Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5359 0 пікір 24 Мамыр, 2009 сағат 04:25

Басына бақыт құсы қонып... ұшқан

Қазақ спорты тарихында желаяқ Ғұсман Қосановтың есiмi ерекше аталады. Ол – олимпиадаға тұңғыш қатысқан және олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ. Бiрақ спорттық жылнамаларда Қосанов есiмiне қатысты деректер қадау-қадау ғана. Мұның себебiн бәлен деп айту қиын. Жалпы сонау 1960, 1970 жылдардағы басылымдар мұрағатын ақтарып отырсаңыз, сол кездегi белгiлi спортшыларға қатысты жарияланымдардың аса сирек екенiне көз жеткiзесiз. Тұшымды тарихи мәлiмет алу қиынның қиыны. Десек те, қолымызға түскен деректер Ғұсман Қосанов өмiрiнiң жекелеген сәттерiнен елес тудыруға жетiп-артылатындай. Оның ұзын-ырғасы мынадай.

 

 

Қазақ спорты тарихында желаяқ Ғұсман Қосановтың есiмi ерекше аталады. Ол – олимпиадаға тұңғыш қатысқан және олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ. Бiрақ спорттық жылнамаларда Қосанов есiмiне қатысты деректер қадау-қадау ғана. Мұның себебiн бәлен деп айту қиын. Жалпы сонау 1960, 1970 жылдардағы басылымдар мұрағатын ақтарып отырсаңыз, сол кездегi белгiлi спортшыларға қатысты жарияланымдардың аса сирек екенiне көз жеткiзесiз. Тұшымды тарихи мәлiмет алу қиынның қиыны. Десек те, қолымызға түскен деректер Ғұсман Қосанов өмiрiнiң жекелеген сәттерiнен елес тудыруға жетiп-артылатындай. Оның ұзын-ырғасы мынадай.

 

 

ҒҰМЫР-ДЕРЕК
Ғұсман Қосанов 1935 жылдың 25 мамырында сол кездегi Семей облысы, Новопокровка (Бесқарағай) ауданының Изатолла ауылында туған. Сол ауылдағы Абай атындағы 7 жылдық мектептi тәмамдаған. Семей қаласындағы №13 темiр жол училищесiн, Кишиневтегi (Молдова) дене тәрбиесi техникумын, Алматы дене тәрбиесi институтын бiтiрген. 1960 жылғы Рим олимпиадасының күмiс жүлдегерi (4х100 метрлiк эстафета). 1964 жылғы Токио олимпиадасына қатысушы. Еуропа чемпионы, КСРО бiрiншiлiгiнiң күмiс жүлдегерi, Қазақстанның бiрнеше дүркiн чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңiмпазы. Қазақ жастары арасынан жеңiл атлетика бойынша тұңғыш спорт шеберi. 1990 жылы өмiрден өттi.
Марат, Арман есiмдi екi ұлы бар.

