Зерделі ұлт тәрбиелеу – үлкен міндет!
Бүгін кітап туралы сөз айту – тек оқу мәдениеті жайындағы әңгіме емес. Бұл – ұлт болашағын қалай қалыптастыратынымыз туралы мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасы қоғам алдына үлкен міндет қойып отыр. Баспагер ретінде бұл бастаманы ерекше ықыласпен қабылдадық. Өйткені зерделі ұлт туралы сөз қозғағанда, оқырманның қолына қандай кітап ұсынып жүргенімізге де назар аударуымыз қажет.
Ұзақ жылдар бойы мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін шығарып жүрген баспа болғандықтан, алдымен осы салаға шолу жасап кетейін.
Келесі жылы Arman-PV баспасына 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде бірнеше буынға арналған оқулықтар мен балалар әдебиеттерін шығардық. Бүгінде сол оқушы-оқырмандардың кейбірі енді өз балаларына біздің кітаптарды ұсынып жүр. Бұл бізге үлкен сенім мен зор жауапкершілікті жүктейді.
Биыл Arman-PV баспасында 3-сыныпқа арналған жаңа оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер әзірленді. Ширек ғасырға жуық тәжірибе бізге бір ақиқатты көрсетті: қазіргі оқушыға жай ғана оқулық емес, оның қызығушылығын оятатын және өздігінен ойлануына, талдау жасауға мүмкіндік беретін мазмұн керек. Биыл әзірленген 3-сынып оқулықтарына да осы талаппен жаңаша қарадық. Қазақ және орыс тілдерінде білім алатын балаларға арналған Қазақ тілі, Математика, Дүниетану, Познание мира пәндерінің жаңа оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінде оқушының жас ерекшелігі мен танымдық мүмкіндігі де әлбетте ескерілді.

Сурет: Arman-PV баспасынан алынды.
Жаңа технология және сенімді мазмұн
Жасанды интеллект бүгінде оқырманның ғана емес, баспа ісінің де бір бөлігіне айналып келеді.
Осыдан жиырма жыл бұрынғы баланың ақпарат алатын ортасы мен бүгінгі оқушының мүмкіндігін салыстыру қиын. Қазіргі баланың алдында мыңдаған бейне, ойын, қосымшалар мен цифрлық платформа бар. Ол бір сұрақтың жауабын санаулы секундта таба алады. Сондықтан бүгінгі баспа жұмысына қойылатын талап та өзгерді.
Біздің биылғы жаңалығымыздың бірі – «Математика» смарт-оқулығы. Ол – дәстүрлі оқулық пен заманауи цифрлық технологияларды біріктіретін жаңа буын оқулығы. Оқушы электрондық нұсқаға өту үшін бөлек платформаға жазылудың керегі жоқ, осы оқулықтың ішіндегі QR-код арқылы өтіп, интерактивті тапсырмаларды орындай алады. Мұнда бейнесабақтар, интерактивті тапсырмалар, жасанды интеллект негізіндегі көмекші, автоматты кері байланыс және оқушының жеке оқу жетістігін бақылау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл оқушының пәнге қызығушылығын арттырып, математикалық, логикалық ойлауын дамытуға ықпал етеді. Әр жаңа сабақтағы ережелер видео арқылы түсіндіріледі. Бұл тәсіл баланың ережені қайталауына, түсінбей қалған жайттарды тәптіштеп, анықтап алуына өте тиімді.
Бүгінде баспаның цифрлық бағыты Ekitap.kz платформасында жалғасып отыр. Сегіз жылдан бері жұмыс істейтін платформада электрондық оқулықтар, интерактивті тапсырмалар және қосымша оқу материалдары жинақталған. Arman AI сұрақ-жауап құралы да оқу мазмұнымен сабақтастырыла дамып келеді.
Қазіргі ақпарат кеңістігінде бала бір сауалға бірнеше жауап табады. Бірақ олардың қайсысы ғылыми тұрғыдан дұрыс? Қай мәлімет оның жасына сай? Қай дерекке сенуге болады? Автордың, редактордың және баспагердің кәсіби еңбегі дәл осы тұста бұрынғыдан да маңызды.
Технология өзгереді, оқу форматы жаңарады. Бірақ дерекке жауапкершілікпен қарау, тілге құрмет және мазмұн сапасына қойылатын талап өзгермеуге тиіс.
Тоғыз жастағы бала үнемі сұрақ қоюға бейім. Ол есептің жауабын тауып қана қоймай, оның қалай шыққанын түсінгісі келеді. Мәтінді оқып, кейіпкердің әрекетіне пікір білдіреді. Өзімен салыстырады. Қоршаған ортадағы құбылыстардың себебін іздейді. Сол себепті жаңа оқулықтардағы тапсырмалар баланың байқауына, салыстыруына, ой қорытуына және алған білімін күнделікті өмірде қолдануына бағытталды. Оқулық мазмұнында біліммен қатар тәрбие де табиғи көрініс тапты.
