ГЕЙДАР ӘЛИЕВ сарайының алдында ГЕЙДАР ӘЛИЕВ ескерткіші, ГЕЙДАР ӘЛИЕВ паркі бар...
Әкелі-балалы Гейдар мен Ильхам Әлиевтердің бір-біріне қарап, әңгімелесіп тұрған бейнесі – Әзірбайжан астанасы Бакудегі ең жиі кездесетін сурет. Суретте әке Әлиев қабағын шытып, әлдене туралы терең ойға батып, ақсақалға тән данагөйлікпен баласына ақыл айтып тұрса, бала Әлиев қолын иегіне қойып, әкесінің әр сөзін мұқият тыңдап тұр. Осы суреттің әртүрлі көлемдегі көшірмелері аяқ аттаған сайын ұшыраса береді. Көшедегі үлкен тақтайшаларда, мекемелердің алдында, қабырғаларда, тіпті дүкен сөрелерінде осы сурет бірден көзге түседі. Осы суреттің өзі сабақтас династиялық билік туралы мемлекеттік идеологияның бағыт-бағдарын паш етіп тұрғандай.
Бакудің орталығындағы шағын фотосалонға бас сұққанымызда Әлиевтердің түрлі жағдайда түскен жиырма шақты портретін санап шықтық. Гейдар Әлиевтің алып портреті даңқты Ататүріктің бейнесінің тұсына қатар ілініпті. Одан төменіректе дәл сондай көлемде (бұрынғы Компартия көсемдерінің портреттерімен пара-пар) қазіргі президент Ильхам Әлиевтің ресми портреті тұр. Бір суретте президент балалардың ортасында, бір суретте – әскери киімде. Өзін Физулла Ахмедова деп таныстырған сатушы әйел бұл суреттерді тізіп қойғанына мақтаныш сезімін жасырмады. Физулланың айтуынша, оларды мәжбүрлеп отырған ешкім жоқ. «Бұл портреттерді көбіне ресми мекемелерге, шенеуніктер өз кабинеттеріне алады. Кейде шетелдіктер де естелік ретінде сатып алып жатады. Бағасы жай адамдардың суреттерінен қымбат болғандықтан, бізге тиімді», – дейді ол.
Бұрындары Ленин сарайы аталып, кейін келе «Республика сарайы» деген атқа ие болған мәдениет ордасы Гейдар Әлиев сарайына айналған. Оның алдындағы әсем фонтанды алаңда Гейдар Әлиевтің алып ескерткіші орнатылған. Әзірбайжанның бұрынғы президенті оң қолын созып, болашаққа жол көрсетіп тұр. Гейдар Әлиев бағынан көшенің арғы бетіне өткізетін жерасты жолына жылжымалы баспалдақпен барасың. Түсерде маңдайшадан – Ильхам Әлиевтің, шығарда – Гейдар Әлиевтің тасқа ойылып жазылған сөздерін оқуға болады. Естуімізше, әкелі-балалы Әлиевтердің сөзімен қанаттандыратын жерасты жолы бір бұл емес. Қаланың 11 ауданының барлығында, жалпы Әзірбайжанның 59 ауданының әрқайсысында (Әзірбайжанға қарамай тұрған Таулы Қарабақтағы аудандардан басқасы) Әлиев атындағы бір-бір бақ бар. Оның үстіне спорт кешені мен әуежайға, бұрынғы Мәскеу даңғылына сол кісінің есімі берілген.
Әзірбайжан парламенті – Милли мәжіліс депутаты Сиявуш Новрузов 10 мамырда аталып өткен Гейдар Әлиевтің туғанына 85 жыл толған мерейтой құрметіне бас бостандығынан айырылғандарға амнистия жариялау туралы ұсыныс тастады. Биліктегілердің көбі Гейдар Әлиевтің Әзірбайжан мемлекетін қалыптастырудағы рөлін жоғары бағалайды.
