Жаңаөзен қайта тулайды
Дүйсенбi күнi ҚазТАГ ақпарат агенттiгi көлденең көзге елеусiз ақпарат таратты: «ҚазМұнайГаз» Барлау өндiру» (ҚМГ БӨ) акционерлiк қоғамы өз акционерлерiнiң кезектен тыс жиналысын өткiзiп, Кәсiпорын директорлары кеңесiнiң жаңа құрамын сайлады. Кеңестiң жетi мүшесiнiң жауапкершiлiк бағыты мен сайланбалы органның өкiлеттiк мерзiмi көрсетiлген бұл ақпаратта алабөтен ештеңе жоқ. Акционерлiк компанияларға қатысты заңдылыққа сәйкес мұндай бюрократтық үдерiс үнемi болып тұрады.
Дегенмен байыптап қарасақ, осы ақпараттың тасасынан қос бiрдей қитұрқылық қылтияды: бiрiншiден, бұрынғы кеңес құрамының өкiлеттi мерзiмi түгесiлiп, жаңа директорлар сайлау уақыты келсе, компания акционерлерiнiң жиналысы кезектен тыс өткенi қалай? Бұл сайлау жоспарлы мерзiмiнде өтуге тиiс едi ғой.
Дүйсенбi күнi ҚазТАГ ақпарат агенттiгi көлденең көзге елеусiз ақпарат таратты: «ҚазМұнайГаз» Барлау өндiру» (ҚМГ БӨ) акционерлiк қоғамы өз акционерлерiнiң кезектен тыс жиналысын өткiзiп, Кәсiпорын директорлары кеңесiнiң жаңа құрамын сайлады. Кеңестiң жетi мүшесiнiң жауапкершiлiк бағыты мен сайланбалы органның өкiлеттiк мерзiмi көрсетiлген бұл ақпаратта алабөтен ештеңе жоқ. Акционерлiк компанияларға қатысты заңдылыққа сәйкес мұндай бюрократтық үдерiс үнемi болып тұрады.
Дегенмен байыптап қарасақ, осы ақпараттың тасасынан қос бiрдей қитұрқылық қылтияды: бiрiншiден, бұрынғы кеңес құрамының өкiлеттi мерзiмi түгесiлiп, жаңа директорлар сайлау уақыты келсе, компания акционерлерiнiң жиналысы кезектен тыс өткенi қалай? Бұл сайлау жоспарлы мерзiмiнде өтуге тиiс едi ғой.
Екiншiден, кезектен тыс жиында Кәсiпорын директорлары кеңесi мүшелерiн жаңарту Жаңаөзен мұнайшыларының ереуiлiне байланысты қажеттiлiктен туған әрекет болуға тиiс. Олай болса, Жаңаөзен дүрбелеңiне жауаптылар кеңестiң жаңа құрамына қайтадан сайланғаны қалай? Мәселен, ҚМГ БӨ компаниясының басқарма бастығы және бас директоры болып сайланған Кенжебек Ибрашев «Өзенмұнайгаз» өндiрiстiк бөлiмшесiнiң мұнайшылары бастаған ереуiлге жауапты лауазым иелерiнiң бiрi едi, ол мұнда неғып жүр? Әлде компания акционерлерi Маңғыстау түбегi түгiлi, бүкiл Қазақстанды шарпып кетуге шақ қалған әлеуметтiк толқуға пысқырып қарамады ма? Егер дәл осылай болғанда, кәсiпорын иелерi соңы саяси сапырылысқа соқтыруы мүмкiн болған оқиғаға мән бермегенi сөзсiз. Әлде оларға Қазақстанда әлеуметтiк толқу тудырған ереуiл сабақтарын санаға сiңiруден бұрын, өздерiнiң жеке есебi артық болды ма?
