Еркінбай ДУАНАЕВ, Қазақстан қажылар қауымдастығы діни бірлестігінің төрағасы: Қазақстанды сүю – оның рухани жүрегі – Түркістаннан басталуы керек
– 30 мамыр күні Түркістан қаласында «Отанды сүю – иманнан» атты үлкен мәдени-рухани кеш өткізбек болып отыр екенсіздер. Бұл кештің мақсат-мүддесіне тоқталсаңыз.
– 30 мамыр күні Түркістан қаласында «Отанды сүю – иманнан» атты үлкен мәдени-рухани кеш өткізбек болып отыр екенсіздер. Бұл кештің мақсат-мүддесіне тоқталсаңыз.
– Көпшілігімізде дін-ислам мешіттердің төңірегіндегі имам-молдалардың немесе қолы бос, жұмыс істемейтін шал-шауқандардың ғана ісі, солар ғана мешітке барып, бес уақыт намаз оқуға тиісті, ислам діні тек ритуалды, ғибадат деңгейіндегі, жаназа мен намаз шеңберіндегі нәрсе деген қате ұғым қалыптасқан. Шын мәнінде, ислам діні – ғылым мен мәдениеттің діні. Қасиетті Құран Кәрім жер басып жүрген тірілерге түсірілген. Адам баласының өмірге келу мақсаты, ата-ана, ел, қоғам, ұлттың алдындағы парызы, үлкенді құрметтеу, кішіні қадірлеу, ата мен баланың арасындағы, ері мен зайыбының арасындағы қарым-қатынас, жетім-жесірлерге деген қайырымдылық, адам мен адамның бір-біріне деген мейірім-шапағаты, махаббаты – осының бәрі «Фатиха» сүресінен бастап «Нас» сүресіне дейін қасиетті Құранда түгелдей қамтылған. Ислам тек қана бес уақыт мінәжат жаса деп айтпайды. Әрине, ол да бар. Шын мәнінде, қасиетті дініміздің тәрбиелік жағына баса назар аударайық, қазір еліміз бастан кешіп жатқан экономикалық дағдарыстан да рухани дағдарыстың үлкен зардабы барын жеткізейік деген оймен, халқымызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып имандылыққа тарту мақсатында Қазақстан қажылар қауымдастығы алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Біз «намаз оқы, ораза ұста, қажылыққа бар» деп тікелей уағыз айтпаймыз, одан бұрын асыл дініміздің тәрбиелік, имандылық жағын барынша жарқырата ашып көрсетсек дейміз. Сондықтан да «Дін – насихат» деген пайғамбарымыздың хадис-шәріпін басшылыққа ала отырып, «Отанды сүю – иманнан» деген арнайы жоба, мәдени-рухани бағдарламаны дүниеге алып келдік. Бұқара халықтың көп жиналатын жерлерінде, үлкен мәдениет сарайларында рухани-патриоттық кештер өткіземіз. Ондай мазмұнды кештерге теолог ғалымдарымызды, діни қайраткерлерімізді тартып, қасиетті Құран Кәрімнің аяттарына, пайғамбарымыздың хадистеріне сүйене отырып, бәрін осы заманмен, бүгінгі тіршілігімізбен байланыстырып, халықты имандылыққа шақырсақ дейміз. Ел-жұртымыздың өзіндік ерекшелігін ескере отырып, тек уағыз айтып, халықты жалықтырмау үшін арасында ұлттық патриоттық, имандылық тақырыбында ән шырқап жүрген әншілерімізді қатарымызға тартып, жұртты қызықтыратындай кештер өткізуді қолға алдық. Сондай үлкен мазмұнды кеш Алматы қаласында Республика сарайында, одан кейін Астанадағы Бейбітшілік пен рухани келісім сарайында өтті. Енді Құдай қос көрсе, Түркістан қаласында 30 мамыр күні өткізбекпіз.
– Түркістан қаласын бекерге таңдамаған боларсыздар?
