Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2683 0 пікір 28 Мамыр, 2009 сағат 15:01

ҰБТ-дан не ұтамыз?

Міне, жыл айналып білім сапасының анықталатын тағы бір кезі келді. Яғни ҰБТ-ға қызу дайындық жүріп жатыр. Өткен жылда болған салғырттық пен немқұрайлылық биыл тағы да қайталанбауын көздеген министрлік ҰБТ-ға дайындықты жыл басынан-ақ бастап кеткен.

Міне, жыл айналып білім сапасының анықталатын тағы бір кезі келді. Яғни ҰБТ-ға қызу дайындық жүріп жатыр. Өткен жылда болған салғырттық пен немқұрайлылық биыл тағы да қайталанбауын көздеген министрлік ҰБТ-ға дайындықты жыл басынан-ақ бастап кеткен.
Мемлекеттік ҰБТ жүйесі жылдан-жылға жетіліп келеді, дейтұрғанмен, ондағы проблемалар да баршылық. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, «әліпті таяқ деп білмейтіндер» бағы жанып оқуға түсіп жатса, ал өз біліміне сенген қарапайым отбасының балалары сорлап оқудан құлап жатады. Мұндайда таныстық пен қалтаның қалыңдығы да үлкен рөл ойнап кететіні тағы бар. Өткен жылы министрлік «жауаптардың дұрыс кодтарын сату мен сатып алу кездеспеді» деген. Соның өзінде ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы нәтижелері шықпай жатып-ақ Алматы қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері тест жауаптарын сатып, алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топтың құрықталғанынан хабардар етіп еді. Мұнан өзге де әділетсіздіктердің тіркелгені көпшілікке аян. Бұл бер жағындағы бірді-екілі қылмыскерлер болса, ал қолға түспейтін, әбден әккі жемқорлар қаншама? Мұнан келіп халықтың ҰБТ-ға деген сенімсіздігі пайда болады. Иә, білімді шәкірт пен білікті ұстаздың оңды бағасын беруге, білім ордаларының жұмысын объективті бағалау, олардың нақты рейтінгісін анықтау мақсатында құрылған ҰБТ әлі де өзіне артылған жүкті көтере алмай келеді деген наразылықтар ата-аналар, ұстаздар, түлектер тарапынан жылда білдіріліп жатады. «Көш жүре түзеледі» деп өгізаяңмен қазекем де мұның шешімін тауып келеді. 11 жыл алған білімнің сыналар сын сағаттары тек әділдікпен өткені бәрімізге абырой.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге биыл үш өзгеріс енгізілді. Бұрнағы жылдары ҰБТ тапсыру уақыты 3 сағат болса, биыл 3,5 астрономиялық сағат, яғни 210 минут бөлінетін болды. Бұл – бір. Екіншіден, тестілеудегі апелляциялық комиссияның жұмыс тәртібі өзгертілсе, үшіншіден, тәжік, өзбек, ұйғыр мектептерінің түлектері де биылдан бастап ҰБТ тапсыратын болды.
Тестілеу уақытына 30 минуттың қосылуына ата-аналар мен түлектердің өтініші түрткі болды. Әрине, 180 минутта 125 сұрақты белгілеп шығу үшін әр сұраққа бар-жоғы 1,44 минут бөлінеді. Бұл әсіресе математикалық есептерді шығаруда қиындықтарға ұшырататыны ақиқат. Онан әрі тағы жауап парағын толтыруға да уақыт керек. Осыны ескергендіктен тест уақыты жарты сағатқа ұзарып отыр. Ал апелляциялық комиссияның өзгерісіне келер болсақ, кез келген мектеп бітіруші тестің қорытындысы шыққан күннен бастап келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін шағымдана алады. Өтініш берілген соң бір тәулік ішінде комиссияның қорытындысы шығарылуы қажет. Әгәрәки, жергілікті апелляциялық комиссияның мүшелері өтінішті қисынды деп тапса, іс республикалық комиссияға жіберіледі. Олар мақұлдағанда ғана, талапкерге балл қосылады. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін ҰБТ тапсырмай келген өзбек, ұйғыр, тәжік мектептерінің бітірушілері өз қалаулары бойынша ҰБТ-ны қазақ немесе орыс тілдерінде тапсыра алады.
Биыл сынақ 1-10 маусым аралығында 29 қала мен 82 аудан орталықтарында құрылған 154 тестілеу пунктерінде өткізіледі. Ал жалпы ҰБТ-ның форматы өткен жылдағыдай. Талапкерлер 5 пән бойынша тест тапсырады: оқыту тілі, математика, Қазақстан тарихы, қазақ мектептері үшін – орыс тілі, орыс мектептері үшін – қазақ тілі және талапкерлердің таңдау пәні. Яғни, талапкер 210 минуттың ішінде 125 сұраққа жауап береді. ҰБТ тапсырған бітірушілерге 4 пәннің (3 міндетті, 1 таңдау) нәтижесі туралы сертификат, жалпы орта білім туралы аттестат беріледі. Мемлекеттік грантқа арналған конкурсқа қатысу немесе ақылы оқу орнына түсу үшін сертификат балы 45-тен төмен болмауы қажет. Сонда орыс мектептері үшін ҰБТ-ның құрамына кіргіздік деп даурыққан қазақ тілінің тағы да ешқандай құдіреті болмай, тасада қалып қояды. Қайда барсаң баяғы «Қорқыттың көрі».
Соңғы жылдары сан өзгеріске ұшыраған білім реформасына министрлік тағы да мәрттік танытып, өзгеріс енгізіп жіберсе артық болмас еді. Ол өзгеріс әлбетте, қазақ тілінің орыс мектебінің бітірушілеріне міндетті пән ретінде енгізілуі. ҰБТ-дан ұтарымыз да осы болар еді. Бұл, әрине, Желмаясымен жер жәннатын іздеген Асанша, тілімізге орнықты жәннат іздеу ғана.

 

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
“Ана тілі” газеті 23 мaмыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371