Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3146 0 пікір 24 Мамыр, 2009 сағат 06:21

Алаш арыстары бөлiнгенде бүгiнгiдей бiртұтас ел болар ма едi, болмас па едi...

Жазушы, мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай астаналық журналист Бекен Қайратұлына берген сұхбатында Алашорда қайраткерлерiнiң тарапынан кеткен кейбiр тактикалық қателiктердi тарихи деректер тұрғысында саралап, тың әңгiменiң шетiн шығарады. Өткен күндердiң өшпес бояуларынан өмiршең шығармалар өрнегiн жасаған қаламгер алашордашылардың барлық iс-әрекетiн оң бағалай берудiң бiржақтылығын аңғарта келiп, «алайда елiм деп еңiреген сол бiр шоғыр өз iшiнен бөлiнiп, билiктi ғана көздегенде, ұлы дала төсiндегi қазақ жерi бүгiнгiдей тұтастығын сақтап қалар-қалмасы неғайбыл едi» деген пiкiр бiлдiредi.

 

 

«...Шоқындырамын деп  шошытып аласыз»

Жазушы, мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай астаналық журналист Бекен Қайратұлына берген сұхбатында Алашорда қайраткерлерiнiң тарапынан кеткен кейбiр тактикалық қателiктердi тарихи деректер тұрғысында саралап, тың әңгiменiң шетiн шығарады. Өткен күндердiң өшпес бояуларынан өмiршең шығармалар өрнегiн жасаған қаламгер алашордашылардың барлық iс-әрекетiн оң бағалай берудiң бiржақтылығын аңғарта келiп, «алайда елiм деп еңiреген сол бiр шоғыр өз iшiнен бөлiнiп, билiктi ғана көздегенде, ұлы дала төсiндегi қазақ жерi бүгiнгiдей тұтастығын сақтап қалар-қалмасы неғайбыл едi» деген пiкiр бiлдiредi.

 

 

«...Шоқындырамын деп  шошытып аласыз»

– Әнес аға, ХIХ ғасырда қазақ даласында ағартушылық жұмыспен айналысқан адамдар көп емес. Мысалы, Торғайда 1864 жылы ашылған Ыбырай атамыздың мектебi және Жетiсуда «Мамания медресесi» болыпты. Осы екеуiнен де бұрын 1841 жылы Жәңгiр хан Ордада мектеп ашқан екен.  ХХ ғасырдың басындағы алмағайып заманда ұлтының мүддесiн қорғап, атқа мiнгендердiң негiзгi тобы Жәңгiр мен Ыбырай және Мамания мектебiнiң өкiлдерi екенiн байқаймыз. Сiз осы Жәңгiр мектебi туралы не бiлесiз?
– Орда қаласының iргетасы 1827 жылы қаланыпты. 1841 жылдан бастап  Жәңгiр хан мектеп ашқан. Алғашында төре тұқымдары оқыған көрiнедi. Немесе соларға жақын адамдардың балалары бiлiм алған. Мектептi бiтiргендер кейiн Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусына оқуға қабылданған. Бұдан басқа Омбы кадет корпусы дейтiн болды. Онда «саяхатшылар әзiрлеу» деген атпен барлаушыларды оқытып, Қытайға қарсы дайындаған. Ал Орынбор кадет корпусының мiндетi – Орта Азия,  Парсы, Араб елдерiне шығатын барлаушыларды әзiрлейтiн болған. Кейiн Ташкент кадет корпусы деген ашылды. Ол таза арабтарға қарсы шпиондар дайындады. Осы кадеттердi жылына 17-18 адам оқып, бiтiрген. Мысалы, соның бiрi – ғалым-ағартушы Мұхамед-Салық Бабажанов.

