Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4896 0 пікір 1 Наурыз, 2010 сағат 10:18

Дін Мемлекеттен бөлек пе?

Зайырлы мемлекетте дін мәселесі дүниетанымдық плюрализмге (пікір алуандыққа) негізделеді. Бұл үрдіс жалпы қағида есебінде барша елдерге таңылғанымен, дінді ұлттық мұраттарына қалай жаратуды әр қауым жеке дара өзі шешіп келеді. Соңғы кезде бұқараның діншілдігі артып отыр. Осыған орай, дін мен мемлекеттің қарым-қатынастары нендей тұғырға табан тірейді деген сауал көп көлденеңдейді. Озық елдердің «зайырлылық» сәніне құштарлығы бұрынғыдай емес күн сайын кеміп, оның орнын дінді қоғамдық қарым-қатынастарды реттеу тетігі ретінде өркендету үдерісі басып келеді. Осыны ескеріп, бүгінгі форумда мемлекет - дін, дін - зиялы қауым қарым-қатынастары мәселесін әр саланың білікті мамандары талқысына салып отырмыз. Соған назар аударыңыз.

1. "Мемлекет діннен бөлек, дін мемлекеттен бөлек" деген қағида мемлекеттің дінмен қатынасын реттеуге пайдалы болды ма, зиян етті ме?

2. Елдегі діни қарым-қатынастарға, діни ахуалға зиялы қауымның әсерін қалай бағалайсыз?

 

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:


Зайырлы мемлекетте дін мәселесі дүниетанымдық плюрализмге (пікір алуандыққа) негізделеді. Бұл үрдіс жалпы қағида есебінде барша елдерге таңылғанымен, дінді ұлттық мұраттарына қалай жаратуды әр қауым жеке дара өзі шешіп келеді. Соңғы кезде бұқараның діншілдігі артып отыр. Осыған орай, дін мен мемлекеттің қарым-қатынастары нендей тұғырға табан тірейді деген сауал көп көлденеңдейді. Озық елдердің «зайырлылық» сәніне құштарлығы бұрынғыдай емес күн сайын кеміп, оның орнын дінді қоғамдық қарым-қатынастарды реттеу тетігі ретінде өркендету үдерісі басып келеді. Осыны ескеріп, бүгінгі форумда мемлекет - дін, дін - зиялы қауым қарым-қатынастары мәселесін әр саланың білікті мамандары талқысына салып отырмыз. Соған назар аударыңыз.

1. "Мемлекет діннен бөлек, дін мемлекеттен бөлек" деген қағида мемлекеттің дінмен қатынасын реттеуге пайдалы болды ма, зиян етті ме?

2. Елдегі діни қарым-қатынастарға, діни ахуалға зиялы қауымның әсерін қалай бағалайсыз?

 

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:


1. Мемлекеттік заң тұрғысынан дін бөлек болу керек. Бірақ қоғамның жағдайына, өміріне, дамуына, түрлі саяси оқиғаларға байланысты дін мемлекетке қажет болды. Дін өкілдерінің халыққа ықпалы көбірек. Сондықтан саяси құрылымдарға, сайлауларға, науқандарға байланысты, сондай-ақ қоғамдағы келеңсіздікті, тұрақтылықты сақтауға мемлекетке дін өкілдерінің ықпалын пайдаланды, яғни діннен гөрі діни өкілдер қажет болды. Жалпы дін мемлекеттен бөлек деген үрдісті Қазақстан қабылдап алса да, айналып келгенде бірігіп кетті. Өйткені онсыз саяси тұрақтылықты сақтау қиын болып қалды. Бірақ мемлекеттен дін бөлек болу керек деген философиялық тұжырым әлі өз күшін жойған жоқ.

