Турағұл емес – Тұрағұл!
Тұрағұл ма, жоқ әлде Турағұл ма? Бұл сұрақтың баспасөз бетінде көрініс беріп қалып жүргеніне де біраз жылдың жүзі болды. «Тұрағыл мен Турағұл» арасындағы бір ғана хәріп болмаса, сырт көзге бұл аталмыш есімдер арасында анау айтқан айырмашылық жоқ, ұсақ-түйек мәселе секілді. Алайда, мәселе Абайды тануға тіреліп тұр. Ал, ұлтымыздың ұлы ақыны хәкім Абайды тануда ұсақ-түйек деген мәселе болуға тиіс емес.
Сөз Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған тұңғыш ұлы, есім-сойы ғылыми еңбектерде аудармашы һәм Абайдың шәкірті ретінде аталып қалып жүрген Тұрағұл хақында.

Сурет: Abai.kz скрині.
Әңгіменің әлқисасы былай: Түнеу күні «Abai.kz» порталының 2026 жылдың 7-қыркүйек күнгі санында Болат Жүнісбековтың «Турағұл – тура жол» атты мақаласы жәрияға шыққан-ды. Аталмыш мақаласында автор: «Абайдың өз перзентіне Құдайдың құлы, яки, қызметшісі ретінде дін исламның тура жол, жарық нұрымен өмір сүруін тілегені кәміл», – дей келе: «Алла тағаланы, адам баласы мен әділетті сүйіп, ерекше ардақ тұтқан Абайдың, тағы қайталаймыз, перзентіне Турағұл есімін беріп, оның тура жолда болуын қалағаны анық. «Турағұл» есімін «Тұрағұл» деп бұрмалау – Құдайдың турашыл құлы, қызметшісі дегеннен, қасиетті Ислам дінімізден безіну болмақ. Демек, абайтанудың абызы Қайым Мұхаметханұлын түзетіп, «адасқанша», хәкімнің дарынды ұлдарының бірі, шебер аудармашы – Турағұлға «дүние есігін ашқанда» алған есімін қайтару парыз», – дейді. Бұдан ары қарай автор: Аса көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметхановтың 1993 жылы Алматы қаласы, «Дәуір» баспасынан жарыққа шыққан «Абайдың ақын шәкірттері» зерттеу еңбегінде: «Турағұл» есімін 64 мәрте деп атап көрсетіп, миымызға құяды», – деп Қайым Мұхаметханұлына сілтеме жасапты.
Былай қарасаң автордың ой жүйесі мен сөз саптауында мін жоқ. Төгіліп тұр. Кең қолтық қазақы мінезбен: «Құдай-ау, Тұрағұлы не, Турағұл не? Бір хәріпте тұрған не бар?», – деп қолды сілтей салатын-ақ жағдай. Солай жасайын-ақ десек те, бір хәріпте тұрған не бар? – дей алмадық. Себебі, бір хәріп айырмашылығының арғы жағында ғұлама ойшыл, хәкім Абай мен «Абайтану» ғылымы тұр. Ал, ғылым үшін «ұсақ-түйек» деген ұғым жоқ. Оның үстіне дәл осы «Тұрағұл» мен «Турағұл» арасындағы «у» мен «ұ» дыбыстары – Абай өмір сүрген заман мен хәкім Абай шығармашылығына алып барар жалғыз аяқ жол секілді. Біздің ойымыз осылай дейді.
Әуелгі сөз Абай өмір сүрген заман хақында.