Жәңгiрдiң өзi Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусынан 10 адамға квота алып отырған. Оған өзiнiң мектебiн бiтiрген балаларды дайындықтан өткiзiп, жiберiп тұрған. Iшiнде баласы Зұлқарнайын да болған. Оның қасына «бас-көз болсын» деп Махамбет Өтемiсұлын қосып жiберген. Олар Маңғыстауды және Каспийдiң түбiн тұңғыш зерттеген Г.С.Карелин дейтiн орыс саяхатшының үйiне барып орналасқан. Осы орыс пен Жәңгiр тамыр болған. Жәңгiрдiң тапсырмасымен Карелин Бөкей Ордасының картасын да жасаған дейдi. Карелиннiң  Атырауда да үйi болды. Оны мен де көрдiм. Айтпақшы, бұларды Орынборға атақты лексикограф В.И.Даль ертiп барыпты. В.И.Даль Жайықтың бойын жағалап очерк жазып жүрген кезiнде Ордаға соғып, бiрге аттанған сыңайлы. Кадетте оқыған адамдардың қаражатын Жәңгiр өзi мойнына алған. Осылай Ордада оқымыстылар пайда болды. Оның iшiнде Бабажановты айттым. Бұл кiсiден басқа Петербор университетiнiң шығыс тiлдерi, заң, математика факультеттерiн бiтiрген Бақтыгерей Құлманов, Сәлiмгерей Жантөрин, ағайынды Батырқайыр, Әбдiлкәрiм Ниязовтар, Қазан, Саратов университеттерiнiң медицина факультетiн бiтiрген Мәжит Шомбалов, Махмұт Шолтыров, Батырғали Жүсiпқалиевтардың атын атасақ, жетiп жатыр. Одан басқа Жәңгiр мектебiнен әскери генералдар шықты. Соның бiрi  Ғұбайдолла Жәңгiров – патша заманында министр дәрежесiне көтерiлген тұңғыш қазақ. Патша армиясының байланыс департаментiнiң бастығы болған. Әрi Ресей Думасына сайлауға түскен қазақ депутаттарына көмектесiп тұрған. Ордада жарық көрген «Қазақстан» газетiнiң шығуына мұрындық болғандардың бiрi. Ғұбайдолланың iнiсi де – патша армиясының полковнигi дәрежесiн алған әскери қайраткер. Ағалы-iнiлi азаматтардың зираты Қырымдағы Ялтаның «Қарлығаш ұясы» деген жерiнде жатыр.
– Атақты Мақаш Бекмұхамбетов те Жәңгiр мектебiнiң сойынан ғой...
– Солай. Мақаш Бекмұхамбетов деген кiсi қазақ фольклорын жинап, 1908 жылы Орынборда «Жақсы үгiт» атты кiтап етiп шығарған. Алғаш Доспамбет, Жиенбет жыраулардың ел аузындағы сөздерiн жинап, құрастырған. 1910 жылы Астрахан қаласынан үлкен этнографиялық зерттеу кiтабы жарық көрген. Гурьевтен бастап Астраханға дейiнгi алқапты алып жатқан ұлан-ғайыр өлке  Каспий жағалауы 1, 2-қисымының (округiнiң) бастығы болған. Осы кiсi қазақтың жерiн кеңейту үшiн әртүрлi әрекеттер жасаған. Елдi Қиғаш өзенiнен асырып, Астрахан жаққа қоныстандыру үшiн түнде мықты атан түйелердi таңдап алып, ертеде орнатылған құлпытастарды артып, Астраханның жанына апарып көмдiрiп тастайды екен. Екi-үш жыл өткен соң дау шығаратын болыпты. Мына жер бiздiкi деп. Екi жақ дауласып, ақыры жердi қазып көрсе, пәленбай деген бидiң құлпытасы шығады. Олардың ұрпағы мынау деп, тiрi куәларды айғаққа тартып, қазақтың жерiн Астраханның түбiне бiр-ақ апарған. Сол кiсi кезiнде қоныстандырған халық қазiр бес аудан болып Астрахан облысына қарап отыр.
– Бұл кiсi патша «ағзамның» атына көп хаттар жазыпты дейдi. Оның себебiн бiлесiз бе?
– Сiз бiлесiз бе, Лениннiң атасы осы адамның тiгiншiсi болған. Бұл деректi 1920 жылдары Мариэтта Шагинян өзiнiң «В.И.Ленин» атты очеркiнде нақты дәлелдер келтiрiп жазған. Бiрақ очерк кiтап болып шығып жатқанда, дәл осы арасын алдырып тастаған. Бұл жайтты қазiр журналист Ғадiлбек Шалахметов зерттеп жүр. Ертеректе Астраханның мұражайынан Мақаштың суретiн көрдiм. Тау халықтары сияқты киiнедi екен. Өзiнiң де руы – шеркеш. Кавказдық шеркештерге елiктейтiн болуы керек, жасауыл шенi бар, алтын балдақ асынған, сұмдық сурет. Шамасы, 1896 жылы болар, Өтешқали Атаниязов екеуi патша ағзамға саф алтыннан жасалған киiз үйдiң макетiн сыйға тартып, алдына барып сөйлескен дейдi. Сонда айтыпты-мыс: «Патшеке, қазаққа тiсiңдi батырмаңыз, шоқындырам деп жүрiп шошытып аласыз», – дептi. Осы кiсiнiң жазған-сызғандары Петербордағы ғылыми кiтапханаларда, ғалым И.Березиннiң жеке қорында бар дейтiн. Айтып отырғаныңыз сол хаттар шығар...
– Бұл адам тау халықтарына тұңғыш әлiппе жасап бердi деген не сөз?
– Оны бұл кiсi емес, Жәңгiрдiң айналасындағылар жасады десек дұрыс шығар. Өйткенi, Жәңгiр мен А.Қазымбек өзара байланыста болған. А.Қазымбек – тау халқынан шыққан үлкен оқымысты. Қазан университетiнде сабақ берген, профессор. Осы байланыстың арқасында Жәңгiр арғы жақтан небiр құнды кiтаптар алдырған. Ал бөкейлiктердiң дағыстандықтарға араб графикасында әлiппе жасап бергенi жайлы дерек бар.
– Атақты Шафқат Бекмұхамбетов осы Мақаш әкiмнiң баласы емес пе?
– Иә, туған баласы. Егер мүмкiндiгiң болып, мұрағаттарын құжаттарын қарасаң, Шафқат – 1917 жылы болған I және II Жалпы қазақ съезiнiң екеуiне де қатысқан адам. Қазақстанның тұңғыш прокуроры болып тұрғанда ұсталып, атылып кеткен. Жәңгiр мектебiнiң тағы бiр ардақтысы – Уалитхан Танашев. Бұл Алашорданың басқа ұйымдармен, әсiресе Ресейдегi әртүрлi қозғалыстармен байланыс жасауына зор септiгiн тигiзген. Алаш атынан Мәскеуге, Уфаға барып келiсiм жасаған. Бөкей ордасындағы Алашорданың бастығы болған.

