Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4222 0 пікір 4 Ақпан, 2010 сағат 06:38

«ДӘСТҮР ДЕП ДАЛБАЛАҚТАЙ БЕРЕМІЗ БЕ?» ДЕЙДІ ИМАМ

Қазіргі таңда ресми мәліметтерге қарасақ елімізде 40-тан астам конфессияны құрайтын 3 мың 992 діни бірлестік бар екен. Оның 2 мың 334-і мұсылман, 282-сі православие, 98-і католик, 28-і иудей бірлестігі, 100-ге жуық протестанттық, буддизм, индуизм және соңғы кездері белгілі бола бастаған пресветериандық конфессияларға жататын «Жаңа апостол», «Благая весть», «Жаңа аспан», «Агапе» сияқты діни секталардан тарайтын қауымдар бар. Президент НАЗАРБАЕВ ел аумағындағы миссионерлердің іс-әрекетіне тосқауыл қою керектігін ескерсе де, керісінше еліміздегі діннің қатары күннен-күнге толыға түсуде. Тіптен, тіркелмегендері қаншама. Ал, ол көп діни секталардың еліміздегі толеранттылықтың тірегі болмақ түгілі Конститутцияға кереғар әрекеттері, адам құқықтарын аяққа таптап, ел ішінде әжептеуір дау-дамай тудырып, қазақты жік-жікке бөліп, айрандай ұйысып отырған отбасының ойранын шығарып жүргендіктері осы күнде бұқаралық ақпарат құралдарында көп жазылып, көп айтылып келеді. Тіптен, бұл мәселелердің ел өміріне, ел ертеңіне, ұлтқа аса қауіптілігін сезінген  халық қалаулылары 2008 жылы Парламент мәжілісінде Берік БЕКЖАНОВ, Камал БҰРХАНОВ, Нұртай САБИЛЯНОВ бастаған депутаттар Үкімет басшысының атына сауал жолдап, онда 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңға өзгерістер енгізу туралы бастама көтерген болатын.

Қазіргі таңда ресми мәліметтерге қарасақ елімізде 40-тан астам конфессияны құрайтын 3 мың 992 діни бірлестік бар екен. Оның 2 мың 334-і мұсылман, 282-сі православие, 98-і католик, 28-і иудей бірлестігі, 100-ге жуық протестанттық, буддизм, индуизм және соңғы кездері белгілі бола бастаған пресветериандық конфессияларға жататын «Жаңа апостол», «Благая весть», «Жаңа аспан», «Агапе» сияқты діни секталардан тарайтын қауымдар бар. Президент НАЗАРБАЕВ ел аумағындағы миссионерлердің іс-әрекетіне тосқауыл қою керектігін ескерсе де, керісінше еліміздегі діннің қатары күннен-күнге толыға түсуде. Тіптен, тіркелмегендері қаншама. Ал, ол көп діни секталардың еліміздегі толеранттылықтың тірегі болмақ түгілі Конститутцияға кереғар әрекеттері, адам құқықтарын аяққа таптап, ел ішінде әжептеуір дау-дамай тудырып, қазақты жік-жікке бөліп, айрандай ұйысып отырған отбасының ойранын шығарып жүргендіктері осы күнде бұқаралық ақпарат құралдарында көп жазылып, көп айтылып келеді. Тіптен, бұл мәселелердің ел өміріне, ел ертеңіне, ұлтқа аса қауіптілігін сезінген  халық қалаулылары 2008 жылы Парламент мәжілісінде Берік БЕКЖАНОВ, Камал БҰРХАНОВ, Нұртай САБИЛЯНОВ бастаған депутаттар Үкімет басшысының атына сауал жолдап, онда 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңға өзгерістер енгізу туралы бастама көтерген болатын.

Өткен жылы еліміздің министрлер Кабинеті алғаш рет өзінің отырысын идеологиялық мәселелерге арнап, онда қоғамдағы қазіргі уақыттың кезек күттірмес өзекі мәселелері бойынша Әділет, Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің басшылары жауап берді. Сонда үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ идеология бағытында «Ол әзірге ақсап тұрғандығын» ашық айтқан болатын. Ал, сол жиында Зағипа БӘЛИЕВА бүгінгі таңда Қазақ жерінде 362 миссионерлердің уағыз таратып жүргендігін хабарлап, тіркеусіз миссионерлік қызмет жасаған АҚШ, Грузия, Оңтүстік Корея, Жапония азаматтары елден аластатылғандығын, олардың ішінде, саентология шіркеуімен сыбайлас «Нарконон» қорының басшылары бар екендігін, сонымен қатар, «Таблиғи Жамағат» миссионерлерінің жеті тобының үгіт-насихаттық қызметі тоқтатылғандығын хабарлаған еді.

