Жем де өлімге кесілген өзен бе?..
Бұдан 2,5 мың жыл бұрын Ирактағы Диала деген өзен өлім жазасына кесілген екен деген « Әлем таңғажайыптары» жинағында жазылған дерек бар. Адамзатқа жасаған қиянатына қанағат тұтпай, табиғатқа да үстемдік жасамақ болған парсы патшасы Кирдің сүйікті аты осы өзеннен өтерде суға кеткен екен.. Қаһарына мінген Кир 360 канал қаздырып, өзен суын құмға ағызып, арнасын құммен толтыртқан екен. Бүгінде Жылой өңірінде құм бөгеттердің салынуына байланысты арнасын құм басып, суы сорға кеткен Жем өзенінің тағдыры осы өлімге кесілген өзенге ұқсағалы тұр. Астамшылықпен асқақтаған Кирдің жазасын Сақтардың патшайымы Томирис бергені белгілі. Қазір сол қазылған каналдар құммен бітеліп, Диала өзені қалпына келіп, арнасын қайта тауыпты. Ал Жемнің қашан қалпына келері бүгінгі адамдардың тікелей араласуына байланысты.
Бұдан 2,5 мың жыл бұрын Ирактағы Диала деген өзен өлім жазасына кесілген екен деген « Әлем таңғажайыптары» жинағында жазылған дерек бар. Адамзатқа жасаған қиянатына қанағат тұтпай, табиғатқа да үстемдік жасамақ болған парсы патшасы Кирдің сүйікті аты осы өзеннен өтерде суға кеткен екен.. Қаһарына мінген Кир 360 канал қаздырып, өзен суын құмға ағызып, арнасын құммен толтыртқан екен. Бүгінде Жылой өңірінде құм бөгеттердің салынуына байланысты арнасын құм басып, суы сорға кеткен Жем өзенінің тағдыры осы өлімге кесілген өзенге ұқсағалы тұр. Астамшылықпен асқақтаған Кирдің жазасын Сақтардың патшайымы Томирис бергені белгілі. Қазір сол қазылған каналдар құммен бітеліп, Диала өзені қалпына келіп, арнасын қайта тауыпты. Ал Жемнің қашан қалпына келері бүгінгі адамдардың тікелей араласуына байланысты.
Адамзат су қорларын асыл қазына деп қастерлейді. Жер - тіршілік анасы болса, су - тіршілік атасы. Жылой ауданы табиғаты қатал, суға қат өңірге жатады. Аудан аймағындағы бір ғана табиғи су көзі - Жем өзені. Бұл өзен көне заман шежірелерінде айтылып жүрген арналы өзен болғандығына дәлелдемелер жеткілікті. Еділ мен Жайықтан кейін ғасырлар бойы қарт Каспийге келіп құйылатын арналы өзендердің бірі осы Жем болған.. Басын Мұғалжар тауларынан алып, ұзындығы 700 шақырымға созылған өр мінезді, бабын келтіріп аялай білгенге тіршіліктің тамыршысы, табиғаттың жомарт сыйы, қазаны қазынаға толы өзен аталатын еді.. Жиырмаға тарта шағын көлдерді суға толтырып, сонау Сыпыра жырау мен Қазтуған жырларында айтылатын «отыз оймен, сексен сайды» кемеріне келтіретін де осы өзен болған.. Ежелден егін еккен ел судан тарықпаған, шабындығында жайылған мал арықтамаған. Талай ұрпақ жағасына аунап, суына шомылып, сары сазанын азық еткен. Бүгінде арнасына құм бөгеттер салумен құмға көмілген, жылымшылап аққан суы жүрек сыздатар күйге түскен өзен тағдырына жанашырлық танытылмай отыр. Көлдері шалшыққа, сайлары балшыққа айналғанына қиналып жүргендер шаруа баққан қара шаруа ғана. Жерінен көрік кетіп, шаруасының берекесі бұзылған ауыл тұрғындарының қолынан келер қайран жоқ. Тұрмыс пен тіршілікті мұнай саласына бағындырмай, шаруа шаруашылығына да бетбұрыс жасап, ауыл тұрғындарының бұдан бұрынғы қалыптасқан ата кәсіптеріне қайтадан қадам жасалса деген тұрғындар мұңын әзір естір құлақ болмай тұр.