 

 

Батыстағылар сепаратистiк бағыт ұстанған жоқ

– Зерттеушiлердiң жазғанына қарағанда, 1917 жылы Орынборда өткен екiншi Жалпы қазақ съезiнде «Алаш автономиясын жариялаймыз ба, жоқ па?» дегенге келгенде пiкiр екiге бөлiнген көрiнедi. Халел және Жанша Досмұхаммедовтер дереу жариялау керек деген бағыт ұстаныпты. Осы жайында не айтасыз?
– Алашорда төңiрегiнде түрлi дау бар. Кейбiр зерттеушiлер «Батыс алашордашылар сепаратистiк бағыт ұстанды» дейдi. Мен осыған түбегейлi қарсымын. Және дәлелдеп бере аламын. Екiншi, Жалпы қазақ съезiнде Әлихан Бөкейханов: «Алаш автономиясын жариялауды тоқтата тұрайық, себебi, әскер-милиция құрып алайық, бұл съезге қазақ жерiнде тұратын 23 пайыз орыстан адам қатыспады, олар не айтады екен, соны нақтылайық», –  дейдi. Жанша оған қосылмаған. Жанша қағазға жазып сөйлемейтiн, ауызекi сөйлегенде мүдiрмейтiн аса шешен адам болған. Сәкен Сейфуллиннiң жазғанына қарағанда, Алашорданың екi ғаламаты бар: «бiрi – Жанша сөзге шешен, екiншiсi – Мiржақып жазуға шешен», – деген.
Ақыры 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен екiншi съезде Алаш автономиясы  жарияланған. Дауысқа салғанда өкiлдер Жаншаны жақтаған. Алаш туралы сөз болғанда жалпылама айтуға құштармыз. Жалтақпыз. Жалпақшешеймiз. Алаштың iс-әрекеттерiн нақты сараптап, шындықты айтпаймыз. Шындығында әртүрлi жағдайлар болған. Мысалы, Ахмет пен Мiржақып Алашорда үкiметiнiң басшылық құрамына енбей қалды. «Алаштың орталығы Семей болсын» деген қаулы шықты. Осы қаулы Батыс Алашорданың құрылуына алып келдi.
– Батыс Алашорданың негiзiн қалаған кiмдер?
– 1918 жылы қаңтар айында Алашорда үкiметi Семейге көштi. Батыстан Семейге бару үшiн дүниенiң жартысы – Сiбiрдi айналып өтедi. Байланыс үзiлетiн болды. Бiреулер айтады: «Батыстың алашшылары Семейге бармады», – деп. Қалай барады, заман болса күйiп тұр, аузына қараған ел-жұртын далаға тастай ма? Елiн тастап кiмге көсем болады? Сол себептi осы жылдың қыс айында Қаратөбеде съез ашылды. Қаратөбе – қазiргi Қаратөбе ауданының орталығы. Баяндаманы Халел Досмұхаммедов жасайды.  «Әскерiмiз болмаса, қалай ел боламыз, әскер құрайық!» деп шешiм қабылдайды. Әр түтiн 100 сом ақша қоссын дейдi. Халық екiге жарылып, оның үстiне, большевиктер де iрiткi салып, дау өршiген тұста, Жанша ақырып ортаға шығады. Жәкең алдында ғана Мәскеуде өткен Ресей мұсылмандарының съезiне қатысып келген бетi екен, бүй дептi: «Осындай да осындай, иiсi мұсылманның басын қосқан съезге барып келдiм. Жиын бiтiп, далаға шықсам, ойпырым-ай, ақ боранмен бiрге алапат атыс басталып кетiптi. Алды-артымнан оқ борап жүргiзбедi. Көшеде келе жатып, қаладағы атақты мұражайға бiреулер басып кiрдi дегендi ести сала солай жүгiрдiм. Келсем, мұражай iшiнде қырғын атыс болып жатыр екен. Осында Осман халифаның қаны тамған Құран болушы едi, соны жаңбырдай жауған оқтың арасынан аман алып шығып, мұсылман комитетiне әкеп тапсырдым», – дептi.
Жүз сомды беремiз-бермеймiз деп дауласып отырған жұрт әлгi сөзден кейiн орындарынан атып тұрып: «Айналайын, Жанша, нағыз көсем сен екенсiң, мiне, жүз сом, айтқаның болсын!» – деп, келiсiмге келген.
