Сталин қызғанып, Түрікменбашы көрінде дөңбекшімесе екен...
Интернет пен баспасөз бостандығы жоқ бағзы заманда Генрих Гейне «Ауыздықталған ит артымен үреді» деген екен. ХХІ ғасырдың басында интернет пен баспасөз бостандығын ауыздықтауға жақындаған тәуелсіз Қазақстанның билік органдары «Гейненің итінен» асып түсетін түрі бар...
Интернет пен баспасөз бостандығы жоқ бағзы заманда Генрих Гейне «Ауыздықталған ит артымен үреді» деген екен. ХХІ ғасырдың басында интернет пен баспасөз бостандығын ауыздықтауға жақындаған тәуелсіз Қазақстанның билік органдары «Гейненің итінен» асып түсетін түрі бар...
Бұлай дейтін себебіміз, өткен аптаның аяғында еліміздің Бас прокуратурасы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, онда «Рахат Әлиевтің кітабын тарату немесе мәтіндерін қолдану қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілікке соқтырады» деп мәлімдеді. Аталған мемлекеттік органның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісовтың сөзіне сенсек, «Бұл кітапта азаматтардың құқығына нұқсан келтіретін бұрмаланған фактілер, жалған ақпараттар жарияланған. Ең бастысы, кітапта жеке адамның өміріне қол сұғылып, жеке бастың құпиялылығы аяқасты етілген. Сондай-ақ, онда жеке азаматтардың мүліктік құқығын бұзу фактілері анықталды». Нұрпейісов мырза: «Кітапты қолыңа алсаңыз болды, жауапқа тартыласыз. Қазақстандық азаматтар егер ол кітапты алатын болса, онда жалған құжаттар бар. Қазір сараптама жүріп жатыр. Қазақстандық азаматтарды сақтандыру үшін, мемлекеттік құпия бар құжаттарға заңсыз кірмес үшін, қылмыстық жауапкершілікке тартылып кетпес үшін, біз алдын ала ескертіп жатырмыз. Кітапты алған адам ол біреуге көрсетеді ғой, ол жайында айтады, ол адам қылмыскерге көмек көрсеткен болып саналады» - деп «сақтық» танытты.
Бұдан бірер күн бұрын Алматы прокурорының орынбасары Бағбан Тәйімбетов «Республика» мен «Взгляд» газеттерінің бас редакторларын өзіне шақырып алып, оларға аталған кітаптың мазмұнын жарияламау туралы аса құнды нұсқау берген екен. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Тәйімбетов мырза: «Біз оларға заңды түсіндіріп, Рахат Әлиев кітабының шығуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айттық» депті. «Бұндай әрекет цензура орнату емес пе?» деген сұраққа, прокурор мырза бұнымыз «ешқандай да сөз бостандығын шектеу емес, тек қылмыстық іс жүргізу кодексінің сақталуын қамтамасыз ету ғана» - деп сендіруге тырысыпты.
Алайда прокуратураның мұндай «белсенділігі» оның мықтылығын паш еткен жоқ, қайта керісінше шарасыздығын, әлсіздігін әшкерелеген сияқты. Себебі жиырма бірінші ғасырда ақпарат легіне тосқауыл қою мүмкін емес. Ақпарат бір жерден болмаса, екінші жерден тесіп шығады. Интернетке, кез-келген ақпараттың таралуына бөгет жасау үшін билік Қазақстандағы электр қуатын, телефон, факс атаулыны өшіріп, жұрттың қолындағы компьютер, ксерокс, принтер сияқты құрал-сайманның барлығын есепке алуы тиіс. Егер кеңестік тоталитарлық режим дүрілдеп тұрған заманда, дәл бүгінгідей техниканың жоқ кезде Солженициннің «Архипелаг ГУЛАГ»-ы да, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері де халық арасында қолдан көшірілген түрінде тарағанын ескерсек, прокуратураның бүгінгісі бос әуре. Рахатқа бола қағаз бен қаламға, жазып-сызуға ешкім тиым сала қоймайтын шығар, сірә!