2. Қазақстанда зиялы қауым-ның дінге пәлендей әсері болып жатқан жоқ. Өйткені, әлі күнге шейін кеңестік сана тұрғысынан шыға алмай жатырмыз. Қазақтың аға буынына қарағанда атеизмнің құрығында тәрбиеленбеген жастар дінді жақсы түсінеді, қатты қызығады. Бұл қуанышты. Бірақ, шын мәнінде елімізде молдалар, имамдар мұсылман қауымға ие бола алмай жатқан жайы бар. Себебі, олардың дінге қатысты түрлі жұмыс, шаралар ұйымдастыру жағы әлі әлсіздеу. Сонан кейін біздің зиялы қауым Діни басқарма тарапына көп сене бермейтін болды. Ал, елімізде жат діни құрылымдар, ұйымдар, секталар жұмысын әлдеқайда белсенді түрде жүргізіп жатыр. Біздегі мұсылман дінінің өкілдері жат ағымдармен сауатты қарсы күресе алмай, дәрменсіздік танытып отыр. Өйткені олар әлі күнге шейін біздің халықты сауатсыз көретін сияқты. Молда, имамдарымыз біздің арамызға келгенде балаға айтатын уағызын айтып, алтын уақытыңды көп алып кетеді. Ал, соған қарағанда олар бізді су қараңғы деп ойлайтын болу керек. Құрғақ, дәмсіз уағыз біздің құлақ құрышымызды қандырбайды. Қазіргі зиялы қауым ислам дінін ғана емес, басқа діндерді де оқып, олардың философиялық, діни қағидаларын салыстырып жүрген көзі ашық адамдар. Содан кейін кітап шығару, әсіресе, балаларға арналған кітап шығару қолға алынбай келеді. Қайта-қайта айналдырып, Құранды шығара береді, дұрыс делік, бірақ үлкендер өз бетінше оқыса оқи жатар, ал оған жас баланың тісі батпайды. Дін қызметкерлері зиялы қауымды анда-санда қажылыққа шығарып алғаннан басқа байланысы жоқ. Мен оларға талай айттым, Әбсаттар қажыға да айттым. Жат дін өкілдері кітапша таратып жүріп, менің үйіме де жиі беріп кетеді. Олар беріп кеткен кейбір кітапшада Иса пайғамбардың өмірі қысқа-қысқа жазылған. Қарасаң, қызығып оқисың, сол дінге берілгендігіңнен емес, білу үшін. Ал, балаға түсінікті тілде осындай кітаптарды неге шығармайды? Кезінде «Ана тілінде» ислам хадистерінен үзінділер, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өмірбаяны, балалық шағынан бере бастап еді, түсініксіз. Арабша араластырып шатпақтап жіберген. Қарапайым қазақтың жалпақ тілімен бала түсінетіндей етіп жазу керек қой. Оны үлкендердің өзі түсінбейді. Сосын оны оқушы оқымайды. «Жаңа өсиет», «Көне өсиет» қазақ тіліне тамаша аударылды, түсінікті. Тарауларын екі-үш беттен асырмай, батыс суретшілерінің дін тақырыбында салған суреттерімен безендіріп бергенде қалай оқып шыққаныңды білмей қаласың. Неге осындай кітап шығара алмайды? Пайғамбарымыздың, әулие-ғұламалардың өмірі хикмет, тағдыры қилы, ғибратты. Осыны қысқа-қысқа етіп жаза білсе, жақсы болар еді. Бізде ол да жоқ. Жұрттар өз бетінше мешітке барады, қайтады, болды. Ал, мешітке шен-шекпенді келсе алдынан құрақ ұшып, мінәжат етуге дейін барады. Жақында Ресейдің патриархы келді, біздің Әбсаттармен сөйлескен де жоқ. Патриархқа Медведев, Путин өздері келіп амандасып, тәу етеді. Ол қанша дегенмен Құдай атынан сөйлеп тұр емес пе? Имам пенделіктен жоғары тұрмай ма? Патша ма, әкім бе, ақын ба, жазушы ма. Ал, біздікі оларға құлдық ұруға дейін барады. Бұл - дінді жығып беру деген сөз.

Шындығын айтайын, ең алдымен маған қазағым керек, ұлтым керек. Мен бұл жайлы бұрын да айтқанмын. Ұлтымды, дәстүрімді мойындамаған дін керек емес. Егер ұлтым жойылатын болса, дін маған неге керек? Қазағым қымбат, қалғаны содан кейін.

 

Мамай АХЕТ, Алматы қаласы әкімдігінің «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры:


1. Мемлекет діннен бөлек болғаны дұрыс. Рухани мәселе әрдайым бәрінен, саясаттан, экономикадан биік тұрады. Мемлекет - адамдардың өмір сүруін заң арқылы реттейтін құрылым, ал дін адамның ішкі рухани дүниесімен байланысты. Сондықтан мемлекет пен дін араласса кері әсер етуі мүмкін.

2. Зиялы деген кім? Осы мәселенің басын ашып алу керек. Елге танымал болса, зиялылар қатарына қосып қоятын үрдіс бар. Қай уақытта болсын зиялылар елдегі рухани деңгейді көрсететін бірден-бір өлшем бірлік. Яғни зиялы халықтың көңілінен шықпай, парасаттан гөрі саясатқа, қулыққа бейім болса, сол қоғамдағы рухани деңгейді солай деп білген жөн. Сол себепті де зиялылардың елдегі діни ахуалға әсері бар.

