Қара жерден қадір қашып барады
Қазақстанның басты байлығы – алтын дән астығы. Бидай мен ұн экспортынан әлемде жетекші орынға шыққанымыз соның дәлелі. Мемлекет қамқорлығының арқасында жер емген шаруа қауымы табиғат ана төсінен несібесін теріп, өзінің де, өзгенің де берекелі өмір сүруін қамтамасыз етіп бағуда. Алайда «судың да сұрауы бар» демекші, мейлінше мол өнім аламыз деп құнығып, қара жердің қадірін кетіріп жатқанымыз да рас.
Қарап отырсақ, жермен қамтамасыз етілу жағынан чемпиондар лигасына кіреді екенбіз. Төрткүл дүниеде тоғызыншы орын оңай көрсеткіш емес. Жан басына шаққанда 33,6 га ауылшаруашылық мақсатындағы жерден келеді. Бірақ жерді тиімді пайдалану, оның қуатын құртпай, қайта дамытуға келгенде көңілімізге кірбің ұялай беретіні де рас.
Қырық жылдан астам уақыт несібесін жер- анадан теріп келе жатқан жеке шаруа Ибраш Естаев бүгіннен гөрі ертеңгі болашаққа алаң.
Қазақстанның басты байлығы – алтын дән астығы. Бидай мен ұн экспортынан әлемде жетекші орынға шыққанымыз соның дәлелі. Мемлекет қамқорлығының арқасында жер емген шаруа қауымы табиғат ана төсінен несібесін теріп, өзінің де, өзгенің де берекелі өмір сүруін қамтамасыз етіп бағуда. Алайда «судың да сұрауы бар» демекші, мейлінше мол өнім аламыз деп құнығып, қара жердің қадірін кетіріп жатқанымыз да рас.
Қарап отырсақ, жермен қамтамасыз етілу жағынан чемпиондар лигасына кіреді екенбіз. Төрткүл дүниеде тоғызыншы орын оңай көрсеткіш емес. Жан басына шаққанда 33,6 га ауылшаруашылық мақсатындағы жерден келеді. Бірақ жерді тиімді пайдалану, оның қуатын құртпай, қайта дамытуға келгенде көңілімізге кірбің ұялай беретіні де рас.
Қырық жылдан астам уақыт несібесін жер- анадан теріп келе жатқан жеке шаруа Ибраш Естаев бүгіннен гөрі ертеңгі болашаққа алаң.
– Шынын айту керек, біздің егістік алқаптарының басым бөлігінің құнарлылығы соңғы он-он бес жыл ішінде күрт төмендеп кетті. Себебі тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіру кезінде жер әркімнің қолына өтті де, егін егудің исі мұрнына бармайтындар қара жерді тілгілеп, гумустың бәрін желге ұшырды. Олардың көбі 60-шы жылдарға дейінгі Кеңес тұсындағы «классикалық» үлгіге бас ұрды. Естіген болсаңыз, ол кезде жерді неғұрлым тереңірек қазсаң, соғұрлым мол өнім береді деген ұстаным болған. Бірақ уақыт өте келе Бараев пен Мальцевтердің «топырақ құрамындағы гумусты эрозиядан, яғни, желге ұшырудан сақтау» теориясы енгізілді. «Бесжылдық, онжылдық жоспар» деп жалаулатып жүргенде жердің қасиетін қашырып алдық. Ең бастысы – бізге бұйырған шексіз байлықтың қадіріне жете алмадық. Көпшілігіміз, «қайтсем, көп өнім аламын» деп ашкөздікпен табиғат- ана төсін тілгіледік. Шүкір, қазір ұпайымыз түгел, ал ертең не болады? Ұрпақтың несібесін ойлаған жан ілуде біреу. Олар қайтіп күн көрмек, жердің бәрін біз бітірдік, – дейді Ибраш Естайұлы.