Абай заманы дегенде, ақын дүниеге келген отбасы – Құнанбай әулетіне соқпай кету мүмкін емес. Өзі өмір сүрген патриархалды рулық-феодалдық қоғамның ірі тұлғасы, «қарадан туып, хан болған», Арғынның Тобықты руының Ырғызбайынан шыққан Құнанбай мен оның әулеті – көп некелі полегамиялық әулет болатын. Көп қатыннан туған көп баланың болашақ татулығын ойлаған әулет басшылары мен Құнанбайдың шешесі Зере әже, Абайдың анасы Ұлжан, Құнанбайдың жеңгесі Таңшолпан, бәйбішесі Күңке секілді әулет аналарының тікелей араласуымен, аталас туысқандар бірінің баласын бірі бауырына басып, асырап алуды – Құнанбай әулеті қалыпты дәстүрге айналдырғанды. Негізгі мақсат – сол кезеңдегі қазақ қоғамында жиі айтылатын «Екі қатынның баласы – екі рулы ел» қағидатын бұзып, әулет татулығын сақтау. Туысқанға баласын бергендер ағайын арасындағы ұсақ-түйек араздыққа барса да, аталас туысқан отбасында тәрбиеленіп жатқан баласын тастап кете алмай, «ұзын-арқан, кең-тұсау» әулет қазығын шыр айналып, ағайын арасындағы татулықты сақтауға мәжбүр болатын. Мұнан өзге де сол тұстағы қазақ қоғамында ағайын татулығын сақтайтын түрлі іс-шара мен суық ақылға негізделген түрлі әдістер бар-тын...
Абай өмір сүрген рулық патриархалды феодалдық қоғамда әулет татулығы мен бірлігі басты орында болды. Себебі, береке бастауы болған әулет татулығы – «тіршілік үшін күрес» деп аталатын ұлы заңдылыққа негізделген «өмір – тартыста» жайлы өмір мен байлыққа бастар тура жол болатын. Осы қағиданы жете түсінген Құнанбай әулеті үшін бірінің баласын бірі бауырына басып, асырап алу – қалыптасқан, үйреншікті дәстүр болды.
Құнанбай төрт некелі кісі болған. Екінші әйелі Ұлжаннан туған тұңғыш ұлы Тәңірберді (Тәкежан) Құнанбайдың әкесі Өксенбайдың бауырында өскен. Ұлжаннан туған екінші ұл Абайды (Ибраһим) Құнанбайдың үшінші әйелі Айғыз бауырына басады. Құнанбай әйелдері Ұлжан мен Айғыздың көші-қон қоныстары мен қыстауы бір болғандықтан, Айғыздың бауырындағы Абай екі ананың ортасында тел өсіп, қайындарының есімін тіке атамайтын салт бойынша жеңгелері Абайды «Телғара» деп атаған. XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ халқы өмірінің шын мәніндегі көркем энциклопедиясы, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясының алғашқы шартты атауының «Телғара» деп аталуының өзі де Абайдың екі ананың ортасында тел өскендігіне байланысты туындаған-ды. Сөз реті келіп қалған соң айта кетейік: Абайдың тұңғышы Ақылбайды Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным бауырына басса, Абайдың інісі Ысқақтың баласы Кәкітай Ділдәнің бауырында, Абай тәрбиесінде өседі. Ақылбайдың балалары Әубәкір мен Бәкизатты Абайдың кенже інісі Оспан асырап алған.
Міне, Құнанбай әулетінің осындай салты бойынша, Абайдың Ділдәдан туған екінші ұлы Әкімбайды (Хәкімбай) Ысқақтың бәйбішесі Мәніке бауырына басады. Бала өте ақылды, зерек болған деседі. Әкімбай тоғыз жасқа келгенде ауырып, аяқ астынан қайтыс болады. Бұл қазаға байланысты Абай ұзақ жоқтау жазып, Әкімбайға байланысты өтетін қаралы жиындарда Әйгерім жоқтауды әнге қосып айтып, елдің сай-сүйегін сырқыратқаны, халық арасында аңыз болып беріге дейін айтылған. Жоқтау жыр Абайдың 1933, 1939, 1945, 1961, 1968 – жылғы жинақтарында «Әкімбай өлгенде» деген атпен басылып, жәрияға шықса, ақынның 1957 және 1977 жылғы жинақтарында неге екені белгісіз, Абайдың дәл осы «Әкімбай өлгенде» деген жоқтау өлеңі 1957 жылғы жинақта «Баласы өлген анаға Абай шығарып берген жоқтау» деп, ал, 1977 жылғы жинақта «Немере інісі өлгенде айтқаны» деген атпен басылыпты.
Абайдың 1957, 1977 жылғы жинақтарында «Әкімбай өлгенде» жыр-жоқтауының атауы қате басылғанын және дәл осы жоқтауды Абай қай кезде, қандай жағдайда жазып, шығарғанын белгілі абайтанушы ғалым Асан Омаров өзінің зерттеу еңбегінде, жан-жақты дәлелдеп жазды.