Тіптен, шетелдерде тыйым салынған немесе қауіпті деп танылған көптеген діни бірлестіктер елімізде астыртын жұмыс жасайды екен. Сондықтан да олар Әділет мекемелерінде тіркеуден өткенде олар көбіне «қайырымдылық», «гуманитарлық» деген сарынмен өздерінің діни бағыттарын  жасырады. Ал шындығында келгенде, олар өзге мемлекеттерде діни секта, кейде тіпті қауіпті ұйымдар болып есептелуде.

Ғасырлар бойы қазақтың әдет-ғұрпымен, салт-санасымен астасып кеткен дәстүрлі дінімізден өзге діндердің барлығы да қазаққа қауіпты екендігі белгілі. Өйткені әр қай діннің қазақтың дүниетанымына жат өзіндік мүддесі, мақсаты бар. Сондықтан да оларға мемлекеттің біртұтастығы, ұлттың бірлігі, халықтың тыныштығы, елдің мүддесі, тіптен еліміздің Конститутциясы да қажет емес. Аталған жат пиғылды діндердің бірде ашық, бірде жасырын қолайы келсе заңның да қонышынан басып, өз үгіт-насихаттарын, қауіпті идеологиясын белсенді түрде жүргізуі де сондықтан. Тіптен, олардың арасында «өте қауіптілері» де қазір өз жұмыстарын ашықтан-ашық жүргізуде. Оған, қазіргі күні қоғамды біртіндеп «жаулай» бастаған «иеһова куәгерлері» мен радикалды «ислам фундаменталистерінің» іс-әрекеттерін жатқызуға болады.

Мәселен 2007 жылы қыркүйек айында әлемнің жиырма екі елінен әлемге аттары әйгілі, шоқтығы биік исламтанушы ғалымдардың қатысуымен Астанада өткен «Азиядағы ислам мәдениеті» тақырыбындағы ислам конференциясында Орта Азиядағы, Қазақстандағы уаһһабизмнің қауіпіне исламтанушы ғалымдар алаңдаушылық білдіргендігінен еліміздегі «уаһһабизмнің» қауібін аңғарамыз.

Осыншама сан түрлі мәдениеттердің өзара қақтығысып, рухани идеологиялық соғыстардың өршіп тұрған ғаламдану заманында ғасырлар бойы әбден небір қитұрқы тәсілдермен мәңгүрттеліп, тексізденіп, діннен әбден ажырап, рухани апатқа ұшыраған халқымыздың рухани қажеттілігін өтеп, ата-бабалардан мирас болған сан ғасырлық рухани құндылықтарымыз бен мұраларымызды, салт-санамызды қайта жаңғыртып, халыққа рухани көшбасшы болатын еліміздің Діни басқармасы мен республиканың жергілікті жердегі мешіт имамдары аса жауапты да зор міндетті орындамақ түгілі керісінше ұлттық салт-санаға, қазақы дүниетанымға қарсы соғысуда... Ашығын айтсақ  аса «қатерлі» саналған уаһһабизмді ашық насихаттауда... Ал оны бетіне дәйекті дәлелдермен бассаң, «жала жаптың» деп кәдімгідей мойындағылары келмейді. Айтпасаң халық кетіп барады көзсіз адасып, ата-бабасымен «соғысып».

«Ислам және өркениет» газетінің № 20 (104) 16-31 қазан, 2007 жылғы санындағы С.ҒИЛМАНИ мешітінің бас имамы Бақтыбай ҚЫДЫРБАЙҰЛЫның «Салт-дәстүрімізді шариғатпен шатастырмайық» атты мақаласында:

«Негізінде салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз исламға қайшы келмеуі керек. Мысалы, жерлеу рәсімдеріміздегі әдет-ғұрыптарға тоқталып кетуге болады... Үші, жетісі, қырқы, жылы дегендер шариғатта бар ма?! Әрине, жоқ. Бұл исламға дейін қалыптасып, әдетке айналып қалған нәрсе. Негізін жоғалтқан, әдетке айналып қалған нәрсені көпшілік ислам дінінің шариғатынан шыққан заң ретінде қабылдап, шатастырып жатады. Сосын имамдардан: «Қырқын қырқына жеткізіп істеу керек пе, немесе қырқынан асырып істеу керек пе» деп шариғатта жоқ нәрсе туралы сұрайды. Егер сол қырқы, не жетісін сол күндерден асырып, не жеткізбей бергеннен де, тіпті оның бәрін өткізудің марқұмға  еш пайдасы жоқтығын, тек тірілер алдында тыраштанып мал шашпақ әрекет екенін айтсақ сені «халық жауы» көреді. Ата-бабадан қалған дәстүр деп қашанғы далбалақтай береміз. Бір сәт ақылға салып, мән-жайды логикалық тұрғыдан ойланған жөн ғой. Исламға дейін ата-бабаларымыздың істегенін бүгін жасай беретін болсақ, тілге тиек етіп отырған жайттардан өзге қаншама салт-дәстүр, жоралар болған. Уақыт өте оның бәрі де қалып қойды емес пе?! Исламға дейін халал мен харамды ажыратпаған халық болдық қой. Енді мұсылмандық жолында жүріп, ақылға сыйымсыз нәрселерден арыла алмай, соның жетегінде кете бермекпіз бе?... Міне, осыны және жаназа төңірегіндегі орынсыз әдеттерді реттеу керек. Бірақ, бұл нәрселер бір ғана мақаламен, немесе бір ғана жиынмен шешімін тауып, дұрысталып кетеді деп ойламаймыз. Ол үшін тынымсыз әрекеттер керек... » - деп, ата дәстүрімен қай деңгейде күрес жүргізіп жатқандығын ашық айтыпты.

Қазақ атам марқұмның жетісін, қырқын, жылын өткізгенде әруағын құрметтеп, «өлі разы болмай тірі байымас» деп, дұға бағыштамайтын ба еді? Ал имамның «оның бәрін өткізудің марқұмға еш пайдасы жоқ, тек тірілер алдында тыраштанып мал шашпақ әрекет» деп үкім шығаруы немесе, ата-бабаларымыздың ұстанған асыл дәстүрлерін «исламға дейінгі харам», дінсіз деп бағалауы қалай? десек мүфти Ә.Дербісәлінің айшықты ойлары мен ғибратты сөздері жинақталған «Білім» баспасынан 2006 жылы жарық көрген  «Дінбасы» атты кітаптың 61-бетінде:

  • «Өмірден қайтқан адамның жетісін, қырқын, жылын беру шариғатта жоқ»
  • «Күні кешеге дейін бізде дінді тек өлім-жітім кезінде аруақтарға дұға бағыштау үшін ғана керек деген тар түсінік үстемдік етті»
  • «Қабірстан сыртында мал шалу - садақаға жатпайды» деген айшықты ойлары топтастырылпы.

Ал «Дінбасыдағы» «Өмірден қайтқан адамның жетісін, қырқын, жылын беру шариғатта жоқ» делінген мүфтидің айшықты ойын С.Ғилмани мешітінің бас имамы «Ислам және өркениетте» анандай ғып «тәпсірлепті».

Қабірстанның сыртында мал шалу - садақаға жатпайтын болса неге сонау аласапыран заманда ұлы ханымыз АБЫЛАЙ әулие Баба Түкті Шашты Әзіз басына құрбан шалған?!

Мәселен ҮМБЕТЕЙ Жырау  бұл турасында:

Анау бір жолы аттанған

Әскерді қырғыз қырғанда,

Басынан оба қылғанда,

Ол хабарды ел біліп,

Көп батырмен сен жүріп,

Көзіңнің жасын көл қылып,

Қысылған әскер басының

Қасына барып тұрғанда,

Ақбоз атты шалғанда,

Мойныңа кісе салғанда,

Баба түкті Шашты Әзіз,

Содан бата алғанда,

Тілеуің қабыл болғанын,

Басыңа Қыдыр қонғанын,

Ұмыттыңба соны Абылай?! (Үмбетей жырау. Жеті ғасыр жырлайды. 1-том. Жазушы баспасы.75-бет ) деп, келтірген.