– «Түркістан – рухани астанамыз» деп көкірек кергенде зормыз. Ал рухани астана екен, ол қала соған лайық болуы керек. Пайғамбарымыздың хадис-шәріпінде «Отанды сүю – иманнан» делінеді. Олай болса, Отанды сүю, күллі Қазақстанды сүю – оның рухани жүрегі – Түркістаннан басталуы керек деп ойлаймыз. Ал ол үшін Түркістанның өзінің рухани деңгейі, қазіргі келбеті, жергілікті халқының сана-сезімі, шын мәнінде, рухани астанаға сай келіп тұр ма деген мәселеге келгенде қатты қиналып қаламыз. Осыған орай, Қазақстан қажылар қауымдастығы «Отанды сүю – иманнан» атты үшінші мәжілісімізді Түркістан қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты жақында Астана қаласында болып, Парламент депутаттығына Түркістаннан сайланған Нұрбах Рүстемовпен жүздесіп, осы кештің қадір-қасиетін түсіндіріп, аталмыш жиынға қатысуға келісімін алдық. Бұл іске Түркістан қаласының проблемаларын жақсы білетін қадірлі азамат, сенатор Қуаныш Айтаханов ағамыз қолдау білдіріп, бір мемлекеттік маңызды шара шығып қалмаса, Түркістанға келуге уәдесін берді. Осы кешке кезінде Түркістан қаласының басшысы болған, депутаттыққа халықтар достығы ассамблеясынан сайланған Розақұл Халмурадов деген ағамызды құрметтеп шақырдық. Осы өңірге жақсы таныс, Парламент депутаты Шалатай Мырзахметов, сондай-ақ қадірменді ағаларымыз Әбіш Кекілбаев, Әділ Ахметов сынды елжанды, ұлтжанды азаматтар қатысады деп отырмыз. Мұндағы мақсат – осы ел сыйлаған, халық құрметтеген азаматтарды сөйлетіп, көпшілікке ой тастар келелі мәселелерді сол кісілердің дуалы аузымен жеткізіп, қоғамдық пікір туғызсақ деген ниет. Кеңес дәуіріндегі солақай саясат белгілі есеппен Түркістанды әншейін қыстақ дәрежесінде қалдырды. Енді егеменді ел болған шақта ұлттың рухы ұйысқан Түркістанның қазіргідей жадау-жүдеу күйде қалуы, жылуының, ауыз суының шешілмеуі бәріміздің жанымызға батады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев хал-қадерінше Түркістанды тарихи, туристік қала ретінде түлетуге көңіл бөліп отырғанын білеміз. Оның жарқын дәлелі, Түркістанда халықаралық қазақ-түрік университетін ашты. Оның Түркістанды түлетуге елеулі әсері болды. Көне шаһардың дүрілдетіп 1500 жылдығын өткізді. «Астана – бас қала, Алматы – оңтүстік астана, Түркістан – рухани астана» деді сонда Елбасы. Сол кезде Түркістанның еңсесі көтеріліп, дүр сілкініп қалып еді. Бірақ өкінішке қарай, бұл бір өтіп кеткен науқандық шара күйінде қалды. Сондай-ақ қаланың керемет болашағын бейнелеген бас жоспар тек қатырма қағаз жүзінде қалды.
Қаладан гөрі үлкен ауылға ұқсап кеткен Түркістанда қазір қылмыс атаулы өршіп тұр. Арақ-шарап судай ағып жатыр. Ал енді адам тонау, кісі өлтіру, зорлық-зомбылықтың өршіп тұруы рухани қалаға лайық па?! Олай болмауы үшін, қара шаңырағымыз – Түркістанды иманды қалаға айналдыру үшін мемлекетіміз, барша халқымыз, Қазақстанның әрбір азаматы белсене атсалысуы керек.
– Қалай? Қайтіп?