Иә, елдi дүр сiлкiндiрген Жаңаөзен мұнайшыларының ереуiлiнен мұнай магнаттары сабақ ала алмаған сияқты. Ең бастысы, бұл сабақ мұнай саясатын уысында ұстауға тиiс мемлекеттiк билiкке жұғысты болуы керек едi. Ал түптеп келгенде, бұл ереуiл елдегi мұнай саясаты жеке меншiк иелерiнiң қолында екенiн көрсеттi. Тiптi осы ереуiлдiң өзiн жеке мүдделерiн күйттеген магнаттар мен қалталы менеджерлер ұйымдастырған жоқ па деген сауалдың да жөнi бар. Егер ереуiл директорлар кеңесiнiң жаңа құрамын сайлау қарсаңында өткенiн ескерсек, бұл жоралғының да жөнi бар. Яғни «мұнай ойынындағы» мүдделер қақтығысы нәтижесiнде әлдекiмдер «құрбандыққа шалынуға» тиiс едi.
Егер осы тұрғыдан келсек, бұл ойынның бiрегей «құрбаны» «Өзенмұнайгаз» өндiрiстiк бөлiмшесiнiң директоры Бағытқали Бисекен болды. Себебi, мұнайшылардың бiр талабы - «Бисекен орнынан кетсiн» едi. Осы талаптың түбiнде мүдделер қақтығысы жатқаны анық. Шынтуайтында, төбесiнде төрт бiрдей төресi - Қазақстан үкiметi, «ҚазМұнайГаз» компаниясы, оның «дочкасы» ҚМГ ӨБ және Тимур Құлыбаев сияқты «беймағлұм» акционерлер отырған кезде, бiр Бисекеннiң бiтiрерi не болмақ? Бисекен кетсе, оның орнына Дүйсекен келмей ме? Өндiрiстiк бөлiмшенiң директоры деген сөз - мал өсiрген қазақтың кеңестiк тiлiмен айтқанда, - «совхоздың директоры» ғана. Ал ол директор алтын басты болса да, төбесiндегi көкелерiнен асып, бiр бөлiмшенi жарылқап тастауы мүмкiн бе едi? Басқасын былай қойғанда, ол директор акционерлердiң айтқанынан артық адым аттай алмайтыны анық.
Бақытқалиды «бiрегей құрбан» атауымыздың да өз жөнi бар - ереуiл екпiн алған сәтте ол компания иелерi сияқты Астанада тығылып жатпады: «Менiң кетуiммен оңалатын шаруа болса, мен-ақ кетейiн орнымнан...» - деп, жағдайдың қысылтаяңнан шығуына азаматтық көңiл танытты. Шамасы, осы ереуiлден аз-мәз жеңiс тапқандардың бiрi - мұнайшылар болса, екiншiсi - Бисекен болды. Өзi өскен аймақтың ел-жұрты алдында мансапқа мiнгесiп тумағанын, қарайған қауымға қайырымы барын осы сөзiмен-ақ дәлелдедi.
Айтпақшы, бiз осы ереуiл сабақтарына орай журналистiк зерттеу жүргiзу барысында Астанадағы бас компания басшыларының арасында аймақтағы әлеуметтiк ахуалды оңалдырудан бұрын, Б.Бисекендi кетiрудiң амалын күйттегендердің көп болғанына көз жеткiздiк.
Еске сала кетейiк, 2009 жылдың қазан айында «Өзенмұнайгаз» ӨФ жұмысшылары алғаш рет ереуiлге шығып, арада екi ай өткенде - 2010 жылдың қаңтарында кәсiпорын директорлығына Бағытқали Бисекен тағайындалды. Арада бiр жыл өтер-өтпесте жаңа директор мұнайшыларды ереуiлге шығуға мәжбүр ететiндей не iстеуi мүмкiн? Ел басында жиырма жылдан артық жүрген лауазым иелерiнен асып, ол аз уақытта тұтас бiр аймақты тақырға отырғызардай не бүлдiрiп үлгердi?
Бiз осы сауалдарға ереуiлшiлер арасынан жауап iздедiк, кейбiр өндiрiстiк көрсеткiштер құжатына үңiлдiк. Ол мұнай өнiмiн көбейтуге, ысырапшылдыққа жол бермеуге көңiл бөлген екен. Бiр кiнәраты - мұнайгаз өндiру басқармалары мен транспортқа жауапты мекеме басшыларын басқа жұмысқа ауыстырыпты. Себебi, олардың ұжымды ұйымдастырып жұмыс жасай алмағанын және өз ерiктерiмен басқа жұмысқа ауыстыруды сұрап арыз жазғандарын ереуiлшiлердiң өздерi айтты.
