Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 2606 0 пікір 14 Қараша, 2009 сағат 07:10

Мақсат ТӘЖ – МҰРАТ: “Той жарыстырмайық, ой жарыстырайық”

Елбасының бастамасымен Семей өңірінде және Жымпитыда Алашорданың 90 жылдығы кең көлемде атап өтілгенінен оқырман қауым құлағдар. (Ескерту: бұл сұхбат 2007 жылы алынған көрінеді. Сұхбат алушының өтініші бойынша жариялап отырмыз. - abai.kz) Жымпитыдағы осы тойға еліміздің түкпір - түкпірінен мықты тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар келіп қатысып, арнайы ұйымдастырылған ғылыми - тәжірибелік конференцияда құнды ойларын, тың жаңалықтарын ортаға салды. Солардың бірі республикалық "Ана тілі" газетінің бас редакторы, белгілі зерттеуші ғалым, алаштанушы Мақсат Тәж - Мұратпен сұхбаттасып, мерейтойдан алған әсерлерімен бөлісуін сұраған едік.

 

- Мақсат аға, Алаш ұраны әуелеген қасиетті топыраққа тәу етіп қайттыңыз. Қандай ой түйдіңіз?

Елбасының бастамасымен Семей өңірінде және Жымпитыда Алашорданың 90 жылдығы кең көлемде атап өтілгенінен оқырман қауым құлағдар. (Ескерту: бұл сұхбат 2007 жылы алынған көрінеді. Сұхбат алушының өтініші бойынша жариялап отырмыз. - abai.kz) Жымпитыдағы осы тойға еліміздің түкпір - түкпірінен мықты тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар келіп қатысып, арнайы ұйымдастырылған ғылыми - тәжірибелік конференцияда құнды ойларын, тың жаңалықтарын ортаға салды. Солардың бірі республикалық "Ана тілі" газетінің бас редакторы, белгілі зерттеуші ғалым, алаштанушы Мақсат Тәж - Мұратпен сұхбаттасып, мерейтойдан алған әсерлерімен бөлісуін сұраған едік.

 

- Мақсат аға, Алаш ұраны әуелеген қасиетті топыраққа тәу етіп қайттыңыз. Қандай ой түйдіңіз?

- Осы шараға барған Ғайсағали ағам (ақын Ғайсағали Сейтақ - ред.) айтқан бір жақсы сөз көңіліме ерекше ұнады. "Той іздеп жүрген жоқпыз, жоқ іздеп жүрміз" - деді ол кісі. Ой іздеген, жоқ іздеген біраз адам осы шараға келді. Мәмбет Қойгелді, Хангелді Әбжанов, Дихан Қамзабекұлы сияқты мүйізі қарағайдай зерттеушілер алыстан ат арытып келіп қатысты. Қызу пікірталастар болды. Дихан Қамзабекұлы айтқандай, бұл датаны Алаш қозғалысының емес, Алаш автономиясының және Алашорда Үкіметінің 90 жылдығы деп атау керек. Осы дұрыс, себебі Алаш қозғалыс ретінде ең алғаш 1905 жылғы орыс революциясынан кейін бастау алған. Бақытжан Қаратаевтың жетекшілігімен бір топ қазақ зиялысы Орынборда бас қосып, Алаш деген ұйым құрсақ, саяси партия ұйымдастырсақ деген ұсыныс айтып, тіпті, сондай атпен болашақ бір мемлекеттің ақшасының жобасына дейін дайындаған деген "Қазақ" газетіне шыққан мәлімет бар. 1912 жылы Бөкей ордасында Батырқайыр Ниязов деген жігіт Б.Қаратаевтың идеясымен "Алаш" дейтін газет шығармақшы болған. Оған Астрахань губернаторынан рұқсат алған. Бірақ, белгісіз себептермен газет жарық көрмеген. Жалпы Алаш ұғымы ең алғаш Орал түлектерінің аузынан шықты. 1913 жылы Әлихан Бөкейханов Халел Досмұхамедовке "Сен білші, Алаш деген не сөз екенін" деп сұрау салған ғой. Оған Халел: "Меніңше, ол қалмақтың сөзі, "жауынгер" дегенді білдіреді, қалмақтар қазаққа қаратып айтқан" деп жауап беріпті. Ол өз алдына бір бөлек әңгіме, ал Алаш автономия ретінде 1917 жылдың аяғына таман құрылды. Сондықтан, өткен 2007 жылды Алашорда Үкіметінің 90 жылдығы деп санауға болады. Алашорда екі жылдай өмір сүрді. Нағыз гүлдеп, кемелденген кезі 1918 жыл болса, биыл, әрине, ол мерейтойлық датаға әбден сай келеді.

