Сталин суретінің сергелдеңі
Бүгінгі Міржақып Дулатов атындағы мектептің тұма бастауы сонау 1922 жылы Арал қоныс орнында ілдалдалап ашылған еді. Оны ұйымдастырып ашып, мұғалімдік еткен Садуақас Қосекейұлы Жақанин болатын. Ұлағатты ұстаз бір мұнымен шектелмей Торғай өңірінен төрт мектеп ашып, ел мархабатына бөленді. Ол 1942 жы¬лы Отан қорғау жолында ерлікпен қаза тапты. Оның өнегелі ісін байыпты жалғастырушылардың бірі Дархан Кеншінбаев деген мұғалім болды.
Бүгінгі Міржақып Дулатов атындағы мектептің тұма бастауы сонау 1922 жылы Арал қоныс орнында ілдалдалап ашылған еді. Оны ұйымдастырып ашып, мұғалімдік еткен Садуақас Қосекейұлы Жақанин болатын. Ұлағатты ұстаз бір мұнымен шектелмей Торғай өңірінен төрт мектеп ашып, ел мархабатына бөленді. Ол 1942 жы¬лы Отан қорғау жолында ерлікпен қаза тапты. Оның өнегелі ісін байыпты жалғастырушылардың бірі Дархан Кеншінбаев деген мұғалім болды.
Міне, Асқар есейіп мектеп есігін ашқанымен осы Дархан ағайының мәттақам, сырбаз, салмақты, қатаң кейпінен тез ширап кеткендей сезінер еді әрдайым. Балалық шақтың сезімі пәк, сенімі нық. Тұлымшақтай тұсыңда көріп, түйгенің түйедей болғаныңда да түйсігіңде түймеленеді екен. Қайда оқымады Асқар. Орынбор, Мәскеудікін адақтап, Ресейдің өзге қалаларында білім ұстартумен талай таңды көз ілмей атырған. Сондағы бір ғажабы, инемен құдық қазып, қиналысқа түскенде Дархан мұғалімінің дидары санасында сұлбалана қалатын. “Ей, бала, жақсы оқысаң адам боласың!” – деп дәп баяғыдай партаға сол қолын тірей, ұзынтұра бойын сәл иіп, сарғыш жүзі шырайланып, жеңіл жымия¬тын. Осы сөз құлағының түбінен ап-анық естіледі. Сол-ақ екен математиканың жаңылтпаш есебінен есі танып, күйзеліп отырған Асқар үсті¬нен суық су құйып жібергендей тыңайып шыға келеді. Тағы не деуші еді Дархан ағайы. Е, былай дейтін: “Білімді адам болсаң, еліңді ұшпаққа шығарасың!” Ұшпақ дегені миына кірмей қиналатын. Сөйтсе, еліңді біліміңмен бақытты өмір, шат тұрмысқа кенелтесің дегені екен ғой. Аздап діни сауаты да бар Асқар бала ұшпақ сөзінің бейіш, жұмақ мағынасын байытатынынан да хабардар еді...
Көкейіне ұялаған осы бір сөздер жан-жүрегіндегі ұшқынды өмір бойына көріктей үрлеп, маздата түсіпті-ау. Мұғалім сөзінің құдіретін айтсайшы.
