Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2986 0 пікір 27 Мамыр, 2009 сағат 09:11

“Абай.kz” ақпараттық порталының алғашқы республикалық интернет-конференциясы!

Назар аударыңыз!

"Абай.kz" ақпараттық порталының алғашқы республикалық интернет-конференциясы!


«abai.kz» ақпарттық порталының клуб мүшелері мен оқырмандарына «Талқы форум» тарауы арқылы «елімізге танымал қандай тұлғамен сұхбат жасап, интернет-конференция өткізсек болады?» деген сауал жолдағанбыз. Көпшілік мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының директоры Берік Әбдіғалиевпен әңгімелесуді ұйғарды. Сол ұйғарымға орай Берік мырзамен ашық сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Мемлекеттік тілдің жанашыры болып сіз келгенде «жігерлі жастар бір жақсылық әкелер!» деп қуанған едік. Алайда, билікте команда деген бар емес пе? Сіз де бір командаға кіріп кетіп, Елбасымызды, билікті мадақтап шыға келмейсіз бе?

 

 

Назар аударыңыз!

"Абай.kz" ақпараттық порталының алғашқы республикалық интернет-конференциясы!


«abai.kz» ақпарттық порталының клуб мүшелері мен оқырмандарына «Талқы форум» тарауы арқылы «елімізге танымал қандай тұлғамен сұхбат жасап, интернет-конференция өткізсек болады?» деген сауал жолдағанбыз. Көпшілік мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының директоры Берік Әбдіғалиевпен әңгімелесуді ұйғарды. Сол ұйғарымға орай Берік мырзамен ашық сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Мемлекеттік тілдің жанашыры болып сіз келгенде «жігерлі жастар бір жақсылық әкелер!» деп қуанған едік. Алайда, билікте команда деген бар емес пе? Сіз де бір командаға кіріп кетіп, Елбасымызды, билікті мадақтап шыға келмейсіз бе?

 

 

Берік Әбдіғалиев: Президентке қатысты көптеген мадақ пен оданың айтылуы және ол кісіні ұлықтауға бағытталған көптеген жобалардың ұсынылуын мен бір ғана тұлғаның негізінде құрылған саяси жүйе мен сол тұлғаға қатысты насихаттың, ақпаратты саясаттың тым көптігі деп санаймын. Біз әлі күнге дейін президенттік сайлаудың жетегінен шыға алмай жүрген сияқтымыз. Мәселен, теледидар көріп отырсаңыз, Қазақстанда жуық арада президенттік сайлау өтетін сияқты ойда қаласыз. Тіпті сайлау жүріп жатқан сияқты сезіледі. Елбасының жұмысын асыра сілтеп көрсету – жеке басқа табынудың алғышарты деп санаймын. Егер дәл осы қағиданы ұстанып жүре беретін болсақ, жеке басқа табынудың жолынан басқа еш шара атқара алмайтын боламыз. Әрине, президенттің қазақ ұлтының дамуына қосатын күш-қуаты ұшан-теңіз. Бүгін бұл кісі билік басында отырған кезде қазақ ұлтының, қазақ тілінің мәселесін шешіп алмасақ, опық жеп қалуымыз мүмкін деген ой мазалайды мені. Бәлкім қателесетін шығармын, ертең билікке басқа адам келсе, бұл мәселелер кейінге ысырылып қала ма деген қауіп бар. Себебі, дәл бүгін елбасының кім-кімге де сөзі өтеді. Әсіресе, өзге ұлт өкілдеріне президенттің сөзі өтімді-ақ. «Айналайын, сендер енді қазақ тілін үйреніңдер» десе барлығы қазақ тілі сабағына жүгіргелі тұр. Ал келесі президент «елдегі татулықты сақтаймын», «өзге ұлт өкілдерінің көңілін табамын» деп ұлттық саясатты бұрышқа қоя тұруы ғажап емес.  Көңілімде жүрген бір күдікті айтайын: келесі президенттік орынтақ үшінгі саяси күреске қазақ мәселесін көтеріп шығатын адам аз болады. Бұл қазақы тұлғалар жоқ деген түсінік тудырмауы керек. Әрбір жаңа тұлға өзін жалпы қазақстандық басшы ретінде көрсеткісі келеді. Сондықтан, қазақ тілінің бүгінгі жағдайын да саясиландырғысы келмеуі мүмкін. Сондықтан өзі тұрған кезде ұлттық мәселелерімізді тездетіп шешім алғанымыз абзал болар еді.

