Қостанай: Өзен өткелінен шаһар атауына дейін

Қостанай атауының шығу төркіні туралы мазмұндық тұрғыдан бір-біріне жақын, бірақ кейіпкерлері ауысып отыратын аңыз-әпсаналар желісі және сол деректерден түйінделетін сан-алуан пайым-пікірлер бар.
Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан пікірлер қоржынына біздер қала пайда болған кезеңдегі архивтік мұрағаттарда сақталған деректерді басшылыққа ала отырып, бұрыннан қалыптасқан пікірлерден бөлек, тарихи-лингвистикалық пайымға негізделген оқшау ой, тың тұжырым салған болатынбыз. Оны республикалық бас басылым «Егемен Қазақстан» (Қараңыз: Тамырлас топонимдер: Қостанай – Дөң (Дон) – Дунай) және «Казахстанская правда» (Қараңыз: Откуда берет корни название города Костанай) газеттерінде, сондай-ақ қазақ тілде оқырманға танымал «Abai.kz» (Қараңыз: Түркілік көмбе: Қостанай топонимінің төркіні) интернет порталында жарияланды.
Ойы ұшқыр, көзі қарақты, танымы терең кісілердің тарапынан жариялымдағы оқшау тұжырымдар айрықша қызығушылыққа ие болды. Дегенмен де, бұрынғы сүрлеу-соқпақты қимайтын, өткеннің шындығын ғылыми негізде, зерделі амал-тәсілдер арқылы саралау, сараптау нәтижесінен туатын дәлел-қисын жолымен іздемей, «анау айтты, мынау айтты» деп, болмаса көзге түскенді, ойын балалары жаңа жауған жұмсақ қардан кейін іле-шала аққала тұрғызғандай, ойқы-шойқы жұмбаздап, зейін безбеніне салмай ұсына салу жалпылық көрініс алып кеткені байқалады.
Біздер қисынды тұжырымдардың өзге де жолдары бар екенін тағы да еске сала отырып, бүгінде қала және тұтас өңір атауына айналып отырған Қостанай топонимінің этимологиясын шаһар пайда болған ілкі кездегі тілдік ортада (қазақ, орыс) қолдану кеңістігінің әу бастағы кезеңі бейнеленген нақты жазба деректер мен тіл танымдық зердеге сүйене отырып, кеңірек сөз қозғау қажет деп таныдық.
Алғашқы қармақ-сөз ілгегіне сонау патша заманындағы билік етуші әкімшілік тарапынан болашақ қала орны белгіленген 1879 жылдың жаз-күз айлары мезгіліндегі жазбалары мен сол уақыттан бастап қалаға қажетті жерді алу үшін әкімшіліктің өзара жазған іскерлік хаттары және уезд басшысының Арақарағай болысы №2 ауылымен 1881 жылдың жаз айына дейін жүргізілген келісімсөздері рәсімделген архивтік құжаттардың жем-дерегін ілеміз.
Ресей патшалығының Орынбор әкімшілігі империяның қазақ даласындағы жаңа қоныстарын игеру үшін 1879 жылы Қостанай қаласының іргетасын қалау жұмыстарын қызу қолға алады. Сол жылдың жаз айында губернатор А. Константинович Торғай облысы ашылған кезде Николаевск уезінің болашақтағы орталығы болады деп пирамида тұрпатында арнайы белгі қойылған (1870 жылы) «Ордабай-тоғай»-ды (бұрынғы «Красный партизан» поселкасы, қазіргі Амангелді кенті) өз көзімен көріп, оның географиялық орналасуын һәм отыршылдық тұрмысқа санитарлық-гигениялық тұрғыдан қолайсыздығын байқап, жаңа қоныс орнын іздеу үшін Тобыл өзенінің төменгі ағысымен 18 верст (шақырым) аралығындағы жерді шолып шығады. Сапар қорытындысында ол өзі ныснаға алған жерлерде қазақ ауылдарынан кімдердің қыстаулық жері бар екенін, ол жерден қанша мөлшерде шөп шабылатынын анықтау үшін Николаевск уезі басшысының аға көмекшісі, штабс-ротмистр Т. Сейдалинге (сұлтан тұқымы) арнайы тапсырма береді.
