МҰХТАР МАҒАУИН. ҰЛТСЫЗДАНУ ҰРАНЫ
Ілгеріде «Алтын Орда» апталығы мен «Жұлдыз» журналында жария көрген қазақ әдебиетінің бүгінгі классигі, қаламгер Мұхтар Мағуиннің (суретте) әйгілі «Ұлтсыздану ұраны» атты публицистикалық зарлы толғауын www.abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына қайыра ұсынып отырмыз. Түпнұсқа «Қазақ альманағынан»
(№01 (5) 2010 жыл қаңтар-ақпан) алынды.
Абай-ақпарат.
Ілгеріде «Алтын Орда» апталығы мен «Жұлдыз» журналында жария көрген қазақ әдебиетінің бүгінгі классигі, қаламгер Мұхтар Мағуиннің (суретте) әйгілі «Ұлтсыздану ұраны» атты публицистикалық зарлы толғауын www.abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына қайыра ұсынып отырмыз. Түпнұсқа «Қазақ альманағынан»
(№01 (5) 2010 жыл қаңтар-ақпан) алынды.
Абай-ақпарат.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!..» - деп күңіренген еді Абай бұдан бір ғасырдан астам бұрын. Кері кеткен Шығыстың өткенін, ілгері басқан Батыстың бүгін таныған, өктем империялардың отаршылдық саясатының түп тамыры мен болашақ бағдарын анық аңдаған кемеңгер ойшыл заманның сұрынан шошынып, әлгі жаңа низам әкелген жолсыз сұмдық, жұрттың азып-тозу үрдісін көре отырып, туған ұлтының келешегіне күмәнмен қарайды, еркіндіктен айрылдың, басқаның ырқына көштің, енді қайтадан оңалуың неғайбыл дейді. Жаңа дәуірдің ғылым-білімін игермесе де, халқының мың жылдық даналығын бойына сіңірген Дулат пен Мұрат жүрекпен сезіп, көзбен көргенінен біржола түңіліп, болашақтан күдер үзеді. Ал Шортанбай: «Су түбіне кеттің, жұрт, - Тал табылмас қармарға!» - деген қатал үкім айтады. Бұдан бұрын Махамбет: «Бұл қонысқа қондырған, - Ата-бабам оңбасын, - Таңда, сират басында!..» - деген болатын. Замана кейпі осындай ауыр ахуалға жеткізіпті.
Бірақ ұлы Шоқаннан басталған тағы бір үрдіс бар еді. Ыбырай Алтынсарин кең өріске шығаруға тырысқан, Абайдың өзі де қадарынша ат салысқан, одан бұрын және кейін, әрқилы есеппен болса да, ұлттың бетке шығар тұлғалары - іргелі бір ұлысты ұстаған Жәңгір хан, азды-көпті билігі бар ежелгі хан, сұлтандар әулеті, қарадан шыққан Құнанбай қатарлы жуандар бет бұрған жаңа серпін - орыстың оқуын, білімін игеру, мансап, шенге жету арқылы отаршыл жұртпен теңдік дағуасына ұмтылу, тұтас ұлттың болмаса да, жеке бір топтардың, жеке бір әулеттің тіршілік-тынысын кеңейту талабы. Баймағамбет сұлтан сияқты бірлі-жарым қарабет сатқындар, төменгі таптан, кездейсоқ шыққан, жеке басын күйттеген ұсақ тілмаш, жәреуке, жандайшаптар болды, бірақ орысша оқыған қазақтардың алғашқы тобы - тіпті, ел ішіндегі отаршылдыққа қарсы бүлік атаулыны тоқтатуға тырысқан, бұл жолда қан төгуге дейін барған, ақыры осы қиғаш жүрісі басын жойған Ахмет Жантөрин сияқты тұлғалардың өзі ұлтын жаңа заман, жаңа жағдайға бейімдеп, зорлық-зомбылықтан қорғаштап, қаншама пайдалы қызмет атқарғанын көреміз. Жәңгір хан тағдыры тіпті өзгеше тартылды. Оң