Еліміз астық экспортынан үлкен үлес алатындықтан, алқабымыздағы алтын дәннің мейлінше көбірек шығуы кім-кімге болса да пайдалы. Бірақ күтім жасамай, жерді сауын сиырдай сауа бергеннен ұтарымыз шамалы. Өйткені біз қанша минералды тыңайтқыштарды пайдаланғанымызбен, жердің табиғи өз құнарлылығы әлсірей беретіні анық.
– Тың көтергеннен бері, яғни соңғы елу жыл ішінде жерді 20 сантиметрден жыртқанның өзінде бір гектардың шамамен 30 тонна органикалық қуатын жоғалтыппыз. Бір ғана осы Қостанай облысы алқаптарынан 267 миллион тонна гумус желге ұшқан. Бұл дегеніңіз – біз алдағы жүзжылдықтың «жоспарын» артығымен орындап тастадық деген сөз. Айталық, әлгі 267 миллион тонна гумустың орнын толтыру үшін әрқайсысы 60 тонналық 4,5 миллион вагон органикалық көң қажет. Оның сыртында күніне 100 вагоннан тасыдық деп есептегеннің өзінде 45 мың күн немесе 123 жыл кетеді екен. Кешіріңіз, оған сіздің де, біздің де ғұмырымыз жетпейді. Сосын бізде мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетіліп жатқан көмек, қанша дегенмен, аз. Себебі Еуропада бір гектар жерге – 1111, Канадада – 882, АҚШ-та 412 доллар субсидия берілетін болса, бізде бұл көрсеткіш 35 доллар шамасында, – дейді А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры Аманжол Ахметов.
Жер-ана жағдайының күтімге зәру екендігі өткен жылдың соңында Үкімет бекіткен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жақын үш жылға арналған стратегиялық жоспарында да айтылды. Онда шенеуніктер мал шаруашылығы өнімділігінің бір себебі ретінде жердің де үлесі барлығын тілге тиек еткен. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі жер өнімділігін көтеру үшін 2011 жылы 107 пайызға жетеді деп жоспарлаған минералды тыңайтқышты екінің бірі ала алмайтын түрі бар. Өйткені энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев еліміздегі электр энергиясына деген сұраныс артып, баға көтерілуінен минералды тыңайтқыштар құнының да ең кемі 40 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал бұл өз кезегінде ірі де іргелі шаруашылық болмаса, айлығын шайлығына әрең үлгертіп отырған ұсақ шаруаның тұзын жеңілдетпесі анық. Сондықтан да бізге шаруаның қалтасына тиімді және жерге кесірін тигізбейтін табиғи органикалық тыңайтқыштарды пайдалану жолын дамыту қажет. Мұны бір жиналыста ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мырзаның өзі де айтқан болатын. Ал табиғи органикалық тыңайтқыш дегеніміз «малым – жанымның садағасы» деген ауылдағы әр қазақтың ауласында жатыр. Қолға тиген мәлімет бойынша, қазір аудан және ауыл орталықтарындағы санитарлық-гигиеналық тазалықты сақтау үшін тұрғындар өз қалталарынан бір тележкасына 400-1000 теңгеден төлеп, қыс бойы жиналған көңдерін шығартып жатыр. Осы ұтымды сәтті неге кәдеге жаратпаймыз? Меніңше, көктемде өзіміз тасып аламыз деп шаруа қожалықтары уәде берсе, кім-кімнің де қуана-қуана тегін берері анық.
– Меніңше, жерге бизнестік көзқарас пен нарықтық қатынас қатар жүруі тиіс.Өйткені жер қыртысы, минералды тыңайтқыштар сепкенімізге қарамай, жыл сайын өзінің құнарын 240 есеге дейін жоғалтып жатқанын мойындауымыз керек. Яғни жерді бір күндік пайда үшін емес, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспардың негізі ретінде қадір тұтуымыз қажет, – дейді «Естаев» шаруа қожалығының басшысы Ибраш Естаев.
Несі бар, қолдайтын-ақ байлам. Естір құлақ болса, осының өзі біраз іске тиек болары анық.
Жасұлан Манап, Қостанай
“Алаш айнасы” газеті 26 Мамыр 2009 жыл