Мұғалімге еліктеймін деп, өзі де мұғалім болып шыға келіпті. Кімдер өтпеген Дархан ағайының алдынан? Бозөкпе боп келіп, кейін бозайғырдай тарпынып ытқырынған талай тарландар сол қатаң талғамның қалыбынан шы¬ғыпты... Әр есім бір әлем екен. Заң қызметкерлері болған Баймырза Сейілов пен Қыстаубай Саржақов, ректор орынбасары Едірес Сейілов, т.б. шетінен ел тарихының тарланбоздары. Сұлтанбек Әбеуов, Бәтима Мақашева, Мұстафа Көшеков¬терді есіне алса, Сәбит Мұқановтың “Мөлдір махаббат ” (“Адасқандар”) романындағы Бүркіт, Бәтес, Мүсәпір елестері анық оқырмандар көз алдында. Оқырмандар үшін бұл үш кейіпкердің орны бөлек. Асқар үшін мүлде өзгеше. Себебі, бұлармен бір мектепте алысып-жұлысып жүріп білім нәріне бірге сусындаған. Қайран, сол қайы¬рылмайтын күндер! Есейгенде де естен кетпейді. Сағыныштың сазымен әлдилейді. Сарғайғанда сағымына орап, мұңға батырады. Ащы да болса, тәтті мұң. Сонысымен де санасын сәулелендіріп, серпілтеді. Сергектік нұрын себезгілейді. Отызын¬шы жылдардың басындағы аштық топалаңы рухани тірліктің де терісін іреп, ақсирақтандырып тастаған еді. Он жылдан аса білім нұрын шашқан мектептің керегесі шайқалып, шаңырағы омырылып ортасына түсті... Содан араға жылдар салып қана тамырына қан жүгірген-тін.
Орынборда Асекең қазақтың ұлт ретінде толысып, байып бекемденуінің ризығына жаратылғандай кілең нарқасқа жігіттермен бірге оқып, армандас болған еді. Солардың бірі жүз жасты алқымдап барып дүниеден өткен Мұқат Мейірманұлы болатын. Сол Мұқат досының Асқарға айтқан кейінгі бір сыры қандай қызық десеңізші. Күлкіге бөктірмей қоймайды... Ол Бәтиманы жақсы білетін болып шықты. Мәскеуде оның күйеуі Жанахмет Ақпанбетұлы¬мен бірге оқыпты. Қызылордада олардың үйінде жатыпты. Сонда қолына “Адасқандар” романы түсіп, Мұқат бозбала құныға оқымай ма? Оңашада кітаптан алған әсерін Бәтимамен бөлісіп, ойын ашық айтады: “Бәтес – оңбаған қыз екен, туысы Бүркітке сөзін бергені несі?”– дейді. Осыны естігенде Бәтиманың екі беті нарттай болып жанады... Кейін осындай пікірлерін дос-жарандарына білдіргенде, олар: “Ойбай-ау, мінеп-сыбап отырғаның Бәтиманың нақ өзі ғой” – дегенде, Мұқаттың төбесінен жай түскендей болады... Ол өз арынан ба, әлде Бәтимадан ба, кімнен кешірім сұрарын білмей қиналады. Сол жолы Асқар мен Мұқат достары көздерінен жас аққанша күліскен. “Біз Дархан ағайдың шәкірттеріміз ғой!”– деп мақтанышын да жасырмаған Асқар. Шәкіртінің көңілінен ұстазы үнемі шықпаса бақыт деген сол, әне екі жақ үшін.
Махаббат буы кімді мас қылмаған. Асқардың Орынбор оқуындағы тағы бір қанаттас досы, кейін заманымыздың заңғар мұнайшысы атанған, жүз жастың желкесіне еркін жайғасып бақилық болған Сафи Өтебаев өз естелігінде Шәрипа жарымен қалай танысқанын мөлдіретіп жырлап берген еді. Соны оқып отырып, құмардан шыққанымыз бар. Оның мәнісі Асқар ағамыздың соны бір қырына қанығуымыз еді. Және де қызға ғашықтықтың жарқын үлгісіне себеп болған сылтаулы істердің мазмұн байлығы да көңіл баурайтын. Қане, Сафи жазбаларына жүгініп көрелік: “... Оқу басталған соң, рабфактің комсомол комитеті Асқар Закарин екеумізге жасөспірімдер мектебіндегі оқушылар арасында тәрбие жұмысын жүргізуді тапсырғанда, сол арманыма (сүйген қызын айтады – Қ.Ә.) жеткендей қуандым. Енді Шәрипамен жолығуға мүмкіндік молайды. Тәрбие жұмысына құлшына кірістік. Асқар ән, өлең үйірмесіне бала жинай бастады. Мен драма үйірмесін құрдым. Доссорда ФЗУ-да жүргенде драмаға қатысқаным бар. Сәкеннің “Қызыл сұңқарлар” пьесасын қойдық. Сонда мен қыздың рөлінде ойнағанмын... Асқар екеуміз уақыт тауып сол оқушыларға ақыл-кеңес айтамыз. Әңгімелер өткіземіз, комсомолға кіру жолын түсіндіреміз... Келесі 1930 жылы мамырдың 2-сінде Орынбордан 15 шақырым жердегі Қараши деген қазақ ауылына барып, “Қыз Жібек” пьесасын қойдық”.
