Баланы өзіміз қалаған адамға айналдыра аламыз ба?
Баланың бақыты біз ойлаған өлшемдерден әлдеқайда нәзік әрі терең. Балаға алып берген қымбат киім ескіреді. Сыйлаған ойыншық бір күні қызықсыз болып қалады. Дәмді тағамның дәмі ұмытылады. Тіпті біз жасаған кейбір үлкен мүмкіндіктердің өзі уақыт өте келе қалыпты жағдай ретінде қабылдануы мүмкін. Өйткені материалдық игіліктердің әсері – уақытша қуаныш сыйлаумен тең.
Ал баламен бірге өткізген уақыттың әсері басқа. Мәңгі есте қалатын бақытты сәттерді ешнәрсемен айырбастай алмайсың. Әкенің баласын үнсіз тыңдаған бір кеші, бірге жүрген қысқа жолы, асықпай айтқан ақылы, баласының күлкісіне ортақтасқан сәті оның жадында өмір бойы қалуы мүмкін. Біз үшін әдеттегі бір күн болған сәт баланың санасында тұтас бір бақытты балалық шақтың бейнесіне айналады. Бұдан балаға көп нәрсе беру мен оған өз өміріңді арнау екі бөлек ұғым екенін түсінесің.
Кейде біз балаларымыздың болашағын жасап жүрмін деп, олардың бүгінін өткізіп аламыз. «Сен үшін жұмыс істеп жүрмін» деп ақталамыз. «Сен ешкімнен кем болмасын деп тырысып жүрмін» дейміз. Ниетіміз дұрыс. Алайда балаға біздің еңбегіміздің нәтижесінен бұрын кейде жанында болғанымыз маңызды. Өйткені бала әкесінің қанша ақша тапқанын емес, өзіне қалай қарағанын есте сақтайды. Қанша киім әпергенін емес, көңілі түскенде кімнің жұбатқанын ұмытпайды. Қандай үйде тұрғанынан бұрын, сол үйде өзін қаншалықты қауіпсіз, қадірлі әрі сүйікті сезінгенін жүрегіне сақтайды.
Баланың жан дүниесіне үңілу – оның барлық тілегін орындау деген сөз емес. Оның ойын тыңдау, сезімін жоққа шығармау, арманын күлкі етпеу маңызды іс. Қателескен кезінде тек кінәламай, сол қателіктің себебін түсінуге тырысу, оның бойындағы өзімізге ұқсамайтын қасиеттерді де қабылдай білу – даналықтың белгісі.
Біз кейде баламызды өзіміз қалаған адамға айналдырғымыз келеді. Ал шын мәнінде әкенің үлкен міндетінің бірі баласының кім болғысы келетінін тануына көмектесу емес пе? Бала біздің жүзеге аспай қалған арманымыздың жалғасы емес. Ол өз тағдыры, өз мінезі, өз қабілеті, өз жолы бар жеке әлем. Сол әлемнің есігін күшпен ашуға болмайды. Оған сеніммен ғана кіруге болады. Балаға сапалы көңіл бөлу бір бөлмеде бірге отыру дегенді білдірмесе керек. Балаға сапалы уақыт бөлу дегенді сол сәтте оған толық өзіңді арнау деп ұғамыз. Айтқанын ғана емес, айта алмай жүргенін аңғару деп түсінеміз.
Біз балаларымызға дүние қалдыруды көп ойлаймыз. Бірақ олардың жүрегінде қандай естелік қалдыратынымызды аз ойлайтын сияқтымыз. Ал түптеп келгенде, баланың есінде әкесінің берген дүниесі емес, оның жанында өзін қандай адам сезінгені қалады. Сондықтан балаға берер ең қымбат сыйымыз уақыт бөлу, жүрегіне үңілу болса керек. Сөзіне махаббатпен құлақ асқан, шынайы сырласумен өткен уақыт қана өз нәтижесін береді. Өйткені балалық шақтың бақыты үлкен оқиғалардан құралмайды. Ол әкенің жанында отырып айтылған әңгімелерден, бірге күлген сәттерден, үнсіз түсініскен мезеттерден құралады.
Бірде белгілі қоғам қайраткері, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Нұркен Асанов ағамен сұхбаттасқан сәтте аталған бірлестікті құру идеясы қалай пайда болғанын сұрадық. Оның жауабы бізді таңқалдырды...
«Бұл идея мектепте оқитын қызыммен болған әңгіме барысында келді. Ол маған ерекше ой тастады. «Сенімен болашақ» бірлестігін құру – қызымның жүректі қозғап, ожданды оятқан сәтінен туған миссия. Қызыма: «Әкеңнің қай қасиетін жақсы көресің, бағалайсың?» деген сұрақ қойдым. Ол: «Әке, сенің менімен сөйлескен, сырласқан, уақыт өткізген кездерің – мен үшін ең бақытты сәттерім» деп жауап берді. Қызымның бұл сөзі өзінің қаншама қатарластарының ішкі үнін жеткізгендей болды. Содан мен ояндым! Нәтижесінде «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізі қаланды» деген еді Нұркен Асанов.