Саясаттанушы, Баку саяси зерттеулер және адвокатура орталығының директоры Илгәр Мәмедовтен халықтың бұрынғы президентке осынша зор құрмет көрсетуінің сыры неде деп сұрадық. «Бұл – шынайы жағдаймен байланысы жоқ насихат, өкіметтің өзі ойлап тапқан аңыз, – дейді ол. – Соңғы сайлауға сайлаушылардың үштен екісі қатысқан жоқ. Осы арқылы халық бұл режимге көзқарасының қандай екенін ашық білдірді. Бізде Лениннің, Сталиннің ескерткіштерін тастайтын орындар көп болған. [Ильхам Әлиев биліктен кеткен соң] ескерткіштерді тастайтын жаңа орындар ашылады. Бәлкім, бұл ескерткіштер пролетариат көсемдерінікіне қарағанда қымбатырақ болатын шығар», – деді Мәмедов кекесінмен.
Митинг өткізуге рұқсат… қаладан 8 шақырым жерде
Жақында Әзірбайжанның билікке жақын «Лидер» телеарнасынан оппозиция серкелерінің бірі, Әли Керимли туралы «Құлдырау» деген деректі фильм көрсетіліпті. Онда авторлар Әли Керимлиді сатқын саясаткер әрі жігіттерге қырындайтын «көгілдір» етіп көрсетеді. «Далга» жастар қозғалысының жетекшісі Вафа Жафарованың айтуынша, фильмді жасаушылар саясаткерді жалаң сөзбен айыптайды, айтқан сөздеріне ешқандай дәлел келтірмейді. «Бұл – кісіні қаралаудың ең сорақы әдісі. Олар қара пиарды ең қарабайыр тәсілдерін қолданған. Кезінде оппозицияда болып, кейін билік жағына ауысқандардың аузымен Керимлиге ауыр айып тағып, оның ар-намысын қорлаған. Биліктегілердің мақсаты – президент сайлауының қарсаңында халық арасында беделді, харизмалы тұлғаның сағын сындырып, қарабет қылу», – дейді В.Жафарова. Телеарна фильмді прайм-тайм уақытында, яғни теледидарды кісі көп көретін мезгілде эфирге шығарған. Адам құқықтарын қорғау мекемелері, журналистердің тәуелсіз ұйымдары бұл фильмнің этикаға жат екенін айтып, билікке шағымданған. Ал «Лидер» телеарнасы «көрермендердің сұрауы бойынша» деген желеумен оны эфирге қайталап шығарыпты. Халық арасында бұл арна Әзірбайжан президентінің жақын туысына тиесілі деген әңгіме бар.
2002 жылы Таулы Қарабақ соғысының ардагерлері Қарабақ соғысы мүгедектерінің қоғамы деген қоғамдық мекеменің кеңсесінде үкіметтен өздерінің әлеуметтің жағдайына көңіл бөлуді талап етіп аштық жариялаған. Қауіпсіздік күштері ғимаратты қоршап алып, ішке басып кірген. Онымен қоймай, аштық жариялаған бірнеше адамды соққыға жығып, жарақаттаған.
«Халықтық майдан» оппозициялық қозғалысы төрағасының орынбасары Фуад Мұстафаевтың айтуынша, олар 2003 жылдан бері жүзге тарта наразылық шарасын ұйымдастырыпты. «Осы аралықта мыңдаған адам қысқа мерзімге түрмеге қамалып, бес мыңға жуық адам жарақат алды», – дейді ол. Былтыр 8 желтоқсанда олар қаланың шетіндегі Украина алаңында түрмеде жатқан журналистердің құқықтарын қорғап митинг өткізбек болыпты. «Митингке екі күн қалғанда Баку қаласының әкімшілігі бізге «шараны Бибихейбат стадионында өткізіңдер» деген хат жіберіпті. Бұл стадион Бакуден 8 шақырым жерде, кісі аз тұратын, қоғамдық көлік мүлде қатынамайтын шеткеріде орналасқан. Ақыры сол митинг өтпей қалды», – дейді Ф,Мұстафаев.
«Далга» жастар қозғалысы былтыр Бакудің орталығында «газет оқу акциясын» өткізген. «Акцияның мақсаты – газеттердің олигархтардың қолжаулығы болып отырғанына қарсылық білдіру. Көшеде жиналып, газет оқи бастағанымызда полицейлер қоршап алып, қамап тастады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, топталып отырып газет оқу қоғамдық тәртіпке қайшы келеді екен», – дейді «Далганың» жетекшісі. Олар «автокөліктің орнына велосипедпен жүру керек» деген бейбіт ұран көтеріп, велосипедпен шеруге шығыпты, онда да белсенділер полиция бекетіне тоғытылған.