1. «Сүйiншi»
Ғ.Қосанов бала күнiнде спортшы болуды армандаған жоқ. Кәдiмгi ауылдың қарасирақ баласының бiрi ретiнде өсiп жатты.
Ғұсекеңнiң өз сөзi: «Спортшы боламын, оның iшiнде жеңiл атлетикамен шұғылданып, қысқа қашықтыққа жүгiремiн» деп еш ойлаған жоқ едiм» («Құс қанатты Қосанов», «Жас Алаш» газетi, 25 наурыз, 1996 жыл. Авторы – С.Шиманбай). «Төртiншi сыныпта оқып жүргенiмде «тәуiр жүгiредi-ау» деген оншақтымызды дене тәрбиесi пәнiнiң мұғалiмi аудандық жарысқа алып барды. Мен 100 және 400 метрлiк қашықтықтарда мәреге бiрiншi болып жеттiм. Осы жарыстан соң менi аудан құрамасына қабылдап, сол жылы Семей қаласында өткен мектеп оқушылары арасындағы облыстық жарысқа қатыстырды. Мұнда 100 метрдi 12,4 секундта жүгiрiп өтiп, жеңiмпаз атансам, 400 метрлiк бәсекеде екiншi орынға ие болдым. Менiң көп жүгiрiп, тынысымның ашылуына үлкен ағам мен мектептегi дене тәрбиесi пәнiнiң мұғалiмi Нүкен аға себепкер болды. Бiз ауыл орталығынан 6 шақырым жерде тұратынбыз. Күнделiктi сабаққа жаяу барып-қайтатынбыз. Түске дейiн оқып, үйге барғанымда үлкен ағам менi орталықтағы поштадан газет пен хат әкелуге жұмсайтын. Күнде осылай. Нүкен аға дене тәрбиесi сабағы болған күнi жүгiруден басқа ешқандай жаттығу жасатпайтын» («Биiк тұғыр», «Жетiсу» газетi, 12 желтоқсан, 1981 жыл. Авторы – М.Төлепбергенов).
– Бiздiң балалық шағымыз соғыс салған ауыртпалықпен тұспа-тұс келдi. Ұлы Отан соғысы басталғанда жасы қырыққа жетiп қалған әкемiз алдыңғылардың бiрi болып майданға кетiптi. Мен есiмдi емiс-емiс бiлемiн. Қазiр есептеп қарасам, сол жылы Құмар он бiр жаста, Әмiртай тоғыз жаста, Ғұсман алты жаста, мен үш жаста, кенже сiңiлiм Сәбира емшекте екен. Шешем Бибiнұрға түскен салмақты алпыстағы нағашы әжем Кәкiм бөлiстi. Әйтеуiр ағаларым үлкендермен бiрдей таңның атысы, күннiң батысы бел жазбай еңбек ететiн. Екi жылдан кейiн шешем Бибiнұр күрт науқастанып, көз жұмды. Бар болғаны отыз бесте едi. Көп ұзамай әкемiз жараланып, елге оралды. Шешемiздiң өлiмi қай-қайсымызға да оңай тиген жоқ. Әкем соғыстан кейiнгi өмiрiн хал-қадерiнше балаларының тәрбиесiне арнады. Кейiн жары майданнан қайтпай қалған Гүлжәмилә деген әйелге үйлендi. Марқұм жайлы кiсi болатын.
Ғұсман ағатайым елгезек, тым бауырмал едi. Желаяқтық туа бiткен қасиет деп бiлем. Шаруаны қолды-аяққа тұрмай iстеп, үлкендердi сүйсiндiретiн. Бiр күнi, көктемге таман ғой деймiн, әкей екеуi көршi ауылға бiр шаруамен барып келе жатыпты. Жол батпақ, әкей атты жетелеп келе жатса керек. Ойда жоқта жел күшейiп, қай жақтан келгенi белгiсiз үлкен құс ұшып келiп, шанадағы баланың басына қонады. «Құдай-ау, бұрын-соңды осындай алып, ақ құстың бiздiң өңiрде ұшқанын көрмеппiн, «алып кете ме?» деп үрейiм ұшып, айқайға бастым» дейдi әкем. Кейiн Ғұсманның жеңiстерiн көргенде: «Сол ақ құс баламның басына бақ қонатынын бiлдiрген ғой», – деп отыратын. Одан берi де талай өмiр өттi ғой. Әкей қызық адам едi. Изатолладан жетi шақырым жердегi Бармақ деген шағын ауылда он алты жыл бригадир болды, Ғұсманды аттың құйрығына арқан байлап, содан ұстатып, жүгiртiп дайындайтын. Барлық бала кейде қызықтап, қарап тұратынбыз. Ғұсман жетi жылдықты бiтiргеннен кейiн қалаға кеттi. Спортпен айналысып жүргенiн бiлгенiмiз болмаса, терең мән берiп жатпайтынбыз. Әскер қатарына алынып, әскери қызметiн атқарған Кишиневте қалып қойып, жүгiруден шеберлiгiн арттыра түстi. Ағайындар газетке жазылған мақалаларды әкелiп, әкейден сүйiншi сұрап жататын. Бауырымыздың мықты спортшы екенiн бiз де түсiнiп, айналамызға мақтанышпен қарайтынбыз. 