Дипломатия және... демократия
НЕГЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУДА ЕКЕУІ ҚАТАР ЖҮРУІ КЕРЕК?
Сөз жоқ, Жаңа Қазақстан билігін ең жек көретін адамның өзі Ақорданың басқа саласын сынаса да, сыртқы саясатына тіл тигізе алмайды.
Меніңше, оның төрт себебі бар.
Біріншіден, о баста президент Назарбаев жариялаған көпвекторлы дипломатия, шынын айту керек, өзінің өміршеңдігін ескі Қазақстан тұсында да, Жаңа Қазақстан тұсында да дәлелдеп келеді.
Екіншіден, география, дәлірек айтсақ, геосаясат жағынан әлемдік оқиғалар мен тенденциялардың Гордий түйінінде орналасқан Қазақстан кез келген билік кезінде басқа елдердің, соның ішінде, дүниежүзілік державалар мен ең беделді деген халықаралық ұйымдардың қызығушылығын туғыза бермек, еліміздің олармен ынтымақтасу жолы әрқашан да ашық болады.
Үшіншіден, және де бұл себеп екінші жайттың жалғасы болса керек, Қазақстан әлемдік саясаттың екі анықтаушы күші саналатын Қытай мен Ресеймен көрші орналасқан. Бұл фактордың баршаға аян өз плюстері де, минустері де бар.
Төртіншіден, Қазақстанның қазіргі президенті – кәсіби дипломат, сол себепті дипломатия саласы өз деңгейінде дамып келеді, өйткені оны тікелей жүзеге асырушы, төменгі жақтан келетін кез келген дүдәмал ұсыныстарды түзеп, жахандану мен ұлттық мүдде қарама-қайшылыққа кеп қалса, тиісті шешім қабылдайтын да сол президент.
Әрине, көпвекторлықтың да өз ерекшеліктері болады. Қазақстан да солай.
Мәселен, не десеңіз де, қанша жеке көзқарасыңыз болса да, Қытай мен Ресей секілді екі көрші алпауытпен тіл табысуға мәжбүрміз. Кейбір ура-патриоттар соны түсіне алмай келеді. Әрине, тіл табысу – мәмілеге келу деген сөз, алайда түпкілікті ұлттық мүдделерді аяққа басу деген емес болса керек.
Не десеңіз де, бүгінгі Қазақстан алуан-түрлі, соның ішінде бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосыла алмайтын, бір-бірімен жанжалдасып, соғысып жатқан елдермен, саяси блоктармен дәм-тұзы жарасқан. Тоқаев Си Цзиньпинмен де, Трамппен де, Урсула фон дер Ляйнмен де, Ердоғанмен де, Зеленскиймен де, Путинмен де жақсы. Осының өзі бір ғанибет емес пе?
Ендігі жерде, ашық айтатын бір түйткіл бар.
Жаңа Конституция қабылданды. Елдің болашағын анықтайтын жаңа трендтер төрге озды.
Алайда, президент о баста жариялаған «еститін мемлекет», «әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидаттары толыққанды, толықмәнді жүзеге асып жатыр ма?
Және де Әділетті Қазақстан тұсында, мәселен, сот жүйесі шын мәнінде әділетті бола қалды ма?!
Сыртқы саясаттың аса маңызды бір саласы – Қазақстан экономикасына шетел инвестициясын тарту екені баршаға аян.
Өзім кездесіп, пікір алысып жүрген шетел дипломаттары мен бизнесмендері әңгіме барысында қоятын үш басты сұрағы бар. Олар: «Қазақстанның бүгіні мен ертеңі тұрақты бола ма, Қаңтар секілді трагедиялар қайталанбай ма? Біз инвестиция салып, ертеңгі күні бір шенеуніктермен келіспей қалсақ, ашық та әділетті сотта өз құқымызды қорғай ала аламыз ба? Және де елде демократия, сөз бостандығы бар ма?» деген биліктегі кейбіреуге аса жаға қоймайтын сауалдар қояды.
Иә, елге шетел инвестициясы керек-ақ. Президенттің де алыс-жақын елдерге сапар шегіп, сол жақтан ел экономикасына қаржы тарту жолында еңбек етіп жүргені бар. Алайда бәрі тек сауда-саттық, өзара пайда критерийлерімен шектелмейді, экономикалық тұрақтылықпен қатар жоғарыда келтірілген сауалдарда аталған демократиялық үрдістер, қоғамның ашықтығы, инвестор құқының өркениетті түрде қоргалуы да өте-мөте маңызды.
Ол үшін толыққанды, толықмәнді демократия керек. Демократия секілді кең де терең де құбылыс бір партияның ішіндегі ырду-дырдуды жапатармағай талқылау емес, ол, парламенттік сайлауды айтсақ, партиялар тұғырнамалары мен ұстанымдарының өркениетті бәсекесі. Өкінішке орай, бізде ол үрдіс әлі де қалыптаса қоймаған.
Сыртқы саясатты түзеп алған сияқтымыз.
Енді ішкі саясатты да шетел инвесторларынан ұят болмайтындай, демократия талаптарына, президенттің жоғарыда айтқан қағилдаттарына сай реттеп алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Әміржан Қосан
Abai.kz