ниеті теріске бұрылып, ақыр түбі отаршылдық жүйе қыспағы мен туған жұрты - әлі кеудесі басылмаған, ашынған халық арасында, шарасыз жағдайда қалған бейбақ хан елінің қажетіне жараған қаншама ағартушылық, шаруашылық, әкімшілік игі істердің ұйтқысы болды. Патша қызметінде жүрген Мұхамед-Салық Бабажанов, Сұлтан-Ғазы Абылайханов, кейінгі Ғұбайдолла Шыңғысхан және аты белгілі, белгісіз оңдаған алаш азаматтары мансап, шен ғана қуған жоқ, қадарынша туған халқына қызмет етуге, елінің мұқтажын өтеуге тырысты. Әлбетте, бұл қатардағы қазақтан шыққан ең ұлы тұлға - Шоқан. Отарлық өкіметке, орыс халқының ұлы перзенттеріне туған халқын танытып қана қойған жоқ, өзгеше жағдай, замана қалпынан туындаған ұлттық идея - кіріптарлық шеңгеліндегі жұртын қайта жаңғыру бағытына нұсқады. Бір жағы Қоқан иелігіне көшкен, бір жағы Қытай үлесіне кесілген қазақ халқының тұтастығы үшін күресті, керек десеңіз, күш кеткен, шарасыз жағдайда Орталық Азияны мекендеген барлық түрік қауымының іргесі ажырамай, бір қолға қарауы қажет деп білді. Өз қаны, өз нәсілі үшін. Заманның бір қалыпта тұрмасын, еуропалық ғылым-білімге жетілген халық ертең өз жолын табарын Шоқан жақсы білген.
Жәңгір хан мен Ыбырайды туыстырған, Шоқан мен Абайды табыстырған, Махамбет пен Шортанды зар тұңғиығына батырған - жалғыз-ақ мұрат - ұлттық мүдде, болашақ ұрпақ қамы болатын. Алаш ортасынан бой көтеріп шыққан әрбір азамат өзін ұлт тағдыры үшін жауапкер сезінді. Ал басынан билігі кеткен, отаршылдық құрдымына қарай тартылып бара жатқан ел мүлде дәрмен емес еді. Ең бастысы - халық ата жұртта, өз орнында отырған. Дәстүр-салтынан, иманынан, тілінен айрылмаған. Санасы тұнық, зердесі ашық. Бар дарыны басында. «Жаратушы бойына осыншама қабылет дарытқан халық цивилизациядан қақас қалмақ емес; көшпенді тірлік кешкен номад қазір өзіне қомсына қарайтын халықтар арасындағы құрметті орнын иеленер күн де туар...» - деп жазған еді Адам Мицкевичтің досы, айдаудағы поляк зиялысы Адольф Янушкевич. Иә. Ерте ме, кеш пе. Алдыңғы қатарлы саналатын Еуропа халықтарымен терезесі тең жағдайға, азат күн, тәуелсіз ұлысқа қол жеткізері күмәнсіз. Бар мәселесі батыс жиһанкездері мен білімдар оқымыстылары таңырқаған зерде мен зейін, қабылетте ғана тұрмаған. Қарасыны көп еді бұл жұртың. «Қазақтардың есебіне жету үшін даладағы құмды санау керек», - дейді мажар саяхатшысы, Атақты Вамбери. Осынша ұлан-байтақ қонысты иеленіп отырған қазақ қисапсыз көп көрінген. Қисапсыз емес еді, бірақ жалпы саны жағынан алғанда, Орталық Азияны мекендеп отырған туыстас халықтардың қай-қайсысынан да әлдеқайда артық және сол замандағы әлемдік деңгей тұрғысынан қарасақ, жер бетіндегі саны ең көп деген отыз-қарақ халықтың қатарына жатар еді. Жетіспей тұрған - бір-ақ нәрсе - еуропалық алдыңғы қатарлы ғылым-білім болатын. Қолға түспес сиқыр емес, уақыт оза келе игілікке айналар қажетті кілтипан ғана.