– Бiрақ бұлар Семейдегi Шығыс Алашордамен байланыста болды ғой?
– Әрине, байланыста болған. Әлихандар Семейде отырып, Батыс Алашорданың басшыларына тапсырмалар берiп тұрған. Мысалы, айтайық: бiздiкiлер бөлiнiп-жарылып, көшiп-қонып жүргенде, Орынборды большевиктер басып алып, кеңес өкiметiн орнатып тастайды. Осыған байланысты Әлихан көсем: «Жан-жағымыздағы большевиктер күн сайын күшейiп келедi, бiздi айналдыра үкiметтерiн орнатып жатыр, сендер анау Ленин, Сталин дегендерге барып, не болып жатыр, бiлiңдершi!» – деп Жанша мен Халелге сәлем айтқан. Жанша мен Халел жұп жазбай, 1918 жылдың наурыз айында Ленинге, Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссары Сталинге барған. Тура барып, автономия талап еткен. Олар айтқан: «Берейiк, бiрақ таптық автономия болсын», – дейдi. «Билiк басында большевиктер отырсын. Екiбастан келiсiп алайық, ұлтшылдар аулақ жүрсiн!» деген. Бұлар осымен әуреленiп жатқанда, Уфада Уақытша үкiмет деген орнайды. Оның басқару органы «Учредительное собрание» дейтiн құрылады. Олар айтады: «Ойбай, қазақтар, сендердi бiз жарылқаймыз, мүше болыңдар, қазақтарға арнап 81 депутаттық орын бөлiп қойдық!» – дейдi. «Түбiнде сендерге автономия беремiз!» деп тағы дәмелендiредi.
– Осы бiр алмағайып тұста қазақ оқығандары қай топқа қосыларын бiлмей, дағдарған-ау, шамасы?
– Шын мәнiнде, Алаш көсемдерiнiң де азын-аулақ қателiгi болған. Бiрiншiден, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiстi қолдаған жоқ. Өздерi шетiнен шонжар тұқымы, бай адамдар едi. Екiншiден, либерал-буржуазиялық бағыт ұстанды. Егер осы адамдар көтерiлiстi қолдағанда, жағдай басқаша болуы ықтимал едi. Торғайда Аманкелдi, Жетiсу жақта Бекболат, Батыста Өтепқали Думбуянов дейтiн Исатайдың туған немересi 5000 қол жинап көтерiлдi емес пе? Осыны ешкiм айтпайды. Қозғалысты басу үшiн Астраханнан пароходпен әскер шығып, үлкен соғыс болған. Ұлт-азаттық көтерiлiстi жақтап Т.Бокин, Т.Рысқұлов, С.Меңдешевтер шықты. Үшiншi бiр қателiгi – жаппай Уақытша үкiметтi қолдауы. Барлық облыстарда осыған байланысты съездер өттi. Уақытша үкiметке бүйрегi бұратын Қазақ комитеттерi құрылды. Бастықтар тағайындалды. Уақытша үкiмет Ә.Бөкейхановты Торғай облысының комиссары етiп тағайындады. М.Тынышбаевты Жетiсуға комиссар еттi. М.Шоқай Түркiстанда комиссар болды. Аты айтып тұрғандай, болашақ баяны жоқ Уақытша үкiметке сенiп жүрiп, уақыттан ұтылып қалды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiске жалғап, автономияны жариялап жiбергенде, кеңес билiгi күшейгенге дейiн әлi екi жыл бар, мүмкiн қалыптасып, үлгерiп кетер ме едi? Ал бұл кезде Ресей не iстерiн бiлмей қырық пышақ болып бөлiнiп, қалтырап тұрған едi. Ресей күштi болса, тап Мәскеудiң төрiнде Бүкiл мұсылман съезiн болдырмайтын едi ғой.
– Сәкен Сейфуллин  ұлт-азаттық көтерiлiстi қолдады ма?
– Бiр қызығы, Сәкен жүрген жерде ешбiр көтерiлiс болған жоқ. Мүмкiн көтерiлiс болған жағдайда қойып та кетер ме едi? Ақын адам ғой. Бiрақ көтерiлiсшiлердi қолдап өлеңдер жазған.
– Алашорданың ықпалы қазақ даласын толық қамти алды ма?