Сұлтан Сейдалин губернатордың тапсырмасын бұлжытпай орындап, 1879 жылдың қазан айының 30 күні губернаторға ресми рапорт (баянхат) жазады. Онда ол губернатор шолып шыққан 18 шақырым жердің географиялық мен табиғи ерекшеліктерін, ол жерлерде қай ауылдық қыстаулық жерлері бар екенін, онда қанша шөмеле шөп шабылатынын, ол жерлердің қалай аталатынын тәпіштеп жазып, оны көзбен шолу арқылы картаға түсіріп (карта губернатор тарапынан уезд басшылығына кейін қайтарылады, бірақ оны тағдыры не болғаны бүгінгі күнге дейін белгісіз – авт.), жаңа қаланың орны Ордабай-тоғайдан 7-8 верст қашықтықтағы «Қостанай өткел» деген жерге белгіленгенін атап өтеді. Бұл тұрғыда Т.Сейдәлин былай дейді: «Избранный в 1870 году под расположение города пункт, обозначенный в натуре земною насыпью в виде пирамиды, находится на одном из возвышений левой, наиболее нагорной стороне, в верхних частях Урдабай-тогая, и отстоит от р. Тобола, протекающего в этом месте более посредине долины, т.е. не подходя ни к одному из нагорных берегов, в полуверст. Впрочем, Тобол и далее нигде в пределах Урдабай-тогая не касается своим течением ни того, ни другого нагорного берега, приближаясь постепенно к левому из них уже по выходе из Урдабай-тогая и упираясь в него, вплоть, лишь в пределах Кустаная, бродом Кустанай-уткуль – что верстах в 8-9 от места, предназначенного для города».
Баянхатты алған губернатор сол жылдың 17 қарашасында оған ұзақ көлемдегі бұрыштама жазады. Онда ол болашақ қала үшін қажетті 13 300 десятина жер алу қажеттігін айта келіп, тұрғындардың нақты үй-жайлары салынатын жерді былайша белгілейді: «Площадь, ограниченной с севера оврагом против брода Кустанай-уткуль, с юга лощиною Абиль-сай, и востока р. Тоболом и с запада примерно начерченною линией сд; заключая приблизительно до 350 дес. будет совершенно достаточна для собственного городского поселения, то есть под усадьбы».
Губернатордың түсініктемесі ресми хат емес еді, ол өзіне бағынышты лауазым иелерінің болашақ қала үшін жұмыстану қажеттігіне бағыт-бағдар беру мақсатында жазылған еді. Бірі Орынбордан (А. Константинович), екіншісі Троицкіден (Т. Сейдалин-2) Ордабай-тоғайға келіп, оқиғаның ішінде болып, болашақ қала орнын өз көздерімен көріп, ақпарат жинаған ресми тұлғалардың өз қолдарымен жазған аталған жазбаларынан қандай тарихи дерек табамыз?
Біріншіден, олар қала орны болып белгіленген жер «Қостанай өткелі» деп аталғанын нақты көрсетеді, яғни өзеннің арнасы тар, ағысы баяу, суы таяз болғандықтан әрі-бері өтуге қолайлы өткелдің атауы. Зат есім тұлғалы «өткел» сөзі «өт, өту» етістігінен түзелген. Қос сөзбен тіркескен бұл атаудың жалпақ ұғымы «Тобыл өзенінен Қостанайға өтетін өткел» дегенді білдіреді. Жалпы алғанда, мал бағу тіршілігімен айналысқан көшпелі қазақтар үшін өткелдердің маңызы зор болды. Сол себепті қазақ даласындағы белгілі, атақты қоныстардың бірсыпырасы өткел атауымен түзелген. Мысалы, Қараөткел (үлкен, басты өткел), Атбасар (ат кешетіндей өткел), Қарғалы (таяз өткел) сынды жер атаулары біздерге белгілі.