«Орыстың тілін біл! Сол арқылы дүниені таны! Теңдікке жет! Жаңа жол тап! Оқы! Оқы!» - ХІХ ғасырдың соңына қарай жалпақ жұрттың буынына түскен негізгі ұран, басты бағдарлама - осындай еді.
Жаңа ықылым келді. Тілек күшті, үміт зор еді.
ХХ ғасырдың басында, әлемдік әуелгі қырғын басталған алмағайып жылдарға қазақ жұрты біршама жақсы дайындықпен жеткенін көреміз. Қай тұрғыдан алғанда да, туыстас, тағдырлас өзбек, қырғыз, түркмен, тәжіктен көш ілгері. Ұлттық сана, саяси белсенділік, - ұйқыда, құлдықта жатқан қара құрылықты айтпағанда, отарлық түнегіндегі Азия халықтарының қай-қайсынан да өлшеусіз жоғары болды. Әлихан Бөкейханов бастаған, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар тұғырын ұстаған ұлттың ояну бағдары - қазақ қоғамында жетекші орынға шықты. Келесі кезекте - ұлттық дербестік мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ұлттың үдере өркендеу бағдарламасы жасалды. Алаш қайраткерлері, егер қолайлы тарихи жағдай туса, қазақ халқы, сонау Шығыстағы жапон жұрты сияқты, қоғамның жаңғыруы, оқу, ғылым-білімге жетігуі арқылы айналасы отыз-қырық жыл орайында мүлде жаңарып, Батыс елдерімен теңдей жағдайға жетеді деп білді, құрғақ қиял емес, жүзеге асар нақты болмыс ретінде алға тартты. Туған халқымыз еркін елде, азат қоныста өз тарихының жаңа бір кезеңін бастайды деп сенді.
Шынында да. Отарлық тәртіп тұрғанда отыз жылда оңалып кетпес, бірақ асса, арада қырық-елу жыл өтпей, әлемнің әр тарабы - Африка мен Азиядағы ағылшын, француз, неміс, голланд, португал отарлары сияқты, қазақ елі де тәуелсіздік алуға тиіс еді. Қырқыншы жылдың соңы болмаса да, елуінші жылдардың ішінде. Ұлан-байтақ жерімен, кемі жиырма бес миллион таза қазақ халқымен!..
Бірақ тағдыр басқаша шешті. Әлемдік соғыс, қым-қуыт төңкеріс нәтижесінде ыдырап тозған Ресей империясы большевикер жүзеге асырған қарымта жорықтар нәтижесінде біз тарапта әуелгі қалыбын тапты. Балшабектік реформалар басталды. Шынында да, айналасы отыз-қырық жыл ішінде халықтың жаппай сауаттылыққа жетуі, ғылым-білімді игеруі, ұлттың біржола жаңғыруы мүмкін екен. Жеттік, игердік. Және жаңғырдық. Тек... мүлде басқа тұрғыда. Еселеп өсуге тиіс халық жаппай қырылды, балшабектік қатал геноцид нәтижесінде өзінің ғасырдың басындағы - жиырмасыншы жылғы межесіне арада алпыс жыл өткен соң әрең ілінді. Ешқашан орны толмас қазаға ұшыраппыз. Отыршылдық топаны қалай төгілсе де, өз жерінде жалпы жұрттың басым көпшілігін құрап, лықа толық отыратын байырғы жұрт дәрменсіз, азшылыққа айналды, «тың көтеру» аталатын, отарлаудың кезекті қуатты толқыны тұсында республика халқының үштен біріне жетпей қалды.