Бірыңғай мұнай-газ өндіруге бейімделгелі жергілікті тұрғындардың ата кәсібі егіншілік пен малшылық жетімсіреп қалды. Кешегі өрісті малға толтырған кеңшарлар таратылып, бар ынта ықылас қара алтын қазынасына ауды. Қазына іздеушілер өңірдің саутамдығын қалдырмай қазып, жер асты байлығын игеріп жатыр. Кең Жылой аты ығыстырылып, мұнай мен Теңізшеврон атымен аталып, басқа табиғи тіршілік көздері ығыстырылып тасталды. Мұнай байлығынан жергілікті тұрғындарға тиген үлестен экологиялық зардап салмақтырақ. Мұнай-газ өндірісінің дамуымен бірге қоршаған ортаның шектен тыс ластануы, ауыз су тапшылығы, жердің шөлейттенуі қоса жүруде. Экологиялық мүдде мен экологиялық қауіпсіздік, экологиялық сауықтыру шаралары ескерілуден қалып барады.. Жергілікті халықтың экологиялық сауаты мен өз мүдделерін қорғай білу белсенділігі төмендігін мұнай алпауыттары өз қажетіне қарай шебер пайдалануда.
Бұрынғы жылдары Жем суын пайдалану, мұнайшыларға қажетті азық-түлікті жергілікті шаруашылықтар өндірген өнімдермен қамтамасыз ету мәселелері Республикалық деңгейде қаралып отырылатын еді. 50-60-шы жылдары Жем суын тиімді пайдалану, шаруашылықтардың шағын көлдерде су қоймаларын жасауына назар аударылатын. Су қоймалары жылына екі рет көктемде және күзде сумен толтырылып отыру қалыптасқан шаруа болатын. Аудандағы ұжымдық шаруашылықтар осы шағын су қоймалары арқасында судан тарықпай, төрт түлік малын өсіріп, тары, жүгері, бақша дақылдарын егіп, өздерін және мұнайшыларды ет-сүтпен, көкеніс өнімдерімен қамтамасыз ететін. Ол кезде қыруар су қоймалары мен ұланғайыр егіс алқаптарын өңдеу, суару істері қол күшімен атқарылатын. Қазіргі техникалық өркениет кезінде осы істер қайтадан қолға алынса, Жылойдың нар маядай исінген өңірінің берері аудан жұртшылығын сырттан тасымалданатын өнімдерге тәуелді қылмас еді деген ой оралады.
Бүгінгі түсінік бойынша Жылой өңірі егістікке жарамсыз, топырағы тұзды, құнарсыз саналып, жергілікті тұрғындардың егіншілік дәстүрі жоққа шығарылып отыр. Ғылыми сараптамаларға сүйенсек, өңірдің топырағы сұрғылт түсті қоңыр топырақ типіне жатады. Топырақтың бұл түрі құрғақ климат жағдайында далалық шөпті өсімдіктер астында қалыптасып түзелген. Қарашірік қабаты жұқа. Топырақ құрамындағы қарашірік 3 пайыз көлемінде, бірақ известіге бай, суды жақсы сіңіреді. Ғылым докторы А.И.Марченконың айтуынша ауылшаруашылық дақылдарының кейбір түлерін бұндай топырақтарға өсіруге болады екен. Сортақ топырақты алқаптардың үстіңгі қабатында суда еритін тұздарды су арқылы тұзын шайғаннан кейін, тыңайтқыштармен өңдеп, терең қопсытып, егістікке жарамды етуге болады.
