«Алтын орда» ма, «Ұлы ұлыс» па?
МЕМЛЕКЕТТІҢ ТӨЛ АТАУЫ ТУРАЛЫ
Соңғы кезде XIII–XV ғасырлардағы Жошы әулеті билеген алып мемлекетті «Алтын Орда мемлекеті» деп атау жаппай қалыптасты. Оқулықтарда да, ғылыми-көпшілік еңбектерде де, әлеуметтік желілерде де осы атау жиі қолданылады.
Әрине, «Алтын Орда» атауы тарихнамада әлдеқашан орныққан термин. Сондықтан оны мүлде қате атау немесе қолдануға болмайды деуден аулақпыз. Мәселе басқада: кейінгі тарихнамада қалыптасқан атау мен мемлекеттің өз дәуірінде қолданылған саяси атауларды ажырата білуіміз керек.
Меніңше, Жошы әулеті билеген алып саяси құрылымның тарихи табиғатын дәлірек білдіретін атау – Ұлы Ұлыс.
ОРДА МА, ҰЛЫС ПА?
Алдымен осы екі сөздің мағынасын ажыратып алған жөн. Қазақ тіліндегі орда сөзінің байырғы мағыналарының бірі – ханның, билеушінің тұрағы, әкімшілік-саяси басқару орталығы, сарай. Ал ұлыс ортағасырлық түркі-моңғол саяси дәстүрінде белгілі бір әулет билеген елді, жерді, халықты, саяси құрылымды білдіретін ұғым ретінде қолданылған. Демек, бастапқы саяси терминология тұрғысынан: орда – билік жүргізетін орталық, ұлыс – сол билікке қарайтын ел, саяси құрылым.
Кейін билеушінің ордасының атауы бүкіл мемлекетке ауысып қолданылуы әбден мүмкін. Мұндай құбылыс тілде қазір де бар. Мысалы, «Кремль мәлімдеді» десек – Кремль ғимаратын емес, Ресей билігін; «Ақ үй мәлімдеді» десек – ғимаратты емес, АҚШ әкімшілігін; «Бейжіңнің ұстанымы» десек – қаланың өзін емес, Қытай мемлекетін айтып тұрғанымыз түсінікті. Сондықтан «орда» атауының кейін тұтас мемлекетті білдіретін тарихнамалық атауға айналуы оның бастапқы лексикалық мағынасы да «мемлекет» болғанын білдірмейді.
«ҰЛЫС» СӨЗІНІҢ ТӨРКІНІ НЕНІ АҢҒАРТАДЫ ЖӘНЕ НЕГЕ «ҰЛЫ ҰЛЫС» ДЕП АТАУ КЕРЕК?
Ұлыс атауының өзі де бұл мәселені тілдік тұрғыдан айқындай түседі. Бұл сөзді тек Шыңғыс хан дәуірінде пайда болған моңғолдық саяси термин деп қарау біржақты. Оның көне түркі тіліндегі uluš тұлғасы XIII ғасырға дейінгі жазба мұраларда кездесіп, «ел, жер, жұрт, қоныс, иелік» тәрізді өзара сабақтас мағыналарды білдірген. Демек, ұлыс ұғымының тілдік тарихы Шыңғыс хан дәуірінен бұрын басталады.
Кейін түркі-моңғол саяси кеңістігінде бұл атаудың мағыналық аясы кеңейіп, белгілі бір билеуші әулетке қарайтын елді, халықты, жерді және саяси иелікті тұтастай білдіретін терминге айналды. Шыңғыс хан империясындағы Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Үгедей ұлысы, Төле ұлысы тәрізді атаулар осы мемлекеттік-саяси мағынаның орныққанын көрсетеді.