Биліктегі «Иени Әзірбайжан» партиясының өкілі Мубариз Гурбанлы ұйымдастырушылар митинг өткізуге тыйым салынған орындарды таңдамаған болса, олардың қандай да бір жиналыс өткізуіне еш кедергі жоқ дейді. «Мәселен оппозиция өкілдері метро бекетінің маңында шеру өткізгісі келеді. Ол – кісі көп жиналатын, көлік қатынасы үшін өте маңызды орын. Ол жерде митинг болса, халық кептеліп, жүргіншілерге кедергі келтірмей ме?» – дейді билік партиясының өкілі.
Нанның қымбаттауына Қазақстан кінәлі
Мұстафа есімді 39 жастағы жігіт Баку теміржол бекетінің маңында лотерея билеттерін, телефон карточкаларын сатып отырады. Өзінің айтуынша, күнде таңертең лотерея мекемесінің шағын үстелі мен орындығын алып осында жайғасады. Күндік жалақысы сатқан билеттерінің есебінен шығарылады. «Бір күнде 10-15 манат (шамамен 1400-2200 теңге – ред.) табамын, кей күндері табысым тіпті 10 манатқа да жетпейді», – дейді күн көзінен қорғанып, жарнама тақтайшасының тасасында отырған Мұстафа. Тапқанының көбін шаһардан 100 шақырымдай жерде тұратын үйіне барып-қайтуға жұмсайды. Бала-шағасын ауылға қалдырып, Бакуден нан тауып жүргендердің біразы көше саудасын кәсіп етеді екен. Байқаймыз, олардың көбі орта жастағы ер кісілер. Іші пысқан саудагерлер көшенің ортасында отырып-ақ домино, нарды сияқты ойындардың көрігін қыздырып, қауқылдасып жатады.
Әзірбайжанның статистика жөніндегі мемлекеттік агенттігінің мәліметі бойынша 2007 жылы елдегі орташа жалақы 177 манат болған (шамамен 26 мың теңге). Зейнеткерлер орташа есеппен 70 манаттай зейнетақы алады (шамамен 10 мың теңге).
Бакуде 40 гәпіктен (Әзірбайжан тиыны – ред.) арзан нан кездестірмедік. Бұл – шамамен 58 теңге. Картоптың құны – 90 гәпік (шамамен 131 теңге), Ираннан әкелінген құлпынай – 2 манат 50 гәпік (366 теңге), қызанақ – 3 манат 50 гәпік ( 512 теңге) , жарты литр сұйық май – 2 манат 60 гәпік (380 теңге), бір литр сүт – 2 манат (292 теңге) тұрады. Соңғы кездері мұнда нанның бағасы күрт өсіпті. Бұған бір себеп – әлемдік нарықтағы тербелістер болса, және бір себеп – Қазақстан үкіметінің сыртқа бидай сатуға шектеу қою туралы шешімі. Әзірбайжан Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның бұл шешімі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне бәлендей әсер етпейді деп сендіріп отыр. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында осы министрліктің өкілі Сабыр Валиев: «Қазақстан экспортқа шектеу қойса, бұдан өздері ұтылады. Өйткені, қоймада астығымыз жеткілікті, ал қыркүйектен бастап біз өз бидайымызды пайдаланамыз», – дегенді айтқан.
Мұнайым бар – мұңым бар
Біз отырған такси Баку көшелерімен келе жатып, үлкен кептелекке тап болды. 4 миллион тұрғыны бар қалада көліктің санында есеп жоқ. Нөпір болып ағылып жатыр. Мәмет есімді жүргізуші қатты ашулы. Қаптаған мәшиненің ортасында бір сағатқа жуық тұрдық. Бақсақ, біз кесіп өтетін бір көшемен үкіметтің кортежі жүретін болып, жолды жауып тастапты, кептелектің себебі де сол екен. «Күнде осы, бұлар біздің әр минутымыз ақша екенін қайдан білсін? – дейді билікті қарғап-сілеген Мәмет. – Жүргіншімен алдын-ала жол ақысын келісіп аласың, ал бұлар көшеге қаңтарып қояды. Содан не дұрыс ақша таппай, жанармайды тауысып үйге қайтасың». Мәмет ескі «Рено» көлігімен жолаушы тасып күнелтеді. «Такси» деген арнайы белгіні аяғының астына жасырып қойыпты. «Оны көрсетіп жүрсең, айына 15 манат салық төлеуің керек, оның үстіне лицензиясы тағы бар. Ал лицензия алу – қиямет-қайым. Жемқорларға біраз ақша шығындауың керек. Бізде біреудің құлқынын толтырмай мәселе шешу мүмкін емес», – дейді Мәмет. Шет-шегі жоқ кептелектен шығу үшін жол ережесін де бұзуға тура келеді екен. Ереже бұзғандарға айыппұл көлемі де үлкен екен. Қалада такси бағасы қымбат. Қарға адым жер болса да, 3 манаттан аз беруге болмайды. Есесіне, метромен жүру өте арзан. Стансадан әр кіргеніңе 5 гәпік (7 теңге) кетеді.