 

- Жалпы, өзі той қалай өтті, көңіліңізден шықты ма?

- Менің бір ылғи айтатын сөзім бар "Той жарыстырмайық, ой жарыстырайық" деген. Дұрыс, тойда халықтың көңілі көтерілуі керек. Ақындар айтысы, балуандар күресі, ат бәйгесінсіз тойдың сәні тағы кірмейді. Дейтұрғанмен, таразының басын тең ұстаған ләзім. Көбіне біз ғылыми мәслихат, конференциялардың алдына сауық - сайранды түсіріп аламыз. Мәселен, түстен кейінгі секциялық мәжіліс пен айтыс бір мезгілде басталды да конференцияға келетін бірсыпыра адам айтысқа кетіп қалды. Ойлайсың, екеуін екі күнге қойса қалай болар еді деп. Не де болса мұндай мәжілістерде той жағын азайтып, ғылыми - зерттеушілік сипатын көбейте берсек. Мысалы, кеше конференцияға Ақтөбеден ешкім келмей қалды. Ал, Ойыл - батыс Алашорданың үлкен бір орталығы болған, әскери қорғаныс комитеті тұрған жер. Ойылда Халел Досмұхамедов басқарған болыстық земстволық управа болған. Бүгінгі тілмен айтқанда әкімшілік орталық. Өкінішті әрине.

 

- Мұндай ғылыми конференцияны ауылдық жерде өткізу арқылы ұтарымыз бар ма? Конференция кезінде елді елең еткізетіндей қандай құнды жаңалықтар жария етілді?

 

- Осындай үлкен конференцияның ауылда өтуінің өзі мәнді. Мен мынадай ұсыныс айттым, Жымпиты мәслихатын жыл сайын өткізіп тұру керек. Неге, себебі сол алқалы жиында белгілі тарихшы ағамыз Мәмбет Қойгелді шығып сөйлеп, қызықты бір жайды сөз етті. Жергілікті Алашорда офицері Әлмұхамбет Оспанов деген кісінің мұрағаттан табылған фотосуретін көрсетті және ол туралы оның әйелі Макка деген кісінің іздеу салған хатын оқыды. Ә.Оспановты 1945 жылы абақтыға қамаған екен. Сол кезде залда үлкен қозғалыс пайда болды. Сөйтсе, залда Оспановты, оның әйелі Макканы, балаларын білетін, атын естіген адамдар бар екен. Өзі жымпитылық, руы қожа екен. Кейін ат бәйгесінің басында Оспановтың баласын кездестірдік, бір әттеген - айы, ол кісі осы тойға шақырылмаған болып шықты. Сонымен қатар, бұрын Әлмұхамбеттің атқосшысы болған татар азаматының Жымпитыдағы үйіне бардық. Сөзден сөз шықты. Жымпитының ішінде Қаратөбе дейтін көше бар, Оспанов сонда тұрған екен. Бір - ақ күннің ішінде біз осындай тың мәліметтер алдық. Ал, жергілікті өлкетанушылар, оқушылар ат салысатын болса ғажап болар еді. Мәселе ұйымдастыруға тіреліп тұр. Бір ғылыми зерттеу орталығы құрылса. Оралда М.Сыдықов басқаратын археология орталығы бар, мәселен, осы орталық сияқты. Мысалы, Семейдің бір өзінде екі Шәкәрімтану орталығы, Павлодарда университеттің жанынан Мәшһүр Жүсіп атындағы ғылыми зерттеу орталығы жұмыс істейді. Павлодарда белгілі тарихшы Ерлан Арын "Өлкетану" дейтін журнал шығарып жатыр. Семейде "Абай" журналы шығады, Қарқаралыда "Мәди", Астанада "Сарыарқа", Талдықорғанда "Мұқағали", Таразда "Жамбыл" дейтін журнал шығады. Біздің батыс өңірінде бірде - бір ғылыми - танымдық бағыттағы журнал жоқ. Орталық ашылса, оның жанынан мысалы "Шәңгерей" деген журнал шықса қандай жақсы болар еді. Табылған бүкіл материалдар жарияланар еді. Бұл ойымды мен облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменге де айттым, ол кісі қолдады, ұсынысыңды жазбаша бер, біз қарайық, бюджеттен қаржы бөлдіруге қам қылайық  деді.

