Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3153 0 пікір 21 Қаңтар, 2010 сағат 10:02

Айдос Сарым. Сөзден іске көшер кез келді

Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын дайындау жөніндегі топтың отырысындағы сөз

Бүгінгі қазақ қоғамы өмір сүріп жатқан заман - орасан зор тарихи өзгерістер заманы. Бір ғасырдың ішінде біздің қоғам бір емес, бірнеше саяси-экономикалық формациялардың ауысуының куәгері және құрбаны болды. Ал осы өзгерістердің барлығы тіліміз бен тілтануымызға қалай әсер етті? Сол өзгерістермен бірге келген жаңа қоғамдық қатынастар мен ұғымдар тілімізге яғни өмірімізге енді ме? Егер Кеңес заманының тілтанушылары қоғам тілін кешегі тоталитарлық жүйенің кезіндегі қатынастарға лайықты ете алды десек, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның мамандары ұлтымыздың тілін, халқының ойлау деңгейін ХХІ ғасырдағы постиндустриалдық қоғам талаптары мен заманауи сынақтарға сай, бәсекеге қабылетті қоғамның қалыптасуына тиісті қызмет ете алды ма? Әрине бұл оңай сұрақтар емес. Десек те оларға дұрыс жауап іздеп, жанталасып жұмыс істемесек,  ұлтымыздың болашағы жарқын бола қоймайды. Жиырмасыншы ғасырдың ғұлама ойшылы, физик Вернер Гейзенберг «біздердің көріп, аңғарып отырғанымыз табиғаттың өзі емес, алайда сұрақ қою тәсілімізге байланысты танылып отырған табиғат» деген екен. Яғни біздер белгілі бір мәселелердің шешімін іздемес бұрын өзімізге және қоғамға қояр сұрақтарымыздың дұрыстығына, заңдылығына, қисындылығына көз жеткізуіміз керек.

Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын дайындау жөніндегі топтың отырысындағы сөз

Бүгінгі қазақ қоғамы өмір сүріп жатқан заман - орасан зор тарихи өзгерістер заманы. Бір ғасырдың ішінде біздің қоғам бір емес, бірнеше саяси-экономикалық формациялардың ауысуының куәгері және құрбаны болды. Ал осы өзгерістердің барлығы тіліміз бен тілтануымызға қалай әсер етті? Сол өзгерістермен бірге келген жаңа қоғамдық қатынастар мен ұғымдар тілімізге яғни өмірімізге енді ме? Егер Кеңес заманының тілтанушылары қоғам тілін кешегі тоталитарлық жүйенің кезіндегі қатынастарға лайықты ете алды десек, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның мамандары ұлтымыздың тілін, халқының ойлау деңгейін ХХІ ғасырдағы постиндустриалдық қоғам талаптары мен заманауи сынақтарға сай, бәсекеге қабылетті қоғамның қалыптасуына тиісті қызмет ете алды ма? Әрине бұл оңай сұрақтар емес. Десек те оларға дұрыс жауап іздеп, жанталасып жұмыс істемесек,  ұлтымыздың болашағы жарқын бола қоймайды. Жиырмасыншы ғасырдың ғұлама ойшылы, физик Вернер Гейзенберг «біздердің көріп, аңғарып отырғанымыз табиғаттың өзі емес, алайда сұрақ қою тәсілімізге байланысты танылып отырған табиғат» деген екен. Яғни біздер белгілі бір мәселелердің шешімін іздемес бұрын өзімізге және қоғамға қояр сұрақтарымыздың дұрыстығына, заңдылығына, қисындылығына көз жеткізуіміз керек.

Тағы да қайталайын: тіл сөзден тұрмайды, сөз тілден шығады! Тілді қалыптастыратын ой мен іс емес, тіл ой мен істі қалыптастырады. Гумбольтша айтқанда: «Тіл -  ойды жасақтайтын, қалыптастыратын орган» (немісшесі -  Die Sprache ist das bildende Organ des Gedanken). Тағы бір цитата келтірейін. Людвиг Витгенштейн «менің тілімнің шекарасы менің дүниемнің шекарасы болып табылады» деп айтқан екен. Олай болса, біздің мақсатымыз -  ана тілімізді реформалау, дамыту арқылы, тіл шекарасын кеңейту арқылы ұлтымыздың кеңістігін ашу, өрісін кеңейту!