Шыңғыс хан құрған империяда жер мен ел оның ұлдарына ұлыстар түрінде бөлініп берілді. Жошыға қараған ұлан-ғайыр кеңістік осыған сәйкес Жошы ұлысы деп аталды. Жошы қайтыс болғаннан кейін де бұл саяси құрылым өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Оның ұрпақтары билікті жалғастырып, Бату, Берке, Меңгу Темір, Өзбек, Жәнібек, Тоқтамыс және басқа хандар тұсында мемлекет одан әрі дамыды.
Осы себепті бірнеше ғасыр өмір сүрген мемлекеттің бүкіл тарихын тек «Жошы ұлысы» атауымен шектеу де оның кейінгі саяси даму ауқымын толық көрсете бермейді. Жошыдан басталған ұлыстық жүйе уақыт өте келе көптеген әулеттік иеліктерді, қанаттарды және орасан зор аумақты біріктірген ірі мемлекеттік құрылымға айналды.
Міне, осы тұста Ұлы Ұлыс атауының мәні ашылады. Мұндағы ұлы сөзінің мағынасы қазаққа түсінікті. Ұлы дала, Ұлы жүз, Ұлы құрылтай тәрізді тіркестердегі ұлы – «үлкен, ауқымды, мәртебелі» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан Ұлы Ұлыс атауын мағыналық жағынан «үлкен ұлыс», «алып ел», «ірі мемлекеттік-саяси құрылым» деп түсінуге болады.
Оның үстіне бұл атау мемлекетті белгілі бір ханның есімімен ғана шектемейді. Жошы ұлысы деген атау оның негізін салған Жошыға қатысты болса, Ұлы Ұлыс кейінгі Бату, Берке, Өзбек, Жәнібек, Тоқтамыс және басқа хандар билеген тұста да жалғасқан кең мемлекеттік-саяси құрылымды қамтитын атау ретінде әлдеқайда ауқымды.
Қазіргі қазақ тілінің өзінде де ұлыс сөзінің көне «ел, жұрт, халық» мағынасының ізі сақталған. «Ұлыстың ұлы күні» деген тұрақты тіркестегі ұлыс – хан сарайы немесе орда емес, ел-жұрт, халық деген ұғымды білдіреді. Бұл да сөздің тарихи семантикасының қазақ тіліндегі жалғастығын аңғартады.
Сондықтан Ұлы Ұлыс атауы кездейсоқ қойылған сөз тіркесі емес. Ол мемлекеттің саяси құрылымын да, ауқымын да, тарихи сабақтастығын да білдіре алады.
АЛТЫН ОРДА, АҚ ОРДА, КӨК ОРДА ДЕГЕНДЕР НЕ?
Бұл жерде көшпелі халықтардың мемлекетті басқару дәстүрін де ескеруіміз керек. Еуразия көшпелілерінде мемлекетті қанаттарға бөліп басқару дәстүрі өте ертеден келе жатыр. Қытай жазба деректерінде Ғұн мемлекетінің оң, сол және орталық бөліктерге бөлінгені айтылады. Орталық билік Тәңірқұттың өзінде болып, екі қанатты оның жақын туыстары басқарған. Түркі қағанатында да осыған ұқсас қанаттық-әкімшілік жүйе болған.
Жошы ұлысында да алып аумақты әулеттің әр тармағы басқарды. Бату әулеті мен Орда Ежен әулетінің иеліктері осы кең саяси жүйенің негізгі қанаттарына айналды.
Кейінгі деректер мен тарихнамада осы билік кеңістіктеріне байланысты Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда атаулары қалыптасты. Бірақ осы үш атауды бастапқы кезден-ақ бір-бірінен тәуелсіз үш мемлекеттің ресми атауы болғандай қабылдау дұрыс бола бермейді. Олардың құрамындағы алтын, ақ, көк сөздерінің өзіне де назар аудару керек. Түстер – тек түс емес.