Тек бұл ғана емес. Совет өкіметінің алғашқы күндерінен бастап-ақ алаштың ұлттық санасы жүйелі, қатал әрі тынымсыз қудалауға ұшырады. Ұлт мүддесіне қатысты ой-пікір атаулы шектелді, ұлттың ұлағатты ұлдары әуелде жаппай қуғынға ұшырап, көп ұзамай, түгелдей айдауға кесілді, түрмеде шіріді, атылды. Және бұл жағдай жалпылық сыпат алып, қазақ халқының сүт бетіндегі қаймағы - зерделі, саналы, оқыған, иманды, ұлтшыл бөлігі, ең жоғарғы деңгейдегі көсемдерінен бастап, қатардағы ауыл мұғаліміне дейінгі аралықта түп-тамырымен жер бетінен аласталды. Оқымаса да, көкірегі ашық, намысы бар, ақылды, қажыр-қайратты қарапайым жұрт - дәулетті байынан қатардағы қара шаруасына дейін - олар тағы қуғын-сүргінге ұшырады, қорлыққа жегілді, өлімге кесілді. Нәтижесінде, онсыз да тозған, тең жартысынан астамы, бәлкім, үштен екісі қырылған, барынан түгел айрылған, ұлттық есімінен басқа ештеңесі қалмаған қазақ халқының сонау ғұн, сақ, ежелгі түрік, Алтын Орда, Қазақ Ордасы заманынан бері, екі мың, үш мың жыл бойы қалыптасқан болат жетесі - ұлттық генефонды бұрынғы-соңғы тарихта ешбір жұрттың басына түспеген ғаламат апатқа ұшырады. Ұлттың өзіндік мені ұмытылған, ар-ожданы тапталып, өткен тарихы өзіне жау деп жарияланған, жалпақ жұрт ғана емес, басшы топ, зиялы қауымның өзі тек физиологиялық тіршілік қамымен ғана күн кешкен түнек заманы туды. Толық үш мүшел - Алаш ардагерлері: Әлекең, Ахаң, Жақаң, Мағжандар, біз әлі бағасын танымай жатқан басқа да ондаған саясаткерлер, атылғаны атылып, қалғаны түрмеге жабылып, айдауға кесілген, қапастан аман шыққандарының аяғы тұсалып, аузы байланған 29-жылдан - қазақтың жаңа бір, жас буыны өсіп жетіп, сөзге, іске араласа бастаған 60-жылдардың орта шеніне дейін созылса керек.
Шамасы 1965 жылдан бастап, қазақ руханиятында тура ширек ғасырға созылған соны серпіліс басталды. Орта ғасырлардағы әдеби мұра қайта ашылып, зерттеліп, тиісінше бағаланып, ұлттық танымға, рухани өмірге кең тыныс әкелді. Өткендегі мәдениет тарихы басқаша байыпталып, ежелгі саз аспаптары қайта жаңғырды, дәстүрлі қолданбалы өнер өз орнын тапты. Халқымыздың азаматтық тарихы жаңаша байыпталып, ежелгі дәуірден күні бүгінге дейінгі кезең ұлттық мұрат тұрғысынан байыпталған, зерделі, көркем, кең құлашты тарихи романдар дүниеге келді. Тек әдебиет, мәдениет қана емес, таным-білімнің, қоғамдық өмірдің барлық саласында қазақ әуені, ұлттық болымыс көрініс берді, ұлттық ғылым, ұлттық интелигенция қалыптасты. Болашақ маман, білімдар, қайраткер ұрпақтың ұстаханасы - жетекші жоғары оқу орындары қазақтардың қолына көшті. Қырық жылдық қиындықтан соң тұрмыс-жағдайы да оңала бастаған жалпақ жұртымыздың ұлттық, отаншылдық санасы да айқындала түсті. Иә, төбеден тажал басып отыр, жердегі өріс тағы шектеулі, бұғау тарылып, тұсау қысқара түскен, бірақ халқымыздың көкірегі ашық еді, келешек күндерден үміті мол еді. Санасы ғана емес, саны да үрдіс өсу кезеңіне көшкен. Қайран қазақ халқы өзінің басындағы барынан айрылған, қырылған, жойылған, тапталған, қорланған, шегін шұбатып қайта тұрған, жарасын жазып, жоғының орнын толтыруға қадам басқан ХХ ғасырдың 90-жылы еді.