Құндылық баланың өмірінен басталады
Мемлекет басшысы кейінгі жылдары «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттарына ерекше мән беріп келеді. Кітап оқу мәдениеті, азаматтық жауапкершілік, тарихи жады мен ұлттық мұраға ұқыпты қарау мәселелері де мемлекеттік деңгейде көтеріліп отыр. Бұл құндылықтар білім мазмұнына жасанды түрде қосылмай, баланың күнделікті өмірімен сабақтасуы қажет.
Үшінші сынып оқушысына адалдықтың күрделі ғылыми анықтамасы керек емес. Ол адалдықты нақты әрекет арқылы таниды: берген уәдесінде тұру, шын сөйлеу, өзгенің еңбегін құрметтеу, тауып алған затты иесіне қайтару. «Таза Қазақстан» туралы экологиялық түсінік те күнделікті дағдыдан қалыптасады. Өз кітабын ұқыпты ұстау, қоқыс тастамау, сыныбына, мектеп ауласына және табиғатқа жанашырлықпен қарау – үлкен мәдениеттің алғашқы белгілері.
«Заң мен тәртіп» қағидаты да балаға түсінікті әрекеттерден басталады: ортақ ережені сақтау, кезек күту, өзгенің құқығын құрметтеу, жасаған ісінің салдарын түсіну. Жаңа оқулықтарымыз бен оқу-әдістемелік кешендерімізде бұл мазмұн оқушының жасына жақын мәтіндер мен жағдаяттық тапсырмалар арқылы берілді. Бала оқиды, ойланады, болған жағдайға баға береді, өз пікірін білдіреді. Құндылық осындай сәттерде оның өмірлік тәжірибесімен ұштасады. Осы құндылықты бойына сіңіре отырып, құрдастарына да таратып отырады.
Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған қосымша мазмұндық сараптама барысында да мемлекеттік басымдықтардың оқу материалдарында көрініс табуына ерекше назар аударылды. Біздің жаңа кешендерімізде бұл бағыттар әзірлеудің бастапқы кезеңінен-ақ ескерілген болатын.
Білім мен тәрбие бір ғана сыныптың немесе бір пәннің аясында қалыптаспайды. Баланың оқыған кітабы, көрген дүниесі, естіген әңгімесі оның танымына біртіндеп із қалдырады. Сондықтан біз оқулықтармен қатар тарихи және танымдық әдебиетке де үлкен мән беріп отырмыз.
Балаға «оқы» деу аз
Кейде «қазіргі бала кітап оқымайды» деген пікір айтылып жатады. Мен бұл тұжырымға өте сақ қараймын. Баспагер ретінде өзімізге басқа сауал қойған дұрыс деп ойлаймын: біз қазіргі бала іздеп жүріп табатын, қызығып оқитын және досына ұсынатын кітапты жеткілікті түрде шығарып жүрміз бе?
Кітап оқу дағдысы отбасынан, мектептен және қоғамнан басталады. Ал баланың қолына оқуға тұрарлық сапалы кітап ұсыну – баспа ісіндегі мамандардың кәсіби міндеті. Ол үшін оқушының жасын, тілдік қорын, қызығушылығын және ақпаратты қабылдау ерекшелігін ескеру қажет.
Тарихты оқырманға жақындату
Майя Бекбаеваның «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» кітабының жарыққа шығуы баспамыз үшін маңызды оқиға болды. Қазақ тарихындағы ірі тұлғаның өмірі мен дәуірін кең тарихи аяда танытқан еңбек тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық кәсіби ортада да жоғары бағаланды. Кітап «Ұлы Жібек жолымен» халықаралық кітап көрмесінде Гран-при иеленсе, ТМД елдерінің «Кітап өнері» халықаралық байқауында Гран-при номинациясының дипломанты атанды. Бұл жетістік қазақ тарихына арналған сапалы танымдық әдебиетке сұраныс бар екенін дәлелдеді.
Тарихымызда оқырманға әлі де кеңінен таныстырылуға тиіс тұлғалар, кезеңдер мен оқиғалар көп-ақ. Кейбірі туралы бала оқулықтан бір-екі абзац қана оқиды. Сол шағын мәлімет оның қызығушылығын оятуы мүмкін. Енді сол қызығушылықты жалғастыратын мазмұнды кітап қажет.
Қазір баспамыздың авторы, белгілі журналист Майя Бекбаевамен бірге Шоқан Уәлиханов туралы жаңа жоба әзірлеп жатырмыз. Шоқанның ғылыми ізденістері, саяхаттары, зерттеушілік мінезі және қысқа ғұмырында қалдырған мол мұрасы бүгінгі жас оқырманға түсінікті әрі тартымды тілмен ұсынылуға тиіс деп санаймыз.