Тіл өзгермей - заман өзгермейді. Тіл реформаланбай - тірлігіміз баянды болмайды. Адамдардың ойлау тәсілі өзгермей, дүниені түйсіну әдістері өзгермей, ештеңе өзгермейді. Тіл өзгермей ешқандай саяси, әлеуметтік, экономикалық, психологиялық жаңалықтар мен қатынастар орнамайды. Ал адамдардың ойлау қабілеті тек тіл өзгерген кезде ғана өзгереді! Бұл аксиома! Одан қорқудың, үркудің еш қажеті жоқ. XVI ғасырда өмір сүрген бабамыз ХІХ ғасырдағы Абайды толық түсінбесе, ХІХ ғасырдағы Абай біздерді түсінбесі хақ. Себебі заман өзгерген сайын тіл де өзгеріп тұрды. Ал ХХІ ғасырда тұрған біздер «тіл тазалығын» сақтаймыз деген желеумен ойлау қабылетіміз бен менталитетімізді ХІХ ғасыр не ХХ ғасырдың басы деңгейінде қалдыра берер болсақ, заман көшіне ілесе алмаймыз! Тіл - біздің өміріміздің өзегі, қоғамымыздың айнасы. Тілдің даму деңгейі мен қоғамның даму деңгейі бірімен-бірі ұстас, тығыз байланысы бар құбылыстар. Тілімізде орын таппаған, нақты атауы жоқ ұғымдар мен құбылыстар өмірде де жоқ. Әрбір зат пен құбылыс пайда болар бұрын алдымен тілімізге енуі тиіс.

 

Нақты ұсыныстар:

 

1. Менің түсінігімде болашақтың тарихшылары бүгінгі қоғамымызда болған оқиғаларды тек қана тарихи құжаттар арқылы ғана емес, тілдегі өзгерістер арқылы зерттейтіні хақ. Күн сайын өмірге жаңа неологизмдер мен жаңа сөз тіркестері келіп жатыр. Әрине, олардың көбі заманының контекстісі арқылы түсіндіріле алады. Контексттен айырылып қалған сөз - жартылай өлі сөз. Мысалы, Кеңес заманында пайда болған жүздеген "ауатком", "обком" сияқты сөздер мен сөз тіркестерін бүгін ешкім қолданбайды. Заманы өткен соң олардың қажеттілігі де жоқ болып шықты. Сол сияқты бүгінгі күні де жаңа сөздер мен сөз тіркестері дүниеге келіп жатыр. Олардың, сөзсіз, үлкен пайызы уақыты өте, контекстісі өзгерген сайын мағынасы кетіп, қолданыстан түсіп қалады. Бірақ, тілде қалатын бөлігі де бар емес пе? Олардың барлығы да тілдік ноосферамыздың бөлігі. Оларды түсінбей сол заманды түсіну мүмкін емес.

Мысалы, жақында ғана ағылшын тілі миллионыншы сөзбен байыды. Ол қайдан белгілі болды? АҚШ-тың Лос-Анджелос қаласында арнайы мемлекеттік емес зерттеу орталығы бар. Ол орталықтың қызметкерлері әлемнің ағылшын тілді интернеті мен әлемде шығатын барлық ағылшын тілді басылымдарын мұқият қарап, зерттеп отырады. Сонда пайда болған жаңа сөздерді интернет-сайтқа салып, олардың "шығу тегін", контекстісін көрсетіп, тіл мамандарының арасында талқыға салып отырады. Дәл осындай жұмыс кезінде, тіл мамандары оны жақсы біледі, кеңес заманында әрбір он жыл сайын шығып тұрған мамандандырылған қалың сөздіктер арқылы жүзеге асып отырған.

Менің ойымша біздерге де осындай жұмыс керек. Құдайға шүкір, тіліміздің байлығы да бар. Тіліміздің болашағы бар екенін растайтын, дәлелдейтін тілдік шығармашылық жұмысы да жүріп жатыр. Бүгінгі қазақ баспасөзі тек қана ұлттық партия рөлін ғана емес, ұлттық тіл фабрикасының, зауытының да рөлін қоса атқарып келеді. Оған жаңадан ашылып келе жатқан қазақтілді интернеттің мүмкіндіткерін қосыңыз. Мысалы, осында отырған Мұхтар ағамыздың соңғы бір екі жылда ойлап тапқан сөздері мен сөз тіркестері қоғамның арасына сіңіп кетті. "ТЖ", "МҒҚ" деген сияқты. Жастар арасында кейбір басшылардың мемлекеттік тілге деген көзқарасын суреттейтін "саудабайшылдық", "давай-давай" деген сөздер пайда болды. Кешегі Аманхан Әлімнің "досханшылдық" деп полемика жағдайында айтып қалған ашты сөзі де бар. Олар тілге енуі де, енбеуі де мүмкін. Бірақ, олардың бүгінгі күнді түсіну, терең түйсіну үшін қажет екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Қорыта айтсақ, осының барлығы - біреуге ұнасын, ұнамасын - зерттеліп түсіндірілуі керек. Ол үшін бейресми, мемлекеттік ұйым құрып, оны мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландыруға болады.