Әзірбайжанда жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 9 мың АҚШ доллары. Экспорттың 90 пайызы – мұнай мен газ. 2010 жылға қарай Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы шикізат сатудан түскен табыстың арқасында елдің ішкі жалпы өнімі екі есе өседі деген үміт бар. Алайда тәуелсіз сарапшылар үкіметтің экономикалық саясатында осал тұстар көп екенін айтады. АҚШ Орталық барлау басқармасының Әзірбайжан туралы есебінде: «Кедейлердің үлесі біраз төмендесе де, энергетика саласын дамытудың арқасында елдің әл-ауқатын көтеру жоспары жүзеге аспай отыр», – делінген.
1990-жылдардың басында Әзірбайжанның ұлттық мұнай компаниясын басқарған экономист-ғалым Сәбит Багиров үкіметтің алыс болашаққа бағытталған нақты экономикалық бағдарламасы жоқ дейді. «Бізде тек мұнай қорындағы қаражатты жұмсаудың шегі көрсетілген мемлекеттік бағдарлама бар. Үкімет тек жыл сайын алдағы жылға жоспар жасағанда сол табыстан қанша ақша алатынын анықтайды. Экономиканы диверсификациялауда үкімет басқа елеулі ештеңе тындырып отырған жоқ», – дейді С.Багиров.
Әзірбайжанда біздегі сияқты болашақ ұрпақтың қамы үшін мұнай қоры құрылған. Биылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша бұл қорда 3 миллиард 335 миллион АҚШ доллары қордаланған. Қордың қаражатын қайда, қашан жұмсауды президент шешеді. Мамандар бұл тәртіп қордағы қаржыны дұрыс сақтауға мүмкіндік бермейді деп алаңдайды. Экономикалық және әлеуметтік зерттеу орталығының сарапшысы Вюгар Байрамовтың айтуынша, тіпті Чад, Уганда сияқты елдердің өзінде мұнай қорының қаражаты бірнеше билік тармақтарының қатысуымен ақылдаса отырып жұмсалады.
Қазақстан мен Әзірбайжан дағдарыстан оп-оңай шыға алады
Әзірбайжанда да Грузиядағы секілді, әлемдік қаржы дағдарысының зардаптары онша қатты білініп жатқан жоқ. Тбилисиде де, Бакуде де банктер рейтингінің төмендеуі, ипотекалық дағдарыс, құрылыс компанияларының тоқырауы деген сияқты Қазақстанды толғандырып отырған мәселелер мемлекеттік деңгейде қозғалып жатқан жоқ. Бакуде құрылыстың қарқыны қатты. Қалаға кіргеннен 20-25 қабатты жаңа тұрғын үйлердің көптігін байқайсың.
Өткен жылдың соңынан бері жергілікті сарапшылар Бакуде тұрғын үй бағасы арзандайды деп болжап келеді. Оған басты себеп – үй бағасының шамадан тыс шарықтауы. «Халықтың сатып алу мүмкіндігі төмендегендіктен, жаңа тұрғын үйге деген сұраныс азайды. Сондықтан құрылыс компаниялары жаңа пәтерлердің бағасын арзандатуға мәжбүр болады», – дейді «Мүлік нарығының қатысушылары» атты қоғамдық ұйымның атқарушы директоры, экономист Нүсрет Ибрагимов. Қазір Бакуде пәтердің орташа бағасы 1000 манат төңірегінде ($1200). Жылжымайтын мүлік саудасы біраз тоқырауға ұшыраса да, баға әлі төмендемеген. Каспий жағалауындағы элиталық аудандарда 1 миллион долларға сатылып жатқан үйлер де бар екен.