Екіншіден, губернатор мен уезд басшысының аға көмекшісінің жазбаларында «Қостанай» есімді кісінің бейіті туралы дерек мүлдем жоқ. Онда аталған лауазым иелері қала орнының солтүстік бағытындағы шеті деп белгіленген «Қостанай өткелінен» төмен қарай 5 верст жерде «Мырзағазы мазары» деп аталатын бейіт бар екенін тілге тиек етеді. Мысалы, Т.Сейдәлин жазған баянхаттың бір тұсында: «...Далее, два других подобных или непосредственных подходов реки к этой стороне, одним из которых заканчивается прилагаемый у сего глазомерный план встречаются ниже Кустанай-уткуля: первый – верстах в 5-ти у мазарки Мурзагазы, а второй верстах 9-ти в верхних частях уроч. Умуртая», - деп, Мырзағазының мазары анық айтылады (Толығырақ қараңыз: Сейдәлин және Қостанай қаласы: Жоғалған топонимдер). Мұны губернатор А.Константинович те атап өтеді.
Болашақ қала орнында қыстаулық жерлері бар қазақ ауылдарының келісімін алу үшін қарекет еткен уезд басшысы А.Сипайлов 1880-1881 жылдары Арақарағай болысында бірнеше рет жиналыс ұйымдастырады. Сол жиындардың нәтижесінде 1881 жылдың 1 маусымында Арақарағай болысының жиыны №2 ауылдың қыстаулық жерінен болашақтағы қала үшін 13 500 десятина жерді беруге келісімін береді. Оны болыс О. Баубеков, уезд басшысы А.Сипайлов, оның аға көмекшісі Т.Сейдәлиндер өз қолтаңбаларымен куәландырады. Мұнда қалаға берілетін жердің территориясында Арғымбай есімді кісінің мазары туралы дерек бар.
Сөзіміз «құрғақ, іші қуыс» болмауы архивтік құжаттағы мәтінге назар аударайық. Онда былай деп жазылған: «...Отвод потребного для сего (для города – авт.) количества земли сделать по обеим сторонам р. Тобола (қала орнына Тобыл өзенінің екі жағынан алу керек деген ұсынысты губернатор қолдамай, қала орны өзеннің сол жақ жағалауынан белгіленеді – авт.), назначив границей такового отвода черту от существующей между зимовками киргиз Карыкбула Кабылова и Османа Алтынсарина грани на запад по прямым направлениям до южной оконечности озера Жангыз-куль, через мазарку Аргымбай до западной оконечности озера Кос-жалтыр».
Демек, қала орнын анықтаған жылдары қазақ жұртының екі бейіті туралы нақты жазба дерек тіркелген. Олар – Мырзағазы және Арғымбай мазары. Ал Қостанай, жазба деректер көрсетіп отырғандай, Тобыл өзеніндегі өткелдің атауы. Сондықтан «Қостанай» атауының сырын өлкенің географиялық ерекшелігінен туындаған көріністен іздеу дәлелі дәмді, тірегі берік, берекелі іс деп санаймыз.
Осы тұрғыдан келгенде, «Қостанай өткелінде» қандай ұғым бар? «Қостанай» деп отырғанымыз не? Бұл сұрақтарға жауапты көшпелі тұрмыс-тіршілік құрған ата-бабаларымыздың кеңістікке таққан географиялық ұғымдарынан іздеген жөн. Қазақтардың мал шарауашылығын күйіттеген маусымдық көш бағыты меридиан бойынша оңтүстік пен солтүстік аралығында жүретінін ескерсек, «Қостанай өткелі» – Тобылдың оң жақ жағалауынан келген көштің өзеннің сол жағалауына оңай өтуіне сеп болатын табиғи көпір. Олай болса, Қостанай – Тобылдың сол жақ бетіндегі өңір. Бұл өңірді патша әкімшілігі аз-кем уақыт уезд орталығы болған казактардың Николаевск станициясының атымен «Николаевск уезі» деп атаса, қазақтар «Қостанай өңірі» деп ертеден айтып келген деп болжауға болады. Сол себептен болар тұтас өңірдің атауы уақыт өте келе уезд орталығының, яғни Қостанай қаласының атауына толық орнығады.