(Қараңыз: «Тұрағұл ма, әлде Турағұл ма?» Abai.kz. 30 қаңтар, 2025 жыл. «Абайдың «Әкімбайы» қашанғы «адасады?» «ZHERUIYQ» 14 тамыз, 2018 жыл)
Сондықтан да, Ысқақ бауырына басқан Абайдың баласы Әкімбай өлгенде Абай шығарған жоқтауға мұнан ары тоқталуды жөн санамадық.
Айтқымыз келгені: Осы Әкімбай өлген соң жыл жетпей дүниеге келген Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған ұл баланы Абайдың бәйбішесі Ділдә бауырына басады. Дәл осы оқиға жөнінде Әрхәм Кәкітайұлы Ысқақов: «Тұрағұл емшектен шыққанда Ділдә Әйгерімге: «Бай сенікі болсын, бала менікі болсын», – деп, Тұрағұлды өз бауырына салып, бала ғып алады», – деп жазады өз естелігінде. (Қараңыз: Абай туралы естеліктер 89-бет, Алматы, 2018 жыл)
Байқадыңыздар ма, Әрхәм Ысқақов өз естелігінде Абайдың баласының атын «Турағұл» емес, «Тұрағұл» деп жазған. Көзге көрініп, іске жарап қалған зерек те, ақылды Әкімбайдан айырылып отырған әулет, дүние есігін енді ашқан сәбиге о дүниеге Әкімбайдай ерте кетіп қалмасын, ортамызда «тұрып қалсын-ды» ырым етіп, түбірі «Тұр» етістігінен тұратын «Тұрағұл» есімін беруі – ұлттық салт-дәстүріміз бен ойлау жүйемізге дәл келіп тұрған жоқ па?
Мақала авторы Болат Жүнісбеков жазғандай әкесі Абай сәбиге «дін исламның тура жолымен өмір сүрсін» деген тілекті тілесе «Алланың турашыл құлы» деген мағына беретін арабтың «Ғидаят» сөзінен туындаған «Қинаят» деген есімді таңдаса керек еді. Алайда, мақала авторы Болат Жүнісбеков: «Исламның тура жолында болсын деп, Абай баласына Турағұл есімін берген», – дейді.
Біз мақала авторының бұл пікірі мен келісе алмадық. Ойымызды тарқатып көрейік...
Жоғары да айтып өткеніміздей Әрхәм Ысқақов Абай туралы өз естелігінде Абайдың ұлы Тұрағұлды «Турағұл» деп емес, «Тұрағұл» деп анықтап жазған. Білген соң жазады да. Әрхәм мен Тұрағұлдың арасы он жас. Бір әулеттің бір ауылында бірге өскен олар, бір-бірімен немере туыс, замандас. Оның үстіне Әрхәмның әкесі Кәкітай мен Тұрағұл Ділдәнің бауырында өсіп, Абай үйінде бірге тәрбиеленген. Бұл келтірілген дәлелдер: Әрхәм Тұрағұлды өте жақсы білген деген ойға негіз болары анық. Мұны – бір деңіз.
Екіншіден, 1875 жылы дүниеге келген Тұрағұл туғанда, Абай тура отыз жаста. Бұл кезде оның әкесі Құнанбай да, шешесі Ұлжан да, Құнанбайдың бәйбішесі Күңке секілді әулет аналарының көзі тірі. Әулеттің үлкендері мен жасы келген қарт аналар тұрғанда, жасы отызға енді толған Абай, мақала авторының тілімен айтқанда: «...дін исламның тура жол, жарық нұрымен өмір сүрсін», – деп, дүние есігін енді ашқан сәбиіне қалайша «Турағұл» деп ат қойып, есім бере алады? Бұл жерде мәселе «Турағұл» немесе «Тұрағұл» да емес. Мәселе: Көзі тірі әкесі мен шешесі, әулет үлкендері тұрғанда қай қазақтың баласы ғасырлар бойы жүрегімізде жатталып, қанымызға сіңген ұлттық салт-дәстүрімізден безініп, көзі тірі әке-шешесі мен әулет үлкендерінен аттап өтіп, өз баласына өзі есім беріп, ат қойыпты?! Оның үстіне «дін исламның тура жолы» дейтіндей, жасы отызға енді ғана келген сол тұстағы Абай соншалық діншіл ма еді?
