Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2165 0 пікір 15 Сәуір, 2010 сағат 05:02

Біз сізді жек көреміз, Маттиас!

Әсия Бағдәулетқызы

М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасының жүзінші қойылымы болды. Режиссері -Қазақстанның халық әртісі Рубен Андриасян, режиссердің ассистенті -Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбай. Қойылымның рухын анықтап, дәуір исін сезіндіріп тұрған декорациялардың авторы, қоюшы суретші -Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Тұяқов. Ал басты рөлде - қазақ сахнасының мэтрі, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов. Спектакльде Құман Тастанбеков, Төлеубек Аралбай, Бақыт Жанғалиева, Бақтияр Қожа, Шайза Ахметова, Омар Қиқымов, Алма Кәкішева, Данагүл Темірсұлтанова, Азамат Сұрапбаев, Назгүл Қарабалина, Дулыға Ақмолда, Берік Айтжанов, т.б. танымал сахнагерлер өнер көрсетті.

Әсия Бағдәулетқызы

М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасының жүзінші қойылымы болды. Режиссері -Қазақстанның халық әртісі Рубен Андриасян, режиссердің ассистенті -Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбай. Қойылымның рухын анықтап, дәуір исін сезіндіріп тұрған декорациялардың авторы, қоюшы суретші -Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Тұяқов. Ал басты рөлде - қазақ сахнасының мэтрі, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов. Спектакльде Құман Тастанбеков, Төлеубек Аралбай, Бақыт Жанғалиева, Бақтияр Қожа, Шайза Ахметова, Омар Қиқымов, Алма Кәкішева, Данагүл Темірсұлтанова, Азамат Сұрапбаев, Назгүл Қарабалина, Дулыға Ақмолда, Берік Айтжанов, т.б. танымал сахнагерлер өнер көрсетті.

Қазақ сахнасында ең ұзақ жүрген қойылым, сірә, «Ана - Жер-ана» (Ш.Айтматов) болар. Отыз жыл үздіксіз жүрген спектакльдің бес жүзінші қойылымын академиялық театрдың дүрілдетіп атап өткені көзіқарақты көрермен қауымның есінде шығар. Бірақ бұл - ілуде бір кездесетін оқыс оқиға, жүйріктердің жүйріктері ғана жететін аңсаулы меже. Жыл премьераларының екі-үш маусымның тезіне шыдамай, театр сахнасынан түсіп қалып жатқанын көріп жүрміз. Ал «Ымырттағы махаббат» - көрерменнің ықыласына бөленіп (ал көрермен - ең қатал сыншы ғой), шымылдығы тұңғыш рет көтерілген сонау 2002 жылдан бері үздіксіз қойылып, театрсүйер жұртшылықтың овациясына бөленіп келе жатқаны көңіл қуантарлық жағдай. Жүз рет Асанәлі Әшімов сахнаға Маттиас Клаузен болып шықты. Сахнаға әр шыққан сайын бойындағы асылы мен ардақтысын, қимас құпиясы мен сырлы сезімін осы бейнеге салды. Аянбай салды. Жүз рет Асанәлі Маттиас Клаузен болып халқымен сырласты, жүз рет Асанәлі Маттиас Клаузен болып базынасын жеткізді. Осының өзі театр үшін де,  көрермен үшін де баға жетпес мереке.

Әділін айту керек, көрермен бұл қойылымға ең алдымен Асекеңді - Асанәлі Әшімовті көруге келеді. Біздер аға буын аузынан тастамайтын қазақ өнерінің абыздары Қаллеки, Елағаң, Серағаңдардың сахнада салтанат құрғанын көргеніміз жоқ. Нұрмұхан, Әнуар, Ыдырыстардың да сахна төріндегі сайранын тамашалауды маңдайымызға жазбапты. Біздің бағымыз, біздің аңызымыз Фаридалар мен Асанәлілерді көріп, қол соққанымыз.

«Ымырттағы махаббат» - эстетикалық, жоғары мәдениетке құрылған, тектіліктің иісі аңқып тұратын шығарма. Ал Маттиас Клаузен - бүкіләлемдік театр корифейлерінің арманы болған кесекті кейіпкер. Бұл образдың түйіні жас қызға деген іңкәр сезімге тіреліп тұрған жоқ. Инкеннің (Н.Қарабалина): «Сені маған сүюді жазбаған екен, менің махаббатым екеумізге де жетеді» деп шырылдайтыны бар ғой... М.Клаузен басқа өлшемнің адамы.

Бұл ең алдымен адамның бостандығы, ары мен абырой биігі жайлы пьеса. Балаққа жармасу феноменін зерттейтін, көп ергежейлінің жабылып жүріп ұлы адамды өлтіруі жайлы пьеса. Асанәлідей тұлғалы актердің басты рөлді мүсіндеуі өзінен-өзі шығарманы осылай «оқуға» жетелейді. Бірақ мәселе қайда? Күшті адам қорқаулардан жеңілмеуі керек-ті. У ішіп, өз-өзіне қол жұмсауы - Маттиастың жеңісі ме, жеңілісі ме? Алып адамның азат рухының күйреуі ме, әлде қу тіршіліктің ит-ырғылжыңына қолды сілтей салып, қайта биіктеп кетуі ме?..