– Қазақстанда Алашорданың ықпалы басым үш аймақ болды. Табаны – Торғай, мұнда Ахмет пен Мiржақып болды. Екiншiсi – Семей, мұнда Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, Р.Мәрсеков сынды мықтылар болды. Үшiншiсi – Батыстағы Жымпиты. Бұлар Ойылда әскери мектеп ашты. Онда 300 адамдай оқып шықты. Қызылқоғада милиция мектебiн ашты.
– Әскери мектептерде кiмдер сабақ берген?
– Сабақты казак-орыс офицерлерi жүргiзген. Мәселен, Ераклинцев дейтiн Батыс Алашорда әскерiнiң штаб бастығы казак болған. Орал казактары  қазақ тiлiн жақсы бiлген. Осылардың iшiнен ыңғайлысын таңдап алып, әскери мектепке ұстаздыққа шақырған. Ал Семейдегi Алашорда әскерiнiң бастығына штаб-капитан Хамит Тоқтамысов тағайындалған. Алашорданың тағы бiр әскери адамы – Мұхамедияр Тұнғаншин деген екен. Ол бұрын Торғай генерал-губернаторының тiлмәшi болыпты. Артынан осы кiсiнi Алашорданың өзi қуғынға салып, жиналыстан қуып шығып, келiспей қалған. Кейiн Тұнғаншин кеңес өкiметi тұсында Ордада қызыл әскердiң полкiн жасақтады. Қазақ өлкесiнiң әскери комиссары және РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi Халкомның қазақ бөлiмiнiң бастығы болды. 
– Көптеген зерттеушiлер Халел және Жанша Досмұхаммедовтi ағайынды адамдар деп ойлайды...
– Олар ағайынды адамдар емес. Халелдiң руы – берiш. Атақты «Исатай – Махамбет» дастанын шығарған Ығылман Шөрековтiң аталас ағайыны. Мамандығы дәрiгер, әскери медицина академиясын бiтiрген. Қазақтан шыққан тұңғыш доцент. Жанша Досмұхаммедовтiң руы – тана. Оның iшiнде қарақұнан дейтiн тобына жатады. Жоғары бiлiмдi заңгер. 1917 жылы Мәскеуде көпес Асадулаевтың үйiнде өткен Бүкiлресейлiк мұсылмандардың I съезiне қатысқан. Осы съезде «Шура-и ислам» партиясы төрағасының орынбасары болып сайланған. Ал Алашқа қатысты жағын өздерiң бiлiп отырсыңдар...
– Жаншаны 1930 жылы өлген дейдi, бiрақ нақты қай жерде қаза болғаны жайлы деректi кездестiрмедiк. Осы кiсiлердiң Шоқай сияқты шетел асып кетуге мүмкiндiгi болмады ма?
– Бұлар елiн тастап шетел асып қайда барады? Артында сенетiн бiреу тұр ма, ел-жұртын тапсырып кететiндей? Бұл – менiң өз пiкiрiм. Одан кейiн тағы бiр айтайын дегенiм – Мұстафаның әйелi Мариямның естелiгiнде: «бiр адамдар моторлы қайықпен менi ашық теңiзге алып шығып, Бакуге кетiп бара жатқан пароходқа мiнгiзiп жiбердi», – делiнедi. Көмектескен адамның аты айтылмайды. Бұл – Оспан Көбеев дейтiн полковник. Порт-Александровскiнiң коменданты. Ол кiсi – мына менiң атам. Патша заманында Ашхабадта Оңтүстiк әскер тобы бастығының орынбасары болған. Заман өзгергенде Уақытша үкiмет жағына шығып, осы жұмысты бiраз атқарған. Тiптi Гүржiстанда патша дивизиясын басқарған. Тбилисиде таныстары болған. Мұстафа Шоқайды Баку арқылы Тбилисиге жiберген осы кiсi. Әйтпегенде, Шоқай далаға бара ма? Көбеевтiң таныстарын сағалап барған. Артынан Мұстафа Шоқайдың тапсыруымен әйелiн шығарып салған. Осы сияқты әркiмнiң бас сауғалап баратын шетелде таныстары болды ма? Болғанның өзiнде, ол жерлерде жаңа үкiмет құрылып жатты. Оны бiлмей, көрмей отырған жоқ...