Оқуға тоймайтын Асқардың өнерге деген құмарлығы да осы мысалдардан айқын көрініп тұрған жоқ па.
... Әр биікті бағындырған сайын Дархан Кеншінбаев сынды ұстазының тұлғасы Асекеңе таудай боп айбаттана түсетін. Әттең-ай, 37-нің ойраны сол мұғалімін де опынтып кеткен еді. Өзімен бірге бала оқытып жүрген бір көкайыл НКВД үштігінің бірімен ауыз жаласып, қапысын табады. Дархан өз үйінде шай ішіп отырғанда күтпеген жерден кіріп келіп тінткілеп, оның малдас құрып отырған төсеніш көрпесінің астынан Сталиннің суретін тауып алады... Күнібұрын құрылған тұзаққа қайран ер сөйтіп ілігеді. “Халық жауы” атанып, Мәскеудің Бутырка түрмесінде алаш арыстарымен бірге аласұрады... Қаралы қармақ шеңгелінен босай алмай, хабарсыз кетеді.
Бұл қолқа суырған қатыгездікті Асқар ары ғұмыр бойы айыптап өтіп еді...
Әуезовтің хаты
Ұлылар ұрпақ тағдырына бей-жай қарамаған ғой. Елдің ертеңін ойлауды үміт еткен жастарға қамқорлық жасаудан бастаған. Елдің болашақ асқар беліне айналады деген айрықша жаратылыс илеріне деген көзқарастары тіптен ерен болған. Әрқайсысын алаламай, аспанға көтеруге тырысқан. Үміт еткен. Руға, жүзге бөлмей асқан бейімін ұштай білген. Асыл мұратпен, айқын мақсатпен, ыстық жүрекпен үмітті балаға барлық жағдай жасауға асығып тұрған. Осындай келешекке деген іңкәрлікті ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің әр кездегі түрлі жазбалары мен беделді басқосуларда айтқан ақылман сөздерінен де аңғарып қаламыз. Ол кімге не айтуды, қалай айтуды білген ғой. Мемлекеттің уығы боп шаншылуға әбден жарап жататын қасиет-қадірді бір өскіннің бойынан сезді ме, оның тағдырына жатпай-тұрмай елеңдепті. Әрине, кәусарлы көкіректен Мұрат ұлының келешегіне шашылған жұпардай ақыл-кеңесі мұндайда бөле-жара әңгімелеуге жарап жатыр. Фатимаға жазған құпия, ыстық сезімді хаттарында да ұлының жайын сыналамай өтпейді екен. Мұраттың өзі де сыр ашып, мейірбан әкесінің ма¬мандық таңдаудағы сарсаңда сара жол сілтеп бергенін былайғыларға өнеге етіп құлаққа сі¬ңіріп жүр. Мадақ қоспайды, маздаған шырақ¬тың сәулесіне жан жылытатындай... Өзі ғана емес, өзгенің де өмірін шырайлан¬дыратындай...
