық құндылықтармен біріктіру және т.т. күрделі мәселелер үнемі қарастырылып, ол мемлекеттің демографиялық саясатына үздіксіз корректировкалар енгізіп отыруы тиіс.

Соған сай, мемлекет те өзінің ішкі және сыртқы даму векторларын демографиямен байланыстырып, осыдан өрбитін экономикамен (әлеуметтік көмек), экологиямен (таза табиғат), денсаулықпен (медицина), азық‑түлік қауіпсіздігімен (сапасымен), адами капиталды дамытумен (толық адам) тығыз айналысатын болады.

Ал, осының бәрін қоғамдық қатынас жүйесінде өзгеден оқ бойы озық тұратын және оның қазақы адамгершілікпен ұштасуы – осындай саясаттың табиғи жалғасы ретінде көрініс табатын болады. 

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист

Abai.kz

0 пікір