2008 жылы Көкжиек баспасынан жарық көрген «ҚМДБ-ның 2000 жылдан бастап шыққан пәтуалар жиынтығының бір бөлігі» атты кітаптың «Жаназа пәтуасында»:

Сұрақ: Марқұмның жетісі, қырқы, жылына сиыр немесе жылқы союды талап етіп жатады. Осы дұрыс па?

Жауап: Марқұмның жетісі, қырқы, жылына сиыр немесе жылқы сой деп талап ету - харам    делінген. 72-бет

Аталмыш кітаптың 217-бетінде: «Салафилер мен уаһһабилердің» сопыларды мүшриктерге теңейтіндігін жаза отырып, сопылық  дәстүрдің негізін қалаған Қ.А.ЯСАУИдей әулиеге ҚМДБ-ы да уаһһабиттік тәсілмен «мүшрик» деп, пәтуа шығарыпты. Сонда қазақ ата-бабамыздың бәрі мүшрик болғаны ма?! Ал, Ахмет Ясауидің жанында небір қиын-қыстау, аласапыран, нәубет замандарда қазақ елінің тәуелсіздігі жолында жанын құрбан еткен, қазақ мемлекеттігінің іргетасын қалаған ЕСІМ, ЖӘҢГІР, ТҰРСЫН, ҚАЙЫП, СӘМЕКЕ, ТӘУКЕ,  ЖОЛБАРЫС, ӘБІЛМӘМБЕТ, АБЫЛАЙ, ӘБІЛФЕЙЗ хандар бастаған жалпы саны жиырмадан аса хан, ӘНЕТ Баба, ҚАЗЫБЕК, ҚАРАМЕНДІ, ШОҢ билер бастаған көптеген би-шешендер, БӨГЕНБАЙ, ЖАУҒАШ, ЖӘНІБЕК, ҚОЙГЕЛДІ батырлар бастаған батыр-бағландар, МҮСІРӘЛІ баба бастаған әулие-ишандар, қожа-молдалар, төре-сұлтандар жерленіп жатыр ғой!

Мәселен «пәтуалар жинағының»  Ағымдар туралы ХІІ-бөлімінде:

«...Дегенмен, сопылардың кейбірінің «хулул және иттихад» - «Алланың келуі мен пендемен бірігуі» сеніміне бет алып кетуі, тариқат жолы денені қинаудан тұрады деуі сияқты исламға жат амалдары да көп, ал ондай амалдар сопылыққа үнділерден, грек философиясынан, христиандықтан енген»- делінген. 240-бет

Пәтуада «Алланың  пендемен бірігуі христиандықтан яғни, мүшриктерден енген» делінсе, «Даналық кітабында» Қ.А.Иасауи әулие: «мен - хақпын» деген Мансұрдай болдым» деп Аллаға ғашық болып, Алламен бірігіп кеткендігін айтады.  Ол туралы 11-хикметте:

Иә, достар, пәк махаббатты мақсат еттім,

Бұл дүниені дұшпан тұтып жүрдім, міне.

Жағамды ұстап хазіретке сиынып келдім,

Ғашық жолында Мансұр сипат болдым, міне.

Ғашық жолында ғашық болып Мансұр өтті,

Белін буып, хақ сүймекті бекем тұтты.

Жәбір-жапа, қорлауды көп есітті,

Ей, мұсылман, мен де Мансұр болдым міне.

Ғашық Мансұр «әна-Әлхақты» зарлап айтты,

Жебірейіл келіп «әна-Әлхақты» бірге айтты,

немесе,

«Әна-Әлхақтың» мағынасын білмес надан,

Дана керек бұл жолдарға пәк, мардан 21- бет

108-хикмет

Мәруфтей осы жолға қадам қойсам,

Мансұрдай жаннан кешіп, дарға қонсам,

Дар астында шабыттанып хақты айтсам,

Бұл іс болып, уа раб, сені тапқаймын. 134-бет

(Қ.А.Иасауи Диуани хикмет Тегеран. «Әл-Хұда» 2000-жыл..) делінген.

Оны қазақ: «әулие құдай емес, құдайдан былай емес» дейді.

ШӘКӘРІМ әулие де Алланың достарының Құдаймен бірігетіні туралы:

Жарынан бөлек жаны жоқ,

Табатын басқа Жары жоқ.

Асықтан аяп қалатын

Иманы, малы, ары жоқ.

Жарының жаны - жандары,

Жалынға жанбас тәндері. 35-бет. (Шәкәрім. Иманым. «Арыс» Алматы 2000 ж.) деп ашықтайды.