Тұтас географиялық өңірге өтетін өткел атауы болған «Қостанай» топонимі – түркі тілдеріндегі жіңішке буынды «Куш+дөң+әй» атты үш түбір сөзден біріккен сөздің жуан буынды сыңары. Үш түбір сөзден біріккен Куш+дөң+әй сөзінің мағынасы нені білдіреді?
Бұл атаудың мағынасын ашуды соңғы буыннан бастаймыз. Біріккен топонимдегі «ай» (әй) - көне түркі тілінде өзен-су мағынасында қолданылған түбір сөз. Бұған нақты мысалдарды Ертіс өзенінен Балқан тауларына дейін тізіп, жетелеп атап шығуға болады. Мысалы, Айғыз, Айагөз, Айат, Айке, Ай, Айдар т.б. (Толығырақ: Түркілік көмбе: Қостанай топонимінің төркіні).
Ал ортаңғы буындағы жіңішке буынды «дөң» түбір сөзі – қыр, қырат, бел, белес сөздерінің синономі. Бұл түбірден түзелген гидронимдер Жетісудан бастап Балқан түбегіне дейінгі гидронимдерде кездеседі. Олардың жалпақ жұртқа белгілісі – Дөң (Ақтөбе облысы), Дөңгүз (Ресей), Дөң (Украина), Дөңәй (Балқан түбегі).
«Дөң» сөзінің өзен-су мағынасындағы таным-түсінігі эпостық жырлардың мазмұнынан орын алған. Айталық, атақты «Едіге батыр» жырында:
Есілдің басы – Қызылжар,
Аспадан суат салар-ды.
Ертістің басы – Қарадөң,
Екі арасын қосар-ды,- деген жыр шумағы кездеседі.
Сонымен қатар ол эпостық жырдың басты қаһарманының есіміне де айналған. Ноғай-қазақ эпосында Қарадөң батыр және оның ұрпақтары туралы циклды жырлар топтамасы бар.
Біріккен түбірдегі «куш» «екі» дегенді білдіреді. Көпшілікке башқұрттың «Куштау» (парная гора) атты топонимі танымал деп ойлаймыз. Орынбор қаласының бір бөлігі және қала маңында «Кушкуль» (Қоскөл) деп аталатын ауыл бар. Ауылдың басым көпшілігі – қазақтар. Сонымен қатар Қостанай өңіріндегі Құшмұрұн гидронимдегі алғашқы түбірдің мағынасы біз қозғап отырған мәселеге қатысы бар (Толығырақ: Қазыналы Құсмұрын құпиясы).
Демек, «Куш+дөң+әй» «дөңнен (қырдан) ағатын қос өзен аралығындағы өлке» деген мағына береді. Жіңішке «куш»-ты «қос» деген жуан буынды қатаң дауыссыз дыбыстардан тұратын «қос» түбірі алмастырғанда, «дөң»-нің дыбысталуы өзгеріп, ол жуан буынды, түсініксіз «тан»-ға айналады. Сол себепті оның мағынасы көмескіленіп, жұмбаққа айналған. Басқаша айтқанда, алғашқы буындағы жуан дауысты дыбыс өзінен кейінгі буындарды да жуанға өзгерткен. Тілдегі мұндай құбылысты фонемалық құбылысты лингвистикада сингормонизм, яғни үндестік заңы деп атайды. ХІХ ғасырда Н. Потанинның «Маған қазақ даласы ән салып тұрғандай болады» деген қанатты сөзі тіліміздегі үндестік заңына да қатысы бар деп ойлаймыз.
Аталған тілдік құбылыс түркі тілінде жалғыз-жарым, оқшау көрініс емес. Тамыры терең түркі тілдерінде түбір сөздегі дауысты дыбыстың жуан жіңішкелігіне қарай өзге буындардың өзгеріске ұшырап отыратыны жиі кездеседі. Біздің мысалымызда алғашқы түбірдегі дауысты дыбыс кейін келген қатаң «с» дыбысын өзімен ұялас «ш»-мен (екеуі де ызың дауыссыздар) ауыстыратын фонемалық құбылыс бар екенін көрсетеді. Мысалы, аспан да ұшатын «құс» – қош, «бес» сан есімі – биш (Бестамақ – Биштамақ), құшбегі (қосбегі, яғни «қосын (отряд) бегі» деген мағынадағы әскери лауазым), қостау – қоштау (қимыл-әрекетті етістік), Құшмұрза (кісі есімі – бүгінгі орфографияда Қосмырза), Қосжан- Қошан т.б.
