Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3254 0 пікір 1 Наурыз, 2010 сағат 05:36

Бізге жаңа өзгерістер қажет

(ескертпе хат)

Қадірлі мырзалар!

 

Осыдан он шақты күн бұрын «Жас Алаш», «Общественная позиция», «Қазақстан» және басқа да бірқатар республикалық басылым беттерінде біз және бізді қолдаған Алматы мен Астана, Оңтүстік Қазақстан облысының жеті мыңға тарта студенті Сіздің атыңызға (Ескертпе хат ҚР Президенті Н. Назарбаевқа, Прмьер-министр К. Мәсімовке, Сенат төрағасы Қ. Тоқаевқа, Мәжіліс төрағасы о. Мұхмеджановқа қарата жазылған. - абай.кз) «Ұлтыңызды, тіліңізді ардақтаңыз!» деген тақырыппен ашық хат жолдаған болатынбыз. Бірақ, Сіздің өзіңіз де, жоғары билік өкілдері де біздің пікіріміз бен көзқарасымызды ескеріп, заңды талап - тілектерімізге орай нақты жауап берген жоқ. Жастардың үндеуіне, оның ойы мен сөзіне жауап бермеу, тіпті оны құлағына да қыстырмай, ұлттық мақсат - мүддеден аттап өту бүгінгі биліктің үйреншікті әдетіне айналды. Бұл бізді қатты өкіндіреді.

(ескертпе хат)

Қадірлі мырзалар!

 

Осыдан он шақты күн бұрын «Жас Алаш», «Общественная позиция», «Қазақстан» және басқа да бірқатар республикалық басылым беттерінде біз және бізді қолдаған Алматы мен Астана, Оңтүстік Қазақстан облысының жеті мыңға тарта студенті Сіздің атыңызға (Ескертпе хат ҚР Президенті Н. Назарбаевқа, Прмьер-министр К. Мәсімовке, Сенат төрағасы Қ. Тоқаевқа, Мәжіліс төрағасы о. Мұхмеджановқа қарата жазылған. - абай.кз) «Ұлтыңызды, тіліңізді ардақтаңыз!» деген тақырыппен ашық хат жолдаған болатынбыз. Бірақ, Сіздің өзіңіз де, жоғары билік өкілдері де біздің пікіріміз бен көзқарасымызды ескеріп, заңды талап - тілектерімізге орай нақты жауап берген жоқ. Жастардың үндеуіне, оның ойы мен сөзіне жауап бермеу, тіпті оны құлағына да қыстырмай, ұлттық мақсат - мүддеден аттап өту бүгінгі биліктің үйреншікті әдетіне айналды. Бұл бізді қатты өкіндіреді.

Бүгінгі жастар Қазақстан тәуелсіздік алған кезде дүниеге келді. Ашығын айтқанда, біз дәл қазіргідей жемқорлыққа белшесінен батқан, парақор, сатқын, ұлттық мүддеге мұрын шүйіре қарайтын, өзгеше ой айтқаны үшін ғана көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне қастандық ұйымдастыратын, оппозицияны қуғындап, жастарға қысым жасайтын биліктің кезінде бал дәурен жастық шағымызды өткізіп, орта жасқа келгенде оның себеп - салдарымен күресіп, қартайып, қария атанғанда да ел болашағына күмәнмен қарайтын заманда өмір сүруді армандаған жоқ едік. Біз азат, тәуелсіз, егеменді, болашағы зор, халқының күш - қуаты орасан, экономикасы қарыштаған, ертеңіне сеніммен қарайтын Қазақстанда тіршілік еткіміз келеді! Өкінішке қарай, мұндай елді тек «Хабар» мен «Қазақстан» арналарынан ғана көре аламыз, ал шынайы өмірдің бет - бейнесі көңілімізге кірбің ұялатып, жанымызды жабырқау тарттырады. Бүгінгі жастардың бойында отаншылдық, ұлтжандылық, мемлекетшілдік қасиеттері жоғалып барады. Бұған еліміздің жастар қауымы емес, ең алдымен билікте отырған аға буын өкілдері кінәлі. Неге дейсіз ғой? Мысал ретінде американдық патриотизмді алайық. Батыс елдерінен келген азаматтар өздерінің Еуропадан, АҚШ - тан келгенін ерекше мақтанышпен айтады. Себебі, бұл елдерде әр азаматтың конституциялық құқы қорғалады, заң алдында әр азаматтың тең құқы сақталып, ешкімге де артықшылық берілмейді, олардың әлеуметтік - экономикалық жағдайы да мемлекет қарауында, тіпті «бомж» - дарының өзі біздің зейнеткерлер мен қарапайым студенттерге қарағанда әлеуметтік жағынан әлдеқайда жақсы қорғалған. Өркениетті елдерде әр азамат мемлекет үшін өзінің жауапкершілігін сезініп, оның келешегіне алаңдайды. Ал біздегі жағдай мүлде басқаша. Қазақтың кең - байтақ жері ат төбеліндей топтың, яғни олигархтар, мемлекеттік шенеуніктер мен ірі латифундистердің қолында шоғырланған. Өз елінде, өз мемлекетінде ұлтарақтай жері жоқ жастар кімнің жерін қорғайды? Не үшін қорғайды? Өзінің мол байлықтан үлесі жоқ, қайыршының күйін кешкен жас азаматтар мемлекет үшін өзін жауапты сезіне ала ма? Жоқ! Өз ана тіліміз, яғни мемлекеттік тіл аяқасты етілетін, ел басшылары өзге тілде сөйлейтін, ұлттық құндылықтарымыз бен рухани бітім - болмысымыз табан астында жататын мемлекетте өз елімізді қалай сүйеміз? Дүниеге шыр етіп келгені үшін де пара беретін, мектепте оқығанда да, жоғары білім алғанда да, жұмысқа тұрғанда да пара беретін, тіпті бақилық болып, көз жұмғанда да тілімдей жер үшін пара беретін мемлекеттің келешегіне қалай сенеміз? Халқымызды осындай күйге душар еткен не? Мұндай халге қалай түстік? Мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді сақтай аламыз ба, әлде «көпвекторлы саясатты ұстанып», әлем алпауыттарына жұтылып кетеміз бе? Бұл сауалдар біздің әрқайсымызды мазалайды әрі ойлантады.