Біз кітаптың форматын тақырыптың табиғатына қарай таңдаймыз. Бір тарихи еңбекке салмақты деректі баяндау жарасса, екінші жобаға көркем шешім қажет болуы мүмкін. Ал балалар кітабында интерактивті тәсіл тиімді. «Алтын Ордадан Ақордаға дейін» атты жаңа жоба да осындай ізденістен туған. Ол pop-up форматында әзірленіп жатыр. Бала кітапты ашқан сәтте тарихи кеңістікті мәтінмен ғана емес, көрнекі бейнелер арқылы да қабылдайды.
Тарихи, әдеби және танымдық бағыттағы кішкентай оқырмандарымызға тосынсый ретінде өзге де жобаларымыз бар. Олардың форматы әртүрлі болғанымен, бәрін біріктіретін ортақ кәсіби ұстаным – балаға сапалы, сенімді және ойлануға жетелейтін мазмұн ұсыну.
Зерделі ұлтқа өз тарихын білетін оқырман керек
Кітап оқу мәдениеті туралы сөз қозғағанда кітаптың санымен ғана шектелмеу керек. Адамның не оқығаны, одан қандай ой түйгені де маңызды. Мәселен, бала Жошы хан туралы кітапты оқып, Алтын Орда тарихына қызықса, Шоқанның өмірімен танысып, зерттеушілікке ынталанса, күй тарихын оқып, ұлттық музыкаға басқа көзбен қарай бастаса, кітап өзінің танымдық міндетін орындады деген сөз.
Біз қазір тарихи жадыны, әдебиет пен мәдениетті жас оқырманға жақындататын бірнеше жоба бойынша жұмыс істеп жатқанымызды жоғарыда тілге тиек еттік. Олардың бәрін бір мақалада тізіп шығу міндет емес. Әр кітаптың өз уақыты және өз оқырманы бар. Алайда баспа ретіндегі бағытымыз айқын: баланың өз тарихын тануына, ана тілінің байлығын сезінуіне және әлемге қызығушылықпен қарауына ықпал ететін әдебиетті көбейту.
Кітап оқитын қоғамға жақсы кітап керек
Президенттің зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасы кітап саласында еңбек ететін әр маманның өз жұмысына қайта үңілуіне себеп болды деп ойлаймын. Оқырманды шығарма оқуға шақырумен қатар, оның қолына қандай кітап беретінімізді де ойлауымыз керек.
Зерделі ұлт кітап оқуға үндеуден ғана қалыптаспайды. Ол сапалы кітаптан, сенімді білімнен және ойлануға жетелейтін мазмұннан бастау алады. Ол ізденуден, сұрақ қоюдан, өзгенің пікірін тыңдап, өз көзқарасын қалыптастырудан өседі. Сондықтан бүгін жарық көрген әрбір жақсы кітап – ертеңгі зерделі ұлтқа қосылған үлес.
Жасанды интеллект мүмкіндіктері
Жасанды интеллект баспа өміріне қарқынды түрде еніп кетті. ЖИ – бізге тек оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеуде ғана көмекші емес. Мәселен, «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» кітабын әзірлеу барысында біз жасанды интеллект мүмкіндіктерін иллюстрациялар жасауда пайдаландық. Ол кезде бұл құралдар кітап өндірісінде кең қолданыла қоймаған еді. Баспамыздың мамандары осылай жаңа технологияны зерттеп, жетілдіре отырып, тарихи мазмұнды көрнекі түрде жеткізудің мүмкіндіктерін тәжірибеде сынап келеді. Ата-баба тарихынан, салт-дәстүрінен сыр шертетін «Көшпенділер ойыны» кітабымызды да жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданған нейросуретші әрлеген болатын. Бұл кітабымыз да ХІІІ «Ұлы Жібек жолымен» халықаралық көрменің «Үздік танымдық басылым» номинациясын иеленді.
Түйін: Қазіргі таңда кітаптың форматы әртүрлі мүмкін. Ол қағаз кітап та, электрондық оқулық та, интерактивті платформа да болуы ықтимал. Бірақ оның басты миссиясы өзгермейді – сенімді білім беру, ойлауға жетелеу және тұлғаны қалыптастыру. Arman-PV өз жұмысын дәл осы қағидатқа сүйеніп жүргізіп келеді. Сондықтан біз үшін зерделі ұлт тәрбиелеу – ұран емес, күнделікті кәсіби жұмысымыздың басты мақсаты.
Президент көтерген зерделі ұлт қалыптастыру бастамасы кітап саласында еңбек етіп жүрген әр маманға үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз үшін әрбір оқулық, әрбір танымдық кітап, әрбір жаңа жоба – болашақ оқырманға салынған инвестиция. Сондықтан Arman-PV алдағы уақытта да сапалы мазмұн, жаңа технология және ұлттық құндылықтарды ұштастыратын кітаптар әзірлеуді жалғастыра береді.
Қымбат Қараева,
Arman-PV баспасы бас директорының орынбасары
Abai.kz