Мың жыл, бес-алты жүз жыл болмаса да, жүз, жүз елу жыл тұруға тиісті қандықол, жыртқыш, қуатты империя ... іштегі бар кеселі сыртқа тебіндеп, шылпара ыдырады. Әуелде Балтық бойы, содан соң Украина, ең ақырында өзбек, қырғызға дейін өзінің ұлттық, дербес мемлекетін жариялады. Ақыры кешегі империя егесі, халықтар түрмесі Россия да өзін тәуелсіз деп таныды. Сірә, бауыр балағына жармасып, айрылмай қойған Қазақстан. Бұл кезде басқаның бәрі кетіп қалған. Яғни, Ресей бізден бөлініп шықты. Енді амал жоқ, артқы түйенің жүгі бірден жеңілейіп, егемен ел болып шыға келдік! Міне, алақай! Арауақ! Ақсарбас! Қазақ ордасы құлағаннан соң жүз қырық төрт жыл дегенде ұлысымыздың туы қайта көтеріліпті. Адасып емес, таңдап тауып, бақ қонған деген осы емес пе!
Содан бері он үш жыл (Қаламгердің жарияланып отырған зарлы толғауы 2004 жылы жазылған. - abai.kz). Жеткен жетістігіміз ұлан-ғайыр деседі. Ықтимал. Қарыштаған даму жолына түсіппіз. Мүмкін. Өкімет пен партияға, яғни басшыларға да, қосшыларға да күмән жоқ. Біз арғы жақта, тым жоғарыда не болып жатқанын біле білмейміз. Сірә, тауықсоқырмыз. Көргенімізді ғана мойындаймыз. Ал осы, көріп отырғанымыз... ешқандай қуанышқа жол қалдырмайды. Керісінше. Міне, қараңыз.
Қазақтың қара жұрты - ұлттық болмыстың терең тамыры, күшпен колхоздастыру кезінде қирап барып, қаншама қиындықтан соң әрең оңалған, жаңа тұрпат, жаңа сыпатқа ие болған қазақ ауылы біржола талқандалып, ыдырап, күйзеліп, мүлде тозып бітті. Ауылдағы қазақ жұрты баяғы, аңыз-тарихтағы ақтабан-шұбырындыдан екі жүз жетпіс жылдан кейін, советтік геноцид - ғаламат ашаршылықтан алпыс жылдан соң, жау қумай, мал-басы талауға түспей-ақ жаппай жұмыссыздық, төтенше, таршылық жағдайда тақау маңдағы қалаларға шұбырды. Бұл көктабан-шұбырынды уақытша жан сақтағанымен, баянды тіршілікке негіз бола алмай тұр...
Ұлттың ұйтқысы, ақыл-ойы мен намыс парасатының нақты айғағы болып есептелетін, өзінің жекелеген көріністері арқылы әлемдік деңгейге жеткен ғылым және шығармашылық қауым бірінші кезекте құрбанға шалынды. Ұлтының қамын жеуге, халқының арман-мұратын әйгілеуге, бүкіл іргелі елдің мүддесін қорғап, қаптай төнген қатер-қаупіне қарсы күресуге тиіс зиялы қауым әуелде күнкөріс қамымен мәңгіріп кетсе, уақыт оза келе мүлде дәрменсіз кепке жетті. Ғылым тоқырады, әдебиет дағдарысқа жетті. Тек атақ-дәрежелі элита ғана емес, ауыл мұғалімінен қала дәрігеріне дейінгі аралықтағы бүкіл интелигенция тұрмыс таршылығына ұшырады.