Көне түркілік және жалпы Еуразия көшпелілерінің дүниетанымында түстер заттың сыртқы реңін ғана емес, кеңістік пен бағытты да білдірген. Мұны түстердің геосимволикалық қызметі дейміз. Дәстүрлі геосимволикалық жүйеде белгілі бір кезеңдер мен мәдени орталарда: көк – шығыс, ақ – батыс, қызыл – оңтүстік, қара – солтүстік, сары – орталық ұғымдарымен байланыстырылған.
Бұл құбылыстың іздерін қазақ тіліндегі жер-су, ру-тайпа атауларынан да байқауға болады. Ақтау, Қаратау, Сарыарқа, ақ үйсін, қара үйсін, сары үйсін тәрізді атаулардағы түс атауларының бәрін тек нақты бояумен түсіндіру жеткіліксіз. Олардың кейбірінде кеңістік, бағыт, орналасу тәрізді көне мағыналардың ізі жатуы мүмкін. Мысалы, Сарыарқа – Орталық Қазақстанға қатысты қалыптасқан тарихи-географиялық атау. Мұндағы сары компонентін де геосимволикалық тұрғыдан қарастыруға негіз бар.
Осы тұрғыдан келгенде, Ақ Орда, Көк Орда атауларындағы ақ, көк сөздері де орданың қабырғасының немесе туының түсін ғана білдірмей, белгілі бір географиялық бағытпен байланысты болуы ықтимал. Ақ Орда мен Көк Орданың нақты қай қанатқа сәйкес келетіні жөнінде тарихнамада бірізді пікір жоқ. Сондықтан «ақ – міндетті түрде мына қанат, көк – міндетті түрде ана қанат» деп кесіп айтудан гөрі, бұл атаулардың қалыптасуында көне түс-бағыт геосимволикасының ықпалы болуы мүмкін деген тұжырым ғылыми сақтыққа сай келеді.
АЛ «АЛТЫН» НЕНІ БІЛДІРЕДІ?
Алтын Орда атауындағы алтын сөзі де назар аударуға тұрарлық. Алтын – сары түсті бағалы металл. Ал дәстүрлі түс геосимволикасында сары түс орталықпен байланыстырылады. Сонымен қатар алтынның өзі бағалылықтың, жоғары мәртебенің, биліктің символы. Сондықтан Алтын Орда атауындағы алтын компонентін «орталық», «бас», «мәртебелі», «ұлы орда» тәрізді семантикалық ұғымдармен байланыстыра қарастыруға болады.
Бірақ мұны да дәлелденген жалғыз түсінік ретінде емес, лингвистикалық-этномәдени тұрғыдан қарастыруға болатын жорамал ретінде ұсынған жөн. Егер осындай түсіндіру дұрыс болса, Алтын Орда атауының өзі де бүкіл мемлекеттің атауынан гөрі орталық немесе бас ордаға қатысты атау болған деген пікірді күшейте түседі.
«ҰЛЫ ҰЛЫС» – БІРТҰТАС МЕМЛЕКЕТТІК-САЯСИ ҚҰРЫЛЫМ
Жошыдан кейін Бату бастаған саяси жүйе Берке, Меңгу Темір, Өзбек, Жәнібек және басқа хандар тұсында жалғасты. Шығыс бөлікте Орда Ежен әулеті билік жүргізді. Кейін Ұрыс хан әулеті күшейді. Тоқтамыс хан екі қанаттағы билікті қайта біріктіріп, Сарайдағы жоғарғы билікті иеленді.
«Ulugh Ulus / Ұлы Ұлыс» атауының нақты қай кезеңнен бастап тұрақты мемлекеттік атау ретінде қолданылғаны жөнінде зерттеушілер арасында бірізді пікір жоқ. Оның бізге жеткен ең айқын жазба куәліктерінің бірі Тоқтамыс ханның 1393 жылғы жарлығында кездеседі. Алайда сақталған ең ерте құжатты атаудың пайда болған уақытымен теңестіруге болмайды. XIII–XIV ғасырлардың ертеректегі деректерінде мемлекет көбіне «Жошы ұлысы» деп аталғанымен, Жошы әулетінің саяси құрылымының көптеген ұлыстық иеліктерден тұруы және ұлыс сөзінің көне мемлекеттік-саяси семантикасы «Ұлы Ұлыс» ұғымының негізі одан ертерек қалыптасуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан бұл мәселе әлі де арнайы деректанулық зерттеуді қажет етеді.