60-шы жылдары аудан аймағында жаңа мұнай көздерінің ашылуына байланысты, мұнай кәсіпшіліктеріне ел қоныстандыру, су мәселесін шешу қолға алынған еді.. Аудандағы жалғыз өзен - Жем суын тиімді пайдалану, су ресурстарын жасаудың жобалық нұсқалары жасалған- ды. Осындай жобаның бірегейі Аралтөбе су қоймасын салу болатын. Жер жағдайын зерттеген ғалымдар өзеннің екі жағалауын биік қыраттармен көмкеріп, су қоймасын жасауға табиғаттың өзі дайындап берген аса қолайлы орынды тауып, су қоймасы құрылысының жобасын ұсынды. Осы жобаны Бүкілодақтық деңгейге көтеріп, Министрлер кеңесі қарауына ұсынған, осы су қоймасының жобасын бекіттіруге қол жеткізген сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші қатшысы Н.Ондасынов пен облыстық атқару комитеті төрағасы С.Құбашев болатын. Бұл жоба ойдағыдай іске асырылған жағдайда Сарықасқа жазығындағы кең алқаптың тың жатқан жерлеріне су шығарылып, егін мен екпе шөп егетін, мал өнімдерін дайындайтын, бау-бақша егімен айналысатын шарушылықтар құру жоспарланған еді. 60-шы жылдың басында бұл құрылыстың бастамасы қарқынды басталып, аудан орталығынан 50 шақырымдық қашықтықтағы айдалада ақшаңқан қос қабатты үйлер мен қызмет көрсету орындары бой көтере бастаған болатын. Бұл құрылыс 1964 жылы тоқтап қалды. Аралтөбе қалашығындағы дайын нышандар иесіз қалып, көрінгенге қолды болып, талауға түсіп жоқ болды. Құрылыс жұмысының бұлайша аяқталғаны әлі күнге жылойлықтарға түсініксіз. Айтушылар сөзіне қарағанда сол жылғы Кеңес Одағындағы үкімет басшыларының ауысуы мен осы құрылысты салуға күш-жігерін жұмсаған облыс басшыларының қызметтен кетуі себеп болса керек.
Ауданның табиғи байлығымен әлемге танылып тұрған сәтінде осындай ақылға қонымды істерді қайта қолға алуды жұртшылық қалап отыр. Өндірісі дамып, ірі компаниялар қоныс тепкен мұнайлы өлке үшін су қоймаларын қалпына келтіру үлкен проблема болмас еді. Қаржыдан да, техника жағынан да «Теңізшеврон», «Қазмұнайгаз» компаниялары тарықтармайтынына кепілдік бар, тек осы іске бастама жасауға тиіс жергілікті билік белсенділік танытса жарап жатыр. Ең алдымен Жем өзенінің табиғи ресурс ретінде танылып, қоршаған ортаға тікелей ықпал ететін мемлекеттік маңызы бар су нысандары санатына енгізілуіне қол жеткізген орынды болар еді.. Оны қорғауға алу - аймақтың экологиялық қауіпсіздігін сақтаудың бірден-бір жолы. Өзеннің құм басқан бөлігін тазартып, құмдануға себеп болып отырған құм бөгеттер салуды тоқтату шараларын алып, су қорларын жасауға болатын 20-дан аса шағын көлдерге, су жиналатын ойлар мен сайларға су шығару үшін өзектерді құмын аршып, жолын ашса жарап жатыр.. Жем суының теңізге қосылуына кедергі бөгеттерді бұзса, көлдердегі балық қоры көбейеді. Суы мол көлдерде балық питомнигін жасап, шабақ өсіретін, өсірілген шабақтарды сулы көлдерге жіберіп, балық өсірумен айналысатын қожалықтар құруға жол ашылар еді. Осылайша көлдерде балық, түзде аң-құстар көбейіп, тірі табиғат қалпына келер еді.
- Еліміздің қоршаған ортаны қорғау, құрғақшылықпен күрес жөніндегі халықаралық конвенцияға қосылып, экологиялық мәселелерді шешуге белсене араласып жүрген мемлекет екенін білеміз. Республикамызда қабылданған Су Кодексінде су ресурстарын пайдаланудың экологиялық талаптары көрсетілген. Осы Кодекс негізінде өңірінің экологиялық мүддесін қамтамасыз ету шараларының жобасына Жем өзенін қорғау мәселесінің де енгізілуі аса қажеттілік болып отырғаны Жылой жұртшылықтың қалауы..
..
Сакен Бозаев. Атырау облысы, Жылой ауданы.