Қазақтың ұлан-байтақ қонысы - неше мың жол бойы ата-бабаларымыз жаннан кешіп, қисапсыз қан төгіп қорғаған, ұрпағына мирас қалдырған қасиетті жеріміз, міне, шын еркіндікке жеттік деп отырған бейбіт күнде, сырттан жау шаппай, алапат майданда қолдан кетпей, ел аман, жұрт тынышта, көз алдымызда талапайға түсті. Жалмауыз болса да, жебір болса да қазақ алса жөн, бұрыннан орныққан келімсек пе, әлейім-тәлейімде барымызды тонап байлыққа жеткен жаңа отаршыл ма, тіпті, қолжаулық тұлғалар арқылы керегін түгел ойып алған шетелдік алпауыт па - кім болса да, бүгінгі біз ғана емес, мың жылдық болашақ әулетіміз игілігін көруге тиіс ежелгі құтты жұртымыз осындай ақырзаман тажалдарының көмейіне кетіп бара жатыр.
Жердің үсті бөліске түспес бұрын астындағы қазына таланған. Қандай есеппен, қандай себеппен екенін біліп болмайды, алтыныңыз бен мұнайыңыз да, мысыңыз бен көміріңіз де - қазаққа ғана тиесілі қисапсыз қазынаңыз түгел, ең аяғы ішіп отырған суыңыз бен жағып отырған жарығыңызға дейін - бәрі-бәрі шет елдіктердің үлесіне бөлінген.
Тізе берсеңіз, санап біте алмайсыз.
Бүгінгі қазақтың басындағы ахуал осындай болғанда, келер ұрпағымыздың, келер ұрпағыңыз не, бауырымыздан жаңа шыққан, еркін ел, өз жерінде үлкен өмірге аяқ басуға тиіс бүгінгі балаларымыздың өмірі не болмақ? Көк тұман емес - қара түтін, азап емес - тозақ. Өткен үш мың жылдық тарихымызда ұрынбаған осындай сұмдыққа жетіппіз.
Аяқ астынан тәуелсіздік алған біз емес. Бұрынғы бүкіл советтік кеңістікте, тіпті, социалистік тәртіп шеңберінде барлық ел қиындыққа ұшырады. Күйзелді, тарықты. Әлі күнге дейін тығырықтан шыға алмай отырғандары бар. Тұрмысы ауыр, жағдайы күрделі. Мәселен, өзімізбен көршілілес Өбекстан. Әрірек болғанымен, ол да көрші, ол да қандас туыс Түркменстан. Іргедегі Қырғызстан. Ал біздің тұрмысымыз түзеліп келе жатыр деседі. Ауылдағы жұрт та есін жия бастаған. Ғылым төңірегіндегі ағайындар басқа кәсіпке көшіп, жазарман қауым әрқилы деңгейдегі әкімдерді мадақтап, күнкөрістің жаңа бір көзін тапқан. Ұлдарымыз Сейфуллин көшесінен, қыздарымыз Саин көшесінен нәпақа іздеп жүр. Әрқилы сыпаттағы сауданың да ебін үйреніп қалдық. Әркім, өзінің қоландағы бар тауарын кәдеге жаратады. Ешкімге кінә қоя алмайсың. Бәрі жөн. Қайткенде де Өзбек мен Түременнен озықпыз. Бірақ... біз «әлі күнге шын нарыққа көше алмай жатыр» деп менсінбейтін Өзбекстанда, «жеке адамға табынады» деп күлетін Түркменстанда ... жердің үсті - талапайға, асты - талауға түскен жоқ. Яғни, уақыт озады, жара жазылады, кемтік толады, бар байлығы өз халқының кәдесіне жаратылады. Қалай десеңіз де, уақытша қиындық. Ал, біз ... тілеуіміз түгесіліп, болашағымыз біржола кесілді ме деп қорқам. Іләйім, олай болмай-ақ қойсын. Болмайды. Арыда ақтабан-шұбырындыдан өткен, беріде ақсүйек ашаршылықтан өткен, еңкейсе де ешқашан жығылмаған, иіліп барып қайтадан бой жазған қажырлы халқымыз, қаһарман халқымыз ерте ме, кеш пе, өзі ие болып, өз елінде өзі билік құрып, бар мұратына жетер-ақ. Тілеп қана қоймайық, нық сенейік.