Ұзын сөздің қысқасы, Кушдөңәй-Қостанай – қырдағы Үй (Ой) мен ойдағы Тобыл өзендері арасындағы кең-байтақ өңір атау, көшпелі елдің жаз айларында жайлайтын жайлау қонысы (1 сурет).

1 сурет. Қос өзен (Тобыл мен Ой (Үй) арасындағы Қостанай өңірі.
Өзен-көлі мол, шөбі шұрайлы, қауіпсіздік тұрғысынан да қолайлы (табиғи қорған-өзендермен қоршалған) қонысқа Тобыл өзенінен өтетін кішкентай өткел үлкен, өңірдің атауына ие болған. Бұл шынайы өмірдегі аздың көпшілікке, кішінің үлкенге бағынатын болмыстың тіл ұшындағы бейнелі картинасы.
Қала орнын дайындау жұмыстарының барысы тіркелген 1879-1881 жылдардағы архивтік жазбаларда «Қостанай өткелінің» орысша баламасы ішінара «брод Кустанайский» деп аталып отырады. «Кустанай» - түркілік «Кушдөңәй»-дың орыс тіліндегі фонемалық көшірмесі. Түркілік «куш» түбірімен келетін сөздерді орыс тілінде «кус» фонемалық баламасымен атау қалыптасқан. Мысалға көп жылдар қолданыста болған «Кускуль» гидронимін атауға болады. Ал жуан буынды «Қостанай» ол тілде «а» фонемасы арқылы дыбысталып (орыс тілінде ерте кезден «оканье» және «аканье» говоры бар екенін тілші ғалымдар әлдеқашан анықтаған), «Кастанай» деп аталған болар еді.
«Қостанай өткелі» атауынан уақыт өте келе «уткуль» және «брод» деген анықтауыштар түсіп қалып, орыс әдеби тіліне кең орныққан «урочище» деген атау белең алып кетеді. Жаңа қоныстың атауы алғашқыда «Николаевск», одан кейін «Новониколаевск» деп аталып, 1895 жылы оған өңірдің жалпы атауы болған «Қостанай» беріледі. Осылайша тұтас өңірге өтетін өткел ел жадынан ұмытылады. Мағынасы көмекіленген атаудың сыртқы фонемалық қауызынан кісі есімін іздеген талпыныстар туындай бастайды. Соның нәтижесінде атау қазақ арасында «ай» түбірімен келетін әйел кісілердің есіміне жақын болғандықтан, алдымен кемпірдің, одан соң кеңестік кезеңнің шындығы мен замана сазына қарай сомдалған дала амозонкалары - қос қыздың, бұдан соң тәуелсіздіктің сарынын батырдың есіміне қатысты аңыздар туындайды. Аңыздық жұмбақтың сыры – осы.
Бұған қоса кейбір тұста көп мағыналы «қос» сөзінің бір парасы орыс тіліне аударғанда «шалаш, юрта» деген мағына береді дей келе, «Қостанай» атауын «пәленше, түгеншенің қосы» деп түйінделетін пайымдар – қазақ тіліндегі сөз тіркесінің заңдылығына кереғар. Қазақ тілінің заңдылығы бойынша, бұл жерде біреудің «қосы» деу үшін сөз тіркесін ілік септігі мен тәуелділік жалғауы арқылы матаса байланыстыру қажет және онда «қос» сөзі алдыңғы емес, соңғы позицияда орын алуы тиіс.
Ендігі кезекте «Қостанай өткелі» Тобылдың қай тұсында болғанын нақтылап көрелік. Ол үшін біздер 1895 жылы Торғай облысының генерал-губернаторының пәрменімен қолға алынып, 1896 жылдың 23 қыркүйегінде Орман шаруашылығы мекемесінің аға топографы Белоглазов дайындаған Қостанай қаласының тұңғыш картасына назар салып, А. Константиновичтің «ә дегенде» қаланың тұрғын үйлері түседі деп жоспарлаған дерегіне, яғни қоныстың солтүстігі мен оңтүстік шекарасы деп анықтаған жерлерді белгілеп алуды жөн көрдік.