1960 жыл ерекше жыл болды. Ғұсманның елiмiздiң атынан Рим олимпиадасына баратынын бiлдiк. Көрген жұрт бiр-бiрiнен жаңалық сұрап, орталықтан шығатын басылымдарды ауыл болып оқып, қуанышты хабар күтетiнбiз. Қайсысын айтайын, сол жолы Ғұсманның ғана емес, ауылдың, елдiң бағы жанды. Бiздiң Изатоллаға деген көзқарас та өзгердi, – деп еске алады Ғұсекеңнiң Семейде тұратын қарындасы Нағима Қосанова («Тiрi болса, Ғұсман 70 жасқа толар едi», «Айқын» газетi, мамыр, 2005 ж. Авторы – С.Қажыоспанқызы).
Қосановтың спорттағы бағын азаматтық борышы ашты. Ол әскери мiндетiн Украинаның Севастополь қаласында, кейiн Кишиневте өтедi. Севастопольда жеңiл атлеттер жарысына қатысып, 100 метрдi 12 секундта жүгiрiп өтедi. Жарысты полк командирi тамашалайды. Артынан ол Қосановты шақырып алып, полктағы жеңiл атлеттердiң жаттықтырушысы В.Ружинскийге табыстайды. Кәнiгi бапкер Вячеслав Гаврилұлы Ғұсманның тума желаяқ екенiн бiрден аңдайды. Сөйтiп, жүгiрудiң техникасын үйрете бастайды. Қосановтың нәтижелерi жақсарған үстiне жақсара түседi. Одесса әскери округының бiрiншiлiгiнде 100 метрдi 10,5 секундта артқа тастайды, 200 метр қашықтықта 21,7 секунд нәтиже көрсетедi, екi қашықтықта да чемпион атанады. Әскери округ құрамасынан КСРО-ның қарулы күштер құрамасына алынады. Әскери қызметтен кейiн Ғ.Қосанов Молдовада тұратын КСРО-ның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы А.Масловскиймен танысады. Кишиневтегi дене тәрбиесi техникумына қабылданатыны да осы жылдар. Техникум қабырғасында жүрiп, қазақ ұланы КСРО спорт шеберi атануға қойылатын талапты толық орындайды.
Ғұсманның қазақ елiне танылуына бiрден-бiр еңбек сiңiрген жан – даңқты спорт журналисi, жазушы, қайраткер азамат Сейдахмет Бердiқұлов. Қосанов Молдовада әскер қатарында жүргенде КСРО халықтарының спартакиадасында бiрiншi орынға ие болады. Осы хабарды С.Бердiқұлов Кишиневтен «Сүйiншi!» атты шағын да болса мазмұнды мақаласымен қазақ жұртына хабарлайды: «1959 жылдың тамыз айы. Осыдан екi-ақ жыл бұрын Қазақстан спартакиадасының жарыстарын жазуға толқи, тебiрене араласқан жас журналист төбесi көкпен таласқан «Лужникидiң» ұшар басындағы баспасөз ложасында отыр. Көз алдында – КСРО, Еуропа, әлем рекордтарының тайқазаны, қарсы трибунаның биiктегi қатарлары көз ұшында бұлдырайтын Орталық стадионда – КСРО халықтары II спартакиадасының жеңiл атлетика жарыстары... [] Сөреге көздi ашып-жұмғанша зу ете қалатын 100 метрге жүгiретiн желаяқтар тұрды... [] Тапанша тарс еттi. Атқан оқтай зулаған алтау, 183-нөмiрлi көгiлдiр майка Николай Политиканың өзiнен сынық сүйем озып, лентаны бiрiншi қиды. Аспанның жартысындай таблоға қып-қызыл шоқпен «10,4. Қосанов (Молдавия)» деп жазылды... []
Мәскеу уақытымен таңғы сағат алтыда «Лениншiл жас» газетiнiң стенографисткасы Бибiхан Байтiлесоваға жас журналист екiлене, телефон құлағының жарғағын жара самбырлады:
«Сүйiншi!»
«Лениншiл жас» газетiнiң КСРО халықтары спартакиадасындағы арнаулы тiлшiсi спортты сүйетiн қалың қауымнан сүйiншi сұрайды. Қазақ жастары арасынан жеңiл атлетикадан тұңғыш КСРО спорт шеберi, қазiр Молдовада әскер қатарында жүрген жерлесiмiз Ғұсман Қосанов кешегi кешкi жарыста 100 метрге жүгiруден бiрiншi орынға шықты. Көрсеткiшi аса жоғары, халықаралық деңгейде. Күзде елге оралады. Сонда Қазақстанның ең қысқа қашықтықтағы рекорды 10,4 секунд болады. Бұл – мәстектен жеңiл мәшинеге мiнгенмен бiрдей». (С.Бердiқұлов. Таңдамалы. Алматы; «Жазушы», 1991 ж. 30-31 беттер).