Бірақ... бүгінгі ахуалды байыптамасақ, осы қалпымыздан озбаймыз, қайта, күн озған сайын кейін кете бермекпіз.
Бүгінгі ахуал... Неге осындай болдық? Кім кінәлі?
Әдетте, халық демей-ақ қояйық, әлсіз кісі бар кінәні басқадан іздейді. Және оп-оңай табады. Әрине, отаршылдық зардабы. Әуелде патшалық, кейін советтік аталған Ресей империясы зорлықпен өз тәртібін орнатты, бар сөлімізді сығып алды, бойымызды өсірмеді, санамызды улады. Ол рас. Рас болса, отаршыл жүйе тек өзіне лайық кісілерді ғана мансапқа жеткізді. Аңдаусызда көтеріліп кеткен саналыларды шетке шығарып, адал қызмет жасағандарды көтермелеп отырды. Бір адам емес, жүздеген, мыңдаған кісіні. Бұл да жөн екен дейік. Ендеше, дүлей әрі топас империя аяқ астынан шылпара ыдырағанда, өкімет басына кімдер жетуі керек еді? Әрине, дәл сол сәтте ат үстінде отырғандар!
Тәуелсіздік түсіне де кірмеген, ұлттық санасы мүлде жоқ, немесе бұлдыр, үйіндегі баласымен жат тілде сөйлесетін, жоғарыдан түскен партиялық нұсқаумен ғана күн кешкен, көбіне-көп қандастарын кеміту, халқын сатумен мансапқа жеткен, жетекші тәртіптің жандайшабы болған, ішіп-жемнен басқаны ойламаған партиялық номенклатура адамзат тарихындағы ешбір төңкерісте, жаулау соғыстарында болып көрмеген ұтысқа шығып, бар билікті, бар байлықты басып қалды. Міне, кеселдің үлкені қайдан өрбіді десеңіз!
Жоқ! Бұл - жартылай ғана шындық. Украинада да, ішінаран Балтық бойында да әуелгі билікке партноменклатура жеткен. Балтық та совет езгісін көрген, ал Украина... біз айтып жүрген жүз елу, жұрт айтып жүрген екі жүз алпыс емес, тура үш жүз жыл бойы Ресей құрамында болған. Қайткенде де бізбен тағдыры ұқсас. Ал жеке бір тұлғаға келсек, біздің кісі солардың бәрінен ақылды, солардың бәрінен да саясаткер деседі. Аналар келесі сайлаудан озбай, ұшып түсті, біз әлі бұрынғы орнымызда отырмыз. Және одан бері қанша заман, әуелгі партноменклатурадан кім қалыпты. Біреу, екеу, бесеу... Қазір түгелге жуық жаңа. Тек халқымыз ғана бұрынғы орнында. Ендеше... үлкен кінәні өзімізден іздейік. Әділі осы. Енді өткенді еске алып көріңіз. Тәуелсіздік күніне, дәлірек айтсақ, Орыс-совет империясының тоқырау, ыдырау кезеңіне біз қандай кепте, басқалар, украинаны, Латвияны айтпай-ақ қояйық, халқының қырық-ақ пайызын байырғы ұлт құрайтын Латвия қалай жетті? Азаттықты аңсп жетті. Не өлеміз, не кетеміз десті. Саяси патрия, ұлттық қозғалысты айтпағанда, елдегі халықтың қырық-ақ пайызын құрап отырған латыш жұрты келешек тәуелсіздік жолына басын байлады. Азат, еркін ел - ұлттың ұранына айналды. Нәтижесінде, тәуелсіздік күні партноменклатура аласталып, сол тәуелсіздік үшін күрескен қайраткерлердің жаңа бір табы билік алды. Қашанда солай болған. 