Сарапшылар үкімет құрылыс компанияларына көңіл бөлмесе, олар банкротқа ұшырауы мүмкін деп отыр. Былтыр күзде Әзірбайжанның мемлекеттік ипотекалық қоры қаржының жоқтығынан жұмысын тоқтатқан. Биылдан бастап бұл қор әлеуметтік ипотекалық бағдарламаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ал коммерциялық құрылыс саласына төніп тұрған қауіпке Әзірбайжан басшылығы әзірге назар салмай отырған сыңайлы.
Әзірбайжанның банк саласы қаржылық нарықтағы тербелістерге әлі қыңқ дей қоймаған. Халықаралық «Fitch rating» агенттігінің соңғы есебінде елдің банк жүйесіндегі жағдай бірқалыпты деп бағаланған. Агенттік Әзірбайжан банктік несие беру көлемі жөнінен ТМД-да соңғы орындардың бірін алатынын айтыпты. Банктердің дағдарысты сезінбеуінің бір себебі де сол болса керек. Біздің байқағанымыз, банктер несие беруде клиенттің табысының көлеміне қатты көңіл бөледі, көп көлемде несие бермеуге тырысады. Біздегідей кепілдіксіз несие беру дәстүрі мүлде жоқ. Тұтыну несиесін алғанда да жылжымайтын мүлік кепілге қойылады.
Экономист Сәбит Багиров Қазақстан банктерінің әлемдік дағдарысты бірден сезінуінің себебі – елдің банк жүйесі әлемдік нарыққа тереңірек еніп кеткендіктен дейді. «Шынтуайтына келсек, біздің банктер де Батыстың қаржы институттарынан несие алып, ол ақшаны көбірек пайыздық үстемемен халыққа беруден табыс тауып отыр. Менің есебім бойынша, Әзірбайжан банктерінің сыртқа қарызы 1,5 миллиард АҚШ долларына жеткен. Мәселе тек Батыстан алған несиенің жалпы ауқымында болып отыр», – дейді Багиров.
Қазақстан, Әзірбайжан секілді мұнайға бай елдердің бұл дағдарыстан шығуға қауқары әбден жеткілікті дейді сарапшы. Тек бар болғаны үкімет мұны дер кезінде түсініп, қаражатты орынды жұмсай білсе болды.
Қарабақ жарасы сыздап тұр
Әзірбайжанның осы күнгі ең үлкен мәселесі – Таулы Қарабақ. 1990-жылдардың басындағы қарулы қақтығыс кезінде Әзірбайжан өзіне тиесілі болып келген, негізінен армяндар қоныстанған Таулы Қарабақ аймағын Арменияға беріп қойған. Қазір Әзірбайжан ел аумағының 16 пайызы оккупацияда деп санайды. Қақтығыс кезінде аймақтан босып кеткен 1 миллионға жуық адам ішкері жаққа қарай қоныс аударған. Таулы Қарабақта ешкім мойындамаған, Арменияның қолдауына сүйенетін республика құрылған. Әзірбайжан қоғамында Қарабақ мәселесіне қатысты түрлі пікірлер бар. Өкімет «оккупанттармен келіссөз жүргізуден бас тартып» отыр, қарулы қақтығыс вариантын да қарастырып отырған жоқ. Оппозиция жағы «жерді қайтаруға қауқарсыз» деп билікті айыптағанымен, өздері ақылға қонымды ештеңе ұсына алмай отыр. Ел ішінде «Қарабақты тек соғыс арқылы қайтаруға болады» деген пікір кең тараған.
Кезінде Әзірбайжан ішкі істер министрлігін басқарған, осы күні Ұлттық-демократиялық партияға жетекшілік ететін Ескендір Гамидовтің есебінше, әзірбайжан жастарының 70 пайызы қару алып, соғысқа қатысуға ниетті. Президент Ильхам Әлиевтің: «Ереван (Арменияның астанасы – ред.) – әзірбайжанның қаласы, ол кезінде армяндарға қателікпен берілген», – деген мәлімдемесі екі ел арасындағы шиеленістің тамыры қаншалық тереңде екенін дәлелдейді. Әзірбайжан басшысы биыл қорғаныс саласына 2 миллиард доллар қаржы жұмсалатынын айтқан. Халықтың жан басына шаққанда 250 доллардан келеді. Былтыр бұл көрсеткіш осының жартысын ғана құраған.