 

 

4-полктiң төңiрегiндегi  төтенше ахуал

– 1920 жылдардан кейiн Алаш көсемдерi де әр түрлi бағыт ұстанған-ау, шамасы?
– Бұл мәселеде Әлiби Жангелдин атаң көп рөл атқарған. Бұл кiсi 1918 жылы Астраханнан шығып, Порт-Александровскiге екi пароходпен әскер және қару-жарақ әкелiп түсiрген. Оны Ленин мен Сталин берген. Ойдан-қырдан құралған әскерлер Маңғыстаудың жерiн көрiп, «қу далада қаңғырып өлер жайымыз жоқ» деп, бүлiк шығарып, келген кемелерiмен қайтып кетедi. Жағада жалғыз қалған Жангелдин порттың команданты Оспан Көбеевке келедi. Жөнiн айтады. Осылай да осылай, мына қару-жарақты Торғайға жеткiзуiм керек деген. Оспан оны адай Тобаниязға таныстырған. Әлiби Тобаниязды большевиктiң қатарына iлестiрiп алған. Тобанияздың арқасында қалың түйе жиып, оған қару-жарақ артып, Шалқар – Мұғалжар – Ырғыз арқылы Торғайға тартқан. Жолай Шалқарда Ахмет Байтұрсыновпен құпия кездескен. Әлiби айтқан: «Алашорда алысқа бармайды, бiздiң жаққа шық!» – деген. Ахаңды көндiрiп, Мәскеуге өзi ертiп апарған. Сталин басқарып отырған Ұлттар жөнiндегi халық комиссариатындағы Қазақстанның өкiлi етiп қойдырған. Содан 1919 жылы Колчак күшейiп, Едiлге дейiнгi иелiктi алып қойды. Анненковты жiберiп, Алашордаға қатты соққы берген. Кiм автономия талап етедi, солардың барлығы бiзге жау дедi. Сәкеннiң «Анненковтың азап вагонында» деп жазғанын бiлесiң. Торғайда құрылған 4-Алаш полкi далада қалып қойды. Оның бастығы – Мiржақып Дулатов. Айналасының барлығын Анненков басып алған. Барар жер қалмады. Жағдай қиын. Соғыса ма, не iстеу керек?.. Олар осылай қиналып тұрғанда Мәскеуден алып-ұшып Ахаң жеткен. Мiржақыппен сөйлесiп, 4-Алаш полкын 4-Қызыл әскер полкi деп өзгертiп, Аманкелдiнiң сарбаздарына әкелiп қосып кеткен.
– Күнi бүгiнге дейiн белгiсiз бүлiк осы тұста шықпады ма?
– Қазiр айтамын. Аманкелдiнiң әскерi – Әлiби атаңның Ленин мен Сталиннен алған қару-жарағын асынған сақадай сай әскер. Оның үстiне, Алаш әскерi өздерi келiп қосылды. Қостанай жақта Таран деген большевик қызыл партизандарды ұйымдастырып, Колчакқа қарсы көтерiлдi. Оған да Мәскеу жақтан үйiп-төгiп қару-жарақ жiберiп тұрды. Колчак шегiнген кезде манағы 4-Алаш полкы бүлiк шығарып, Аманкелдi мен Таранды өлтiрiп жiберген. Артынан Әбдiғаппар ханның тағдыры, Кейкiнiң жалғыз қалуы...
– Алаш қайраткерлерi бұл кезде Уақытша үкiмет жағына қарай ойысқан жоқ па едi?
– Уақытша үкiметтiң кеңсесi Уфада, «Учредительное собрание» дегенi Самарада болды. Оны орыстар «Комуч» дейдi. Бұлар барлық халыққа теңдiк беремiз деп жалаулатты. Осыған қатысты ма, әлде Алаш үкiметiне ақша-қаражат қажет болды ма, Семейден Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков, Түркiстаннан М.Шоқай, Батыстан У.Танашев төртеуi 1918 жылы шiлде айында Самарада бас қосты. Бұлар «Комучпен» келiссөз жүргiздi. Шындығында осыны ұйымдастырған Батыс Алаштың қайраткерлерi. «Бастықтарыңды шақыр» деген соң, Әлихан мен Мұстафаны әкеп отырған жоқ па? Бұлар Шығыс Алашорда әскерiне 2 млн. сом ақша, 3000 әскерге киiм-кешек, қару-жарақ бердi. Осының бәрiн Ә.