10 жылдан кейін әр азамат қазақша сөйлеуге тиіс
Енді бір он жылдан кейін Қазақстанда қазақ тілі толық үстемдік құруы қажет. Министрлер Кабинетінің кешегі жиынында Үкіметбасы Кәрім Мәсімов осындай мәлімдеме жасады. Әрине, мұны естіп, «бәледен машайық қашыпты» дегендей, үкіметтегілер тіл саясатына тікелей қатысты кілтипандарды шешуді көп жылға кейін шегеріп тастамақшы болып жатқан жоқ па?!» деген күдік тууы мүмкін.
Бірақ Үкімет басшысы алдағы он жылға бағдарланған тілдерді дамыту бағдарламасы қабылданатынын, әлгінде жария етілген міндеттеме соның түпкі нәтижесі болуға тиістігін нықтады. «Біз тіл саясаты саласында биыл не істейтіндігіміз, келесі жылы нені қолға алатындығымыз және он жылда не бітіретіндігіміз көрсетілетін нақты бағдарламаны әзірлеуіміз қажет! - деді Премьер, - 10 жылдан кейін әрбір азаматымыз мемлекеттік тілде сөйлеуге тиіс. Біздің мақсатымыз - осы!»
Енді бір он жылдан кейін Қазақстанда қазақ тілі толық үстемдік құруы қажет. Министрлер Кабинетінің кешегі жиынында Үкіметбасы Кәрім Мәсімов осындай мәлімдеме жасады. Әрине, мұны естіп, «бәледен машайық қашыпты» дегендей, үкіметтегілер тіл саясатына тікелей қатысты кілтипандарды шешуді көп жылға кейін шегеріп тастамақшы болып жатқан жоқ па?!» деген күдік тууы мүмкін.
Бірақ Үкімет басшысы алдағы он жылға бағдарланған тілдерді дамыту бағдарламасы қабылданатынын, әлгінде жария етілген міндеттеме соның түпкі нәтижесі болуға тиістігін нықтады. «Біз тіл саясаты саласында биыл не істейтіндігіміз, келесі жылы нені қолға алатындығымыз және он жылда не бітіретіндігіміз көрсетілетін нақты бағдарламаны әзірлеуіміз қажет! - деді Премьер, - 10 жылдан кейін әрбір азаматымыз мемлекеттік тілде сөйлеуге тиіс. Біздің мақсатымыз - осы!»
Тілдер туралы бағдарлама қоғам талқылауына шығарылады
Мемлекеттің іргесін берік, ал халқын бірлікте ұстау үшін мемлекет құраушы халықтың мүддесін ойлау, соның жанайқайына құлақ түру қажеттігін билік бірте-бірте түсініп келе жатыр. Көзсіз мақтауға ұрынғалы отырған жоқпыз, алайда әділін айтсақ, қазір ұлт қамын ойлаудан туған жаңалықтар жиі естіле бастағандай. Билік қоғаммен бұрынғыдай біржақты не істелінгендігі, қандай болғанымыз төңірегінде ғана емес, не бар, не жоқ, қалай болуы керектігі турасында сұхбаттасуға ден қоюда. Келешегіне көз жібермеген елдің ары қарай кемелденуі қиын. Кеше де ел Үкіметінің Қазақстанның өрлеуі мәселесін қаузағанда, бұл мәселенің тек экономикалық қырымен шектелмеуі, әлеуметтің әл-ауқатын арттырумен қатар, оның тәні мен жанының саулығын, қоғамымыздың рухани өрлеуін қоса қарастыруы қуантты. Қазақстанның қазыналық байлығы - минералдық шикізаттың қайтып қалпына келмейтін жадығат екені, әрі қандай кен орнының өзі уақыт өте келе сарқылатыны әмбеге аян, бұл болашақта әуелі экономикалық, кейін саяси тәуелсіздігімізден айырылып қалуымызға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан Елбасы Мәсімовтің командасына АДАМИ КАПИТАЛДЫ дамытуға баса көңіл бөлуді қадап тапсырған. Мемлекет басшысының осы бағыттағы міндеттерді жүзеге асырудағы, осынау биік мұратқа жетудегі көп талаптарының ішінен халық санын 20 миллионға жеткізуге, жаппай жаңа бала бақшалар ашуға, білім мен ғылымды инновацияға негіздеп, қайта құруға, жаңа денсаулық сақтау жүйесін ендіруге айрықша назар аудартуы әркімнің ішіне ұялайды. Бұл істе осы уақытқа дейін белгілі бір деңгейде бірқалыпты ағыспен келе жатқан болсақ, енді көп мәселеде күрт бетбұрыстар, серпілістер жасау керектігі байқалады. Бұған Қазақстан көшбасшысының еліміздің дағдарыстан кейінгі дамуын, өрлеуін жариялаған жаңа саясаты түрткі болуда. Кеше Үкімет орындалуын тікелей ел басшылығы өз бақылауына алатын Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын мақұлдаған соң, Премьер К.Мәсімов оның ізін ала, Елбасының назарында болатын тағы үш құжат - білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту жөніндегі бағдарламалар өмірге жолдама алуға тиістігін мәлім етті, олар қазіргі кезде пысықталып жатқан көрінеді. Айтпақшы, Үкімет оны қоғамның кең талқылауына шығаруға ниетті.