«Қазақ даласының жұлдыздары» атты зертттеуінде сопылық дәстүрдің негізін қалаған, әулие Қожа Ахмет Ясауиге ерекше тоқталып, «бабамыздың хақ жолы» деп баға берген мүфти Ә.Дербісәлінің қалайша әулиенің құдаймен бірігетіндігін «білмей» оны өздері атаған уаһһабтарша «мүшриктерден енген» деуі түсініксіз болып тұр, болмаса, суфизмге қарсы бағытталған уаһһабиттік соққы деп білген жөн.

Және аталмыш пәтуаның 217-218-беттерінде:

«Салафилер немесе Уаһһабилар дүниауи мәдениетке, өнерге (музыка, театр, көркемсурет және т.б.) наразылық білдіріп, оны кешірілмейтін күнә санайды» - деп, радикалды исламның белгілерін айта отырып, ҚМДБ-ның өзі музыка аспаптарын ойнату дұрыс емес деп кесіп айтыпты.

Мәселен, біз мысал етіп отырған кітапта «Шапағат-нұр» журналы оқырмандарының сауалдарына ҚМДБ-ның шариғат, пәтуа және діни істер бөлімінің меңгерушісі, наиб мүфти Мухаммад Хусайн қажы АЛСАБЕКОВтың жауаптарын топтастырыпты. Онда атыраулық Қайрат Қабышевтың:

«Мен жақында ұлымды сүндетке отырғызып, той жасадым. Ағайыныммен айтысып жүріп арақсыз өткіздім және барынша қызықты етуге тырыстым. Ән айтылып, би биленді. Мен өзімше мұның өзін жеңіс деп есептедім. Дей тұрғанмен, кейбір намазхан кісілер: - бұл харам, - деп кетіп қалды. Сонда мұсылманның тойы қалай болуы керек?» деген сұрағына «Шариғат бойынша қандай той болса да музыка аспаптарын ойнату дұрыс емес. Той туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тойдың ең жаманы, байларды ғана шақырып, кедейлерді қалдырып кету», - деген. Яғни, той жасаушы адамдарды алаламауы керек» деп жауап беріпті. 261-262-беттер

Ә.Дербісәлінің сөзімен: «Бір - мәзхаб, бір - ұлт, бір - дін» деп айтар болсақ, онда мешітің мен медрессең, жүргізген идеологияң, ұстанған бағының, айтқан уағызыңның бәрі -  «Бір - мәзхаб, бір - ұлт, бір - діндегі» шариғат шеңберінен шықпауы керек. Ал, ҚМДБ-ның мешіт-медресселері осы талаптарға сай ма?

Мәселен ұлттық тарихымызда «Бір - мәзхаб, бір - ұлт, бір - діннің» мешіт-медресселерде қалай оқытылу керектігін, ондағы оқытудың әдістемелік негізін алғаш жасап, бар өмірін соған арнап өткен аттары әлемге мәшһүр болған фиқһ ғалымдары жоқ емес, жетерлік. Мәселен, Әл-ФАРАБИдің «Үлгілі оқыту туралы трактаты» медрессе ұстаздарының тұлғасы, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас жайын қамтыса,  Ибн СИНАның «Үй шаруашылығы туралы» еңбегі де медресседегі шәкірт тәрбиесіне арналған. Қ.А.Яссауи, С.БАҚЫРҒАНИ, А.ИГҮНЕКИ сынды рухани ұстаздар тіпті тереңге кеткен. Сол секілді Әбу Райхан әл-БИРУНИ, әл-ХОРЕЗМИ, Омар ХАЯМ, ҰЛЫҚБЕК, бертіндегі АБАЙ, ШӘКӘРІМ, Мәшһүр ЖҮСІПтердің рухани мұраларының өзі қандай?!

Ал, ҚМДБ-ның мешіт-медресселерінде жоғарыда аттары аталған ислам ғұламаларының еңбектері қамтылып оқылады ма? Әрине жоқ. Оқытылмақ түгілі әрбірден соң ол мешіт имамдары қарсы ғой аттары әлемге танылған ол данышпандарға. Тіптен, олар «Әл-Фараби, Ибн-Сина бабаларымыз осындай деген екен» деп, уағыздарына да алмады.

