Президент тапсырмасы орындалмайтын түрі бар...
Елбасы ел ертеңі – жастардың білім алуына қолдау көрсету бағытында Үкіметке жыл басында республикадағы жоғары оқу орындарында ақылы негізде білім алушы студенттер үшін ұзақ мерзімді несиелер және қосымша мемлекеттік білім алу гранттарын бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырғаны мәлім.
Елбасы ел ертеңі – жастардың білім алуына қолдау көрсету бағытында Үкіметке жыл басында республикадағы жоғары оқу орындарында ақылы негізде білім алушы студенттер үшін ұзақ мерзімді несиелер және қосымша мемлекеттік білім алу гранттарын бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырғаны мәлім.
Соған орай Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арасындағы өзара әрекеттестік туралы келісімнің жобасы мақұлданғаны да белгілі. Жоба бойынша, жоғарыда аталған тараптап өзара әрекеттер туралы келісімге қол қойып, студенттерге жеңілдетілген несие беру бойынша бірқатар нақты шаралар өткізді де. Келісімшарттарына сәйкес агент-банк ретінде «Альянс-банк» АҚ белгіленген болатын. Бір қарағанда, бәрі дұрыс. Алайда жобаны нақты жүзеге асыруға келгенде көп түйткілдің құлағы қылтиып шыға келіп отыр. Жобадағы 40 мың студентке берілмек несиелендіру ісіне 15 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлінсе, бүгінде бар болғаны 400 студент қана тілек білдіргені, сөйтіп, қазірше тек қана 27 миллионға жетер-жетпес қаражаттың игерілу мүмкіндігі мәлім болған. Жоба мақұлданғалы бірнеше ай өткеннен кейін Президенттің аузымен айтылған бағдарламаның дәл осы қалпында орындалуы мүмкін еместігі аңғарылып отыр. «Сонда Мемлекет басшысына мүлдем негізсіз, бірақ нақты сандық көрсеткіштерді дайындап бергенде, тиісті орындар нені ойлаған?» деген салмағы зіл-батпан сауал кесе көлденеңдейді.
Кеше өткен «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитетінің және Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген мемлекет қаражатының пайдаланылуын бақылау жөніндегі комиссияның бірлескен отырысы сол жөнінде қызу пікірталас пен талқылауға толы болды. Қатысушылар «Тілге тиек болып отырған несиелерге қатысты тұжырымдаманы түбегейлі өзгерту керек пе, әлде не істеу керек?» деген күрмеуі қиын сұрақтарға жауап табуға тырысып бақты. Бұл орайда Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген мемлекет қаражатының пайдаланылуын бақылау жөніндегі комиссия төрағасы Гүлжан Қарағұсованың қабырғасынан қойған сауалына отырысқа арнайы шақыртумен келген Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидинова да, «Альянс-банк» АҚ вице-президенті Әділхан Өмірбаев та, «Самұрық-Қазына» өкілі де тұщымды, үзілді-кесілді жауап айта алмай, пұшайман күйге түсісті. Тек жоғарыда аталған комиссия мүшесі, Республикалық «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметовтің болжамдары мен нақты ұсыныстары гәптің қайда екенін аңдататындай. Оның айтуынша, «жеңілдетілген» деген несие шарттарының атына заты мүлдем сай емес. Асылбек Базарбайұлы өз сөзінде несиенің жылдық 9 пайыз бәсінің, кепілдікке жылжымайтын мүлік қою шартының студенттер үшін ақылға қонымсыз талаптар екенін ашына жеткізді. Мәселен, Швеция, Балтық бойы мемлекеттерін айтпағанда, бізбен әлеуметтік-экономикалық көп көрсеткіштері шамалас Беларусь мемлекетінде де пайыздық мөлшерлеменің 4-5 пайыздан аспайтынын көлденең тартты. Сонымен қатар студенттердің отбасылық-қаржылық ахуалы жөнінен аталған кредитке қол жеткізе алатындар санатына енуі үшін қойылатын талаптар да кісінің күлкісін тудырарлықтай. Мәселен, жеңілдетілген-мыс несие алу үшін үміткер студент немесе үйлі-баранды студенттердің жас отбасы мүшесінің бірі мүгедек болуы керек екен. Несиенің осындай одағай шарттары аз емес. Сонда мүгедек немесе асырауында баласы бар және жалғызбасты, әлде әке-шешесінің біреуі мүгедек немесе жұмыссыз, яки зейнет жасына жеткен, оның үстіне әл-ауқаты төмен отбасынан шыққан, осы тәрізді өңкей «соқыр мен қотыр» жиналған үйірдей бейшара күйдегі бақандай 40 мың студентті қайдан таппақпыз?!
Осындай трагикомедиялық ауандағы сауалдарға салмақты да нанымды жауап табу немесе қалыптасып отырған қиын жағдайдан шығу мен мәселені қалайда оң шешу жолдарын іздестіру үшін Президент тапсырмасынан соң өзара бірлесіп әрекет жасауға пәтуаласқан тараптардың біраз бас қатырып, бірталай тер төгулеріне тура келіп тұр. Бір анығы, несие шарттары мен оған қол жеткізе алатын студенттер санатын қалайда түбегейлі қайта қарау қажеттігі көрініп тұр. Бұл жайт бұдан былай да «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитеті мен Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген мемлекет қаражатының пайдаланылуын бақылау жөніндегі комиссияның қатаң бақылауында болмақ.
Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ
“Айқын” газеті 27 мамыр 2009 жыл