 

 

Маған біреу: «тіл – деп күрескен адам ешқашан өспейді, әне Мұхтар Шахановтың өзі «далада» қалды» деген еді. Мемлекеттік тілді қолдау қорына келгеніңіз карьераңызға кері әсер еткен жоқ па?

 

 

Берік Әбдіғалиев: Мемлекеттік тіл мен ұлттық жобаларыма зиян тигізетін карьераның маған бес тиындық құны жоқ! Мемлекеттік тілді аяқасты ететін, ұлттық жобаларды қолдамайтын жерге мен бармаймын.

Берік мырза! Қазақстанда нағыз оппазиция бар дегенге сенесіз бе? Біздегі оппозицияның барлығы биліктің «тыңшылары» секілді.

 

 

Берік Әбдіғалиев: Билікке жау ретінде қарау жөн емес. Билік пен оппозицияны майдан даласында бір-бірімен соғысып жүрген екі жақ деп қарастыруға әсте болмайды. Билікті оппозициясыз-ақ өзгертуге болады. Егер қазақ қоғамы мен зиялы қауым ұйымдаса білсе. Мәселен, зиялы қауым бас болып бүкіл қазақ биліктен қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тіл деңгейіне көтеруді талап етсе. Сонда ғана билік бұқарамен санасады. Билік амалсыз күштіні мойындайды.
Оппозицияда жүрген қауым еріксіз билікпен жұмыс істеуге мәжбүр. Мәселен, олардың өкілдері парлементке баруы үшін міндетті түрде билікпен келіссөз жүргізулері керек. Өйткені, бізде шынайы, әділетті сайлау өтпейді. Сайлаудың нәтижесі биліктің қалауымен жарияланады. Егер біздің оппозиция Ресей үкіметімен, Қытай билігімен ымыраласып, ұлтқа қауіпті келіссөз жүргізсе, сонда оларды мен «тыңшылар» дер едім. Ал өз билігіміз – өзіміз сайлаған билік. Егер бұл біздің билік емес десек, көшеге шығып, митингі өткізіп,  дәлелдеп көрсетейік. Біздің оппозицияны өздігінен әлсіз дей алмаймын, биліктің таяғынан және жаппай халықтың қолдауының жоқтығынан әлсіз болып тұр. Сондықтан түңілген оппозиция өз жобаларын жүзеге асыру үшін еріксіз билікпен ымыраласуға мәжбүр. Елге қызмет көрсету үшін биліктің қолымен жұмыс істейтін жолға барып отыр.

 

 

Сіздің қазіргі жұмысыңыздың жемісін қашан көре аламыз?

 

 

Берік Әбдіғалиев: Мемлекеттік тілді дамыту қоры атқаратын жұмыс қалмай қалған кезде...
Әзірге қор атқаруға тиіс жұмыс көп. Қор жұмысының жемісін көру үшін белгілі бір күнді күтудің қажеті жоқ.

 

 

Сұрақтарды қойған:
Есенбек Санатұлы, Павлодар


Сіздің мекемеге барып, сізбен жеке жолығуға бола ма? Менің тілді дамыту жөніндегі бірнеше өзіңізге айтар ұсыныстарым бар еді?

Назым, Астана қаласы

 

 

Берік Әбдіғалиев: Болады. +7(7172) 74-29-92 немесе 74-36-97 телефондарына хабарласыңыз. Интернетке кіру мүмкіндігіңіз болса, қордың  www.qazaq-found.kz сайты арқылы мәлімет ала аласыз. Біздің қордың негізгі міндеті – қоғамның қолындағы осындай жобалармен айналысу.

 

 

Берік аға! Сіздің ұлттық телеарналарға көңіліңіз тол ма? Өзіңіз қай телеарналарды, оның ішінде қай бағдарламаларды көресіз? Қазақтің қай тележурналистерін ерекше атар едіңіз? Қазақтілді хабарларды түн ішінде көрсету үрдісінен қашан арыламыз?
Серік, Қызылорда

 

 