Ендігі бір мәселе, осы қадамның құқықтық негіздеріне байланысты. Рахат Әлиевтің кітабы елімізде орын алған көптеген оқиғалар мен жайттарға байланысты деп ойлаймыз. Оның ішінде бізді автордың «Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты ақпараттарды, құжаттарды жария етем» дегені ерекше қызықтырып отырғанын жасырмаймыз. Бұл біз үшін билктегілердің қанша тоқалы бар, олардың әрқайсысы қанша ақша ұрлады деген «ақпаратынан» мың есе маңызды. Оның үстіне прокуратураның бес жүзден астам беті бар кітапты толығымен «құпия» деуіне жол болсын дейміз! Егер оның ішінде жариялауға болмайтын құжаттар басылған болса, онда шенеуніктер мынадай-мынадай беттердегі құжаттар «құпия» деп нақты айтуы керек. Рахаттың өзі туралы, балалық не жастық шағы, айналасы мен замандастары туралы айтқан пікірлері «мемлекеттік құпия» емес шығар! Оның үстіне адам өлтіру, саяси терроризм сияқты қылмыстарға қатысты ақпаратты ешкім «құпия» деп тарс жауып қоюға қақылы емес. Керісінше, осындай қылмыстарға қатысты ақпараттарды біле тұра, оларды құқық қорғау органдарынан жасыру - қылмыс. Бұл тұрғыдан алғанда бүгінге дейін оларды «жасырып» келген Әлиевке қарсы қылмыстық іс қозғалуы тиіс. Ал егер Рахат оларды жариялағаннан кейін біздің арнайы қызмет органдары жаңа тергеу бастамаса, жаңадан ашылған фактілер мен құжаттарды жан-жақты зерттемесе, зерделемесе, онда олардың басшылары мен мамандарына қарсы «қылмыстық әрекетсіздік» бабы бойынша іс қозғау қажет емес пе?
Тағы бір құқықтық мәселе «кітапты оқыған адамның барлығы жауапқа тартылады» дегенге қатысты. Прокуратура оны қалай анықтайды? Мысалы, әлдебіреудің үйінен не компьютерінен әлгі кітап табылды дейік. Оның осы кітапты оқып шыққанын тергеушілер қалай дәлелдейді? Бәлкім, ол кітапты үй иесінің жаулары әдейі тастап кеткен шығар? Кітаптағы үй иесінің саусақтарының ізін іздей ме? Әлде бүйректен теуіп, кітаптың мазмұны туралы «допрос» жасай ма? Ал үй ішінде бірге тұрып жатқан жанұя мүшелеріне, сол үйге келіп-кеткен азаматтарға не істеу керек? Бәлкім, олар да байқаусызда кітапты қарап шығып, ішіндегі «құпияны» біліп қойған шығар? Оларды да қамап, «итжеккенге» айдау керек пе?
Кітапты «таратушылар» туралы да сұрақ аз емес. Мысалы, мен кітапты Мәскеуге не Берлинге барып оқысам не болады? Не болмаса Берлинде, Венада тұрып жатқан қазақ азаматтары оқыса не болады? Олардың оқыған-оқымағаны туралы ақпаратты прокуратура қайдан біледі? Прокуратураның жазасы тек Қазақстан азаматтарына ғана қатысты ма, әлде шетел азаматтарына да қатысты ма? Қазақ азаматтары білмеген «құпия» ақпаратты шетелдіктер толығымен біліп жатса, оның қай жері «құпия»? Елімізге «мемлекеттік құпияны» шетелдіктердің білгені қауіпті ме, әлде Қазақстан азаматтарының білгені қауіпті ме? Егер шетелде жүрген Қазақстан азаматтары Рахаттың кітабын емін-еркін оқып, ал ел ішінде жүрген азаматтар жауапқа тартылса бұл заңдылыққа жата ма? Сонда ел азаматтарын «кітапты оқыды не оқымады» деген принциппен сегрегациялау, екі сортқа бөлу болмай ма? Ал кітапты көрмеген, оқымаған, алайда оның мазмұны туралы көршісімен әңгімелескен адамдарды не қыламыз? Олар автоматты түрде «таратушыға» айнала ма? Оларды отызыншы жылдардығадай «донос» жазып, түрмеге тығамыз ба? Ондай болса, осынашама халықты отырғызатын түрме табыла ма?