Осындай ойдың, идеяның негізінде құрылған «Сенімен болашақ» бірлестігінің мақсаты – қоғамның болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілігін сезіндіру, азаматтық сананы дамыту және елімізде саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу. Бүгінде бірлестіктің 150 мыңнан астам қатысушысы бар. Санаулы жылдар ішінде 20 мыңнан астам игі іс-шараларды жүзеге асырып үлгерді. Аталған бірлестік ашылғаннан бастап 200-ден астам анаға жан жақты көмек көрсетілген. Аймақтағы филиалдары да белсенді қызмет етуде. Бұл – үлкен жауапкершілік әрі жетістік.
Шын мәнінде, қазіргі кезде ата-ана болу ұғымының мазмұны да, жауапкершілік ауқымы да айтарлықтай кеңейді. Ақпарат ағынының күшеюі, цифрлық технологиялардың күнделікті өмірге терең енуі, әлеуметтік желілердің ықпалы және құндылықтар арасындағы қайшылықтар бала тәрбиесіне әсер етуде. Бүгінде баланы материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету немесе сапалы білім беру жеткіліксіз. Оның жан дүниесін түсіну, эмоционалдық қажеттілігін сезіну, ақпаратты саралай білуіне көмектесу, өмірлік бағдарын қалыптастыру ата-ананың маңызды міндетіне айналды.
Осы тұрғыдан алғанда, саналы ата-ана баланың өмірін толық бақылаушы емес, оның тұлғалық қалыптасуына бағыт-бағдар беретін сенімді серігі. Сенімді серігі дегеннен шығады, жуырда ұлым Қызылжардағы Білім инновациялық лицейіне оқуға түскенде арадан көп күн өтпей оқу лагері алдында ата-аналарға арнайы жиналыс өтті. Осы сәтте лицей директоры Дәурен Қалиев ағай мынадай ғибратты оқиғаны әңгімелеп берді. «Баланың ішкі тілегіне құлақ асқан кез келген ата-ана үлкен құрметке лайық. Павлодардағы Білім инновация лицейінде оқитын бір оқушы қыз әкесіне: «Сіз маған керемет мүмкіндіктер жасап беріп келесіз. Ол үшін сізге үлкен рақмет айтамын. Бірақ сізге өтінішім: біздің лицейдегі ата-аналарға арналған іс-шаралардан қалмаңызшы. Спорттық жарыстарға бірге қатысып, сізбен бірге уақыт өткізіп, өзге оқушылар секілді өзімді бақытты сезінейінші» дейді. Қызының бұл сөзіне жүрегі елжіреп кеткен әкесі осыдан кейін Астанадағы жұмыс кестесінің тығыздығына әрі маңыздылығына қарамастан ата-аналарға арналған іс-шараларға белсенді қатысатын болды. Ол – «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Нұркен Асанов есімді ағамыз» деді директор. Расында отбасына үлгі болған кез келген тұлға қоғамға да үлгі болары хақ. Оның сөзі де өтімді, ісі де өтімді. Сол үшін де «Сенімен болашақ» бірлестігіне сенім артып, игі бастамаларын қолдаушылар саны күн сайын артып келеді. Солардың қатарында болғанымызға біз де қуаныштымыз. Бұл бізге үлкен мәртебе сыйлаумен қатар үлкен жауапкершілік жүктейді.
Қазақ қоғамында бала тәрбиесі ешқашан бір ғана отбасының жеке мәселесі ретінде қарастырылмаған. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген тағылымды түсініктің астарында тұтас қоғамдық жауапкершілік жатыр. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, ар-ұят, обал мен сауап, аманат пен жауапкершілік секілді ұғымдар ғасырлар бойы ұлт тәрбиесінің рухани өзегіне айналды. Алайда ұлттық құндылықтарды сақтау өткенді сол қалпында қайталау деген сөз емес. «Сенімен болашақ» бірлестігінің жұмыс бағыттарының ерекшелігі – ата-бабадан жеткен тәрбиелік тәжірибені бүгінгі ғылымның, психология мен педагогиканың жетістіктерімен сабақтастыра білуінде, дәстүр мен заманауи білімді бір-біріне қарсы қоймай, керісінше, баланың үйлесімді дамуына қызмет етуінде.
Жауапты әрі саналы қоғам ең алдымен ата-аналардың көзқарасы мен танымын жаңғыртудан басталады. Мұндай міндетті біз сөз етіп отырған бірлестік абыроймен атқарып келеді. Бала тәрбиесіне қатысты көптеген мәселе ниеттің жоқтығынан емес, қажетті білім мен дұрыс тәсілдің жетіспеуінен туындайды. Ата-ана баласын жақсы көруі мүмкін, алайда сол сүйіспеншілікті дұрыс қарым-қатынас арқылы жеткізе алмауы ықтимал. Кейде шамадан тыс бақылауды қамқорлық, баланың пікірін елемеуді тәртіп, ал үнемі талап қоюды тәрбие деп қабылдаймыз. Сондықтан қоғамның психологиялық-педагогикалық сауатын арттыру – уақыт талабынан туындаған маңызды міндет. Осы мақсатта құрылған «Сенімен болашақ» бірлестігі ата-аналардың өзара қолдауы мен серіктестігін нығайтуды маңызды деп санайды. Өйткені саналы ата-ана жалғыз қалыптаспайды. Ол тәжірибе алмасатын, сұрақтарына жауап іздейтін, мамандармен кеңесетін және өзге ата-аналардың тәжірибесінен үйренетін ортаға мұқтаж. Осындай орта іздесеңіз, «Сенімен болашақ» бірлестігі сізге сенімді серіктес болады.
Ағабек Қонарбайұлы, журналист
Abai.kz