2. Рим додасы
Осы 10,4 секунд нәтижеҚосановтың КСРО құрамасына қабылдануына жол ашты. Құрамада Ғұсман В.Филиннiң басшылығымен жаттыға бастайды. Ұлыбритания – КСРО жолдастық кездесуiнде Ғұсман командаластарымен бiрге 4х100 метрлiк эстафетада озып шығады. Осы жарыстан кейiн ол Рим олимпиадасына бару құқын иеленедi.
Римде Қосанов алдымен 100 метрлiк жеке жарысқа қатысады. Ғұсекеңнiң өз естелiгi: «Төрешiлер 100 метрге жүгiретiн жүйрiктердi топ-топқа бөлiп тастады. Алғашқы сында-ақ аты әлемге әйгiлi америкалық желаяқ Р.Нортонның тобына түсiп қалдым. Менiң ә дегендегi жылдамдығым өте жоғары болатын. Бұл қашықтықта 90 метрге дейiн өзiмнен озған жүйрiктi кездестiрмеген едiм. Бұл жолы да солай болды. Ә дегеннен суырылып алға шықтым. Менiмен үзеңгi қағыстырған Нортон да барын салды. «Мәре сызығын бiрiншi қидым-ау» дегенiмше болмады, Нортон қатарласып үлгердi. Фотомәре сызыққа Нортонның кеудесi бiрiншi iлiнгенiн көрсеттi. Мен де жартылай финалға шықтым. Жеребе дегендi қойсаңшы, жартылай финалда әлгi Нортонмен, ГФР-лық А.Хари, италиялық Р.Берутти секiлдi әйгiлi желаяқтармен бiр топқа түстiм. Иә, сонда... тәжiрибесiздiктiң орнын толтыра алмадым. Алғашқы сегiздiкке iлiне алмай қалғанымда өкiнiштен көзiмнен жас та шығып кеттi» («Биiк тұғыр»). Қосанов бұл сында 10,7 секунд нәтижемен 6-орында қалды.
Бұл сәтсiздiктiң есесiн Кеңес желаяқтары эстафетада қайырды. Осы сында финалға АҚШ, Италия, қос Германияның бiрiккен командасы, Ұлыбритания және КСРО құрамасы шыққан-ды. Кеңес құрамасында Ғұсманмен бiрге Л.Бартенев, Ю.Коновалов және Э.Озолин жүгiрдi. Ғұсман жарыс жолына алғашқы болып шығып, таяқты әрiптесi Л.Бартеневке бiрiншi болып жеткiзiп бередi. Бiрақ Бартенев немiс қарсыласын сәл алға жiберiп алады. Ю.Коновалов та таяқты соңғы кезеңде жүгiретiн Э.Озолинге екiншi болып табыстайды. Шешушi кезеңде Озолиннiң қарсыласы соның алдында ғана 100 метрлiкте олимпиада чемпионы атанған А.Хари едi. Хари мәреге бiрiншi жетедi. Германиялықтардың нәтижесi 39,5 секунд, жаңа әлем рекорды болып тiркеледi. Күмiс жүлде тағынған КСРО құрамасының нәтижесi – 40,1 секунд. КСРО құрамасының негiзгi қарсыласы АҚШ құрамасы жарыс тәртiбiн бұзғандықтан, орта жолда айыпталған-ды. Сөйтiп, Ғұсман Қосанов қазақ халқы үшiн олимпиада кiтабын ашты да, оған алғашқы болып өз есiмiн жазды.
Қосанов 1964 жылғы Токио олимпиадасына да қатысты. 100 метрге жеке жарыста ол жартылай финалға жеттi. Ал Э.Озолин, Б.Зубов, Б.Савчукпен бiрге эстафетада бесiншi орын алды.