Біз уақыттың салған табын бір мезетте өшіріп тастай алмаймыз. Бүгінде жұрт мойындап жүрген ғылым, өнер, саясаттағы зиялылардың көбісінің дүниетанымы кешегі кеңестік кезеңдегі атеистік қоғамда қалыптасты. Жаратушы жоқ, болуы мүмкін емес деп тәрбиелеген заманда өмір сүрді. Олардың дүниетанымы осылай қатайып кеткеннен кейін тәуелсіздіктен соң бір мезетте екінші жаққа ауысып шығуы қиынға соқты. Көбі рухани азық ала алмаған және алғысы келгенмен де жастық қуатын сарқып алғасын толықтай рухани ізденіске түсе алмады. Сондықтан дүниетанымы сол уақытта қалыптасқаннан кейін қазір де осындай мәселеге араласпай отыруының өзі олардың шынайылығын көрсетеді. Олардың араласпауын діни мәселеден қашуы деп түсінбеу керек, керісінше өздерінің білмейтіндігін түсінгені батылдық, жауапкершілік.

 

Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ, "Алаш айнасы" республикалық газеті саясат бөлімінің редакторы:


1. Зайырлы қоғамымызда дін мемлекеттен бөлек десек те, мемлекеттік саясат бөлінбеуі тиіс. Көзі қарақты кез келген азамат өзге Орталық Азия елдері секілді Имам Ағзам Әбу Ханифа жолын ұстанған қазақ жұртының тарихында Еуразия кеңістігін ен жайлаған алып империя Алтын Орда ханы Өзбек ханның тұсында ислам діні мемлекеттік дін болып жарияланғанын, Ұлы Дала төсінде мұсылман ренессансын туғызған Қожа Ахмет Ясауи, Әл-Фараби, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Иүгінеки, Махмұт Қашғари дәуірінен кейінгі Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Аралбай, Қашаған, Нұрым, Сәттіғұл сынды ақын-жыраулар, ғұламалар Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпей заманында ұлттың дүниетанымында, тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүр, әдет-ғұрпында терең із қалдырғанын жақсы білсе керек. Бұл кезде ұлттың дүниетанымы мен дәстүрлі діні бір-бірінен ажырағысыз еді. Ал қазіргі кезде зайырлы қоғам бола отырып, мемлекеттің дінге қатысты саясаты тым жайдақтанып кеткені жасырын емес. Негізі, халықаралық тәжірибеде мемлекет пен дін арақатынасының үш моделі орныққан. Оның біріншісі - дін мелмекеттен бөлек, яғни дін мәселелері азаматтық негізде шешілетін зайырлы қоғам дейтін модель. Дүниедегі мемлекеттердің көпшілігі осы модельді ұстанады. Екінші модель бойынша мемлекет пен дін бірігіп, біте қайнасады. Бұған мысалы ретінде араб елдерін, Сауд Арабиясын және бірқатар Ватикан секілді Еуропа елдерін айтуға болады. Мұнда мешіт немесе шіркеулер кейбір елдерде мемлекеттің ресми ұйымы болып саналады. Ал, үшінші модельде дін мемлекеттен автономды түрде бөлек, алайда мемлекет тарихи қалыптасқан дәстүрлі дінге басымдық береді. Мәселен, орыс православиесі. Бүкіл Русь патриархаты Ресейдің рухани тұтастығының кепіліне айналып отыр. Яғни мемлекет пен дін арасы өзара үйлесім тапқан. Қазақ даласында дәстүрлі ислам дінінің терең тамыр жайып, рухани-мәдени ерекшелігімізді, ұлттық болмысымызды қалыптастырғанын ескерсек, үшінші модель біздің елдің табиғатына анағұрлым жақын екені даусыз. Осы арада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік белестері» кітабында жазылғандай: «Діннің тұтастығы - қашанда елдің тұтастығы. Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа соқтыратыны тарихтан белгілі... Қазақ даласында ислам дінін орнықтырғандардың бірі - данышпан бабамыз Ахмет Йасауи осы жағдайларды ескере отырып, түркі жұртындағы ислам дәстүрлерін қалыптастырады. Осы дәстүрмен, мінеки, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өздерінің ұлттық сана-сезімдерін қалыптастырып келеді. Сондықтан ұлттық сипатқа айналған дәстүр мен дүниетанымымызға сырттан келіп, түзету жасағысы келетіндерге жол бере алмайтынымызды ашық айтамыз» деген ойларымен көп жайларды аңғартса керек.

2. Өкінішке қарай, қазақ зиялыларында бұқаралық түрде ұлттың жоғын іздеу үрдісі байқалмайды. Саясат пен әдебиет, мәдениетті былай қойғанда діни ахуалға ықпалы бәсең және бейтарап саясат ұстанады. Биліктің еліміздегі әлемдік діндер съезін өткізу, дінаралық үнқатысуға шақыру саясатының алдымен геосаяси мәні бар. Біреулер оған үн қатып, біреулер қосылмауы мүмкін. Ал жаһандық дінаралық диалогты еліміздің діни саясатына тели салуға да болмайды. Дін саясатына сауысқандай сақтық керек. Ал зиялы қауым, ғылыми орта өзінің ағартушылық, ғылыми, шығармашылық ізденістерінде ұлттың рухани тарихын, дістүрлі діні мен дүниетанымын өзек етсе, құба-құп болар еді.