Ермеков артып-тартып, Семейге алып кеттi. Батыс Алашордаға арнайы 2000 мылтық, 37 пулемет, 2 зеңбiрек, 2 автомобиль бердi. Осы жылы 20 қыркүйекте Уфада Уақытша үкiметтiң жанынан Алашорда үкiметiнiң кеңесi ашылды. Оған 172 адам жиналды. Ә.Бөкейханов, А.Бiрiмжанов, М.Тынышпаев, М.Шоқай, У.Танашев – бәрi болды. Осында Батыс Алашорданың сепаратистiк бағыттағы ұйым емес, Алаштың бiр тармағы екенi мойындалды. Қаулы қабылданды. Қаулыда: «Батыс Алашорда Семейдегi орталыққа бағынады, бiрақ төтенше жағдайда өз бетiнше әрекет жасауға құқылы», – делiндi.
– Алаштықтар әлгi алған қару-жарақтарын бiрдемеге жарата алды ма?
– Бұл ендi кеңес өкiметiнiң қатты күш алып бара жатқан кезi. Орынборды жастанып жатқан Колчакты қуып шықты. Омбыға дейiн барды. Омбыда орыстар «Сiбiр автономиясын құрамыз» деп, бастығына Потанинды сайлап қойды. Бұлар Алаш автономиясына дұрыс қарады. Бiрақ мойындаған жоқ. Большевиктерге қарсы тұрар ендiгi күш Деникин мен Жайықта тұрған Толстов отряды болып қалды. Толстов отрядын ешкiм ала алмады. Оған Челябскiде тұрған Чапаевтi әкелiп, қарсы салды. Чапаев ары-берi шапқылап жүрiп Iлбiшiнде өзi өлдi. Мұның бәрi ештеңе емес. Кеңес өкiметi Түркiстанды азат етемiз деп «4-Түркiстан майданы» дегендi ашты. Оған барлық қару-жарақты үйiп берiп, басына Фрунзенi мiнгiзiп қойды. Алапат күш дүниенi басып-жанып Оңтүстiкке қарай жылжыды. Обалы не керек, осы кезде Батыс Алашорда қызыл әскермен кәдiмгiдей соғысты. Оған Толстов көмектестi. Алаш әскерiне «Темiр, Ойыл, Електен қызылдарды өткiзбеңдер!» деген тапсырма жүктелдi. Алғашқы соғыс 1919 жылы Жымпитының терiстiгiнде Аққаты өзенiнiң жағасында өттi. Толстовтың отрядында түйеге зеңбiрек орнатып алған Алаштың әскерлерi де жүрдi.
Ордада қызылдардың 1 және 2-қазақ полкi құрылды. Бейсен Жәнекешев деген қазақ бастығы болды. Қызылдарда да қазақ, ақтардың iшiнде де қазақ бiрiмен-бiрi соғысқан ғой келiп...
– Ахаң осы кезде қызылдар жағында болды ма?
– 1919 жылы 10 шiлдеде Лениннiң қол қоюымен Орынборда Казкрайком пайда болды. «Кеңестiк Қазақстан» деп түсiнгiн. Бастығына С.Пестковский деген орыс тағайындалып, орынбасары Ахмет Байтұрсынов болды. Мүшелерi – С.Меңдешев, М.Тынышпаев, М.Тұнғаншин, т.б. Осы кезде Ахаң Фрунзенiң ұсынысы бойынша компартияға кiрдi. Бұл кiсiнiң ең бiр үлкен еңбегi – Батыс Алашордаға араша тұрды.
– Қалай?
– Фрунзе басқарған 4-Түркiстан майданы жеңiске жеттi. Олар жеңген соң қарсыласқан Алаш әскерiн оңдырмай жазалайтын болды. Фрунзе  жазалаймын деп қатты шүйлiккен. Ахаң жанын салып жүрiп Фрунзенi көндiрген. Бәкiбаев деген адамды жiберiп, Алашты да сабырға шақырған. Фрунземен барып Халел Досмұхаммедов сөйлескен. Екеуi Елек қаласында жасырын кездескен. Содан кейiн 1919 жылы 10 желтоқсанда Орынборда Батыс Алаштың қайраткерлерi мен Фрунзе келiсiмге келген. Алаш әскерiнiң атын өзгертiп, «Қызыл коммунарлар отряды» деп атаған. Содан кейiн Казревком тек Батыс ғана емес, бүкiл Алашордаға кешiрiм жариялады. Осының бәрi – Ахаңның еңбегi. Халықты жазалаудан аман алып қалды.