Абайдың дінге көзқарасы хақында ақынның шәкірті Көкбай Жанатайұлы Абай туралы өз естелігінде: «Абай шын мәнінде мұсылман еді. Бірақ, мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес. Үлкен сын мен терең ой, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молда сөзі, Шариғат жолы деген барлығына сынымен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні қып қолданған. Абайдың діні мұсылманшылықтың ішінде осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақылдың діні еді. Сондықтан, сыртымен тақуалық қылып, ұдайы намаз оқып, ұдайы ораза тұтып, ұдайы құлшылық қылған да емес. Намазды оқығысы келген кезде оқиды, бірақ, ондайда қасына ешкімді алмай, оңаша үйде жалғыз өзі ұзақ-ұзақ уақыттар отырып оқитын», – деп жазады. (М.Әуезов. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. 168-бет. Алматы, «Санат» 1997 жыл.)
Бұл Абайдың ойшыл, хәкім дәрежесіне көтерілген кездегі діни ұстанымы. Ал, Тұрағұл туған кезде отыз жаста болған Абайдың Көкбай ақсақалдың естелігінде айтылған діни ұстанымы болды деп айта алмаймыз. Бұл ойымызға дәлел ақынның 1898 жылы жазған «Өлсем орным қара жер» өлеңі.
Біз қазір Абайдың өз қолымен жазған ғұмырбаяны жоқ деп жүрсек те, шын мәніне келгенде ақын шығармаларында Абайдың өмір белестерінің ізі сайрап жатыр. Сондықтан, Абай шығармаларының түпнегізіне автобиографиялық оқиғалар арқау болған деген тоқтамға келуге толық негіз бар. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Әйтсе де, Абай шығармаларының кезеңдерін: 1885 жылға дейін «Абайдың жас шағындағы өлеңдері», 1885-1895 жылдар арасындағы «Абайдың ағартушылық бағыттағы шығармалары», 1895-1903 жылдар арасында «Абайдың ойшыл, хәкім дәрежесіне көтерілген тұстағы шығармалары» – деп, шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады.
Абайдың жоғарыда біз атаған «Өлсем орным қара жер» өлеңі – философ, хәкім дәрежесіне көтерілген кезеңде, өткен өміріне сын көзбен қарап, өзі мен қоғамы, заманы туралы өзге емес, ақынның өзі айтқан жан сыры.
«Өлсем орным қара жер» өлеңінде ақын:
Жасымда албырт өстім ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым жырақ, – дей келіп:
Қаны қара бір жанмын, жаны жара, – дейді.
Сондай-ақ, осы өлеңнің:
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен, түспе ізіме, – деген жыр жолдарында да Абай өмірінің шындық, ақиқаты жатыр. Шын мәніне келгенде, «Өлсем орным қара жер» өлеңі, бұл – ақын өмірінен шынайы мәлімет беретін бірден-бір дереккөз.
Ақын «албырт жас» кезінде әкесі Құнанбайдың үлгілі шәкірті болып, ел басқаруда «айла мен ашуға шырақ жағып», «ойдан жырақ» қалғаны рас. Кейін шығыс пен батыс ілімін тең игерген білімінің арқасында «ой түсіп», ойшыл, санаткер-ұстаз дәрежесіне көтерілген соң, өткен ғұмырына өкініп, өмірден баз кешкендей күй кешіп:
Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі
Құмар қылған өзіне оның әмірі, – дей келіп:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас, – деп, жалғыз жаратушы, түп иемен табыспаушы ма еді?