Жалпы алғанда, прокуратураның бүгінгі тіршілігіне байланысты көптеген саяси сұрақтар да туындайды. Нұрпейісовтің мәлімдемесінен кейін кітапты оқуға еш құлқы болмаған азамат оған қандай жолмен болса да қол жеткізіп, оқуға тырысатыны анық. Тиым салынған нәрсенің барлығы оған деген қызығушылықты арттырады! Данышпан басшыларымыз бен көреген министрлеріміз Федерико Феллинидің «Цензура дегеніміз мемлекет есебінен жасалатын жарнама» деген сөзін білмей ме? Рахат Әлиев өз кітабында жөні түзу ештеңе жазбаған күннің өзінде, прокурорлардың барлық баспасөз көздері арқылы таратқан «болмайды» деген сөздерінен кейін кітап басынан аяғына дейін рас, шыншыл екен деген түсінік тарайды. Егер «кітапты оқу түгілі, қолға алуға болмайды» деп лауазымды тұлғалар ертеден кешке дейін зарлап жатса, қарапайым көпшілік ондағының әрбір қарпы «хақ», әрбір сөйлемі «аян» деп түсінеді емес пе? Осыны біздің прокурорлар түсінбей ме? Осыдан кейін амалсыз арнайы қызметтер мен құқық қорғау орындары әлі де болса Рахаттың жандайшаптарынан толық тазарып бітпеген бе деп жағаңды ұстайсың...
Егер түптің-түбінде елден безіп, қылмыскер атанған Рахат Әлиев өзі жазған «Өкіл қайын ата» кітабының арқасында қыруар пайда түсіріп жатса, оның кем дегенде жартысын ҚР Бас прокуратурасының есеп-шотына аударуы тиіс. Германия мен Австрияның баспагерлері, Рахаттың пиаршылары атышулы кітапты насихаттап, оны жарнамалауға ақшаларын шығындамайтын болды. Олардың жұмысын шын мәнінде біздің белсенді «құқыққорғаушыларымыздың» өзі еке есе арттырып жасап берді. Оны Венада жатқан мәретебелі қашқынымыздың өзі де растап, мысқылдап прокурорларға деген өзінің «шексіз алғысын» білдіріп отыр.
Бұның барлығына не дейік? Өздері қылмыстық іс қозғайды, өздері қылмыскерлерді елден жіберіп алады, өздері сырттай соттайды, өздері нәтижесіз қудалайды. Енді міне, өздері Рахат Әлиевтің кітабына деген жұртшылықтың қызығушылығын туғызып, өздері оның сатылуына қызу қызмет атқарып жатыр. Прокурорлардың бұндай тірлігі басында алпыс доллар тұратын «компромат-кітаптың» қара базардағы құнын алты жүз долларға дейін шарықтатып жіберді. Бұндай «майшелпекті» байқап қалған берлиндік «Ибера» бапасы «Өкіл қайын атаны» компакт-дискілер мен флеш-дискілерде шығарып, дүниеге тарату туралы шешім қабылдапты. Ең қызығы, еліміздің азаматтарын үркітіп-шошытып жүрген билігіміз шетелдік баспагерлерге ешқандай ескерту айтпаған сыңайлы...
Тобықтай түйін. Кеше ғана тоталитарлық заманнан шығып, келесі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа дайындалып жатқан қазақ мемлекеті араға жиырма жыл салмай цензураны қайта түлетпекші. Бұл тек Рахаттың кітабына, оның интернет-сайттарына ғана қатысты емес. Бұған дейін «Борат», «Сириана», «Катынь» т.б. кинофильмдер цензуралық себептермен қазақ кинотеатрларына шықпай қалды. Цензуралық себептермен талай баспасөз құралдары, оның ішінде «Тасжарған» газеті жабылып жатыр. Талай адам цензуралық себептермен жауапқа тартылып, сотталып жатыр. Сонда біз қайда бара жатырмыз? Бүгін цензура орнықса, ертең инквизиция мен НКВД-ның оралатыны анық! Мақаланың басында сөз болған Генрих Гейненің «Кітаптарды өртеуден бастағандар ерте ме, кеш пе адамдарды өртеуге дейін барады» деген сөздерін естен шығармайық!
Айдос Сарым, «Абай-нформ».