«ХАЗАРИЯ ҚАСІРЕТІ» «ҚАЗАҚИЯ ҚАСІРЕТІ» МЕ?!

Қазіргі кездегі еліміздің ушығып тұрған рухани мәселесі, діни алауыздық, көпдінділік, ұлттық идеологияның жоқтығы өткен тарихтағы «Хазария қасіретін» көз алдыңа әкеледі. Енді осы арада біз қазіргі кезде Хазария тарихынан үлгі алуымыз қажет. Академик Р.БЕРДІБАЙ ағамыздың «Хазария қасіреті» деп аталатын мақаласында бұдан мың жыл бұрын атағы жер жаһанға мәшһүр болған Шығыс Еуропа жеріндегі алғашқы ірі мемлекет атанып, империялық деңгейге дейін жеткен, түркі жұртының бір тармағы саналған Хазар елінің өткеніне арнайы тоқталып, ол елдің неліктен тарих сахнасынан жойылғандығы, ол халықтың мемлекет басшыларының ұстанған саясатын, рухани мәселесін, тілін, дінін терең талдай отырып мынадай қорытындыға келген:

1.      Хазария қасіреті, ең алдымен, қағанның көз алдындағыдан әріге зердесі жетпейтін парасатсыздығына, қандай мемлекеттің де іргесі бүтін болуы халықтың басым көпшілігі тұтынып келген дін мен тілдің беріктігіне тәуелді екеніне мән бермей, дүниенің әр бұрышынан келген миссионерлердің жетегінде кеткендігіне байланысты;

2.      Елбасы қаған хазар халқының төл мүддесін аяққа жығып, мемлекетке әр кезеңде келіп жайғасқан басқа халық өкілдерінің шашпауын көтеруі жергілікті халықтың рухын өшіруге тікелей жағдай жасаған;

3.      Хазарияда көпдінділікті қолдау саясаты мемлекеттің негізгі халқы хазарлардың дәстүріне, ғұрпына, өзара бірлігіне орасан залал келтіріп, «шексіз космополитизмнің» үстемдік құруына жол ашқан. Мұндай көпдінділік Хазарияны елім, отаным дейтін отаншылдық сезім мен сенімді жоғалтқан, халық күнделік тіршілігінен басқаны ойламайтын тобырға айналған. Мұндай елді кез-келген дұшпан қаусатып, құлға айналдыруға мүмкіндік туған; іштей тозығы жеткен мемлекет орыс князі Святославтың бір соққысына шыдамай, күлі көкке ұшуы осыдан;

4.      Ең сұмдығы сол - Хазария қағаны оның айналасы да дін деген қасиетті ұғымды ойыншық көріп, тілдің ұшымен ғана айтатын болған; қай күні қандай мықты мемлекет өкілдері келсе, солардың дініне бас шұлғып, ауанына жығылған; ақша, тарту әкеліп берсе, қас жауларымен де тіл табысқан;

5.      Хазария қағанының қайсы дін күшті деп мемлекет шекарасын ашып қойғаны, пікірталастарын әдейі ұйымдастыруы қарауындағы елін тірідей өлтіргенмен бірдей еді;

6.      Хазарлар ежелгі дін, сенімінен адасып, елі талан-таражға түсіп, өздері басқа жұрттармен мидай араласып кеткеннен кейін тілінен айрылуы таңқаларлық емес. Ғалымдар хазар тілінің қазіргі мұрагері қай тіл дегенге толық жауап бере алмай жүргендіктері де елмен, дінмен бірге тілдің де жойылуының салдары... (Р.Бердібай: «Хазария қасіреті». Бестомдық шығармалар жинағы. 2-том. Алматы Қазығұрт. 2005, 79-80 бб.)

