Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2932 0 пікір 15 Сәуір, 2010 сағат 04:38

КҮННЕН ТУҒАН БАЛАМЫН... Алматыда Айтбай Құлбайдың көрмесі өтті

Әсия Бағдәулетқызы

Әр стильге, бар стильге бауыр

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде ҚР суретшілер одағының мүшесі, ҚР көркемөнер академиясының академигі Айтбай Құлбайдың «Маңғыстау бояулары» атты көрмесі өтті.

Көрме залына кірген адам, бұл бірнеше суретшінің экспозициясы деп ойлар еді. Біраз уақыттан кейін олардың бәріне ортақ бір белгі барын түйсінер-ді. Ол белгі - ұлттық таным, көкжиек кеңдігі және бабалар рухы мен келер ұрпақтың жымдастығы.

Әсия Бағдәулетқызы

Әр стильге, бар стильге бауыр

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде ҚР суретшілер одағының мүшесі, ҚР көркемөнер академиясының академигі Айтбай Құлбайдың «Маңғыстау бояулары» атты көрмесі өтті.

Көрме залына кірген адам, бұл бірнеше суретшінің экспозициясы деп ойлар еді. Біраз уақыттан кейін олардың бәріне ортақ бір белгі барын түйсінер-ді. Ол белгі - ұлттық таным, көкжиек кеңдігі және бабалар рухы мен келер ұрпақтың жымдастығы.

Ол бірде дәстүрлі кескіндеме мектебінің өкілі сияқты көрінеді. Келесіде интуитивті-абстракциялық суретші сияқтанады... «Таптым, «60-жылдардағы суретшілердің мұрагері» дей бергеніңде, тағы да тайқып шыға келеді. Пикассоның өзінен дәріс алғандай көрінеді. Бірде, тіпті сюрреалист болып шығады. Тағы бір картиналарының алдына келсеңіз, рельефті кескіндеменің үлгілерін көресіз. Не керек, Айтбай Құлбай ұстатпайды. Сусып кетеді. Суретшінің қолтаңбасын анықтау қиынға түседі. Бірақ сізді оның құпиялы әлеміне тартатын да, қызықтыратын да сол. Ол қашан да көрерменінен бір қадам алда. Өйткені оның келер жұмысы, осы сәтте қиялында қайнап жатқан картинасы қандай болатынын болжап білу мүмкін емес. «Неге бір тақырыпты таңдап, бір бағытқа тоқталмадым» деген сұрақ менің өзімді де мазалап келеді, - дейді суретшінің өзі. - Бірақ жұмыс барысында «ат ауыстырғанымды» өзім де сезбей қаламын. Ешбір бағыт, ешбір стильдің маған жаттығы жоқ. Бәрінде өзімді еркін сезінемін».

Айтбай Құлбай әр түрлі және жан-жақты. Өзі айтпақшы, оның жұмыстарынан «кез-келген адам өзіне жақын тақырыпты тауып алады». Біреу жұмсақ жазылған жұмыстарды жақын тартып, таңдайын тақылдатар, біреу эмоционалдық бояуы қанық картиналардың алдында арбалып қалады. Академиялық үлгіде жазылған «Батыр қасиетінен» (2008) кең сахарадағы ұлы жалғыздықты түйсінсеңіз, «Ауыл өмірінен» (2005) дәстүрлі қоңыр бояуға көзіңіз тояды. Ал «Әуен құдіреті» (2008) мен «Сыбызғы тартқан баланың» (2005) тақырыбы ғана емес, пішіні де музыка болып төгіліп тұрған сияқтанады. Матаны пайдаланған «Құрбылар» (2005), «Сәукеле киген қалыңдық» (2008) сияқты рельефті картиналары қазақ тұрмысының биік талғамы мен салтанатынан хабар берсе, «Бетперде киген әйел» (2009) мен «Екеу» (2008) ұлы Пикассоның ізімен әйел, адам жанының нелер құпиялы қалтарыстарына жетелейді. «Натурщицасы» (2006) Далиді еске түсірсе, «Шабыт» пен «Шаңырақ» (2007) түйсіктегі тамшылар болып кенеп бетіне қона кетеді. Оның кеңістігі бірде шексіздікке дейін кеңейіп  кетсе, бірде тары қауызындай тарылады. Мысалы, бір сюжетке негізделгендей көрінетін «Адайлар» (2004) мен «Уақыт ырғағын» (2004) алыңыз. «Адайларда» кеңістік көлденеңінен, «Уақыт ырғағында» тігінен дамитын сияқты. Осының бәрі - қылқалам ғана түсіндірер құдірет.