Дарақтың саясында көңіл демделеді, іс-жоспар мегзеледі. Аяқ суытып, көлеңкелеп, сусын қандырып, самалға кеуде тосқан ләззатты сәтте ұрпаққа алаңдаушылық сезімін кімге аңғартарын, әрине, адамзаттың аймаңдай жазушысы қапысыз түсінген ғой. Қалауы сонда Асқар Закаринге неге ауа берген? Ірі лауазым¬ның кесек турайтынын ескергендіктен ғана ма? Әлде достық пейіл, жылы қатынас, мейірімді рәуіш, сергек түсіністік, тіпті осы дәнекерліктің бәрін жиып қойғанда оның азаматтығы мен адалдығына тәнтіленіп жан семіртетін, ұрпақ қамын күйттеуде өзіндей мақсаттас Закаринмен тегін сырласпайтын болар-ау. Бір сөзді, көлтелегі жоқ, осы мінезімен-ақ күдер үзгізбей, үміт үрлететін үлкен жүректі, аса мәдениетті адаммен ұлтының тағдыры туралы ақылдасса айып па екен! Және де жүрекжарды сырын қазақтың сондай бір ұлтжанды азаматы арқылы– Әди Шәріповтей беделді тұлғасын араағайын етіп ақтарса, ол өтініші жеке бастың қамынан көрі көкжиегін кеңейткен көнтерілі мәселеге ұласып кеткендей емес пе? Иә, солай...
Мәселенің Асқарға да қатысы болғандықтан Әди Шәріповке жазылған хатпен танысып көрелік: “Қымбатты Әди дос! Мен бұл хатты түнеукүні естіген, Ыстықкөл жағасындағы Шолпан-Атадағы дачасымағымнан жазып отырмын. Алматыдан дәл жүрер кезде сен жол жүріп кетіп, мен соңғы бір жаңалығымды саған айта алмай кетіп ем. Ол – анада әңгіме еткен Мұрат Әуезов дейтін менің балам жайындағы жаңалық. Басында мен МГУ-дың химия жөніне ешбір орын болмағандықтан баламмен екеуміз ақылдасып, оның болашақ мамандығын мүлде өзгерттік. МГУ-дың шығыс тілдері бөліміне бес орын келген екен. Соның қытай тілі бөліміне Мұрат түсетін болған.
Сен Алматыда болмағандықтан осы байлау¬ды Шияб Сағындықов (Шияб Сағындықов – Қазақстан КП орталық комитеті мектеп бөлімінің меңгерушісі) пен Асқар Закарин (Асқар Закарин – Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары) жолдастарға айтқанмен, бір орынға өтініш етіп, баланың арызын Асқардың көмекшісіне түгендеп бергізіп кеткенмін. Қазір емтихан уақыты таяған соң, осы жайларды ести салып, Мұрат Әуезовтің сол аталған қытай тілі бөліміне қабылдануын талап етемін.
Барлық тиісті емтихандарын Мұрат ойдағы¬дай табыс ете алады. Тек осы жайлар есіңде бол¬сын деп, мынау сәлем-хатты жолдап отырмын.
Өзім Ыстықкөл жағасында, бір жағынан тынығып, екінші жағынан жұмыс істеп жатырмын. Августың ортасында Алматыға қайтпақ ниетім бар. Достық сәлеммен М.О. Әуезов. Шолпан-Ата, 1959 жыл, 16 шілде”.
Сенім артып жазған осындай хаттан тілеулестері тиісті қорытынды шығарғанын тарихи шындық шырайлы етіп дәлелдеп бергенінен де қалың елі куә. Әди мен Асқардай асқақ мұратты інілері ағасының ығына жығылып, мерейін асырыпты. Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бардың кебі де. Сүйемелдеусіз күн ғаріп емес пе? Арман тұл емес пе? Өріс тарылмай ма? Ұлтын сүйер бір торсық шеке ұлдың бағын ашуға жәрдемдесіпті. Мұндай абзалдықты дербестіктен асырып, халықтық мүддеге жатқызсақ несі айып!
Закариннің зор парасат иесі екендігін айғақ¬тайтын тағы бір дәлелді Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың шығармаларынан іздеп табуға болады. Автор “Қаламгер және оның достары” деп аталатын эпистолярлық романында талантты қаламгер Мұқан Иманжановтың қазанамасына мемлекет және қоғам қайраткері ретінде қаралы көңілмен қол қойған Закариннің, қайғыны бөлісумен ғана шектелмей, жазушының отбасына нақты материалдық көмек жасағанын үлгі етіпті. Кейбір бірге жүрген әріптестерінің шаңырағына кіріп көңіл айтуға жарамағанын ескерсек, әрине, мұндай адамгершілікке разы боласыз.