Берік Әбдіғалиев: Телеарнаға көңіл толмайды десем әбестік болар. Отандық телеарналардың көбісін қараймын. Негізіген «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Хабар» арнасын көбірек қараймын. Сонымен қатар «Астана», «Эра ТВ» телеарналарында да қызықты жобалар жоқ емес. «Хабарлық» жас жігіттердің жасап жатқан бағдарламалары тартымды шығып жүр. Мәселен, «Таразы», «Біз айтсақ...» деген сынды. «Қазақстан» ұлттық арнасындағы кейбір бағдарламалар да көңілімнен шығады. Мәселен, «Көкпар» бағдарламасының көтеріп жүрген тақырыптары ауқымды. Бұлар ұлттың дамуына үлес қосатын бағдарламалар деп санаймын. Өйткені олар ұлттық пікір-таласты дамытып жатыр.. Осы телеарналар мен Қазақ радиосы және Шалқар радиосын мұқият тыңдаған өзге ұлт өкілдері «бұлар нағыз ұлтшылдар екен ғой» деп наразы болуы мүмкін. Мұның кез келгені ұлтты дамытатын бағдарламалар деп бағамдаймын. Сондықтан қазақ телевизиясында, қазақ радиосында жұмыс істеп жүрген қыз-жігіттерге ешкімнен қорықпай, ештеңеден тайсалмай қазақтың мүддесі жолында жұмыс істей беріңіздер дегім келеді.

 

 

Берік мырза! Біздің аймақта орыстілді атаулар сықып тұр. Солардың атын өзгертуге деген әкімшіліктің еш құлқы жоқ. Қайдағы бір әгімелерді айтады. Өткенде елбасымыз айтып қалып еді, жергілікті халық қарсы болмаса, мен қарсы емеспін деп. Сонда қаламыздың атын өзгерту үшін не істеуге болады? Қашанғы күтіп отыра береміз? Сіз билікте жүрсіз ғой. Осыларды жоғарыға неге айтпайсыз?
Жанайдар Еспенбет, Қызылжар қаласы

 

 

Берік Әбдіғалиев: Менің түсінгенім, Қызылжар атын жаңғыртуға жергілікті басшылық пен халықтың қарсылығы жоқ. Бірақ оның өз жолы бар. Ол үшін қалалық және облыстық мәслихат депутаттарын жігерлі, ұлттық рухы бар жандармен толықтыру керек. Әрине қазір мәслихаттар әкімнің айтқанымен жүреді. Бірақ мәслихаттағы қазақтардың саны көбеймей іс бітпейді. Сондықтан осы бағытта жұмыс жүргізу керек. Қызылжардың басындағы қайғы Павлодарға, Оралға да қатысты. Бірақ Орал өз мәселесін шешті. Оралдықтар қазақ санының көптігін пайдаланып бұрыннан қордаланып қалған ұлттық мәселелерді оң шешіп алды. Орысы көп Целиноградты да Ақмола деп өзгерттік қой. Бас жарылып, көз шыққан жоқ. Сондықтан олар біздің қаймығып тұрғанымызды білсе күшейіп алады. Біз оларға күшті екенімізді, білікті екенімізді көрсетейік.

 

 

Беке! Сәлеметсіз бе! Менің мынадай сауалдарым бар еді.
Бүгінгі күні ұлт сахнасында жүрген жас буын мен аға буын арасында белгілі бір “қақтығыс” бар сияқты. Өткенде “Жас Алаш” газетінің бетінде Мұхтар Шаханов ағамызды қорғаған, сізді даттаған бір топ мақала жарық көрді. Соған қандай баға берер едіңіз?

Дінислам

 

 

Қазақ болу дегенді қалай түсінесіз? Оның шарттары қандай деп ойлайсыз? “Қазақ ұлты” мен “қазақстандық ұлт” деген мәселелерге көзқарасыңыз қандай?
Дәулеткерей, Атырау

 

 