 

2. Тіл шығармашылығына қатысты. Кезінде, естеріңізде болар, кеңес одағы құлаған кезде әрбір басылым арнайы рубрикалар ашып, онда қазақтың зиялы қауымы, ғалымдары бір-бірімен жарыса жаңа сөздер мен терминдерді іздеп, қаншама тайталасқан дискуссиялар жүріп жатты. Бүгінгі күні анда-санда "Ана тілінде" ғана шығатын азын-аулақ мақалалар болмаса, ондай қызу жұмыс жоқ. Өкінішке орай, біздер қоғамның, ұлттың осындай бір энергиясын, ынтасын өшіріп алған сияқтымыз. Алайда жаңа терминдердің қажеттігі хақ қой? Қоғамның барлық саласына жаңа ұғымдар келіп жатыр, ғылым мен техника алдыға дамып, ұлтымызға құйрығын ұстатпай кететін түрі бар. Олай болатын болса, осы жұмысты қайта жандандыру қажет. Әрине, терминдердің бірізділігі қажет, әрине бұл салада белгілі бір тәртіп болуы керек. Бірақ бұл тәртіп пен бірізділік өзінің қайнар көзі - ұлттық шығармашылықты тұншықтырмауы керек. Терминология саласында жүрген азаматтарды жақсы танимын, оларға мін таққаным емес. Бірақ термиология саласының бюрократтануы іске пайдасын тигізіп отырған жоқ екені мен үшін анық. Мысалы, баяғыда терминкомның әрбір отырысы қоғамдық-саяси маңызы бар оқиға болатын. Бүгін, неге екені белгісіз, оның отырыстарының бар-жоғы туралы ақпаратты кездестіре бермейміз.

Жалпы алғанда жаңа сөз ойлап табу, оның күнделікті қолданысқа кіріп, қоғамның ішіне сіңіп кетуі оңай шаруа емес. Біз қазақ қоғамының дамуын қамтамасыз ететін тіл модернизациясын іске асыру туралы айтуымыз керек. Сонымен қатар, осы тілдік саланы, тіл шығармашылығын дамытатын инфрақұрылымды, ортаны да қалыптастыруымыз керек. Тіл саласында инновациямен, шығармашылықпен айналысатын әрбір адамды тауып, оны ынталандыратын ортаны қолдан жасасақта, ойдан шығарсақ та қалыптастыруымыз керек. Достовский өмірінің соңына дейін орыс тілін "стушеваться" деген сөзбен байытқанын мақтан тұтқан екен. Біздер де ел ішінен осындай үлкенді-кішілі достоевскийлерді тауып, оларды мойындайтын, халыққа танытатын ортаны қалыптастырайық. Атақ, даңқ деген ұғымдар кейбір кезде қоғамды алдыға бастаушы күшке айналады. Олай болса атаққұмарлықтың өзін ұлт пайдасына жұмыстандырайық. Әрбір терминнің авторын де насихаттап отырайық. Бұл, сөзсіз, әсіре бәсекелестікке алып келуі мүмкін. Жоқ жерден даулар да туады. Бірақ, тілдің дамуы үшін осындай даулы орта керек. Дау дегеніміз қызу температура. Елдігіміздің жарқын болашағы үшін мұз болып қатқан май жіліктен гөрі бұрқылдап қайнап жатқан сорпа дұрыс сияқты. Мысалы, әрбір мемлекеттік орган мен ведомствоның сайтына сол салаға қатысты терминдер сөздігін салып, айына бір рет бір сөзді шығарып, соның үздік аудармасы, қазақ тіліндегі үздік баламасы үшін конкурстар неге жарияламасқа? Республика деңгейінде де осындай конкурстар өткізілсе. Жыл сайын өткен жыл ішінде пайда болған жаңа сөздер мен сөз тіркестері туралы есептер дайындап, олардың рейтингісін неге басып тұрмасқа? Мысалы, Ресейде үш жыл қатарынан осындай конкурсты "Новая газета" басылымы мен танымал философ Михаил Эпштейн басқаратын Орыс тілін шығармашылық дамыту орталығы ұйымдастырып отырады.

 