Бұл кезең – 1898 жылғы Көшбикедегі Мұқыр сайлауындағы оқиғадан соң, абайтанушы ғалым асан Омаровтың тілімен айтқанда: «Тәңірі: «Қорытынды еңбегіңді қолыңа ал, қарап қалма!», – деп белгі беріп, әлемдік деңгейдегі «Ғақлиат Тасдиқат» ғылыми трактатын жазған Абайдың –хәкім, ойшыл философ дәрежесіне көтерген уақыты. Абай өмірінің осы тұсын Әуезов өзінің Абай хақында жазған ғылыми монографисында: «Әкімдік жолдағы рубасы Абай өліп, данышпан, ұстаз болуға арналған Абай қалды», – деп жазады.
Міне, осы кезеңде, яғни, 1898 жылдан кейін Тұрағұл дүниеге келгенде, бәлкім, сол кезде Абай: «Дін исламның жарық нұры, тура жолымен өмір сүрсін», – деп, жаңа туған нәрсестесіне «Турағұл» есімін берер ме еді, қайтер еді?
1875 жылы сәби дүниеге келген уақытта отыз жасқа енді ғана аяқ басып, ел меңгерушісі болып «ойдан жырақ», «айлаға да, ашуға да, шырақ жағып жүрген» Абай, бір Құдайды ойлап, жаңа туған сәбиіне «дін исламның тура жолымен жүрсін» деп, «Турағұл есімін береді деп ойламаймыз. Себебі, бұл жерде қисынды ой жүйесі жоқ.
Сөз басында «Тұрағұл» мен «Турағұл» есімдері арасындағы «ұ» мен «у» дыбыстары Абай заманы мен шығармашылығына алып барар жалғыз аяқ жол іспеттес деп бостекті айта салғанымыз жоқ. Сондықтан, «Тұрағұл» мен «Турағұлға» тереңнен мән берген жөн.
Болат Жүнісбеков өз мақаласында: «Аса көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметханұлы 1993 жылы Алматы қаласы, «Дәуір» баспасынан шыққан «Абайдың ақын шәкірттері» зерттеу еңбегінде «Турағұл» есімін 64 мәрте атап көрсетіп, миымызға құяды», – деп жазыпты.
Автордың бұл сөзіне орай біздің айтпағымыз мынау:
Бұл – техникалық қате болуы бек мүмкін. Себебі, еңбек жарыққа шыққан 1993 жылдары еліміздегі баспаларда компьютермен басу жұмыстары енді ғана басталып, ұлттық тілімізге тән ұ, ү,ң, і, ө секілді төл дыбыстарымызды компьютерге енгізе алмай жатқан шағымыз. Сол себепті де «Тұрағұлдағы» «ұ» дыбысы компьютер базасында бар, халықаралық «у» дыбысына айналып, «Тұрағұл» автоматты түрде «Турағұл» болып өзгеріп кетуі де бек мүмкін.
Екіншіден, Қайым Мұхаметханұлы секілді «Абайтану ғылымы ғұламасының Абайдың ұлы Тұрағұлдың барлық басылымдарда «Тұрағұл» болып басылып жүргенін білмеуі мүмкін емес. Сондықтан, сол еңбектің бір жерінде, болмаса, жеке мақала жазып: «Осы кезге дейін Абайдың ұлы Турағұлды «Тұрағұл» деп жазып келдік. Бұл қате. Сондықтан, ендігі жерде «Тұрағұлды» «Турғұл» деп өзгертуіміз керек», – деп, ескертпеуі де мүмкін емес қой.
Осы жағдайларды ескере келе айтпағымыз: Қайым Мұхаметханұлы еңбегінде 64 мәрте қайталанған «Турағұл» Абайұлы – Тұрағұлдың компьютердегі техникалық қате түріндегі көшірмесі болуы әбден мүмкін. Бұлай деп ойлауымыздың тағы бір себебі: Ол кездегі баспаларда корректорлық қызмет деген атымен жоқ. Анығына келгенде, баспалар күні бүгінге дейін корректорлық қызмет көрсетпейді. Егер сіз кітабыңызды шығаратын болсаңыз, баспадағылар: «Біз корректорлық қызметті мойнымызға алмаймыз. Бірақ, сізге корректор тауып береміз. Қызмет ақысы жөнінде корректормен өзіңіз келісесіз», – дейді. Қазіргі корректорлық қызмет өте қымбат. Баспаның ақшасын әрең тауып беріп отырған байқұс автор көп жағдайда корректорлық қызметтен бас тартады. Сол себепті де, қазіргі баспалардан шыққан кітаптарда қате деген өріп жүр. Бәлкім, осындай мінәйі себептерге байланысты да, Қайым Мұхаметханұлы еңбегінде «Тұрағұл» «Турағұл» болып өзгеріп кетті ме екен? Қалай десек те, ұстазы һәм ғылыми жетекші М.Әуезов «Тұрағұл» немесе «Тұраш» деп атап жазатын Абайұлы Тұрағұлды Әуезов шәкірті Қайым Мұхаметханұлының еңбегінде «Турағұл» болып өзгеріп кетуі, біртүрлі қисынға келмейді.