- Тағы үш бағдарлама бізге таяп келіп қалды, - деді Министрлер Кабинетінің мүшелерін шола қараған Премьер Кәрім Мәсімов. - Олар экономикалық саясат жөніндегі кеңесте қызу талқылануда. Алда тағы бір кезең бар, сонда бұл бағдарламаларды сарапшылар ортасында және қоғамда талқыға салу қажет. Атап айтсақ, бұлар - білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламалары, - деп түсіндірген Кәрім Қажымқанұлы барлық үш бағдарламаның бос декларация емес, «өте нақты», әрі Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясымен және Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасымен өзара ұштастырылған құжат болулары тиістігін қадап айтты.
Мүлдем жаңа тұрпатты жоспар әзірленіпті
Кеше Үкімет арнайы қаулымен «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны» іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті. Ал баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі А.Раудың айтуынша, бұл құжат жобасы барлық мүдделі министрліктермен, мемлекеттік мекемелермен, әкімдермен, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен, «ҚазАгро» холдингімен келісілген. Яғни кейін «бесжылдық стратегия нені қарастыратын еді?» дегенде, билікте «білмейтін едім» дейтіндер болмауға тиіс.
Айтпақшы, Альберт Раудың мәлімдеуінше, ҮИИД бағдарламасын жүзеге асыру үшін қазақстандық тәжірибеде тұңғыш рет, «кешенді бағдарламаларды іске асырудың халықаралық тәжірибесін талдау негізінде» түзілген, жаңа тұрпатты іс-шаралар жоспары даярланыпты (дәл сондай жоспар қазақ тіліне қатысты бағдарлама үшін де әзірленсе, құба-құп). «Іс-шаралар жоспарын әзірлеуге мүлде жаңа тәсіл ұсынылды, - деді вице-министр А.Рау. - Біріншіден, жоспар стратегиялық бағыттардың нақты, шектеулі санымен дараланады. Екіншіден, осы бағыттардың әрқайсысы үшін бағдарламалық мақсатты нысана қолданылады, бұлар - мақсаттары, міндеттері, көрсеткіштері және іске асыру мерзімдері. Бұлардың барлығы мембағдарламаның түпкі мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған және тікелей соған бағындырылған. Үшіншіден, әрбір мақсаттың жүзеге асуына тек бір ғана меморган немесе мекеме жауап береді! Төртіншіден, іс-шаралар жоспарын іске асыру кезінде ұдайы мониторинг қарастырылған, ол тұтастай жоспар бойынша да, оның жекелеген бағыттары деңгейінде де жүретін болады». Осы қаулымен бірге ел Үкіметі «Индустрияландырудың республикалық қартасын» мақұлдады. Альберт Раудың мәліметінше, осы құжат аясында жалпы құны 6,8 триллион теңгені құрайтын 101 жоба, яғни зауыт-фабрикалар қолданысқа берілмек. Нәтижесінде 90 мың тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Естеріңізде болса, Елбасының алдында Үкіметбасы да, Индустрия және жаңа технологиялар министрі де осы Индустрияландыру бағдарламасының орындалатындығына уәде етіп, «бастарын бәске тіккен» болатын. Сондықтан кеше Кәрім Мәсімов Әсет Исекешевке «осы бағдарламаны белсенді іске асыруға дұрыстап тұрып кірісуді» шегелей тапсырды. «Бұл - жоғары деңгейде қаралған құжат. Сондықтан оны орындау керек!» деді Үкіметбасы.
Айхан ШӘРІП
«Айқын» газеті, 14.04.10.