Губернатор болашақ қонысты «Площадь, ограниченной с севера оврагом против брода Кустанай-уткуль, с юга лощиною Абиль-сай» арасында болады деп жоспарлайды. Оның жазбасындағы солтүстіктегі «...оврагом против брода Кустанай-уткуль» деп атаған сайы кезінде швейцарлық кәсіпкер Лоренц ашқан сыра зауытының маңы.
Зауыттың жанына арнасы кең терең сай Тобылға құлайды. Бұл сайдың атауын тұрғындар кейін қала алғаш салынады деп белгіленген тарихи «Ордабай-тоғайды» есте қалдыру мақсатында «Ордабай-сай» деп атайды. Шаһардың алғашқы үйлері осы сай жанына басталып, оңтүстікке, батысқа қарай кеңейеді. Ағаштан салынған Михайлов шіркеуі, шіркеу алдындағы алаң, христиандар қорымы Ордабай сайдың маңынан орын тепкен. Бұл маңда Лоренцтің сыра зауытынан басқа, кірпіштен соғылған ескі ғимараттар жоқ. Патшалық Қостанайдың сәніне айналған қызыл кірпішті үйлер қаланың орталық бөлігінде-шаһарда бай-қуатты кісілер пайда болған кейінгі жылдары пайда болады.
Ордабай-сайға қарама-қарсы өзен арнасындағы «Қостанай өткелі» Тобыл өзенінің ортасына үшбұрыш сынды арал түзеп, содан өзен арнасы жіңішкеріп барып әбден тарылған жерге орналасқан (2 сурет).

2 сурет. «Қостанай өткелі» Ордабай-сайының маңы.
Өткелдегі өзен суының таяздығы мен ағыстың баяулығын топографтар майда нүктемен белгілеген. Картада өткелден қалаға қарай түскен екі сүрлеу жол бар. Бірі оңтүстік-батысқа қарай бұрылып, қалаға тура тартса, екіншісі тура «Ордабай сайға» қарай шығады. Демек, бұл көрініс «Қостанай өткелі» карта сызылған 1896 жылға дейін кең қолданыста болғандығын байқатады. Өткел тұсындағы арғы бетте Қостанай жылқы зауыты орналасады. Оның орнын таңдауда әкімшілік өзен арнасында табиғи көпір-өткелдің болғандығын ескерсе керек.
Бүгінгі таңда тарихи «Қостанай өткелі» орналасқан маңда «Қостанай-су» мекемесінің насос станциясы орналасқан. Ал өзен жағалауын қалың ну қамыс басып кеткен. Дрон арқылы көктен қарамаса, өткелдің тұрпатын көру мүмкін емес. Қала тарихымен тығыз байланысты өткелді бұл күні ешкім еске алмайды. Сондықтан заманында қаланың атауына мұрындық болған «Қостанай өткелдің» тарихи орнына белгі қойылса, бұл тарихи жадымызда жаңғырту жасалған, ата-бабаларымыздың тарихына құрмет ұғымындағы берекелі қарекет болар еді.
Түйіндей келгенде, Қостанай қаласының атауында түп төркіні көне түркі, тіпті, ғұн заманынан бойлайтын қызықты таным бар. Оны ғылыми негіздемелерге сүйене отырып қоғамдық пікірдің, сананың пайдасына жарату (түркі халықтарының достығын нығайту, халықаралық байланыстарға арқау ету) – аймақ тұрғысынан ғана емес, тұтас Қазақстан үшін жасалған қарекеттердің бірі болары сөзсіз.
Мақала ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Орталық мемлекеттік архивінің тапсырысымен жүзеге асырылатын «Қазақстан аймақтарының жер-су атауларын диахрониялық зерттеу» жобасы бойынша жазылды.
Алмасбек Әбсадық,
филология ғылымдарының докторы, Қостанай қаласы
Abai.kz