Ал мұнайшылар мен жұмысшылардың ереуiлге еруiне «Қазмұнайгаз» БӨ басшылығы тарапынан 2010 жылғы 23 ақпанда келген шешiм себепшi болған көрiнедi. Онда «Өзенмұнайгаз» ӨФ жұмысшыларының жалақысын 1 сәуiрден бастап жаңа жүйеге көшiру туралы нұсқау жасалған екен. Жалақы төлеудiң жаңа жүйесi бойынша «аумақтық коэффициент» алынып тасталуы көрсетiлген және бұған келiспегендер жұмыстан шығарылсын деген құжат мұнайшылардың мұңын тудырып, ереуiл бұрқ ете қалған. Ал, анығында, Астанадан келген жаңа талапқа бөлiмше басшылығы неге жауапты болуға тиiс?
Бiз анықтаған тағы бiр жайт - жұмысшылар жалақы төлеудiң жаңа жүйесi шығады деген хабарды 2009 жылдың қарашасынан берi естiп, өз наразылықтарын бiлдiре бастапты. Ол жөнiнде Бисекен бас компания басшылығын ескертiп, келiспегендердi жұмыстан шығару жөнiндегi талапты алып тастауды сұрапты. Ал ҚМГ БӨ басшылығы (Кенжебек Ибрашев) толғағы туып келе жатқан толқуды елең қылмаған. Сонымен қатар жұмысшылардың жаңа жүйеге қарсы екенiн бiле тұра, кәсiподақ комитетiнiң басшылығы мен кәсiподақ президиумының өкiлдерi өткен жылдың қараша айында қосымша келiсiм-шартқа қол қойған. Онда олардың үш жылға жасалған негiзгi ұжымдық шартты өзгертуге келiсем беретiндiктерi айтылған екен. Ибрашевтiң Астанадағы командасы жасаған осы әрекетке сырттан келген әрi бағынышты Бисекен не десiн?
Мiне, «Қазмұнайгаз» Барлау-өндiру» компаниясының басындағылар «еркек тоқты - құрбандық» деп, Бисекендi «бүлiкшiлерге» байлап берген. Бұл арада бiз Бағытқалиды қорғаштаудан аулақпыз. Бiрақ, пәлсәфашы тiлiмен айтқанда, «әдiлет әлдеқайда бағалы» болып тұр. Себебi, ереуiлге шыққан жұмысшылардың «К.Ибрашев орынтағын босатсын!», «Аншыбаевты кетiру қажет!», «Дүкенбаев кетсiн!» деген талаптарының орындалмағанына қарағанда, мұнайдың мыңғырған мүддесiн баққан бiреулер ереуiлдiң екпiнiмен өз саяси ойындарын жүзеге асырған.
Журналистiк зерттеу барысында мынадай бiр қызықты құжатқа тап болдық. «Өзенмұнайгаз» ӨБ директоры Бағытқали Бисекен Жаңаөзен ереуiлiнiң алдында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президентi Қайыргелдi Қабылдинге қатынас хат жолдап, онда мынадай жағдайды баяндапты:
«Жағдайды тұрақтандыру мақсатында мен ақпанның 25-де Астанада өткен бейнеконференцияда «ҚМГ БӨ» АҚ басшылығына еңбекақы төлеудiң жаңа жүйесiне көшу жөнiндегi өз ұсынысымды айтқан едiм. Мен жұмысшыларға таратылатын құлақтандырудан «еңбекақыны жаңаша төлеу жүйесiнен бас тартқан жұмысшылармен арадағы келiсiм-шарт үзiледi» деген жолдарды алып тастап, оның орнына «бас тартқан жағдайда, олармен еңбек қатынасы ескi жүйе бойынша жүредi» деген түзету енгiзудi ұсындым. Бұл жағдайда ақы төлеудiң екi жүйесiн бiрдей қолдану мүмкiндiгi туар едi. Бiрақ «ҚМГ БӨ» АҚ басшылығы құлақтандыру мәтiнiн өзгертуден бас тартты. Бiздiң ұсынысымызды Мирошниковтен басқа ешкiм қолдамады. Қалыптасқан жағдайға «Өзенмұнайгаз» өндiрiстiк бөлiмшесiнiң басшылығы жазықты емес деп бiлемiн. Бiз атқарушы орган ретiнде жоғарғы ұйымның қаттамалық шешiмiн орындадық.