Берік Әбдіғалиев: Осы мазмұндас бірнеше сұрақ қойылған екен, барлығына ортақ болсын, бір жауап берейін. Маған қатысты «Жас Алаш» газетіндегі мақалалар топтамасы арқылы Мұхтар Шаханов бастаған ағаларым «адасып» жүрген мені жөнге салғысы келіпті. Онысына рахмет! Бірақ ұрып жөнге салса да, ұрсып «тәрбиелесе» де көнер едік. Қарадай жала жауып тәрбие бергісі келетініне қайранмын. Өкінішке қарай бізде ұлттық күрестің дәстүрі мен мәдениеті үзіліп қалған. Мәселен, «Алашты» алайық. Коммунистік биліктің астында алаштықтар ұлттық күрестің үш жолын таңдады. Бірінші, Әлихан Бөкейхан бастаған топ билікпен қарсыласпай, керісінше ымыраласып ағартушылықпен, халықтың сауатын ашумен айналысты. Алаштықтардың көбісі осы жолды таңдады. Екінші, Ахмет Байтұрсынов бастаған бір топ зиялы қауым кеңес өкіметі арқылы қазаққа қызмет етуді көздеді. Бұлар кейінгі буынға жол ашып кетті. Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов сынды жастарға үлгі көрсетті, жолға салды. Бұлардың да тағдыры кешікпей тәлкекке түсті. Қудаланды, атылды. Үшінші, Отыншы Әлжанов, Мұстафа Шоқай, Райымжан Мәрсек сияқты зиялы қауым қару алып коммунистермен соғысуды қалады. Олар да осы жолда құрбан болды. Бірақ үш топ та бір-бірін сатқынсың немесе опасызсың деп айыптаған емес. Үшеуі де ұлт үшін қызмет етіп жатқанын іштей түсінген сияқты. Бұл зиялылық ұлттық күрестің заман талабына сай стратегиялық-тактикалық бағдарламасының қабылданғанын дәлелдейді. Ал бүгін біз көп нәрсені жете түсіне бермей бір-бірімізді тұра айыптай жөнелеміз. Бұл тек «Жас Алаш» газетінде маған қатысты жарық көрген мақалаларға ғана байланысты емес. Одан бұрын да ырың-жырың болған әңгіме. Бір-бірін айыптау, бір-бірін жоққа шығару. «Азат», «Желтоқсан» сынды көптеген қозғалыстар, ұйымдар бір-бірімен алысып ақыры сайда саны, құмда ізі қалмады. Қазір ұлттық жобаларды дамытатын ешқандай саяси күштердің барын сезіп тұрған жоқпын. Бұл бірліктің жоқтығында емес, ұлттық күрес жүргізу мәдениетінің қалыптаспағанында деп білемін.
Орыс отаршылдарының айдап салу әдісі қанымызға сіңіп кеткені соншалық, тісімізді шықырлатып бір-бірімізді шайнап тастауға дайын тұрамыз. Шынтуайтына келсек біздің бірімізді-бірімгзе айдап салып отырған ешкім жоқ қазір. Сонда да біз бір-бірімізді ұрып тастағымыз, жоққа шығарып тастағымыз келіп тұрады. Бұған екі жақ та, билік те, іргеміздің бүлінгенін қалайтын сыртқы күштер де мүдделі болуы мүмкін. Ағаларым, «Жас Алаш» газеті арқылы жағадан алмай, бір-бірімізге сүйеніш болсақ нетті?! Мұхтар Шаханов ағамыздың тіл үшін шырылдап айқайға басуы бізге жол ашып беретін еді. Мұхаңның дабылынан кейін біздің жобалырымызға оңай жол ашылатын.  Әрине, Шахановтың тілге көрсеткен еңбегі зор. Алайда ағаларымның тактикалық жолы басқа да, менікі өзгеше. Түпкілікті мақсатымыз бізді біріктіруі керек еді. Өкінішке қарай арамызда түсінбеушілік бар. Қалай десек те мен «Жас Алаш» газетіне ризашылығымды білдіремін. Өйткені, алты бет газеттің бес беті одан ертерек шыққан менің «Кең болайық» мақалама жұрттың қызығушылығын туғызды. Осы мақаланы айыптаған бір жақты дүниелерді оқыған оқырман «Кең болайықты» іздеуге көшті. Әрине, менің бұл мақаламда «қазақстандық ұлт» деген түсінік жоқ. Керісінше мен бұл мақаланы қазақтың империялық жобасы ретінде ұсынғанмын. Оны түсінгендер – түсінді, түсінбегендер – түсінбеді. Әркім өз деңгейіне, өресіне, шамасына қарай түсінер. Менің жобамның түбінде қазақтың азаматтық ұлтшылдығы жатыр. Бұл ұлтшылдық түбінде барлығын қазақ қылдыру дегенге келіп саяды. Әрбір Қазақстанның азаматы – қазақ. Қалаңыз, қаламаңыз, түбі осылай болады. Ол үшін дәл қазір бізге тұтастық қажет. Қазақ пен өзге ұлт өкілдерін біріктіретін ең бірінші құрал – қазақ тілі. Қазақша сөйлеген олар ертең өздерін қазақпыз деуден арланбайды. Осылай біз әуелі оларды қазақыландырудың жолын ойластыруымыз керек. Мұны «қазақстандық ұлт» деп түсіну дұрыс емес. Қазақтың төңірегіне өзгелерді тарта берейік. Олар қазақша сөйлесін. Бұл жобаны тек қазақ жүзеге асыра алмайды. Қазақпен бірге жасап келе жатқан өзге ұлт өкілдерімен бірлесе істей аламыз. «Сіздер қазақ тілін үйреніңіздер, түбі әрбір қазақстандық қазақ атанады» деген ұғымды насихаттай беруіміз керек. Ал дәл бүгін өзімізді қазақ дедік. Басқаларды кім дейміз? Олар қазақстандық. Қазақ және басқалар деп айта алмаймыз ғой. Қазақ және қазақстандық. Бұл – әзірше атау. Түбі қазақ болады.
Егер «Қазақстандық ұлт» саясаты мына өмірде бар болып, нақты жүзеге асып жатса және ол қазақ ұлтын жоққа шығаратын болса, мен бұл жобаға түбегейлі қарсымын.