– Кеңес билiгiн мойындаған Батыс Алашорда қайраткерлерiне большевиктер қызмет ұсынды ма?
– Бәрi бiткеннен кейiн Казревкомның шешiмi болған. Оны С.Меңдешев iстеген дейдi. Бiрақ менiң ойым айтады, бұл жалғыз Меңдешевтiң қолынан келмейдi. Тағы басқа адамдар болуы керек. Алаштарды кешiргенiмен, сенiмсiз адамдар деп қарады. Қазақстан төңiрегiнде басшылық қызметтерге бұларды қоюға болмайды делiнген. Жанша iшкi Ресей жағына кеткен, сонда өлген. Өмiрiнiң соңынан хабарым аз. Халел Ташкентке келiп, ағартушылық жұмыспен айналысқан. Ж.Аймауытов қазақ зиялыларының басын қосып, оқулықтар жаздырған.
– Ахаң қайда қалды?
– Ахаң Казревкомның орынбасары болып тұрғанда партиядан шығып қалған. Оның себебiн бiрнеше рет жиналыстарға бармай қалдым деген сылтаулармен түсiндiредi. Бiрақ Ахаң да бәрiн тастап, оқулық жазумен айналысады. Осы күнгi «Тiл бiлiмi» еңбегiн сол тұста жазған. Қазақтың тiл ғылымының негiзiн жасады. Төте жазуды қолданып, әлiппе жасап бердi. Дүниеде араб жазуын оқи алмаушы едiм, Ахаңның осы төте әлiпбиiн танығаннан кейiн екi жұма дегенде арабша оқи бастадым. Көрдiңiз бе, адамның миына сiңiмдiлiгi соншалық, тура қазақтың миына сәйкестендiрiп жасаған.
– Қазақ зиялылары не себептен Ташкентке шоғырланды, басқа баратын жер қалмады ма?
– Жағдай белгiлi, барлық жерде кеңес билiгi орнады. Алашордашыларды түртпектеу басталды. Содан Ташкентке келiп, бұлар соғысқа қол жинаған жоқ, сауаты төмен халқының санасын ояту үшiн бiлiм қажет екенiн түсiндi. Оқулықтар жазды. Тек алашордашылар ғана емес, Жәңгiрдiң тұқымдарының көбi Ташкентке келiп паналады. Мұнда шоғырлануының себебi, Қоқан автономиясын құруды ойластырған шығар. Қоқан автономиясы деген аты болмаса, билiк тiзгiнi қазақтардың қолында болған. 
– Алаш автономиясы мен Қоқан автономиясын бiрiктiру жөнiнде қазақ зиялылары арасында кеңес болған тұста Бөкейханов: «Ат пен есектi бiр арбаға жеге алмайтынымыз сияқты, орта ғасырлық мешеулiкте қалған қоқандықтармен қалай бiрге мемлекет құрмақпыз?» – деген жоқ па?
– Алаш пен Қоқанды бiрiктiру жайындағы идеяның негiзi М.Шоқайдан шыққан. Ол кiсi «бүкiл Түркiстанды бiрiктiрмей, бiз күресе алмаймыз» деген. Өмiр бойы осыны армандап өттi, осы үшiн жұмыс жасады. Шындығында екiншi Жалпы қазақ съезiнде келiспеушiлiктер болған. Әлихан мен Жанша сөзге келiп, орталықтың Семейге көшуiнде мән бар. Екеуiнiң арасына М.Шоқай мәмiлегерлiк жасаған. Жетiсу мен Сырдария облыстары Ташкентке бағынған. Бұл болмайды екен, бiр орталыққа бағынайық деген. М.Шоқай барып, Сырдария облысының съезiн ашам деген. Ашып, облысты Қазақстанға қаратқан. Iле-шала М.Тынышпаев та Жетiсуды Қазақстанға қаратып алған. Алаш арыстарының соңғы iстеп кеткен жақсылығы осы. Әркiм өзiнше билеймiн деп жеке-жеке басқарған болса, бүгiнгi бiр тұтас Қазақстан болар ма едi, болмас па едi...

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
«Жас қазақ» газеті, №46, 2008 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496