– «Сананы тұрмыс билейді» дегендей, Түркістан халқының тұрмыстық деңгейі төмен, наны піспей, баласы жылап жатқан ел болған соң, «сен олай істеме, былай істе», «анау харам заттан аулақ бол» деп құрғақ ақыл тыңдата алмайсың. Осыдан біраз бұрын Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет «Түркістан қаласын арақ-шарапсыз, ішімдіксіз салауатты қалаға айналдырайық» деп республика бойынша үндеу тастады. Түркістан қаласының өз халқы ішінен, республиканың түкпір-түкпірінен бұл ойды қолдағандар көп болды, бірақ ол игілікті жалғасын таппады. Неге? Оның бірнеше себептері бар. Алдымен идеологиясы дұрыс дайындалған жоқ. Облыстық, қалалық әкімдік қатты қолдап кету керек еді. Ең бастысы, тұрмысы жұпыны жергілікті халықтың сана деңгейі дайын емес болды. Түркістанды ішімдіксіз қалаға айналдыру үшін алдымен оның материалдық негізін қалыптастыру керек.
– Мәселен...
– Біріншіден, Түркістанда халал өнім индустриясын дамытуымыз қажет. Ол үшін қалада кіші кәсіпкерлік өркендеуі керек. Ал ол мәселе халықтың әл-ауқаты көтерілмей, шешілмейді. Ислам банкингі туралы заң қабылданып жатыр. Түркістан қаласында соның бөлімшесін ашса, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне септігі тиер еді. Бәрінен бұрын мұны шешудің төте жолы, халық арасында талайдан айтылып жүргендей, Түркістанға республикаға тікелей бағынышты қала дәрежесін беру. Мұны Елбасы да, Түркістан азаматтары да біледі. Ол іске асқан жағдайда Түркістан рухани астана атын қазіргідей ауызша емес, ресми түрде иемденер еді. Мұны қазіргі экономикалық жағдайды алға тартып, кейінге шегеретін болсақ, онда жағдайы мықты, іргетасы мығым кәсіпорындар қаланы қамқорлыққа алуы керек. Оның нақты негізі бар. Біріншіден, Түркістан қаласының дәл жанындағы Шиеліден «Қазатомпром» уралап уран өндіріп жатыр. Қаратаудың арғы бетіндегі Созақтан өкіртіп тағы өндіруде. Халықтың жерін аяусыз сорып жатқан алпауыт кәсіпорынның байлығын неге сол жергілікті халықтың игілігі үшін пайдаланбасқа?! Олай болса, «Қазатомпромды» Түркістан қаласын қамқорлыққа алатындай етіп бекітіп беру керек. Екіншіден, қасиетті Түркістан қаласы тоғыз жолдың торабына орналасқан. Сол себепті «Қазақстан теміржолы» сияқты үлкен әлеуетті кәсіпорын да Түркістанды қанатының астына алуы тиіс. Үшіншіден, Түркістанды туризм орталығына айналдыру керек. Өкінішке қарай, Түркістанда кезінде салынған әп-әдемі қонақүйлер қаңырап бос тұр.
– Алыс-жақын жұрт, тіпті шетелдік жиһангездер Әзірет Сұлтан кесенесіне ағылып жатқан жоқ па?