 

 

Жақында «Жас Алаш» газетiнiң бес бетiнде Сiз қолдап жүрген «қазақстандық ұлт» саясатына қарсы материалдар жарияланды. Ашығын айтсақ, бұл жарияланған мақалалар Сiздiң «Кең болайық» атты мақалаңызға наразылығын бiлдiрген оқырмандарымыздың хатының оннан бiрi ғана. «Қазақстандық ұлт» саясатына қоғамдық пiкiрдiң қарсылығы қатты. Сiз өз қатеңiздi түсiндiңiз бе? «Қазақстандық ұлт» саясатын әлi қолдайсыз ба?
Жанболат Мамай, «Жас Алаш» газеті

 

 

Берік Әбдіғалиев: Мен қатемді түсіндім. Мен бұл ойымды кеңірек әрі көбірек айтуым керек екен. Өзімнің қазақи империялық, азаматтық-ұлтшылдық жобамды бәріне түсінікті етіп айтуым керек еді. Егер қазақ қоғамының бір бөлігі менің сол ойымды түсінбесе – сол менің қателігім. Жанболат, сол қалың оқырманнан келіп түскен  хаттардың «оннан тоғызын» менің мекен-жайыма салып жіберсең, қателігімді толық түсінуге көмегі тиіп қалар деп ойлаймын.

 

 

Берік мырза! Сәлеметсіз бе! Менің сізге бірнеше сұрағым бар.
Бірінші. Сіз бен Мұхтар Шаханов екеуіңіздің арасындағы даудың шығуы неден? Бұл адам мен адам арасындағы айқас па, әлде буынаралық тартыс па? "Жас Алаш" газетінде өзіңіз туралы бір емес, бес беттік материалдардың топтамасы шықты. Соған қалай баға бересіз?
"Қазақ ұлты" мен "қазақстандық ұлт" деген сұрақтар жөнінде әңгіме өршіп кетті. Сіз нақты қандай позицияны ұстанасыз? Сіздің ұстаным Мұхтар Шаханов ағамыз бастаған топтың ұстанымынан несімен ерекшеленеді?
Рахмет.

Азамат Меңдіқұлов

 

 

Берік Әбдіғалиев: Мұхтар Шахановтың депутат кезінде қазақ тіліне мол қаражат бөлдіру ісінде көп жұмыс атқарғанын жақсы білеміз. Осы кісінің арқасында 100 млн.-нан 1 млрд. теңгеге дейін жетті. Еңбек – еңбек. Өкінішке қарай ол кісі қазір депутат емес. Егер депутат болса, Алдан Смайл, Бекболат Тілеухан ағаларымыз сияқты қазақ мүддесіне қызмет ете берер еді.
Біздің арамыздағы әңгіме адам арасындағы айқас емес. Мен ол кісіні құрметтеймін, сыйлаймын. Ұрысқаны да, ұрғаны да маған майдай жағады.
«Жас Алаш» маған жала жапса да, мақаламды насихаттағаны үшін ризамын. Құдай сөзім, «қазақстандық ұлт» деген менің қағидам жоқ. Тек ондай ұран ғана бар. Қазақстандық – қазақ болудың алғышарты. Қазақстандықтарды қазақ болдырудың бір жолы – қазақ тілі. Тілден де басқа жолы бар. Оны да қолдануымыз керек. Оны сұхбаттарымда, мақалаларымда айтып жүрмін. Қайталамай-ақ қояйын.
Қазақты – қазақ дейміз. Ал өзгелерді қазақстандықтар дейміз. Енді қазақстандықтарды біртіндеп қазақ қыла беруіміз керек. Менің азаматтық ұлтшылдық деп отырғаным - осы. Болашақта Қазақстанның әр азаматы тегіне қарамай қазақ болуы керек. Солай болады да. Бұл турасында мен «Жас Алаш» газетінің бетінде жарияланған «Қазақ миссиясы» (Қазақ ұлтының жандандыру тұжырымдамасы)  жобамда толықтай баяндаған болатынмын.

 

 

(Интернет конференция барысындағы сұхбаттың жалғасын ертең оқисыздар)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434