Саясаттанушы Илгәр Мәмедовтің айтуынша, Әзірбайжанға алдағы бес жылда Арменияға қарсы соғыс ашудың қисыны жоқ. «Бес жыл ішінде біз мұнай сатудан 50 миллиард доллар пайда табамыз деп отырмыз. Қақтығыс бастала қалған жағдайда біз бұл пайдадан қағыламыз. Армяндар біздің мұнай құрылымдарымызды қиратуы мүмкін. Бес жылға дейінгі мерзім ішінде отты Армения тұтандыруы ықтимал. Ал үкіметтің әскери шығынды ұлғайтып отырғаны – ақылға қонымды әрекет, біз қорғануға тиіспіз», – дейді И.Мәмедов.
Уақытша тыныштықтың қаншаға созылары белгісіз. Жағдайдың әрі қарай қалай өрбитіні Грузия мен Ресей арасындағы жағдайға, Түркия мен Иранның аймақта атқаратын рөліне, Арменияның экономикалық әл-ауқатына байланысты болмақ. «Қарабақта бар болғаны 100 мыңдай адам тұрады. Мәселе үлкен геосаясатқа және үлкен экономикалық мүддеге келіп тіреліп тұр. Экономикалық тұрғыдан алып қарағанда уақыт бізге жұмыс істеп жатыр», – дейді И.Мәмедов.
Латын қарпі түркілерді табыстырады
Тбилиси – Баку пойызы Грузиядан Әзірбайжанға өте салысымен жолдың екі жағындағы әзірбайжан тілінде жазылған сөздер көзге жылыұшырай бастады. Қанша дегенмен, түркі тілдес туысқан халық емес пе? Бірақ, қазақ тілімен арадағы лексика айырмашылығы кедергі бола берді. Пойыздан терезеге үңіліп тұрған Сүлейман есімді жігіт ағасынан теміржол бекетіндегі жазуды аударуды өтіндік. 60-тар шамасындағы әзірбайжан әлгі жазуды ежіктеп әзер оқыды. Сөйтсек, жазу латыншаға ауысқалы бері жаңа қаріптерге көзі үйренбей, қиналып жүр екен. «Әріптерді танимын, бірақ тез оқи алмаймын. Газет оқуға біраз тырысып көрдім, үйренбеген соң жаман екен. Құжаттарды да қате толтырамын, балаларым көмектеседі», – дейді ол.
2001 жылдың 1 тамызынан Әзірбайжан латын қарпін пайдаланады. «Латын қарпіне көшкеніміз – біздің қасіретіміз болды. Әзірбайжан және ағылшын тілдерін оқып жатқан балалар кириллицаны мүлде білмейді. Олар осыған дейін басылып шыққан кітаптарды оқи алмайды, – дейді Баку славян университетінің доценті Эльмира Ахундова. – Бакуде латын қарпімен шыққан әдебиет жеткілікті шығар, ал ауылдық жерлерде оқу бағдарламасынан бөлек әдеби кітап жоқтың қасы. Толық бір мәңгүрт ұрпақ өсіп келеді. Үкімет кириллицаны қатар оқыта беруі керек еді, сонда ескі кітаптардан қол үзіп қалмас едік». Латыншаға ауысуға қарсы жұрт бұл шараға бюджет қоржынынан өте көп қаражат жұмсалып жатқанын алға тартады.