Еңбектің өтемі өзіме ғана болсын дегеннің тұлпары өрге уақытша ғана шабады екен. Пайы¬мы таяздар соған мәз. Тірісінде бәрін қонышынан басайын деген кеудемсоқтық тұралататынын біле тұра табанды түрде табанының бүрі түгесілгенше тебінеді. Маңдайын тасқа соғып, талмаурап талықсығанда ғана санын соғады. Қапы қалғанын кеш ойлап, бармағын тістейді. Сондайлардың сойынан болған талайлар тағдырдың илеуінде қалған. Ойымызды осындай жиіркенішті жүлгеден ажыратар болсақ, Асқардай ағаның артына қалдырған ақжарылқап істерінің ізі мәңгілікке жоғалмайтынына марқаямыз. ҚазМУ-дың ғасырлар бойы жасай беретін жаңа қалашығына текетірестерден дәлелі озып, жер телімін бөлгізгенде Закарин жеке басының қамын ойлап па? Жоқ. Бүгінгі, ертеңгі студенттердің әлеуметтік жағдайын ертебастан қамдап қарастырып, ұрпақтың білім жолындағы қадамын жеделдетудің жай-жапсарын жеңілдету еді. Жетпіс бес белесті абыройлы артқа тастаған білім ордасының күллі ұжымы сол көрегендігі үшін Закаринге өмірлік қарыздар десек, артық айтпаспыз. Жоғары білім саласын дамытуға қосқан айрықша еңбегі үшін ол Еңбек Қызыл Ту орденімен, “Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі” медалімен марапатталып, Қазақстан жоғары мектебінің құрметті қызметкері атағын иеленді. Бұл марапаттарды біреу біліп, біреу білмес. Ал жаңа оқу қалашығын қалыптастырға¬нын тарих ұмытпас. Ел жадында осындай мықты тұғырымен тұлғаланып, жасампаздық жалауына айналып кеткен Асқар ағаны қай қазақ мақтан тұтпайды.
Асқар ағамыздың да алып Мұхтарша ұрпақ қамын ойлап жазған хаттары бар екенінен хабардармыз. Соғыстан елге жолдаған сағы¬ныш¬ты хаттары ауыздан-ауызға көшіп жатта¬лып қа¬лыпты. Орынбор мен Мәскеуден жет¬кен білімге ғашықтық жырлары өз алдына дәм¬ді дастан. Жазған мақалалары мен кітап¬тарының өлшеусіз өнегесін ешкім ұмытпас. Десек те, реті келгенде жанынан суырып айт¬қан ақыл-кеңестерінің жөні бір бөлек. Бір жолы атақты ғалым Сайлау Байзақовқа былайша ашылса керек:
Адамда төрт түрлі достық қатынас бо¬лады, – депті заңғар Закарин. – Бірі – шәпке (қал¬пақ) қайыру тәсілі. Басынан шәпкесін жұлып алып, иіліп сәлемдеседі. Жапалақша жалтақтай¬ды. Жалпақтайды. Бұл – лауазымыңды қадірлеген уақытша сыйластық. Енді үш түрін ерекше бөліп атайын. Бірі – соғыстағы достық, екіншісі – тай-құлындай тебіскен сыныптастар жарастығы және де үшіншісі – студенттік сағынышты жылдар жолдастығы.Осылардың ішінде “меніңше” ең маңыздысы – соғыстағы достық деп есептеймін!
Сөйтіп ауызша айтқаны уақыт өте келе хат сөзіне айналып, міне, сізге де жетіп отыр¬ған жоқ па. Ғалымның хаты өлмейдінің кепілі. Асқардай жақсы ағамыздың аты өлмейтініне де куә болып жүргеніміз қандай бақыт!
...Бәріне түрткі болған Әуезовтің ұрпақ қамын ойлаған мазмұнды да әсерлі хаты екен-ау!