40-50 жылдарда азаттық алған Азия мен Африка елдерінде туған халқының бостандығы үшін ұзақ жылдар бойы күрескен, сол жолға басын тіккен партиялар мен қайраткерлер өкімге жеткені белгілі. Бұл ретте Сукарно мен Неру сияқты ұлы тұлғаларды еске түсірудің өзі бір ғанибет. Әлбетте, ғасырдың бас кезінде бізде де дәл осыған ұқсас жағдай болған. Алаш қозғалысын, оның Әлихан Бөкейхан бастаған көсемдерін айтып отырмыз. Бұдан соңғы советтік қызыл фашизм ешқандай ашық іс-әрекетке жол қалдырмады. Дүние біршама кеңіген 60-80 жылдардың өзінде отаршыл империяның ерекше аймағы Қазақстанда басқа тараппен салыстырғанда мүлде өзгеше, айрықша қатаң жағдай қалыптасып еді. Соның өзінде елдік мүдде ұмытылған жоқ. Анғын айтсақ, ең ауыр жылдарда өзінің басын бәйгеге тігіп, туған жұртының тұтастығын сақтап қалған Жұмабек Тәшенов сияқты біртуар қайраткер Қапқаздан, немесе Украина, Балтықтан емес, тек қазақ ортасынан ғана шықты. Одан бұрынғы Жұмабай Шаяхметовтың ұлтының қайта көтерілуі жолындағы қызметі айрықша болды. Соңғы дәуірдегі Дінмұхаммед Қонаевтың ұлағатты істері де көпке мәлім. Бірақ тоталитарлық система өз өкімін жүргізіп, өз жолынан аудармай отырған. Яғни, қандай да болса жеке бір қайраткер - кілтипан, тетік қана. Кейінгі тәуелсіздік кезеңі туралы да осыны айтуға болады. Тек бұл жолы жағдай өзгешерек. Шешуші күш - халықтың өзі. Халқы қандай болса, өкіметі де сондай дейтін нақыл бар. Дәлірек айтсақ, «Әрбір халық өзінің өкіметіне лайық!» Лайық емес өкіметті халық тәубасына түсіріп, тіпті, тақтан тайдырып отырған. Арғы тарихта да, бергі тарихта да. Өткендегі мысал - Еуропа жұртының Ағылшын, Француз, Орыс революциялары, қазақтағы Тайыр ханның тағдыры. Бүгінгі ең соңғы сабақ - Ирактағы басқыншылық соғысқа қарсы ниеттегі испан жұртының демократиялық, әділ сайлау арқылы бір-ақ күнде өз өкіметін өзгертуі. Әрине, біздегі жағдай басқаша. Бірақ тым таршылықта да отырғанымыз жоқ. «Албасты қабаққа қарап басады» деген қазақ. Алдағы уақытта қандай болмағы сол қазақтың өзіне ғана байланысты. Бүгінгі ахуал да осы өзіміз тудырған, өзіміз қалыптастырған жағдайдың нәтижесі. Тәуелсіздік келген күннен бастап, өз мүддесін, ұлт мүддесін қорғай алмаған әлжуаз қазақы рухтың кінәсі. Бар жаланы басқаға жаба бермей, ең алдымен өз төңірегімізді түгендеп алайық. Яғни, біздің бұл жолғы кеңісіміз - өкімет туралы емес. Сыртық жағдай, империялар өктемдігі, отаршылдықтың жаңа кезең, жаңа тәсілдері туралы да емес. Ұлттық рух, нақтылап айтсақ, бүгінгі қазақ қоғамының ұлтсыздық мүсәпір кейпі туралы ғана.
(Жалғасы бар)