Әзірбайжан парламенті – Милли мәжілістің мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының басшысы Низами Жафаров бұл дәйектердің ешқайсысымен келіспейді. «Латыншаға көшу науқанына қанша ақша жұмсалғанын білмеймін, бірақ бұл соншалық көп шығынды талап етпейді, – деді ол бізбен әңгімесінде. – Қаріп ауыссын-ауыспасын, мектеп оқулықтары жыл сайын жаңартылып отырады. Негізгі шығын құжаттарды өзгертіп, техниканы жаңалауға кетті. Бірақ, бәрі кезең-кезеңімен он жыл бойы жүргендіктен, бұл іске ақша жұмсағанымызды байқамай да қалдық». Осы саланың маманы ретінде Низами мырза кириллицадағы кітаптардан қол үзіп қалдық деген уәжбен де келіспейді. «Бүгінгі ұрпаққа қажет дегендерін президенттің жарлығы бойынша өте үлкен тиражбен басып шығарып, барлық оқу орындарына, кітапханаларға тегін тараттық. Керісінше, бұл әдебиет бұрын қат болатын, қазір артығымен жетеді», – дейді ол. Низами бейдің сөзіне сенсек, Әзірбайжанда басылып шығатын кітаптардың орташа тиражы – 500 дана. Ал мектеп оқулықтары әрі кетсе 10-15 мың данамен басылады. Президент Ильхам Әлиевтің жарлығы бойынша 2004 жылдан бері жеті серия бойынша отандық, әлемдік әдебиеттің озық үлгілері 25 мың дана тиражбен мемлекет есебінен шығарылып жатыр. Президент тізімінде 262 кітап бар. Ол кітаптардың барлығы нөмірленіп, жіберілген жері қадағаланып отырады екен. Әр кітаптың тұрған жерін Интернет арқылы бақылап отыруға да мүмкіндік берілген.
2006 жылдың қазан айында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесіне қайта оралу керектігін» айтқан. Кейін арнайы топ құрылып, олар латын қарпіне өткен Өзбекстан, Түркіменстан және Әзірбайжан елдерінің тәжірибесін зерттеуге кіріскен. Низами Жафаровтың айтуынша, біздің комиссия жақында Бакуде болып қайтыпты. Әзірге жұмыс тобының қандай тұжырым жасағаны белгісіз. Бір қызығы, Әзірбайжан латын қарпіне көшудің басты себебі ретінде түркі халықтарының бірлігі мәселесін алға тартқан. «Түркі халықтарына ортақ дыбыстардың барлығы бірдей таңбалануы керек. Біз біртіндеп ортақ бір тілде еркін түсінісе алатын жағдайға жетуіміз қажет», – дейді Н.Жафаров. Ал Қазақстан басшылығы латын қарпіне көшудегі басты мақсат – кеңестік (отарлық) санадан арылып, қазақтың ұлттық келбетін қалыптастыру дейді. Әзірбайжан зиялылары Қазақстанда «түркі патриотизмі» деген ұғымның жоқ екенін біледі. Мұндай туысқандықты сезінбегендіктен түркімен мен өзбек тілдерінің жаңа латынша таңбалары әзірбайжандардікінен өзгешелеу болып шыққан. Низами мырза бұл қателіктердің барлығын түзетуге болады деп санайды. Ол тіпті ғасыр басында Ататүріктің бастамасымен латыншаға көшкен түріктердің де әліпбиіне аздап өзгеріс енгізу керек дейді.
Орыс тілінің орны бөлек
Әзірбайжан халқының 90 пайызы жергілікті ұлт өкілдерінен тұрады. Соған қарамастан, көрші Грузиямен салыстырғанда, мұнда орыс тілі кең қолданысқа ие. Көшеде орысша шүйіркелесіп бара жатқан жастарды да, жасамыстарды да жиі кездестіресің. Біреулер «орысша сөйлесу мұнда дәулеттіліктің, өркениеттің белгісі болып саналады» десе, енді біреулер «Кеңес одағы кезінде қалыптасқан орыстілді орта өз ұрпақтарын да орысша тәрбиелеген, мәселенің мәнісі сонда» дейді. «Ресейге барып жұмыс істеп, ақша табатындар көп, орыс тілінің ықпалын сақтап отырған солар» деген пікір айтқандар да бар. Дегенмен, мемлекеттік мекемелерде, қоғамдық орындарда орыс тілінің қажеттігі еш байқалмайды. Мұнда жергілікті телеарналарға Ресей арналарының хабарларын трансляциялауға тыйым салынған, ал жергілікті арналар тек әзірбайжанша сөйлейді. Десе де жұрттың көбі спутниктік антенна орнатып, Ресей арналарын тамашалауды жөн көреді екен.
Мекемелердің атаулары, жарнамалар, көше аттары барлығы тегіс әзірбайжан тілінде жазылады. Телефон анықтама қызметі, қоғамдық көлік, жарнамалар – түгел мемлекеттік тілде. Мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларында әзірбайжаншамен қатар ағылшын тілінде тақтайша тұрады.
Мұхтар Сеңгірбай, тәуелсіз журналист.