– Әрине, жұрт ағылып жатыр. Бірақ сол саяхатшыларды ұстап қалудың өзіне жағдай керек емес пе? Осының бәрін үйлестіру үшін тиісті құзырлы министрлік бұл бағытта тыңғылықты жұмыс істеуі керек. Туристер мен зияратшыларды көптеп тарту үшін мұсылман елдерін қызықтыру қажет. Түркістанның ар жағында Укаша ата (Оқаш ата) деген үлкен қасиетті орын бар. Ол пайғамбарымыздың арқасындағы қасиетті мөрін көрген сахаба деген сөз бар. Ал сахабаның қабірін кез келген жерден таппайсыз. Әрине, оның тарихын зерттеу керек. Осы Укаша атаның өзімен-ақ елшіліктеріміз, мүдделі министрліктеріміз жұмыс істесе, мұсылман елдерін қызықтыруға әбден болады. Түркістан – Самарқанд, Бұхара, Ташкент, Баку сияқты әлемдік ислам мәдениетінің жыл сайын алмасып отыратын астанасы болуға лайықты қала. Түркістанның орналасқан жері, маңайындағы тарихи ескерткіштер, айналасындағы Қаратау шатқалдары экономикалық, мәдени туризмге сұранып тұр. Айналып келгенде, мұның жүзеге асуы жергілікті халық санасының көтерілуіне байланысты. «Мен осы қасиетті қаланың тұрғынымын, маған күллі Қазақстан халқы, түркі жұрты қарап отыр. Түркістан қаласының әрбір тұрғыны «менің деңгейім, мәдениетім, ой-өрісім рухани астанада тұруға лайық па?» деп ойлануы қажет. Әлемде қаншама қасиетті қалалар бар. Мәселен, Мекке, Медине қаласының адамдарын «Ахли Мекке» дейді. Яғни «Мекке тұрғындары» деген үлкен құрметті атақтың үдесінен шығуға тырысады. Олар басқа қала тұрғындарынан өзінің инабаттылығымен, кішіпейілділігімен, имандылығымен, ізеттілігімен, тақуалығымен, тазалығымен ерекшеленеді. Олай болса, Түркістан қаласы тұрғындары да дәл солай болуы керек. Ол үшін жергілікті халықтың санасы оянып, «иманды қаланың тұрғындары болсақ, неге имансыз тірліктер жасаймыз, неге арақ-шарап сатамыз, неге қылмысқа барамыз» деп ойлануы керек. Түркістан халқына қарап қалған халық бойын да, ойын да түзеуі тиіс. Дініміздегі сабыр, тәубе, қанағат, шүкіршілік секілді құндылықтарды қаланың әр мүшесінің санасына сіңірмей, бір нәрсе өзгертемін деу – бос әурешілік. Ендеше, ұлттық рухты көтереді деген Түркістанның сиқы анау болса, анайылық көріністер, атып кеткен, шауып кеткен жағдайлар белең алып тұрса, сайлау сайын міндетті түрде атыс-шабыс болса, рушылдық, жүзшілдік тыйылмаса, қалай болғаны? Осы тарапта республика болып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, өскелең ұрпақтың санасын, ұлттық рухын жетілдіруіміз қажет.
– Кезінде Түркістан қаласын қазақтың шын мәніндегі рухани астанасына айналдыру үшін діни басқарманы сонда орналастыру жөнінде сөздер айтылып еді...
– Бұл ойды ұстаздарымыз Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаев ағаларымыз сынды, т.б. зиялы қауым өкілдері үнемі қозғап жүрді. Ол ой жүзеге асты. Республика Бас мүфтиі өзінің бұйрығымен ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстары қарайтын өкілдігін Түркістанда ашып, оның басына Асылбек қажы Төлегенов деген азаматты бекітті. Яғни аталған үш облыстың діни істер бойынша штаб-пәтері Түркістанда. Бұған Түркістан қаласы әкімшілігі қолдау білдіріп, жағдай жасауы керек еді, бірақ шын мәнінде, олай болмай тұр. Осы Түркістанда болатын алқалы жиында республика мұсылмандарына үндеу жарияласақ деп отырмыз. Жастар арасында тамырын тереңге жіберген әлеуметтік індет-кеселдерді түбегейлі емдеу үшін исламның адамгершілік қағидаларына сүйенген діни уағыздар, түсіндіру, иландыру жұмыстары мешіттерде ғана емес, оқу орындарының залдарында, үлкен-үлкен сарайларда ғибратты лекция түрінде де жүруі керек. Сонда ғана жастарды ата дінімізге айрандай ұйытып, оның гуманистік-имани мәніне еліте аламыз.
Сұхбаттасқан Төреғали ТӘШЕНОВ
“Айқын” газеті 27 мамыр 2009 жыл