 

Сайпулла МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ, дінтанушы:


1. Жалпы діни таным тұрғысынан қарағанда адам мен қоғам біртұтас. Сол себепті адамның барлық әлеуметтік қызметі дін нормаларымен реттеледі. Әйтсе де, соңғы жүзжылдық-тардың тарихи тәжірибесі негізінде батыстық модернизм мен протестанттық мәдениет «зайырлылық» дейтін жаңа ұғымды тудырды.

Менің жеке пікірімше, қазіргі қоғамдық пікірдегі зайырлылық принципі тағы да таза діни нанымдардан бастау алған. Өйткені, сол бізге үлгі болатын батыстық зайырлы мемлекеттердің дені діни үлгідегі қоғамнан тұрады. Мұнда тек зайырлылық ұғымын өз наным-сенімдерінің жалпы көрінісіне ыңғайлағаны байқалып-ақ тұр. Әсіресе, АҚШ-та. Америка президенттерінің «Құдай, Американы жарылқай көр!» деп ышқынуы мен ант берерде «Інжілге» қол қоюы осы сөзіміздің дәлелі. Жалпы, дін істері декларативті түрде мемлекет әсерінен тыс болғанымен, әр мемлекеттің өз діни саясаты болатыны ақиқат. Яки, мемлекет өз азаматтарының қандай діни моделді ұстанатынын айшықтап алуға тиіс. Соңғы кезде солтүстіктегі алып көршіміз Ресейдің саяси өмірінде православтық бояу қалыңдап бара жатқаны ешкімге жасырын емес. Қазір мұнда елдегі басты діндердің негізгі қағидаларын үйрететін пәндер жиынтығын мектепке енгізу (қазірше баланың таңдауы арқылы) тәжірибесі қарастырылуда. Олай болса, қазақстандық құзырлы орындарымыз дәстүрлі дінімізді насихаттау ісін өз бақылауына алуы керек. Мемлекет дін істерінде өз ұстанымын жария етіп, ғасырлардан бері елдіктің іргетасы қызметін атқарған төл руханиятымызға ден қоятын уақыты жетті. Күні кешегі даңқты, ұлы мемлекетіміз Алтын Орданың өзегі болған - Қожа Ахмет Ясауи жолы мен ханафилік мектеп бүгінгі күннің де барлық рухани сұраныстарына жауап берері хақ.

2. Бұл сұраққа жауап ретінде мен толғағы жеткен тағы бір мәселеге назар аударғым келеді. Ол - біздегі толық мағынасындағы дін зиялыларының қалыптаспауы. Дін зиялысы - зиялылықтың жоғарғы деңгейін, асқақ парасат пен пайым көрсетіп, жұртқа үлгі болып, жол нұсқайтын ерекше буын болуы керек. Біздің коммунистік өткеніміз бен бағыты күмәнді діни оқу орындарының бітірушілерінің статистикасы елде дін зиялысын қалыптастырмайды. Кейбір діндәрлардың сөзіне құлақ салсаңыз, өз өткеніңізден түңіліп, басқаның «қаңсығына» таңсық болудан арыға бармайсыз. Бір қызығы, бүгінгінің зиялысы өзін діннен бөлек көрсеткісі келеді. Ол - мүмкін зат емес. Кез-келген зиялы қаласын-қаламасын белгілі бір діннің құндылықтар шеңберінде тәрбиеленеді. Оны өзі айшықтап білмеуі мүмкін. Қазақы мәдениеттің кәусарынан қанып ішкен бүгінгі ұлт зиялыларын мұсылман зиялыларына жатқызуға болады. Бізге жетіспей тұрғаны діндәрларымыздың дін парасаты мен ізгілігін көрсете алмауы. Бұл тұрғыдан алғанда жастар арасында ұлттық өнеге мен діни руханилықты өре білетін буынның қалыптасып келе жатқаны қуантады. «Үш қиян» газеті үзбей жариялап келе жатқан «АБЖаД» интеллектуалдық клубы маңындағы өрендерден сол жүрекке қонған имани ізгілік пен елдік патриоттықтың, білімділіктің лебі сезіледі. Дін зиялысын тәрбиелеу ісінде осындай оң тәжірибелердің орны ерекше.

 

Сұхбатты жүргізген

Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ

«Үш қиян» газеті

25.02.2010 жыл, №6 саны

Түпнұсқадағы тақырып - «Мемлекет діннен бөлек»  деген қағида пайдалы болды ма, зиян етті ме?»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369