Асекең қазіргі қазақ театрындағы бірінші актер. Өзінен кейінгі іні-қарындастарының жанында ол қолбасшы ғана емес, тұлғаланып тұратын алып жартас секілді. Перде ашылған кезде Маттиас-Асанәлі - бақытты әулетбасы ақсақалы. Жүзінен қуаныш лебі ескен ол жеңіл қозғалады. Тіпті ерке қызы Оттилиямен бірнеше па жасап жібереді. Бақшаға шығайық деген тойшыл қауымның соңынан, Инкен Петерске бір қарап қойып, далаға беттейтін кезінде оның бойынан бозбалалық желік сезіледі. Гейгермен (Т.Аралбай) жеке қалатын сәтінде ғана осы көріністердің бәрі жасанды екенін сезгендейсің. Жігерсіз ұлдың, кесір келіннің, ақымақ қыз бен сұрқия күйеудің өбектеп қорып жүргені кәрі шалдың өзі емес, қазына-байлығы, уыс-уыс ақшасы, малынып тұрған үйі. Маттиас соның бәрін сезіп-біліп жүр. Сондықтан оның өз әулетіне деген мейірінен кейістігі басым. Біз актер ойынынан кейіпкер шындығының бірте-бірте, кезең-кезеңімен ашылып жатқанын бағамдаймыз. Келесі көріністе ол торға түсудің аз алдында тұрған Инкенмен тілдеседі. «Біз тең емеспіз» деп бойжеткеннен бас тартпақ болады. Алайда Инкен-Назгүлдің Маттиас-Асанәліні ту сыртынан құшып тұрып: «Мен сізді жек көремін!» деген бір ауыз сөзі әлемдегі барлық ғашықтық сөздерден қымбат. Оның қыз жүрегін қарс айырып, нендей тереңдіктерден шығып жатқанын, қандай қиындықпен айтылғанын актрисаның даусынан-ақ сезер едіңіз.

Екінші бөлім актерлік тұрғыда көп тер төгуді, күрделі еңбектенуді қажет етеді. Осы бөлімде Асанәлі Әшімов өзінің шеберлік шыңында екенін көрсетті. Отбасылық конфликтіде Инкен кетіп қалып, балаларын сынауға көшетін Маттиастың бойынан ірілік қана емес, ұлылық сезіледі. Ашуға булыққан ақсақалдың эмоциялық күйі барынша шынайы жеткізілген. Ақырында Клаузен балаларының бәрін үйден қуып шығады. Ал олардың ойлап тапқаны - «отбасылық құндылықтарды кім көрінгенге үлестіріп жатқан» әкелерін «ақылынан алжасқан» деп жариялау. Солай, байлықты сақтап қалу, ал әкені тірідей табытқа салу. Жылпос Генефельд (Дулыға Ақмолда) келгеннен бастап, Клаузеннің бойында өзгеріс басталады. Мынандай алапат күйзеліс, дауасы жоқ дертке екінің бірі төтеп бере алмас. Өз ұрпағынан мұндай сұмдықты күтпеген ол, енді елді келеке қыла бастайды. Жындының рөлін таңдайды. Әлде шынымен жүйкесі сыр беріп қойды ма?..

Петерстердің үйінде өтетін соңғы көрініс - спектакльдің шарықтау шегі. Актерлік ойынның да самғау биіктігі. Сахнагерлік биігімен қазақ театрының тарихында қалатын құбылыс. Жеті түнде тасырлатып кіріп келген Маттиастың өңінен адам шошырлық. Әлем-тапырақ жүзі бет қаратпайды. Пышақты суырып алып, алай-бұлай сілтегенде, бойыңды үрей билейді. Жын буғандай, сахнада ерсілі-қарсылы жүрген, шықшыты шытынап, жанары шарасынан шығып кете жаздап тұрған ызалы кейпі көрермен түгілі әріптестерін де сендірмей қоймайтындай. Кейіпкердің түлен түрткендей мына көңіл-күйі А.Әшімовтің ғажап психо-физикалық әрекет үйлесіміне құйылады. Шебердің аты шебер!

Актердің бақыты - рөл. Алайда бір-екі рөлімен бойындағысының бәрін сарқып беріп, сахна қызығымен ерте қош айтысатындар, я болмаса «берерімді берген адаммын» деп, театрдағы егде актердің санын көбейтіп жүретіндер бар. Ал жетпістен асқан шағында мынандай сом, кесек тұлға жасау, екі сағат бойы сахнадан түспей жанкештілікпен өнерін паш ету - екінің бірінің маңдайына жазылмайтын БАҚ. Қолынан келе бермейтіні өз алдына. «Ымырттағы махаббат» Асанәлі үшін жазылған пьесадай әсер береді, бұдан былай да Асанәлісіз әсте ойнала алмайтын спектакль. Сондықтан лайым, қойылымның ғұмыры ұзақ болғай.

Р.S. Маттиас Клаузен, сірә, жеңді. Іштен шыққан сұр жыландарға мазақ болып, қорлық көргенше, әзиз өлімді таңдау - парасаттылық көрінісі. Ол қомағай, алаяқ, мейірімсіз балаларын былыққа белшесінен батқан лас әлемінде тастап, пәк дүниеге кете барды. Иә, іріліктің жеңіліс табуы әділеттік емес. Жеңіле салатын, жығыла салатын, беріле салатын ірілікте қасиет қалмас еді...

«Алматы Ақшамы», 25 ақпан, 2010 ж.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520