Тудан ішкиім тігуге бола ма?
Осыдан 4 жыл бұрын Қытай елінің бояу өндіретін кәсіпорынның бірі Қазақстанның мемлекеттік туының бейнесін сауда белгісі ретінде пайдаланғаны әшкере болып, қоғамда әжептәуір дүрбелең туғызғаны есімізде. Алайда мына оқиғаның жанында ол түк емес сияқты.
Осыдан 4 жыл бұрын Қытай елінің бояу өндіретін кәсіпорынның бірі Қазақстанның мемлекеттік туының бейнесін сауда белгісі ретінде пайдаланғаны әшкере болып, қоғамда әжептәуір дүрбелең туғызғаны есімізде. Алайда мына оқиғаның жанында ол түк емес сияқты.
Қазір еліміздің жайма базарларында мемлекеттік туымызды айшықтайтын басты белгілер - қыран құс пен алтын шұғылалы күн бейнесі таңбаланған ішкиімдер сатылуда. Мұндай «ерекше» тауардың бүгінде Қазақстанның барлық түкпіріне тарап үлгергеніне күмән жоқ. Өйткені олар Қарағандының қара базарында толып тұр...
Көрнекі орындарға тігіліп, ең бір салтанатты жиындарда көтерілетін, Елбасы олимпиадаға аттанған спортшылардың ең таңдаулысына ғана сеніп тапсыратын, мемлекеттік туымыздан тігілген ішкиімдер Қарағанды базарларында самсап тұр. Ерлерге арнап тігілген, белінің резеңкемен көмкерілер тұсында ұзынынан, сосын оң жақ тұсына тігінен «Казахстан» деп жазылған. Ал сол жағына қос қанатын алтын күннің шуағы көмкерген мұзбалақ қыранымыз тайға таңба басқандай бейнеленген. Ішкиімді жасап шығарушыларға бұл да аз көрінсе керек, кейбіріне Қазақстанның картасын қоса сызыпты. Жасап шығарушылар демекші, ерекше киімдердің қайда өндірілгенін анықтау мүмкін болмады. Сатушылар айта алмайды, Алматының қара базарларының бірінен «оптом» сатып алған. «Қытайдікі шығар. Мына сатып тұрған нәрсенің барлығы сол жақтан келген ғой, шырағым» дейді. Тауар болса, сапа белгісін көрсететін қағаздан жұрдай болып шықты.
Күнде сатып жүрміз ғой, алатын адам этикеткасына, қайда жасалғанына назар аударғанын көрген жоқпыз. Олай-бұлай тасып жүргенде түсіп қалған шығар, - дейді аты-жөнін атағысы келмеген сатушымыз.
Бұған тыйым салатын жан жоқ па, заң жоқ па бізде сонда?
- Бар, - дейді облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Жанқозы Нақышев. - Әкімшілік кодекстің 354-бабының 1-тармағына жүгінсек, жеке және заңды тұлғалардың еліміздің мемлекеттік нышандарын заңсыз пайдалануы - ескерту жасауға немесе айлық есептік көрсеткіштің елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Бірақ біздің нақтылап алғымыз келгені мынау еді: Қазақстан туында бейнеленген таңбаларды басқа тауар түрлерінде пайдалануға бола ма?
Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның хатшысы Шахмарал Қабылованың айтуынша, рәміздерді насихаттау, оны құрметтеуге уағыздау және оны пайдалану мәселелерін назарда ұстау осы комиссияның қызметіне жатады екен.
Бірақ «тудың бейнесін ішкиімге пайдалануға бола ма, жоқ па?» дегенге бәрібір жауап таба алмадық. Сосын заңдарды ақтарып көруге тура келген. Дәл жауап заңнамадан да табылды деп айту қиын. Рәміздер туралы конституциялық Заңымыздың 15-бабында: «Осы заңның талаптарын бұза отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалану, ...мемлекеттік рәміздерін қорлау ҚР Заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа әкеп соғады» деп жазылыпты. Дұрыс-ақ, бірақ осы заңның 4-бабын оқып көрсеңіз: «Мемлекеттік Тудың бейнесі өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін» делінген. Бірақ оның қандай объекті екені ашып жазылмаған. Ал осы 4-баптың келесі тармақтарында: «Мемлекеттік Тудың бейнесін қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар туларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды. Мемлекеттік Тудың бейнесі Қазақстан Республикасы мемлекеттік наградаларының, Ұлттық Банк банкноттары мен монеталарының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде пайдаланылуы мүмкін» делінген. Толып жатқан «мүмкін». Бірақ тудың бейнесін киімге айна-қатесіз көшіруге бола ма, жоқ па, оған жауап жоқ.
5-бапты оқығанда еріксіз мырс еттік. «Бұл ретте ҚР Мемлекеттік Туы басқа тулардан төмен орналастырылмайды» деп жазылыпты. Ал біздер оны белден төмен түсіріп жатқанда селт етпей отырған жоқпыз ба? Елдігімізге сын болар бұл масқара тауарлардың емін-еркін саудалануына қалайша жол беріледі?
Заңның олқылығы ма, әлде намысымыздың әбден тапталып біткені ме?
Айтпақшы, мемлекеттік туымыздағы дәл осы бейне - қыран мен алтын күннің ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы символикасы ретінде таңдап алынғанын жаһанға жар салып, бөркімізді аспанға атқанымыз кеше ғана емес пе еді? Мәртебелі ұйымның символикасы ретіндегі бұл таңбалардың қазақстандықтардың іш киіміне әр беріп тұрғанын сырт көз көрмесін деңіз...
Қамбар АХМЕТОВ
Қарағанды
«Айқын» газеті, 13.03.10.