Момышұлының құдаға “сыйы”
... Момышұлының мұрты жиі жыбырлай бастады. Сұсы суық. Қабағы қатыңқы. Танауы қусырылып, көзінен ызғар ұшқындайды. Неге аяқастынан бүйтіп кірпідей жиырылып қалды, бәтір-ау! Әлгі әзірде осы Бақытжан Байқа¬дамов¬тың үйіне аса көңілденіп, қолындағы таяғын жеңіл үйіріп, алдынан аталап шыққан балалардың маңдайынан иіскелеп, көтеріңкі күймен келген еді. Ендігісі мынау, салы суға кеткендей тымы¬райып, “ішімдегіні табыңдар да жалпақтаңдар маған” дегендей қырсығып отырған... Кім көңілінің кілтін табар? Оңай¬лықпен тапқызар ма?
Тапқызбасына өзі де мығым сенеді. Кейде өзінің мінезін өзі сипалап жайландыра алмайтын мүшкіл де беймәлім халге түскенде, қаратер болып аяқ-қолы қалтырап кететін. Жүрегі тулап ырқына бағынбай: “Осы құйыныңнан діңкеледім ғой әбден, ерегіскенде тоқтап қалайын ба!”– деген¬дей одан бетер атойлап соғып, алқымын шеңгелдеп қысқанда күллі денесін ащы тер жуып кететін. Батырға да жан керек. Амалсыз сабыр сақтап, сабасына түскен болады. Үркек ой үрейін шар¬пып өтеді. Сол-ақ екен әлгі бүлікшіл ойы сауы¬ғып сала береді. Біреудің үйінде боғын пы¬шақ¬тап жатудың ерсі екенін ұғынады. Алдарынан өтетін құдаларын күтуге Бақытжанның өзі құрметтеп шақырып отыр емес пе. Кәдімгі композитор Байқадамов. Өзін сыйламаса да, соның қамын күйттеуі керек қой. Міне, жөн...
Аңғал батыр енді көңіл-хошын айрандай бұзған адамына өшіге бастағанын аңғармай қалды. С-со-ол! Со-ол менің апшымды қуы¬рып отырған. Қаһарын төгетін нысана табыл¬ғанына жаны қуанғандай боп қол таяғымен еденді дүңкілдетіп қойды. Қазір, қазір келсінші, әуелі. Әуселесін көрейін сосын... “Шіреніп, уақытында келмей жатқанына к... сүртем бе!”... Сап-сап, батырекесі... мінезіңе тосыннан тағы да ши жүгіртіп аларсың...
Бұл шүйліккені Асқар Закарин еді. Бақытжанның күтіп отырған құдаларының бірі. Батырдың мұнда екенін біледі ол. Біле тұра күттіреді. Найсап неме! Көрінші өзі, кеңір¬де¬гіңді суырып алайын. Жұртты иіріп, зарық¬тырып күттіргеніңе кәде-сыйым да дайын. Алдымен қолыма түсші бір, сорайып... Мас¬қара қылмасам ба, Бауыржан атым құрысын!
Ой дегенің қалай бұрсаң солай жүретін желбағар ғой. Тізгінін сәтімен қақпайласаң, қаражаяу қалдырмайды. Ормандай орамына еміндіре тартады. Бәрекелді, сөйтіп, Батырың Асқар туралы елжіреп ой қуып кеткенін аңғармай қалыпты... Асқарды пір тұтып сыйлап жүреді. Маңғаз қалпына қызығады. Сырбаз. Сабырлы. “Бір сөзіңді бітіргенше, бір қауым ел үдере көшіп кетер” деп қажайтын оны көңілденіп отыр¬ғанда. Өзінен екі жас үлкен Асқар жымияды. Екі жаста тұрған не бар, құрдастай әзілдеседі. Кейде көбіне Батыр үлкенсіп сөйлегенде, биязы мінезді Асқар кішірейе түсуді ар көрмейді. Баукеңмен теңесуді ойына алып көрмегендіктен шығар, аласарған сайын жаны рахатқа батады. Осындай жас жағынан көрі жан теңгермелігін басым санайтын бұл екеуінің сыйластығына былайғы жұрт қызыға қарайтын. Бауыржанды Асқардан көп үлкен-ау деп жорамалдайтын. Мүмкін, інісін ағасындай көкке көтеріп дәрежелей білген Асқардың азаматтығы шығар бұл қасиеттілігі.