3. Өмiр сапарының жұмбағы
Спорттық ғұмырын аяқтаған соң Ғ.Қосанов жаттықтырушылықпен айналысты. Республиканың құрама командасына да жетекшi болды. Жеңiл атлетикадан республикалық жоғары спорттық шеберлiк мектебiнiң директоры қызметiн атқарды. Бiрақ 1990 жылы қазақтың тұңғыш олимпиада жүлдегерi Ғ.Қосанов өмiрiн өз еркiмен қиды. Мұндай қадамға даңқты желаяқтың не себептi барғаны әлi күнге дейiн жұмбақ.

Аркадий Денисов, спорт ардагерi:
– 1960 жылдардың басында Әмин Тұяқов пен Ғұсман Қосанов бiздiң Орта Азия, оның iшiнде Қазақстан туралы түсiнiгiмiздi мүлдем өзгерттi. «Орта Азияда жұрт спортпен айналыспақ түгiлi, өздерiнiң тiршiлiк әуресiнен шыға алмайды» деп бiлушi едiк бiз. Осы өлке туралы сөз бола қалса, көз алдымызға қапырық ыстық, мақта, арықтар, есектер, түйелер, тiршiлiк қамытын киген адамдар келетiн. Кенет Қазақстаннан екi желаяқ жiгiт келе қалды да, спринтерлiк қашықтықтарда бiздiң несiбемiздi тартып ала бастады. Әуелi аймақтық және студенттiк жарыстарда, сосын тiптi Кеңес Одағы чемпионаттарында озды. Мына нәрсеге сене аласыз ба – 1962-1967 жылдар аралығында 4х100 метрлiк эстафетадан КСРО құрамасының тең жартысы қазақтар болды! Және осы құраммен 1965 жылы мүмкiн емес делiнетiн жетiстiкке жеттi – АҚШ-тың эстафетадан суперкомандасын артта қалдырды. Мұндай оқиға спорт әлемiнде жарты ғасырға жуық болмаған-ды...

Әмин Тұяқов:
Ғұсманды жерлестерi де ұмытып барады
– Ғұсманның есiмiн 1957-58 жылдары ести бастадым. Екеумiз Мәскеуде таныстық. 1959 жылы Мәскеуде КСРО халықтарының II спартакиадасы өткен-дi. Қосалқы стадионда дене қыздырып, жаттығу жасап жүрiп, үстiнде «Молдавия» деп жазылған кеудешесi бар қараторы жiгiттi көрiп қалдым. Есiмiн құлағым шалып жүргендiктен, бұл жiгiттiң Ғұсман екенiн шамалап бiлiп тұрдым. Қасына бардым да: «Қазақсың ба?» – деп сұрадым. «Қазақпын» дедi ол. Сөйтiп, екеумiз танысып кеттiк. Содан кейiн ол КСРО құрамасына кiрдi. Римде эстафетаға жүгiруден күмiс жүлде алды. Бұдан соң екеумiздiң спорттық өмiрiмiз қатар өрбiдi.
1962 жылы Қазақ КСР спорткомитетiнiң төрағасы Қаркен Ахметовпен жолыққанымызда, ол кiсi Ғ.Қосановтың неге Молдовадан елге қайтпай жүргенiн сұрады. Мен Ғұсманның Зинаида есiмдi молдован қызына үйленгенiн, Марат атты ұлының өмiрге келгенiн, елге келу үшiн оған баспана қажет болатынын айттым. Қарекең күзде спортшыларға үй берiлетiнiн, оған Ғұсманды да кiргiзетiнiн айтып, уәде бердi. Ол кезде қазiргi Сәтбаев көшесi Университетская деп аталатын. Сол көшенiң бойынан күзге қарай комсомолдар мен спортшыларға үй берiлдi. Ғұсман да үйлi болды, дене тәрбиесi институтына түстi.
Ғұсман Э.Озолин, Н.Политика, Б.Савчук, Л.Бартенев, Ю.Коновалов, т.б. кеңес жүйрiктерiмен қатар жүрiп, өсе бiлдi. Бiрақ Ғұсман өзi саяқтау жүретiн жiгiт едi.
1990 жылы Ғұсман қайтыс болғаннан кейiн, 1991 жылдан бастап оның атында жеңiл атлеттер жарысын өткiзе бастадық. Бiр таң қалатыным, Ғұсманның туған жерiнен ешкiм арнайы келiп, жүлде тағайындап, жүлде түгiлi, «бiздiң өлкеде туған азаматты есте қалдыру үшiн жарыс өткiзiп жатырсыңдар-ау» деп назар аударып көрмептi. Әлде Семей өңiрiнен әр олимпиада сайын чемпион шығып жатыр ма? Қазiр «Ғұсман Қосанов мемориалы» – өте мәртебелi жарыс. Онда тiптi олимпиада жолдамалары да сарапқа салынады, Азияның жарыстар кестесiне де ресми тiркелген. Сондықтан алдағы уақытта Семей өңiрiнен өз перзенттерi үшiн мемориалда арнайы жүлде тағайындайтын азаматтар шығып жатса, құба-құп. Менiң бiлуiмше, Ғұсманның атын тарихта қалдыру үшiн тырысып, жанұшырып жүрген жалғыз адам бар. Ол – Ғұсекеңнiң қарындасы Нағима. Нағима зыр жүгiрiп жүрiп, Семейден Ғұсманның атынан көше ашылуына мұрындық болды. Бұл – тым  аз құрмет.

Есей Жеңiсұлы, «Жас қазақ» газеті, №4, 2008 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520