Бұған не алып-қосуға болады? Кәсiпорын басшысы өз ұжымындағы жағдайды, батыстық қазақтардың қайтпас, қайсар мiнезiн бiле отырып, бас компания басшылығын ақылға шақырған. Бiрақ оны назарға алған ешқайсысы болмаған сыңайлы.
Айтпақшы, қосуға болатын бiр жайт бар. Бұл құлақтандырудың мәтiнiн ғана емес, бүткiл жаңа еңбекақы төлеу жүйесiн жасаған - Ибрашевтiң командасы. Бисекендер болса - дайын мәтiндi таратушылар. Ендеше, ереуiл барысында неге «шелек жалаған тұтылып, айран iшкен құтылды» деп ойлайсыз? Шамасы, бұл сауалдың жауабы аса қиын болмаса керек: ойын ережесiн жасағандар жазықсызды «құрбандыққа шалып», ереуiлдi елiрткендердi есен-аман қалдырған.
Теледидар арқылы халыққа «Егер менiң жұмыстан кетуiм наразылық акциясын тоқтататын болса, мен өз еркiммен жұмыстан кетуге дайынмын», - деген Бисекеннiң мәрттiгiне қарамай, наразылық акциясы тоқтамады. Iс насырға шапты. Ушығып кеткен мәселенi шешу үшiн, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен жергiлiктi атқарушы билiк басшылары бiрiгiп, бiтiмгершiлiк комиссиясы құрылып, ақыры, жұмысшылардың өкiлдерiмен мәмiле жасалғаны белгiлi. Облыс әкiмi Қырымбек Көшербаев төрағалық еткен бұл жиынның қаулысы бойынша, жалақы беру жаңа жүйеге көшпей, бұрынғы күйiнде қалатын болды. «ҚМГ БӨ» АҚ бас директоры Кенжебек Ибрашевтiң мәлiмдеуi бойынша, наразылық акциясы өткен күндер үшiн ереуiлшiлерге ақы төленбедi. Мұнайшылар өздерi орнынан кетуiн талап еткен Ибрашевтiң бұл шешiмiне мойынсұнды. Неге?
Осы «негенiң» тасасында тағы бiр толқу тұр. Келесi кезеңге Директорлар кеңесiне сайланған Кенжебек Ибрашев Бисекеннiң орнына келген бөлiмше басшысын тағы бiр арандатуға итермелеген кезде туындайтын ол толқудың күшi бұдан да қатты болуы мүмкiн. Себебi, елдегi мұнай ойынын меншiк иелерi мен ибрашевтар жасап тұрған кезде, тұрақты мемлекеттiк әлеуметтiк саясат жүзеге асуы өте қиын.
Жаңаөзен уақытша тынышталды. Алда не күтiп тұрғаны уақыт еншiсiнде.
Қайсағали ЕСМАТ,
Атырау - Ақтау
Өз аузынан
Бағытқали БИСЕКЕН:
«...Маған көптеген адамдарды лауазымнан
түсiрiп, жаңа буынның мамандарын басты
орындарға жоғарылатуға тура келдi. Бұл жағдай Атырау филиалындағы көптеген мекемелерде жүзеге асты. Көптеген мекемелердiң жұмыс жоспары мен бағытын өзгерттiк. Ал мен туралы жазылған жағымсыз мақалаларға келсек, оның бәрi тапсырысқа орай
орындалған. Бұл - сөзсiз дайындалған акция. Менi халық алдында төмендеткiлерi келдi. Сол
арқылы өз дегендерiне көндiрудi ойлады.
Алайда бұл ешқашан болмайды».
Nomad.su
Түпнұсқадағы тақырып - «ЖАҢАӨЗЕН» ЖАҢҒЫРЫҒЫ
кiмдерге сабақ болады?»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 13 (50) от 31 марта 2010 г.