Мұқаңның Алматы қаласынан 1995 жылы шыққан «Абай Құнанбайұлы» монографиясының 300-301 – беттеріндегі «Сәбит Мұқановтың «Абай Құнанбаев» атты монографиясы туралы» мақаласында: «Крылов мысалдарына Тұрағұл, Көкбай қойған жыл – 1998», – дейді. Тағы да «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» ғылыми зерттеу еңбегінде: «Абай туралы Көкбай ақсақал мен баласы Тұрағұлдың естегілері», – деп, ғылыми еңбектің үлкен бір тарауын атапты. Осы еңбектің 326-бетінде: «Екінші әйелі Әйгерімнен туған балалары: Тұрағұл, (Тұраш) Мекайл, Ізқайыл және кіші қызы Кенже», – деп Тұрағұлдың Әйгерімнен туғанын атап жазған. (М.Әуезов. Абайды білмек парыз ойлы жасқа 158, 326 – беттер. Алматы, «Санат» 1997 жыл)
«Абайтану ғылымының» негізін қалаған ғұлама ғалым М.Әуезов болашақта Тұрағұл хақында айтыс болатынын сезгендей, Тұрағұлдың жақындары еркелетіп атайтын «Тұраш» есімін де жақшаның ішінде көрсете жазыпты. М.Әуезов өзінің бірде-бір еңбегінде Тұрағұлдың есімін «Турағұл» деп жазбай, барлық уақытта «Тұрағұл» немесе «Тұраш» деп жазған.
Әділдік үшін айта кету жөн: М.Әуезов өз еңбектерінде «Тұрағұл» есімін сирек қолданады. Ол Тұрағұлды көбіне жақындары еркелетіп атаған «Тұраш» есімімен жазады. Егер М.Әуезов Тұрағұлды «Турағұл» деп білсе онда ол Тұрағұлды «Тұраш» демей, «Тураш» деп жазса керек еді.
«Турағұл – тура жол» мақаласының авторы Болат Жүнісбеков: «Абызды түзеп текке адаспайық», – деп Тұрағұлдың «Турағұл» екенін жүйелі түрдегі ғылыми дәлелмен емес, Қ.Мұхаметханұлының жеке тұлға ретіндегі ғалымдық беделіне сілтеме жасап: «көрнекті ғалым», «абайтанудың абызы», «солай дегеннен» арыға бара алмапты. Өте өкінішті...
Жеке тұлғалық беделді арқа тұтқан қоғамның да, ғылымның да болашағы жоқ. Әсіресе ғылымның. Абай тілімен айтқанда: «Ақсақал айтты, бай айтты» қағидаты ғылымға жүрмейді.
Қайым Мұхаметханұлы сөз жоқ, ғұлама ғалым, «Абайтану» ғылымының айтулы тұлғасы. Бірақ, сол Қайым Мұхаметханұлы өз еңбегінде Тұрағұлды 64 мәрте емес, 164 мәрте «Турағұл» деп жазса да, Әрхәм Кәкітайұлы Ысқақовтың Абай туралы естеліктері мен ғұлама ғалым Әуезовтің Абай туралы зерттеулері және жоғары да біз келтірген Абай өмір сүрген заман мен оның шығармаларындағы дәйектерге сүйене отырып айтпағымыз: Абайдың Әйгерімнен туған тұңғыш ұлының аты Турағұл емес – Тұрағұл! Ғылыми зерттеу солай дейді. Себебі, ғылым – дәлел мен дәйек, содан соң қисынды жүйе.
Нұрғали Махан
Abai.kz