«Мен қазақпын»

Сөйткен Айтбайдың алдымызға тосқанынан тосары көп екен. Қылқалам шебері «Менің әр түрлі стильде салынған мыңға жуық жұмыстарым бар, ал маған бөлінген музейдің ең үлкен залына бар болғаны 70 жұмыс сыяды екен» деп налиды. Осы мол байлықтың арасында «Мен қазақпын» деген картинасы ерекше көзге түседі. «Водкин де, Пикассо да емеспін мен» дейді бұл жұмыс. Ия, Петров-Водкиннің атақты «Қызыл аттың шомылуы» емес. Орыстар Қызыл тұлпарды жайдақ мінеміз деп, игере алмай қалды. Оған өткен ғасырдың «қызыл тарихы» куә. Құлбайда қазақтың өзі қызыл. От. Яғни, жеңімпаз. Ол есік пен төрдей арғымағында еркін, сенімді отыр.

Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын,
Күнге ғана бағынам.
Өзім - Күнмін, Өзім - от,
Сөзім, қысық көзім де - от,
Өзіме өзім табынам.
Жерде жалғыз Тәңірі - от,
Оттан басқа Тәңірі жоқ.

... Мен - оттанмын, от - менен.
Жалынмын мен, жанамын,
Оттан туған баламын.

Қараңғылық бұққанда,
Қызарып күн шыққанда,
Күн отынан туғанмын;
Жүрегімді, жанымды,
Иманымды, арымды
Жалынменен жуғанмын.
Жүрегім де, жаным да - от,
Иманым да, арым да - от.

Мағжанның жыры есіңе түседі. Неге маған сондайлық жақын десем, бұл қазақ сонау Тамғалы Тасқа қашап жазылған, Күнді көкке көтерген бабалар рухы екен ғой. Бұл - Мағжанның отты жырының аяулы кейіпкері екен. Бақсақ, құлашын кеңге жайып, далада еркін көсілген Құлбайдың бала қазағының бойында:

Заулап, өрлеп аспанға,
Әлпіден әрі асқан да
Отты Атилла, Баламер
Мен едім. Тағы барғанда
Ойран салып Балқанға
Жолбарыс Жошы, Сүбітай ер
Шалғай-шалғай жер шалып,
Басылдым біраз от алып... -

дейтін жауынгер рухы бар.

Қайран, Мағжан. Қазақшыл, алашшыл, тұраншыл, түркішіл Мағжан. Пайғамбар екен ғой.

Кеше маған тіл келді,
Күнбатыстан жел келді,
Қараңғылық қаптады.
Ұяттан әсер қалмады,
Идеалды - Алланы
Қарын деген таптады, -

Бүгінгі күн емей, немене? Қазір бізге Мағжанға ұқсап:

Енді заулап жанайын,
Күнбатысқа барайын,
Бір шетінен тиейін.
Қараңғы тас қаласын,
Жалмауыз жауыз баласын
Жалынмен жалап, сүйейін:
Не қалар екен қаладан,
Жалмауыз жауыз баладан?!.. -

дейтін тұлға табылмай тұр ғой. Осы сөзді суретші Айтбай Құлбай айтып отыр.

Я, раббым, суретшінің символдық болжамын өміршең қыла гөр. Қазағымның рухы биік, мерейі үстем болғай!..