Сталиндік дәуірде дүниеге келген, өсіп, ержеткен, содан кейінгі заманда оқып, білім алған биліктегі аға буын өкілдерінің саясаты бізді тығырыққа тіреді. 20 жылдан астам уақыт бойы халық оң өзгерістерді күтті, алға басушылық пен ілгерілеушілікті аңсады. Өкінішке қарай, халықтық, ұлттық мүддені ту еткен өзгеріс те, реформалар да елде болған жоқ. Барлығы көзбояушылық пен жұртты алдау ғана болды. «Біз Өзбекстаннан, Қырғызстаннан немесе Тәжікстаннан жақсы тұрамыз», - деп мақтанасыздар. Сонда артта қалған елдерден «оздық» деп мақтану да - жетістік пе? Ұлы Абай айтқан: «Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?». Расында да, біз неге Франциядан, Ұлыбританиядан, Италиядан, ең құрығанда Балтық жағалауы елдерінен, Украинадан оздық демейміз? Өркениетті елдердің деңгейіне, олардың озық құндылықтарына неге ұмтылмаймыз? Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі елдегі жағдай Қазақстанның мәдениетті әрі өркениетті көштен кенже қалғанын анық байқатады. Біз бұдан шаршадық! Осы халге жеткізген Сіздер де шаршаған боларсыздар. Бізге жаңа өзгерістер керек! Сондықтан да, ел саясатына, қоғамдық тіршілікке белсенді түрде араласатынымызды мәлімдейміз! Ұлтшыл - патриоттар мен оппозиция секілді Қазақстан жастарының да саяси күш екенін көрсетеміз!

Республика басшылары!

Президентке жолдаған үндеуімізде біз былай деген едік: «Егер жоғары билiк өкiлдерi ұлт тұлғаларының және оны қолдаған халықтың талап-тiлегiн ескерусiз қалдырса, бiз заң жолымен тыйым салынбайтын наразылық шараларының барлық түрiне қатысатынымызды және оны ұйымдастыру iстерiн қолға алатынымызды ескертемiз!». Мемлекет басшысы да, еліміздің лауазымды шенеуніктері де біздің сұрақ - сауалдарымызға, талап - тілектерімізге жауап қатқан жоқ. Демек, жастардың үні мемлекет басшыларының құлағына жетпеді деп санаймыз. Осы себептен, жастардың жан айқайын, олардың қордаланған проблемаларын жоғары билік пен қоғамға жеткізу үшін 11 сәуір, 2010 жылы Алматы қаласында «Жастардың жалпыұлттық митингісін» өткізетінімізді мәлімдейміз! Шыдамның да шегі мен шеті бар. Біздің шыдамымыз таусылды! Әрекет ететін, өзіміз қимылдайтын кез келді деп санаймыз.

Ескертпе хат еліміздің жастар ұйымдарының, қоғамдық қозғалыс жетекшілерінің, журналистердің, ақындар мен жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің және студенттердің қатысуымен өткен «Біз өзгерісті қалаймыз!» атты дөңгелек үстелінде бірауыздан қабылданды

Алматы қаласы, 18 ақпан 2010 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364