Сол Асқардың өзінен екі жас қалқыңқылы¬ғын елетпей отыр ғой мына бас көтерген ашу-ызалы бурасы. Мәнәйі себеппен кешігіп жат¬қан шығар құдалар. Әдейі есеппен шіренбейтін болар. Иә, Асқардан ондай мәдениетсіздік шықпайды. Сағат тіліндей үнемі бұраулы жүретінін біледі оның. Уәдеге берік. Сөзін жұтқанын осынша жылда бір байқап па? Жоқ. Өзіне де, өзгеге де талапшыл. Әйтпесе тағдыр бір адамның басына осынша үйіп-төгіп мін¬деттеген жоғары қызмет¬терді мінсіз атқаратын ба еді. Сабасыз шаң жуыт¬пай атқарып жүр емес пе! Ел үшін ерен қажыр¬лылық көрсеткен бір адам осы Асқардай-ақ болсыншы.
Баукең іштей елжірей бастапты. Е, шүкір, оның қас-қабағын бағып жүрген мына жұрттың да жүзіне арай жүгіріп, шырай¬ланғандай. Нені ойласа да үлкен олжалы күйде рухани азықтан ажырамастай күйге енген екен. Ұзағынан болғай деп тілеседі бәрі... Батыр бұл Асқарды соғыс жыл¬да¬рынан бастап жыға таниды екен. Отан тағдыры не болары белгісіз 1941 жылдың 6 желтоқсанында бірнеше жаңа әскери құрылымдар жасақталғаны белгілі. Солардың бірі Алматыда құрылған 100- дербес атқыштар бригадасы еді. Ел ішінен жауға арыстан боп атылуға асыққан боздақтар тас түйін жиналып, атыс-шабыс өнеріне икемдел¬ген соң 1942 жылдың 12 тамызында майданға атой салып, аттанғаны мәлім. Бәріне қанық. Қанды қырғында осы бригаданың сапында болашақ Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова, ертеңгі мемлекет қайраткері Асқар Закарин, кейінгі халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, т.б. жүрек жұтқан жауынгерлер ерлікпен шайқасты. Өзі де от пен оқтың ара¬сында жүріп, сол бригаданың жаумен жұлқы¬нысын сұрастыратын. Ерліктерін еститін, тәнті болатын. Қайран ерлер майданға 4890 адам боп кіріп, сетінегеннен сетінеп үш жүздейі ғана туған жеріне оралған-тын. Көкірегі қарс айырылған. Аһ ұрған. Өкініш орны толмаған. Көңілге бір медеті сол құрбандардың Жеңіс жолында жанып кеткендігі. Өшпес рухы еліне Жеңіс шапағымен сәулеленіп жеткені... Тірі келгеннің бірі осы Закарин еді... Оның бойынан әлі күнге соғыс тәртібін сезінер еді. Қанша иісмай жағынса да киімінен соғыс өртінің күлімсісі кетпей тұратындай еді... Мүмкін оны өлердей сыйлайтыны, сол жауынгерлік жалқы қасиетін қадірлегендіктен бе екен...
Сөйтсе керек. Жүрегіне жақын тартпаса, өз шығармаларына Закариннің атын бекер қосар ма, атып тастаса да. Қойын дәптеріне былай жазып қойғаны бар: “Сегодня в 16.00. пришли (навес¬тили) Ильяс Омаров и профессор Темир Даркам¬баев. Разговор общий. Профессор сообщил, что Каныш Сатпаев снова станет президентом Академии наук, что Аскар Закарин на днях приедет на совещание, что Ахмету Жубанову вернули парт¬билет”... Тағы бір келтірген мысалы да қынулы. Үндістанға кетіп бара жатқан Мұхтар Әуезовтің тапсырмасы бойынша Баукең Тагордың 22 томын күніне бір кітаптан оқып тауысып, ұлы жазушы оралғанша үлкен жиынға баяндама дайындап қояды. Кейін осыны есіне түсіріп: “Академия Науктың кіші залында жиналыс болды. Жиналысты Мұқаңның өзі басқарды. Баяндамашы менмін. Маған сөз берді. Мен 22 минут баяндама жасадым. Зам. Председатель Совета Министров Аскар Закарин, академик Кеңесбаев, тағы басқалары бар...”