Міне осылайша не заттық, не рухани, мәдени ескерткіштері жөнді сақталмаған Хазария империясының тарих құрдымына кетіп, оңай жойылуының бірден бір басты себебі - ол мемлекетте де қазіргі біздегідей «көпдінділікке», «жатдінділерге», «жат мәдениеттерге»  рұқсат беріліп, «діни бостандық» болғандығында. Осыны пайдаланған ол елдің жаулары өздерінің жат пиғылды мақсат-мүддесін жүзеге асырмақ болып, Хазарияның «дін арқылы» бірлігін, ынтмағын кетірмек болып көптеген діндерді қаптатып бір тілді, бір ұлтты, бір мәдениетті, бір дінді елді енді, көп дінді, көп мүдделі, сан мәдениетті елге айналдырып, ол елдің ішінде мәдени-рухани текетірес отын жағып сырттай қызықтап отырып, ақыры бірлігі кеткен, мемлекеттік мүддені білмейтін, алауыз елді оңай күйретіп тынған. Ақыры хазар мемлекетінің басына қауіп төнгенде мемлекеттік мүддемен еш бірікпейтін қаптаған қауіпті діндердің жетегінде кеткен ол ел өз Отанын қорғауға мұршасы келмей, жауына оңай жем болып, құл болып тарих сахнасынан осылай оңай жойылып тынған болатын. Ал, көп мәдениетті, көпдінді елде ортақ бір ұлттық, мемлекеттік мүдде, бірлік болмайтындығы ақиқат. Өйткені әр қайсы діннің өзінің мүдесі, көздеген мақсаты бар.

Ал, қазіргі біздің елдегі «көпдінділікті қолдау» саясаты, осындай саясаттың салдарынан тарих құрдымына кеткен Хазария саясатымен пара-пар болып тұр. Неге «Хазария қасіретінен» үлгі алмаймыз. Тарихтан көріп, білдік қой мұндай саясаттың түбінің неге апарып соқтыратындығына. «Хазария қасіреті» «Қазақия қасіреті» болмасына кім кепіл! Біріншіден, бұл саясаттың қауіптілігін, құрдымын тарихтан оқып білсек, екіншіден мұның қазіргі кездегі еліміздегі жат пиғылды діндердің «қауіпті әрекеттері» көзімізге көрсетіп отыр ғой!

Алаш зиялысы М.ДУЛАТҰЛЫ: «Егер тарих оқысақ, пайдасы бар істің қандай екенін біліп, соны істемекшіміз. Зарарлы істен қашпақшымыз. Бұрынғының оңды ісінен үлгі алмақпыз» дегенін ескерсек, Хазария тарихын оқи отырып, оның зарарлы ісінен қашпақ, немесе тарихи қателікті қайталамау біз үшін аса қажетті, міндетті іс болмақ.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші еліміздің мұндай діни жат пиғылды секталардың осыншама қауіпті әрекеттерінің, рухани-ұлттық идеологияда тоқырауының себебін біз әрине еліміздегі «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңының әлсіздігінен деп білеміз.

Сондықтан да 1992 жылы 15-қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы  қайта қаралып, өзгертулер енгізу керек екендігін дәлелдеді. Осыған сәйкес 2008 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңына өзгертулер енгізіліп, оны Парламенттің қос палатасы мақұлдап, Президентке ұсынған болатын. Елбасы аталған жобаны Конститутциялық Кеңеске жіберді. Қазіргі күні заң жобасы Конститутциялық Кеңесте қаралып жатыр. Дегенмен Конститутциялық Кеңесте жатқан «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң жобасының  4-бабында: «Барлық діндер мен діни бірлестіктер заң алдында бірдей. Ешбір дін немесе діни бірлестік басқаларға қарағанда ешқандай артықшылықтарды пайдаланбайды» - делінген. Яғни, қайта қаралып, толықтырулар енгізілді деген заң жобасының өзі бұрынғы заңнан еш айырмашылығның жоқтығына көз жеткізу қиын емес. Ол заң жобасы  бойынша, қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі ислам діні мен секталар тең құқылы бола алатындығы айдан анық көрініп тұр.

Еуропа мемлекеттерінде біз сияқты «қаптаған діндерге» есігін айқара ашып отырған жоқ қой. Осы мәселелерге орай депутат Берік БЕКЖАНОВ өткен жылдары мәжілістің отырысында, өркениетті елдерде тыйым салынған діни ағымдардың елімізде еш кедергісіз жүргізіп отырған қауіпті қызметіне алаңдаушылық білдіріп, ҚР Үкіметіне, Бас Прокуротура, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне депутаттық сауал жолдаған болатын. Мәселен, бұл елдерде дәстүрлі емес діндер өмір сүргенімен, іс-жүзінде емін-еркін қызмет етуге мүмкіндіктері жоқ. Мәселен, Италия, Испанияда жаңа діни қозғалыстар, діни бірлестіктер статусына ие емес. Сонымен қатар толықтырылды деген заң жобасы бойынша, Қазақстанда кәмелетке толған 50 азамат бас қосып діни бірлестік құруға құқылы екендігі айтылса, Белгияда он мыңдаған санға, Австрияда  - 16 мың, Чехия - 10 мың, Румынияда - 20 мыңға жетпей діни бірлестік статусын алу мүмкін емес.