XV ғасырда Ұрыс ханның ұрпағы Барақ хан осы саяси кеңістіктегі билікке келді. Ал Барақ ханның ұлы Жәнібек пен оның туысы Керей бастаған әулеттік-саяси желі кейін Қазақ хандығының құрылуына ұласты. Демек, бұл тарихты «Алтын Орда – Ақ Орда – Қазақ хандығы» деген бір-бірінен үзіліп қалған үш мемлекеттің қарапайым тізбегі ретінде ғана түсіндіру жеткіліксіз. Оның ар жағында Жошы әулетінің бірнеше ғасыр бойы жалғасқан біртұтас саяси-әулеттік кеңістігі жатыр.
Сол кеңістіктің ішіндегі билік орталықтары, қанаттар мен ұлыстық иеліктер уақыт өте өзгеріп отырды. Бір әулет күшейді, екіншісі әлсіреді; орталық билік бір қолдан екінші қолға өтті. Бірақ саяси дәстүр мен әулеттік легитимділік сабақтастығы сақталды.
Әрине, «Алтын Орда» – бірнеше ғасыр бойы тарихнамада қалыптасқан, бүгінде бүкіл әлемге түсінікті ғылыми термин. Оны қолданбау керек деуден аулақпыз. Бірақ кейінгі тарихнамада орныққан атау мен мемлекеттің өз дәуірінде қолданылған саяси атауларды ажырата білуіміз керек.
Сондықтан оқулықтарда, ғылыми және ғылыми-көпшілік мәтіндерде алғаш рет Ұлы Ұлыс (кейінгі тарихнамада «Алтын Орда» аталған мемлекет) деп көрсетіп, одан кейін контекске қарай Ұлы Ұлыс атауын қолдану әлдеқайда дәл болар еді. Бұл «Алтын Орда» терминін жоққа шығару емес, мемлекеттің өз саяси дәстүрінде қолданылған тарихи атауды ғылыми және қоғамдық қолданысқа кеңірек енгізу болып табылады.
Мәселенің мәні бір атауды екінші атаумен механикалық түрде алмастыруда емес. Мәселе – тарихи атаулар мен саяси ұғымдардың бастапқы мағынасын өз орнына қоюда. Орда мен ұлыс бір ұғым емес; түс атауларының да көне дүниетанымдағы геосимволикалық қызметі болған. Ал Ұлы Ұлыс – Жошы әулеті билеген алып саяси кеңістіктің тарихи атауларының бірі әрі оның мемлекеттік табиғатын білдіретін атау. Сондықтан «Алтын Орда» – кейінгі тарихнамада орныққан атау, ал «Ұлы Ұлыс» – мемлекеттің өз саяси дәстүрінде қолданылған тарихи атаулардың бірі деп ажырата қолдану ғылыми тұрғыдан негіздірек деп ойлаймын.
Бұл ұстаным тарихи жадымызды жаңғыртуға бағытталған бүгінгі мемлекеттік көзқараспен де үндеседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», – деген болатын.
Байырғы атауларды жаңғырту тек жер-су атауларымен шектелмеуге тиіс. Тарихи мемлекеттеріміз бен саяси құрылымдарымыздың төл атауларына да зер салу – тарихи сананы жаңғыртудың бір бөлігі.
Тарихты кейін қалыптасқан атаулармен ғана емес, бабаларымыздың өздері қолданған саяси ұғымдармен де танығанымыз жөн. Өйткені төл атауды жаңғырту – төл тарихымызды танудың бір жолы.
Қайрат Ғабитханұлы,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор
Abai.kz