 

- Жергілікті алаштанушылардан кімдерді бөле - жара атар едіңіз және Алаш тарихын ұрпақ жадында мәңгі қалдыру үшін бірінші кезекте қолға алынатын шараларды атасаңыз.

 

- Қазір Алашорда, соның ішінде батыс Алашорда туралы біраз кітаптар шықты. Тұяқбай Рысбеков, Исатай Кенжәлиев, марқұм боп кеткен Ғиниятолла Қарабалин, Жайсаң Ақбай бастаған жергілікті тарихшылардың, өлкетанушылардың бір шоғыры қалыптасты. Қайыржан Хасанов, қаратөбедегі Тілек Сағынов, Оралдағы Дәметкен Сүлейменова, Вячеслав Иночкин, жас ғалымдар Равиль Мәжитов, Бақтылы Боранбаеваның біраз еңбектері бар. Осыларды ашылып жатса орталық пен журналдың маңына топтау керек. Қазір әркім өз бетімен ізденуде. Соның өзінде біз шөміштің бетін қалқып қана жүрміз. Негізінен, Алашорданың тарихы Мәскеудің мұрағаттарында, бес - алты мұрағатта бірнеше томда шашылып жатыр. Оны көп зерттеген мәскеулік қазақ тарихшысы Дина Аманжолова "Казахский автономизм и Россия" деген өте жақсы кітап шығарды. Бұл да жеткіліксіз. Біз тез арада археографиялық экспедиция жасақтап, Мәскеуге жіберуіміз қажет. Неге тез, себебі, құжаттардың көпшілігі химиялық карандашпен жазылған, өшіп бара жатыр. Бүгінгі сапалы ақ қағазға сапалы баспаханалық бояумен басылған кітаптың ғұмыры әрі кеткенде жүз елу жыл. Ресеймен арамыз жақсы болып тұрған кезде пайдаланып қалғанымыз жөн. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ, заман ауып кетсе, олар мұны бұлан терісіндей бұлдап, сары алтынға сатады.

Батыс Алашордаға қатысты Оралда екерткіш салына ма, салынбай ма білмеймін, жоспар бар сияқты, дегенмен, менің мынадай бір ұсынысым бар. Қазіргі Орал - Ақтөбе тас жолының Жымпитыға дейінгі бөлігін Батыс Алашорда күрежолы деп атау жөнінде. Яғни, қаладан шыға беріске үлкен бір стелла қойып, оған Алашордаға қатысты ұлағатты сөздерді жазса. Билборд, панно қойса. Осының өзі тарих. Жас ұрпақ жадына жазылып қалатын үлкен шаруа.

- Әңгімеңізге рахмет.


Сұхбатты жүргізген Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

Орал қаласы

 

0 пікір