2008 жылдың 24 маусым күні Назарбаевтың төрағалығымен ішкі саясат және идеологиялық жұмыс мәселелері бойынша жиналыс өткізілді. Жиналыс барысында Президент қазіргі кезеңдегі ішкі саясаттың негізгі басымдықтарын белгіледі. Елбасы бүгінгі күнгі идеологиялық салада шешуші басымдық деп - «Ұлттың тұрақты дамуы», «мемлекеттілікті нығайту», «Ұлттың бірлігі» және «Келешекке сенім» құндылықтарын негіздеді.

Ал, Елбасы атап көрсеткен ішкі саясат және идеологияда шешуші рөл атқаратын «Ұлттың тұрақты дамуы», «Мемлекеттілікті нығайту», «Ұлттың бірлігі» және «Келешекке сенім» құндылықтарына қауіп болып төніп тұрған да басқа емес әуелі осы біз жоғарыда атап көрсеткен діндер тарапынан екендігі жасырын емес қой! Неліктен енді оларға тиым салып, оларды ауыздықтамасқа! Қазақты енді олар тоз-тоз еткенінен басқа ештеңе қалмады ғой! «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп, бабаларымыз айтып кеткендей осындай саясатпен біз қазақ халқы  төртеуімізді түгендемек түгілі барымыздан айырып, ғасырлар бойғы мәңгүрттенген елімізге жығылған үстіне жұдырық болып тұрған жоқ па?!

Елім деп еңіреген «көкбөрі текті, Алаш ұранды» зиялы қауымы мұндай сұмдыққа қандай шара қолдану керек. Осындай сын сағатта үн-түнсіз жату біздің азаматтығымызға сын болмақ. Алаш арыстары сонау қырғын, қылышынан қан тамған заманда, өз басынан ұлт мүддесін жоғары қойып, теңдікті ақырып сұрап, ақыры сол жолда мерт болмады ма?! Ал, біздің аяқ-қолымыз бос, сол ерлердің арқасында жеткен осындай заманда отырып мұндай «сұмдыққа» қарсы тұрмасақ қазақ деген елдің намысына сын ғой! Қалай жауап бермекшіміз келешек ұрпақ алдында?! Ендігісін өзің жаз, бірігіп үн қосып, әрекет етейік зиялы қазақ қауымы!

Сөзімнің соңын Алаш алыбы Ғұмар ҚАРАШ бабамның сөзімен аяқтаймын.

Аждаһа алты басты жаудан қорқам,

Бүлдірген ел арасын даудан қорқам,

Күлімдеп кіріп, ішкі сырыңды алып,

Құрылған аяқ-асты аудан қорқам.

Ертеден кешке дейін бір іс етпес,

Жатып іш жалқау - дені саудан қорқам.

Кім көрсе соған айтқан сырдан қорқам,

әңгіме сырдың түбі жырдан қорқам.

Сүзіліп, сұпысынып дінді сатқан,

Таңқы мұрт, таспа қара, сұрдан қорқам.

Бұлғақтап құр білімсіз, ағымға еріп,

Білгенді еліктеген зырдан қорқам.

Асығыс істей салған істен қорқам,

Қандары тасқан қара күштен қорқам.

Дос болып, бірге жүріп қастық етіп,

Тысына қайшы келген іштен қорқам,

Көруге бек әдемі болса дағы,

Құбылма тез оңатын түстен қорқам.

Халық - ол да Құдайдың бір есімі. Дос болып, бірге жүріп қастық ететіндердің кім екенін немесе, тысына қайшы келген ішті әлі-ақ ажыратып алады халқым. Алла жар бол қазаққа!

Осынау алмағайып діні де пәні де қатты адасқан заманда тапсырдық Өзіңе Алашымды!!!

 

Әзірет БАРБОЛ

(«Қазақстан» апталығы, №2 (293), 28.01.2010

«АТА-БАБАДАН ҚАЛҒАН ДӘСТҮР ДЕП ҚАШАНҒЫ ДАЛБАЛАҚТАЙ БЕРЕМІЗДЕПТІ ИМАМ»)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366