Сол жолы Мұқаңмен бірге Асқар да жақсы баяндама жасаған өзіне шынайы разылығын білдірген екен.
Асқарлар әлі кешігіп жатар. Әлгіндей жылы ойлардан кейін Баукең оған деген мұз¬даған қабағын сәл жылытып алғандай болды. Бірақ көңіліндегі кірбіңі тұтасымен ери қоймайтындай. Ара-арасында сап-сап деп, санын шымшылап, өзін сабасына түсіргендей болады. Қызу қанды ғой, тыз етпе мінезге шақпақ түсіп лаулай жөнел¬месі үшін Асқар туралы тағы бір сыпайы ойла¬рын оятып, солардың әлдиіне тербетіліп отырды. Е, сырғып жатқан күндер-ай. Әбен Сатыбалдиев інісінің үйіндегі Гүлнәр келіні айтып отырушы еді, Асқардың кейбір асыл қырларын. Міржақыптың қызы торғайлық әкесінен қуып Асқарды жақын ағасы санайды екен. Оның елден оқуға аттануы да ерен оқиға іспетті болыпты. Шал-шауқан әке-шешесінен ерте айырылған Ас¬қардың сыртқа кетіп, оқуына қарсылық білді¬ріп, өздерінше тұзақ құрмақ ниетпен зорлағандай етіп үйлендіре салады. Бірбеткей бозбала бәрін талақ етіп тайып отырады. Құлағы теріс батаны шалып қалса да алған бетінен қайтпайды. Осы әңгімені естігенде: “Өйтпесе Асқар бола ма!”– деп, Баукеңнің мәз болғаны бар еді. Асқардың өз елінен шыққан алаш арыстарына жақын туыс болып келетіндігін білгенде де “тақыр жерге шөп өспейді” деп марқайып еді.
Күткенді суқаны сүймейтін Батыр сағатына қараса, манадан бері қалай шыдап отырғанына өзі аң-таң. Мұрты ырқынан тыс жыбырлай бастады... Шеке тамыры білеуленіп, бетінің қызылын жалап, әлдебір ызғарын үрлей түскендей ме? Қазір, келсінші бір, алдымен... Бұ қай дандайсығаны. Ырғалған найсаптар. Қазақтың құдалығының да қыжылы басым. Оның ұңғыл-шұңғылын ревизиялау керек! Әйтпесе, мынасы несі?! Зарықтырып қойғаны жолына телміртіп. Байқадамовтың қызына құда түспек болған ниеті мынадай болса... Асқарыңның беті қатты...
– Келді, құдалар келді! – десіп шу ете қалған күтушілер шуылдасып қалды.
“Келгенді көрсетейін”, деп, Батыр да әлденеге бекініп, орнынан қунақ қағып ұшып тұрды. Шошалаға зып етіп, сумаң қаға қайта шықты да табалдырықтан аттай берген еңсегей бойлы Асқарға сәлемдеспек ыңғаймен иіле беріп аппақ нұрға малынғандай қос ала¬қанымен құданың бетін сипалап алып, құла¬ғын шірей тартып сүйіп алды.
Беті-басы ұнмен былғанып, ақ сәлдеге оранғандай болған Асқардың көзі ғана жыл¬тырайды... Ыржиып күлгені аңқиған аузынан ғана аңғарылады...
Батырдың құдаға жасаған бұл “сыйы” аңыздай боп елге жайылып кетіпті... Кешігетіндер қатары сирепті...
“Егемен Қазақстан” газеті №184-187 (25584) 27 мамыр 2009 жыл