«Адам өнерге емес, өнер адамға жабысады»

Айтбай Құлбай - Құдайдың мәрт жаратқан пендесі. Еңсегей бойлы, батыр тұлғалы, қыран көзді қазақ. «Бір кездері мені жер бетіне тарыдай шашылған елімнің атамекенге деген сағынышы толғандыратын. Түркіменстан, Иран, Моңғолия, Қытай... жер-жерден оралып жатқан шалдардың әңгімелері жетелейтін» дейді суретші. Тегін емес. Айтбай Құлбайдың өзі Түркіменстанның Бес қала деген елді мекенінде туып-өскен. Көркемөнер училищесінде оқып жүріп, ұлттық қойылымдарда ойнаған. Ел оны әртіс болатын шығар депті. Оның атасы атақты зергер, ұста, құдықшы екен. Нағашысы ағаштан ою оятын. Әкесі көріпкел болыпты. Қазақ өнерінің қасиетіне бөленіп өскен Айтбай ұсталыққа қызығады ғой. Зергер болатын шығар депті жұрт. «Жүзік, білезік, әсересе пышақтың түрлеріне әуестендім. Ата-анам қару соққанымды жаратпай, тыйым қойды. Сосын сурет өнеріне ойыстым» дейді.

Шота Руставели атындағы көркемөнер училищесінде оқыған ол түркімен мектебімен қанағаттанбай, Алматыға тартады: «Басқа бір ұлттың баласы болсам, түркімен елі менің Отаныма айналар еді. Бірақ мен қазақпын. Сондықтан, жер бетінде менің Отаныма айналатын бір-ақ мемлекет бар. Ол - Қазақстан». Алматы педагогикалық училищесінде де оны өз дегеніне көндіретін оқытушылар аз еді. «Екі суретшінің ойы бір жерден шығуы мүмкін емес. Студент кезімде оқытушыларыммен жиі келіспей қалатынмын» дейді Айтбай. Институтты тәмамдаған соң, ол Жаңаөзенде бас сәулетші болады. 90-жылдары жұрттың бәрі бизнеске кетіп жатқанда, сол қызметті өз еркімен тастап, Маңғыстау жерінде өнер колледжін ашуға кіріседі. Суретшінің өзі айтқандай, «Адам өнерге емес, өнер адамға жабысады екен. Өнердің өзі адамды дегеніне көндіріп, айтқанымен жүргізеді». Сосын суретші өзін толықтай шығармашылыққа арнайды. Қазір оның жұмыстары Мемлекеттік өнер музейінде, Президент резиденциясында, Ресей суретшілер одағында, Қазақстан, Бельгия, Дания, Германия, Франция, Португалия, АҚШ, Канада, Италияның жеке коллекцияларында жүр.

Айтбай Құлбай тынбай жұмыс істейді. «Күніне бір картинадан жазып отыратын кездерім болады. Адамда бос энергия болады. Уақыт өте келе, ол миыңда пісіп-жетіледі. Жаза бастайсың. Ал жұмыс барысында «Мына жерін былай, мына жерін былай жаз» деп картинаның өзі «бұйырып» тұрады. Туындыны жазу кезінде онымен міндетті түрде сырласып отырасың» дейді ол.

Өнертанушы Елизавета Ким Айтбай туралы алғаш естігенде, «Мүмкін емес» деген екен. Картиналарын көргенде, «Орал Таңсықбаев екенсің ғой» деп таң қалыпты. «Осы уақытқа дейін қайда жүрдің?» деп қынжылыпты. Сөйткен Айтбайдың көрмесі 8-ақпанға дейін жалғасады.

Қазір суретшіні не мазалайды дейсіз ғой? Сұрап көрелік. «Балабақшада да, мектепте де, сахнада да сәукеле киген қыздарды көреміз. Ханның қалпағын кішкентай балалар да киіп жүр. Қазақтың әр бұйымының өз орны, қасиеті бар емес пе? Мені қазір ұлтымның өзін тану мәселесі мазалайды» дейді ол. Солай.

«Алматы Ақшамы», 11-ақпан, 2010 жыл.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504