3. Латын әліпбиіне қатысты. Ерте ме, кеш пе біздің еліміз латын әліпбиіне көшеді. Бұл тақырып қайтсе де күн тәртібінен түспейді. Қажет десеңіздер әліпбиді алмастыру жаңа тағдырды таңдағанмен бірдей. Біз Ресейдің мәдени-ақпараттық ықпалынан шығамыз деп ашық айтатын болсақ, басқа түрік елдерімен иық тірестіріп тұрамыз десек, онда латын әліпбиіне көшу мәселесі соның ең тиімді жолы. Бұл тақырыпты "қымбат екен", "оқығымыз келмейді", "бізден кейінгілер жасасын", "ұлтымыз дайын емес", "көршімізге ұнамайды" деген желеумен артқа шегіндіре берсек - ұтыламыз. Латын әліпбиімен мектепті бітірген алғашқы ұрпақ - отарсызданған ұрпақ болып саналады. Оған дейінгілеріміз ортада қалған, бейуақтағы ұрпақпыз. Латын әрпіне көшу кем дегенде қарт буынның бір бөлігін ақпараттық айналымнан шығарып тастайды. Бұл біздің отарсыздануымыз бен жаңа сатыға шығуымыз үшін төлейтін құнымыз. Кез-келген шынайы тарихи маңызы бар шешімнің жүзеге асуы бір топты әлсіретіп, белгілі бір шығындарды қажет ететіні табиғи құбылыс. Нан сатып алсақ оған ақша шығарамыз. Деніміз сау болсын десек өзіміздің жанымызды қинап, дәрісіне қыруар қаражат жұмсаймыз. Тілдік реформа - өте қымбат, дәмі ашты, бірақ айналып келгенде пайдасын тигізетін дәрі. Оған дайын болуымыз керек. Мысалы, менің Нұржан әжем сауатын төте жазумен ашып, артынан латын әрпін меңгерді. Кириллицаны да, орысшаны түсіне алмай кетті. Марқұм шешеме латын әрпімен хат жазатын. Алайда ешкімнен кем болған жоқ, заманынан қалып қалмады. Өзі ауылдан Алматыға келіп, көшені сұрап үйді емін-еркін тауып келетін. Қоғамда болып жатқан оқиғаларды теледидарсыз-ақ біліп, түсініп жүретін абыз адам еді.

Менің ойымша, бүгінгі күні елімізде арнайы бүгінгі Филология институтынан тыс Мемлекеттік тіл институты ашылып, оған осы мәселені табыстау керек. Өткенде латын әліпбиіне қатысты әңгіме шыққан кезде бір топ ғалымдардың ғана пікірі өтіп, мәселені тез жабуға тырыстық. Сонда негізінен Өзбекстан мен Түрікменстанның тәжірибесіне сүйенген мысалдар ғана келтірілгені есімде. Бірақ, осы тұрғыдағы Әзірбайжанның тәжірибесі туралы неге айтылмаған? Оның үстіне Өзбекстан мен Түрікменстанның жабық елдер екенін, ондағы жағдайды ғалымдар негізінен Ресейдің ақпарат көздерінен алғанын неге ашық айтпаймыз? Әрине Ресей үшін біздің елдердің кириллицадан кеткені тиімсіз. Латын әліпбиіне көшудің тарихи маңызын орыс ғалымдары біздерден де бетер түсініп отыр. Біз болсақ солардың мақтағанына мәз болып, арқамыздан қаққанына қарық болып жүрміз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу туралы баптардың жаңа мемлекеттік бағдарламаға кіргені жөн. Мейлі оны "зерттеу" дейік, "дайындық" дейік. Бірақ осындай бір бап болса, болашақта осы жұмыстарды мемлекет тарапынан қаржыландыру жұмысы жеңілдейді. Ертең билік те, қоғам да осы мәселені терең түсініп, пісіп жатса, Қаржы министрлігі "бұл шара бағдарламада көрсетілмеген" деп қиып тастамауы үшін ауадай керек.

 

Сөз соңында осы біздің комиссияның жұмысына қатысты бір-екі пікір айтсам.

Шын мәнінде сөзден іске көшетін уақыт келді. Ұлтымыз біздердің барлығымыздан сындарлы, мазмұнды жұмыс күтіп отыр. Осында отырған біразымыздың мемлекеттік тілге қатысты ұстанымымыз кеше ғана Ассамблея ұсынған Доктринаға балама құжаттың ішінде айқын жазылды. Соны да осы жұмысымызда пайдаланайық. Ол құжат тек азғантай топтың амбициясы емес, ұлттың талабы, халықтың қалауы.

Мемлекеттік комиссияның жұмысын әрдайым ашық өткізу керек. Әр отырысына баспасөз өкілдері келіп қатысуы тиіс. Әрбір отырысымыз қызу талқыда өтсін, бірақ оның соңынан жапырақтай болса да құжат, титімдей болса да нәтиже шығарып отыру керек. Дайындалып жатқан құжаттың айрықша маңызы бар екенін ескеріп, оның жобасын баспасөзге басып, халықтық талқыдан өткізіп алсақ. Сонда ғана бұл құжаттың мазмұны да, пәрмені де артатын болады.

Біз билік пен қоғамның өзара жұмыс істей алатынын, ортақ мүддеге келгенде бас біріктіре алатынын күнделікті еңбегімізбен, айналып келгенде ортақ нәтиже -бағдарламаның жобасымен дәлелдеп беруіміз қажет.

Баршаңызға табыс тілеймін!

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

 

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1467
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387